АБЫРОЙ БИІГІНДЕГІ ЖҰМАБЕГІМІЗ ЕДІ

12

Бұл өткелі көп ғажайып өмірден абыройлы болып өткеннен артық бақыт жоқ

Автор

Журналистиканың жүгі ауыр сала екені баршаға мәлім. Оған кез келген мойын бұрар, бірақ талантымен қоса имандылығы, Отан сүйгіштігі, намысқойлығы, заманында болып жатқан өзгерістерді сараптап, ертеңгіні болжай білетіндей ілім-білімі кемшін түсіп жатса, журналистиканы таңдаған маманның болашағы бұлыңғыр келеді. Оның үстіне еліне, халқына деген жанашырлығы, адалдығы жоқ талант жалаң.
Осы мамандықты таңдаған қатарластарының ішінен оқ бойы озық тұрған, журналистиканың бір білгірі Жұмабек Кенжалин еді. Жұмабек туралы өткен шақта айту мен үшін аса ауыр, дегенмен тағдырмен таласатын қауқарымыз бар ма?!
Елімізге үлкен бір сын болып тұрған сол бір 90-шы жылдары журналистика саласы жанартаудай атқылаған тың бастамаларымен келген жаңа толқынды жастары бар, уақытында «сабадағы қымыздары сапырылмай қалған, оны қайта сапырамыз» деп өршіге кіріскендер, «ес біліп, етек жинаған» журналистика саласындағы мамандар да, маман еместер де, өткен-кеткен уақыттар жөнінде жөнімен де, жөнсіз де сілтегендер болып жатты. Сол уақыттарда бұқаралық баспасөз беттерінде өткен-кеткенді қозғаған атышулы уақиғалар жарық көре бастады. Бұның аяғы қайда барып соғар екен деген күдік орын алып, ойланып қалған уақыттарымыз да болды.
Осындай өтпелі уақыттарда Жұмабек белді-белді «Халық Кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сияқты республикалық деңгейдегі газеттердің бас редакторы, кейінірек ұлттық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы болып абыройлы жұмыс істеді. Қалыптасқан түсінік бойынша, басшы болған адамдардың үлкен-кішіге бірдей сөзі өтіп, билігі жүретіндей көрінеді. Бірақ, бас редактордың жеке жауапкершілігін, кейде оның тоқпақтың астында, соқпақтың үстінде күй кешетінін көбі біле бермейді. Табиғи, жасанды құбылыстарға толы аумалы-төкпелі уақыттарда солқылдаған көпірден соқтықпай өтіп, абыройлы болып жүретіндер де бар. Сонымен қатар, басшы болам деп жүріп, азаматтық абыройынан жұрдай болатындар да кездесіп жатады. Мақала жазу үстінде түрлі мәселелерді ой өзегінен, көңіл болжамынан өткізіп жатқанда, кейде абайсызда, кейде білімсіздікпен болмайтын жерден болымсыз шығып, қаламның ұшы бой бермей, бұлтақтап, болмағанды болды деп, толмағанды толды деп, шөлден көл, көлден шөл жасап, ұятқа белшесінен батып жататындар да болады. Осындай абыройсыздықта қалып, мамандығы журналист деген киелі атты жамылып жүрсе де, озық-созық ой оралымдарын ұштастыра алмай, орта жолда қалып жататындар қаншама?!
Біздің уақытымызда журналистика өнерінің өнегелі ұшар биігіне жеткен зиялылардың зиялысы Шерхан Мұртаза ағамыз деп айтар едім. Журналистиканың соңғы толқындары болып саналатын біраз журналистер: «Біз Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққанбыз» деп мақтанышпен айтады. Сол толқындармен қатарлас келген журналистердің біразы қазірде аға буын, белді журналисттер болып келеді. Солардың бірі де бірегейі – осы Жұмабек еді.
