АБАЙ МЕН ШӘКӘРІМНІҢ ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА БІЛЕТІН ОРЫС ҚЫЗЫ

30

Қостанай өңірінде де мемлекеттік тілді өз ана тіліндей жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – бұл күндері Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып жүрген жарқын мінезді бойжеткен Татьяна Ситникова.

Жуырда осынау орыс қызымен жүздесіп, көкейімізде жүрген бірқатар сауалдарымызды қойған едік. Оның жауаптары да нық әрі тиянақты. Болашақ білікті маманның ой-толғаныстары кейінгі жастарға өнеге болар деген үмітпен осынау сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

«ҚАЗАҚТАРДЫҢ ОРТАСЫНДА ӨСТІМ»

– Татьяна, алдымен Өзіңізбен оқырмандарды таныстыра келіп, кіндік қаныңыз тамған туған жеріңізге қысқаша тоқталып өтсеңіз орынды болар…

– Ең алдымен менімен сұхбат алып отырғаныңыз үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. Өзім 1997 жылы Қостанай облысы Қостанай ауданына қарасты Алтындала деп аталатын қазақы ауылда дүниеге келдім.

Ол облыс орталығынан алыс емес. Жастайымнан жергілікті ұлттың балаларымен бірге өстім. Қазақ деген ағайындардың шұрайлы да бай тілін жан-жақты меңгеруге талпындым. Әрине, уақыт өте мақсатыма жету үшін таудай талап аз ететіндігін түсіндім. Ол үшін жоғары білім алып, тың ізденістер жасау керек екендігін терең ұқтым.

Отбасыммен ақылдаса келе Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына құжатымды тапсырдым. Жолым болып, студент атандым. Өзім болашақ тарих пәнінің мұғалімімін. Әлгі жоғарғы оқу орнында қазақ бөлімінде білім алып жатырмын.

– Әркімге өзінің ата-анасы, бауырлары қымбат емес пе?! Әңгіменің орайы келгенде, солар жайлы да қысқаша тоқталып кетсеңіз. Олар кезінде қазақ тілін меңгеруіңізге өздерінің қарсылықтарын білдірмеген болар?

– Дұрыс айтасыз. Қазақтың «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша сөзі бар. Соның мән-мағынасын қазір түсініп келе жатқан  секілдімін.

Мен шынымды айтсам, көп балалы отбасында өстім. Шаңырақтың тірегі ардақты әкем Виктор мен аяулы анам Марина біз үшін барлық жағдайды жасады. Олар балаларының өз қатарынан қалмай тиянақты білім алуына, парасатты да еңбекқор болып қалыптасуымызға айрықша көңіл бөлді.

Сондай қамқорлықтың арқасында жанұядағы алты бала ештеңеден кемдік көрген жоқпыз. Отбасында тек материалдық жағдай ғана емес, рухани жағына да айрықша назар аударылды. Таратып айтар болсам, өзім шаңырақтағы төртінші перзентпін. Өзімнен үлкен екі әпкем, бір ағам және екі інім бар. Екі бауырым әлі мектепте оқиды. Қолым бос кездері соларға көмектесуге тырысамын.

Әке-шешем түсінігі мықты жандар. Олар менің бойымдағы қазақ тілін жетік меңгерсем деген құштарлығымды ерте білгендіктен үнемі қолдаумен болды. Солардың шапағатының арқасында осы тілді бір кісідей игердім.

 

«ОНЫНШЫ СЫНЫПТА-АҚ ҰЛЫ АҚЫННЫҢ БАРЛЫҚ ӨЛЕҢІН ЖАТҚА АЙТТЫМ»

– Сөз саптауыңыздан байқағаным, осы уақытқа дейін біраз байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған көрінесіз. Сол жетістіктеріңіз жайлы да баяндаудың сәті келген секілді…

– Оныңыз рас. Өзімнің жастығыма қарамастан біраз табыстарға қолым жетті. Әрине, оның бәрі де адал еңбек, маңдай термен келетіндігі ешкімнен жасырын емес.

Жалпы, өз басым сонау мектептің 7 сыныбында оқып жүрген кезден бастап, поэзияға шексіз ғашық болдым. Содан екі жыл өткенде, яғни 9 сыныпта Қостанай аудандық Абай оқуларында бірінші орынды иелендім. Бұл жеңісім маған тың күш құйғандай болды.

Осы сайыста Абай атамыздың рухы қолдап, облыстық жарысқа қатысуға жолдама берілді. Бұл кіл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар басқосқан айтулы жарыста үшінші орынға қол жеткіздім.