Журналистика саласын таңдаған маман бұқара халық пен баспасөз мәселелерінің қалың ортасында бірге қайнап жүріп, жеке ойын да, жан тазалығын да, елжандылығын да жеткізу үшін, онымен қоса әр саладан әрбір ойдың жүйесін бір салаға түсіріп, тобықтай түйіндеп, оқырман еншісіне беру үшін де шынайы жүрек, асқан ақыл, алғыр мінезді болуы қажет. Журналистикада материалдардың өзегі – халық оқырмандығы, тақырып тазалығы, көтерілген мәселе өткірлігі, ел арасында, мінезге ең негізгісі абыройға байланысты деп айтылып жатады. Абыройлы болу оңай шаруа емес. Бұл туралы бүгінгі Алашымыздың аузы дуалы есті ағаларының бірі Асекең (Асанәлі Әшімов) «ақылыңды алғаны көп алғаны, атағыңды алғаны аз алғаны, абыройыңды алғаны түгел алғаны. Абыройлы болу әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа» деген екен. Абыройлы болу үшін алғыр мінез де, шынайы тазалық та керек. Осы тұлғалық мінездемелердің бәрі Жұмабекте бар еді, өйткені ол әрісінде тарихымызда түркі дүниесінің төрінен лайықты орын алған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш алыптары негізін қалаған қазақ журналистикасының ары да, абыройы да бола білген аға буын даналардың еліне деген ізгі еңбектерінен, жазып та, айтып та кеткен ілімдерінен молынан сусындаған еді. Берісінде сол торқалы Торғай топырағында Ахаң мен Жақаңның бастамасымен дүниеге келген, бірақ өмір деген сайыста саясаттың құрбанына айналған қазаққа керек «Қазақ» газетін жаңа дәуірде қайта жаңғыртқан «Менің байлығым – қазақтығым! Қазақтың байлығы – беттегі ары!» деп, ар-намысты ұлттың намысын ұлы намыс санап, журналистика саласында өзіндік ұмытылмас дара із қалдырған, бүгінде өмірден озған Қоғабай Сәрсекеевтің жерлесі, қадірлес інісі еді. Мен өз басым бұл өткелі көп ғажайып өмірден абыройлы болып өткеннен артық бақыт жоқ деп айтар едім.
Жұмабек абыройлы болып өтті. Болып жатқан өзгеріс-құбылыстардың, жаңалық, оқиғалардың бәрін өз ой елегінен өткізіп, уақытында ғылыми кандидаттығын қорғады. Жұмабектің қаламның ұшымен, өткір ойдың күшімен, табиғи талантымен өрілген туындылары үнемі халқының көңілінен шығып жататын.
Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері сияқты мемлекеттік марапаттар – Елбасының, барша Қазақстан халқының Жұмабектей ақиық ұлына деген лайықты бағасы, үлкен құрметі еді.
Уақытының ерте озарын сезді ме екен, Жұмабек 2016 жылы өзінің «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» атты монографиясын жазған болатын. Автордың осында көтерген өзекті мәселесі – «Бұқаралық ақпарат құралдары – қазақстандықтарды ортақ патриоттық мақсатқа жұмылдырудың қуатты қаруы» атты ізденістері мен ой тұжырымдарының ауқымы толыққанды бір докторлық диссертацияның жүгін көтеріп тұрған ғылыми еңбек деп айтар едім. Журналистика тілі бір басқа, ал көтерілген тақырыпты оқырман қауымға ғылыми тілмен жеткізу бір басқа, ғылыми мәтін асқан табандылық пен дайындықты талап ететіні сөзсіз. Осы еңбегінде қазақстандық патриотизм мен бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы өзара байланыс; ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақстандық патриотизмге қатысты алғышарттар мен объективтік негіздер туралы; бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұлттық менталитет пен патриотизм тақырыптары және олардың қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі жөнінде; баспасөз халық рухын көтерудің, ұлт намысын оятудың қуатты құралы ретінде; отаншылдық үрдістер: жер мәселесін жаңа саяси көзқарастар тұрғысынан қарау туралы; тіл тағдыры – қазақстандық патриотизмнің сапалық белгісі сияқты мәселелерді жан-жақты зерттеді. Бұқаралық баспасөзді кеңінен баяндап, толғаулы тақырып түйіндеген еді. Осы жаңалығымен бөліскен марқұм Жұмабек бұл еңбегін «Ардақты Әбдісағит ағаға інілік ілтипатпен ұсынамын» деген қолтаңбасымен 2017 жылдың 20 ақпанында табыстаған болатын. Осы кітабы жөнінде өз ризашылығымды білдіргелі жүргенімде, араға аз ғана уақыт салып, ізгі ниетті ініміз Жұмабек бақилық болады деп кім ойлаған…
Біз Жұмабекпен соңғы уақыттарда, өткен ғасырдың 80-жылдары оның азамат болып толысқан шағында танысып-білістік. Жұмыс бабында араласып, одан кейін ол інілік, мен ағалық ниеттерімізбен біз бір-бірімізді жақсы біле бастадық.