Дәл сол жылы аудандық және облыстық «Жарқын болашақ» сайысына да қатысып, жүлделі екінші орынды қанағат тұттым. Алайда сайысқа қатысқан сайын шыңдала түседі екенсің. Әділқазылар алқасы да өздерінің лайықты бағасын беріп отырды. Ата-анам да менің қуанышым үшін мәртебелері өсіп, еңбегімнің жемісін көргеніме шын мәнінде бақытты еді.

Өзім сізден несін жасырамын, сабақтан тыс кездері ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жаттайтынмын. Оның ойлы да парасатты өлеңдері маған ерекше күш-қайрат беретін. Болашаққа деген сенімімді барынша нығайтатын.

Ал мектептің 10 сыныбында оқып жүрген кезімде облыстық Абай оқуларында ұлы ақынның 250 өлеңін жатқа айттым. Сөйтіп, таза ізденістің арқасында өңірде бірінші орынды иелендім. Сіз білесіз бе, сол кездегі қуанышымды қазір тілмен айтып жеткізе алмаспын.

– Содан кейін де республикалық байқауларда дараланып көзге түсіпсіз ғой. Сол жөнінде де бірер сөз…

– Өңірдегі табыстарым мені тек алға қарай жетеледі. Өйткені, өзімді-өзім қамшыласам, тынбай еңбектенсем алынбайтын асу жоқ екен. Соны мен өз басымнан өткердім. Облыстан кейін республикалық байқауға жолдама алғаным күні кешегідей есімде.

Бұл жолғы сайыс қазаққа Абай, Шәкәрім және Мұхтар секілді  қайталанбас тұлғаларды берген Семей шаһарында ұйымдастырылды. Онда жүлделі екінші орынды місе тұттым.

Өзімді мақтағаным емес, дәл осы сайыста қазақтың ұлы ақынының өлеңдерін ең көп білген әрі оны мүдірмей оқыған талапкер ретінде «Қазақ» деп аталатын журналдың арнайы дайындаған Құрмет грамотасымен марапатталдым.

Семей секілді тарихи шаһарларда болу тек қана жеңіске жігерлендіріп ғана қоймады, ондағы көрнекті орындарды да араладым. Талай біртуар дарындардың табаны тиген жерлерді көру мен секілді өзге ұлт өкілі үшін ерекше бақыт әрі мәртебе-тін.

 

«ҮШІНШІ СЫНЫПТА  ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЕРКІН СӨЙЛЕЙ БАСТАДЫМ»

– Қазақстан көп ұлтты мемлекет екендігі белгілі. Өзіңіз кезінде еліміздегі татулық пен бірліктің ұйытқысы болып отырған Ассамблеяның делегация мүшесі де болыпсыз. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Мұндай мәртебелі жиынға қатысу мен секілді бойжеткенге  биік дәреже екендігі даусыз. Себебі, сонда қатысып, ұлағатты сөздерді естіген азаматтардың ішіндегі  ең жасы да өзім едім. Тіпті, қатысу өз алдына, мені төрдегі президиумға отырғызды. Сол кезде өзімнің төбем көкке бір елі жеткендей сезіндім. 2014 жылы бағым жанып, Қостанай облысы әкімінің «Қазақ тілін дамытуға үлес қосқаны үшін» номинациясының лауреаты атандым.

– Өзің білесіз, шын ниет еткен адам биік асуларды бағындыратынын өмірден көріп жүрміз. Тіпті, шет елден келіп те айналдырған екі-үш айдың ішінде қазақ тілін үйреніп,  біздің әнімізді шырқап жүргендер де жоқ емес. Шыныңызды айтыңызшы, өзіңізге осы тілді үйрену қиынға соққан жоқ па?

– Ең алдымен айтарым, қазақ ағайындардың арасында өстім. Ауылдағы мемлекеттік тілде дәріс беретін мектепте оқыдым. Осы жергілікті ұлттың ұл мен қыздарымен тонның ішкі бауындай араласып, көп жайға қанықтым.

Тіршілікте күнделікті олармен сырласу, бірге жүрудің маған бергені мол. Әрине, бәрін бірден ойдағыдай игердім десем артық айтқан болармын. Шын ықылас қойсаң, көздеген мақсатыңа жетесің. Орта мектептің үшінші сыныбында таудай талабымның арқасында қазақ тілінде еркін сөйлейтіндей жағдайға жеттім.

Бір ғажабы, өзімнің барлық бауырларым да мемлекеттік тілді ерекше қастерлейді. Көрші-көлем, ағайын мен бауырларымдай болып кеткен қазақтармен өте сыйласады.

Өзіңіз де білесіз, қазақтардың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы бізге жастайымыздан сіңді. Қазір жергілікті халықпен кәдімгі туысқандардай болып кеттік. Жылда айналып келіп отыратын ұлттық мерекелерде бірге жүріп, оларды тойлауға да қатысамыз.

Қазақ «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Менің мемлекеттік тілді тиісті дейгейде үйреніп, оны бойыма әбден сіңіруіме тәлімгерлерім, яғни ұстаздарымның да сіңірген еңбегі айрықша екендігін сөздің реті келгенде айтып өткенді орынды деп санаймын.

Менің өмірімде ардақты мұғалімім Жұмабике Нұрсейітова ерекше орын алады. Себебі, ол әу баста мені шұрайлы да образды қазақ тіліне баулыды. Ол  маған үйретіп ғана қойған жоқ, жыл сайын Абай және басқа да оқулар сайысына қатыстырып, шеберлігімді шыңдауға тікелей ықпалын тигізді. Оны тезірек меңгерудің сырлары және қырларын үнемі айтумен болды.

Міне, осындай абзал жанның арқасында көздеген мақсатыма жетіп, қазақ тілін бір кісідей игердім. Егер өткен жылдарда осы бағытта биіктерге көтерілген болсам, оның да тигізген ықпалы айрықша десем орынды болар.

 

ШӘКӘРІМНІҢ 80 ӨЛЕҢІН ЖАТТАДЫМ

– Егер құпия болмаса, өзіңіздің үздіксіз ізденістеріңіз, тілді терең меңгеру жолындағы талпыныстарыңыз жайлы да тоқтала кетсеңіз. Өйткені, бұл ой-толғаныстарыңыз кейінгі өсіп келе жатқан сіңілілеріңізге ғибрат болар еді.

– Шынына келсек, бәрі де адамның игі ниетіне, алға қойған мақсатына тікелей байланысты дер едім. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Бәрі де сайып келгенде, тынымсыз еңбекте. Алға қарай ұмтылып, тұрақты жұмыс істеуде екендігін баса айтқым келеді.

Өзімнің өткен кезеңдердегі тәжірибеме келетін болсам, жоғарыда тілге тиек еткендей күнделікті қазақ балаларымен сөйлесумен қатар, көркем әдебиеттерді көп оқыдым. Өмірден ойып алынған даналықтың түйіні болып табылатын мақал-мәтелдердің астарына үңілдім.

Мұндай талпыныстарым өзінің нақты жемісін берді. Бірқатар белестерді бағындырып, марапаттарға ие болдым. Сол алған мақтау қағаздарым өткен күндерден сыр шертіп тұратындай көрінеді.

Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті де әлемге танымал. Қазақты тану үшін ұлы жазушылар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» деп аталатын трилогиясын оқуға кеңес берер едім.

– Сіз тек Абай Құнанбаевтың ғана емес қазақтың мақтанышы Шәкәрім Құдайбердіұлының да өлеңдерін жатқа біледі деп естідім. Осы жөнінде не айтасыз?

– Кімнен естісеңіз де қателеспеген екенсіз. Мысалы, өз басым Абай атамыздың өлеңдерін жатқа білудің нәтижесінде қазақ ұлтының ішкі жандүниесін таныдым. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлының да 80 өлеңін жаттадым. Әрі оның мән-мағынасын терең түсіндім. Мәселе, әлгі ақындардың өлеңін сыдыртып оқып шығуда емес, гәп оны көкіректе тоқуда.

– Армансыз адам болмайды. Өзіңіз қазір қазақтың бір қызындай болып кеттіңіз. «Жақсыда жаттық жоқ» деп босқа айтылмайды. Енді алдағы мақсат-мұратыңыз жайлы да қысқаша баяндап өтсеңіз…

– Ең алдымен қазіргі білім алып жатқан жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмәмдау. Содан соң ғұмыр бойы адам деген атқа сай болу. Алдағы уақытта тағы бір кәсіпті меңгерсем деймін. Ол өздеріңіз секілді халықтың бел ортасында жүретін журналист атану. Енді бәрін де уақыт көрсетеді.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамын!

Әңгімелескен:

Оразалы ЖАҚСАНОВ,

Қостанай қаласы

 Тобықтай түйін: Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізгі төрт міндеттен тұрады. Біріншісі – мемлекеттік тіл ұлт бірлігінің басты факторы екендігін нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, ал соңғы мақсат – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Мемлекет тарапынан бұл стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстар өз алдына, тіпті жекелеген қазақстандықтар, соның ішінде Татьяна Ситникова сынды өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге құрметпен қарап, өзгелерге үлгі болып жүргендері қуантады.