Жұмабек қазақ тіліндегі газет-журналдардың саны мен сапасын қатар көтерді. Бұрын орыс тіліндегі баспасөз құралдарын алға тартып, қашанда соларды үлгі ретінде айтып отыратынбыз. Қазіргі уақытта өз тілімізде шығатын белді газет-журналдардың көтеретін жүктері, мәселелері көп жағынан орыс тілді басылымдардан артық болмаса кем емес. Жұмабектей азамат қазақ баспасөзінің абыройын асқақтатқаны көпке мәлім. Осындай дәрежеге жеткен газет-журналдардың өміршеңдігі үшін де ол көп тер төкті. Жабылу алдында тұрған қазақ газеттері туралы да алғашқы болып дабыл қаққан осы Жұмабек еді. Ол «Қазақ газеттері» ұжымына басшылық ете бастағаннан-ақ ел дағдарыстан әлі де арыла алмай жүрген жылдары біздің ұжымымыз бұл ұйымның анық жанкүйері болдық. Байтал түгіл бас қайғы уақытта газет-журналдарға жазылушылар санаулы ғана болды. Сол уақытта біз қолымыздан келгенше «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Ақиқат», «Үркер», «Мәдениет», «Парасат» басылымдарын ұжымымызға, зейнетте отырған қызметкерлерімізбен қоса басқа да қарттарымызға жаздырып алып беріп жүрдік. Қазақ газет-журналдарын жаздыру жөнінде біздің ұлтжанды, елжанды «KAZGOR» жобалау академиясының қызметкерлері, сәулетші мамандар Жұмабектің өтінішін екі етпей орындауға барынша атсалысты. Ертеде кеңестік кезеңде грузин халқының ана тілінде шығатын газеттері жабылып қалмас үшін әр отбасы 4-5 газеттен жаздырып алып отыратын жақсы әдеті туралы да еске алдық. Соны алға тартып, азаматтарымызға бұл ойды айтумен жүрдік. Мамандарымыздың көпшілігі орыс тілді болса да, сол қиын уақыттарда жаздырып алатын қазақ газет-журналдардың санын 90-100-ге дейін жеткіздік. Әлі күнге дейін бұл дәстүрден танған емеспіз. Кейін, шүкір, қазақ газеттері аяғына тұрды. Жақсы, білікті журналистердің еңбегі арқасында басылымдардың сапасы артып, соның нәтижесінде оларға жазылушылардың саны өсті. Бұл шаруаның бәрін жіті меңгеріп, дұрыс жолға қойған Жұмабек еді.
Жұмабек өзінің шынайы ықыласымен, ұйымдастырушылық талантымен «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын дөңгелентіп алып жүрді. Кәсібіне деген сауаттылығы мен біліктілігін өзінің еліне, халқына деген жанашырлығымен ұштастырған азамат ел тарихы үшін көптеген игі істер жасап кетті.
Білімі мен ішкі мәдениеті келіскен азамат еді Жұмабек. Сауытбек Әбдірахман Жұмабекті күйеу балаларының ішіндегі эталоны деп, әзілінен гөрі, шындығы, ризашылығы басым бағасын айтып отыратын еді. Енді мен інілік жағынан алып, оның бойына біткен ізгі жүріс-тұрысы, адами қасиеті жағынан інілерімнің ішіндегі эталоны деп айтар едім. Жұмабектің қазасы қайыстырған жора-жолдастары мен туған-туыстарының қайғысы өзінше, менің толғанысым өзінше ерекше еді. Өмірге келгесін, Мұқағали айтпақшы, келместің кемесін күтіп жағада жүргендердің біріміз. Біздің бұл өмірдегі дәм-тұзымыздың бітері хақ қой, мен де қазір сол уақытта біздің артымызда кім болады, кім атқарады, кім осындай жауапты да жүйелі істердің басы-қасында болады деген сұрақтар толғандыратын жастамын. Әрине, бала-шаға, тума-туыстар бар ғой, бірақ олардың жөні бөлек. Қазақ «өлімнің де өз сәні, мәні бар» деп, бұндай кезде атқарылатын істің абыройлы болуын қадағалайтын ерекше қасиетті халық. Сол тұрғыдан айрықша белгі қойған інімнің бірі осы Жұмабек еді. Жөн-жосықты білетін, қазақы дәстүрлердің қадір-қасиетін түсінетін асыл азамат, ардақты інім еді…
Болар азаматтың жар таңдай білуі ұядан алған тәлім-тәрбиесімен қатар, өз бойындағы табиғи танымды, сезімталдықты, үлкен бір парасаттылық пен білімділікті, ортаны түсініп, болашақтағы бала-шағасының кемелді келешегін байыппен ойлауымен ұштасып жатады. Жұмабек өмірлік жар таңдауда алдынан айы туған азамат еді.
Әлима келініміз ары мен намысын қамшылап абзал азаматқа адал да мейірімді жар бола білді. Жарыңның жақсылығы ата-анадан ерте айырылып, туыс-бауыр мейірім мен қолдауға, қаражат пен қамқорлыққа мұқтаж болғанда айқын білінеді. Әлима келініміздің түсініспеншілігінің арқасында Жұмабек екеуі іні-бауырларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бауырларына басып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондыруларына белсене атсалысып, үлкен қызмет жасады. Қазақтың құда-жекжаттық, ағайын-туыстық дәрежелерін тереңінен түсініп, салт-дәстүр ырымдарын абыроймен, асқан ыждағаттылықпен атқарып, үлкендердің ризашылығына бөленіп жүрді.
Қаралы хабарды естіп, Жұмабектің үйіне тебірене кіргенімде, Әлима келініміздің мезгілсіз уақытта аяулы жарынан айырылып, киелі шаңырағы қара жамылғандағы жан-күйзелісін, өкініш пен қайғысын қатар шығарған сол бір үні әлі құлағымнан кетер емес. Ата-баба жолымен, өз орынымен, азаматтың ет жақындарына қаралы күйін дәстүрлі жоқтаумен жеткізуі Әлима келіннің әдебі мен ғұрыпы тұнып тұрған іргелі елден, текті жерден шыққанын айқындай түскендей еді. Артында қалған жан-жары аяулы азаматын жоқтап, қайғыдан қабырғасы қайыса еске алғанда баршамыз бірге егілдік.
Жоқтау – бір табиғи да тарихи құбылыс, ежелгі ата-баба салтында бар дәстүр, кейінгі ұрпаққа жетер-жетпесі бұлыңғыр болса да, орынды жоқтаудың орнын білгендерге аға буын құптау көрсеткен жөн деп білемін. Әлима келіннің тосын өлімге, аяулы жанның өліміне деген ащы өкініші, зор күйініші сай-сүйегіңді сырқыратар жоқтау сарынымен азалана шыққанда, онсыз да қимастық көңілмен келген адамдардың жан-дүниесін еңіретіп жіберді. Қазақ халқының өлімге деген құрметін осылай көрсеткен келінімізге риза болдым. Тарихымызда хатталып қалған «Гильгамеш», «Махабхарата», «Илиада» жырларындағы жоқтауларды айтпағанда, өзіміздің түркі заманынан бері келе жатқан жоқтау өнерінің іздері Алып Ер Тұңғаны, Күлтегінді, Қаз дауысты Қазыбекті, Кеңгірбайды жоқтау, Әбдірахманды Абайдың жоқтауы сияқты жоқтау үлгілерін тарихи деректер ретінде оқысақ, өзіміз бақұлдасып немесе бақұлдаса алмай қалмай қимастарымызды жоқтау ерекше әсер етері анық. Айналайын Әлима келіннің шерлі жоқтауына басу айтқанымызбен, біздің де қабырғамызды қайыстырып кеткен Жұмабегімізді әлі талай жоқтармыз…
Жұмабек ерте кетті. Біз енді Әлима келінге, балалары Дастан мен Жандосқа, немерелеріне амандық берсін дейміз, қазаның артының жақсылығын тілейміз.
Елін білетін, елі де сенетін ғұмырында абырой биігінде жүріп өткен азаматтардың игі істері де, есімдері де ұмытылмайды. Біздің Жұмабегіміз елін, халқын шексіз сүйіп, келер ұрпаққа өнеге беріп кеткен еліміздің ұлағатты азаматы ретінде есімізде мәңгі қалады.

Әбдісағит Тәтіғұлов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
инженер-сәулетші