АВТОР ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚ ИЕСІ?

39

Бүгінгі таңда теледидар мен радиодан көріп, естіп жүрген, кітап пен газет бетінен оқып жүрген туындыларды жақсы білеміз. Алайда, сол туындыларды «тудырған» авторларды танимыз ба? Автор болу да – мамандық. Яғни, бізге таныс әрі бейтаныс мамандықтың

бірі осы. Авторлардың бірігіп жұмыс жасауының нәтижесінде тыңдармандар арасында хитке арналған ән үшін немесе туынды үшін әр автор ай сайын жалақы алады.

Сіз бұдан хабардарсыз ба? Авторлық құқық дегеніміз не? Авторлық құқық қашан пайда болды? Қазақстанда авторлар қоғамы бар ма? Бізге бейтаныс әлемнің қыр-сыры қандай?

Бүгін осы тектес көптеген сауалдарға жауап іздейтін боламыз…

СӨЗ БЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІГІ

Адамдардың шығармашылық жұмыспен айналысуы − өндірістік және материалдық қызметпен бірдей пайда болған. Олай болса, шығармашылық  жұмыспен айналысу − кез келген елдің экономикасына өз үлесін қосары анық. Ғылымның, әдебиеттің және өнердің жаңа туындыларын, жаңа өнертабыстарды, жаңа өнеркәсіптік үлгілерді жасауға талантты адамдардың ерекше қабілеттері өздеріне тек қана моральдық жетістік қана емес, сонымен қоса, материалдық табыс та алып келуі тиіс. Осыған орай көптеген елдердің заң шығару органы «авторлық құқық» деп аталатын нормаларды қарастырды.

Авторлық құқық – бағдарламалық бұйымды әзірлеуге қатысты автордың құқықтық жағдайын анықтайтын заң шығаратын нормалар жиынтығы.

Автор – шығармашылық еңбегінің нәтижесінде белгілі бір туындыны дүниеге әкелген тұлға. Мұндай туынды ғылым саласында, әдебиет саласында, өнер саласында, техника саласында болуы мүмкін. Осындай жаңа туынды жарық көрген сәттен бастап, сол туындыға авторлық құқық пайда болады. Автордың өзі ойлап тапқан жаңа туындыға өзін сол туындының авторы ретінде танылу құқығы, сонымен қоса, автор туындыны азаматтық айналымға жария түрде шығарса, автор өз есімін тиісті түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы, оған қол сұғуға жол бермеу, туындыны кез келген жолмен бүлдіруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың ар-ожданына, беделіне нұқсан келтіретін қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (авторлық беделін қорғау құқығы) болады. Авторды жоғарыда көрсетілген құқықтарынан айыруға болмайды.

Бұған қоса, автордың немесе өзге құқық иеленушінің сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдіспен пайдалануға құқығы мүліктік құқық немесе айрықша құқық деп танылады. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқығы, туындыны өз қалауы бойынша кез келген уақытта, кез келген мақсатта қолдана алады. Ең ғажабы, авторлық құқық − автордың бүкіл ғұмыры бойы және автор қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшін сақтайды.

Әр адамның жекеменшік құқықтары болады, оған ешкімнің де араласуға не болмаса билеп-төстеуге хақысы жоқ. Автор туындысы – бұл автордың жекеменшігі болып табылады, оған бөтен ешкімнің билігі жүрмеуі тиіс. Сондықтан, біздің елімізде шығармашылық жұмыстармен айналысуға толықтай кепілдік беріліп отыр. Ата Заңымыздың 20-бабында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі.  Цензураға тыйым салынады», – делінген.

 

КІТАП БАСУ ІСІ НЕМЕСЕ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

Авторлық құқық  XVIII-XIX ғасырларда кейбір еуропалық мемлекеттерде пайда болып, бүгін бүкіл дүниежүзіне таралған. Ол баспагерлердің құқығын қорғаудан басталып, әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамудың мықты факторына айналды. Мемлекетіміз автордың жеке құқықтарын қорғауға жағдай жасауы − автордың шығармашылық белсенділігінің жоғарылауына, шығармашылықтың барлық салаларындағы туынды санының өсуіне әсерін тигізіп отыр. Авторлық құқық туралы алғашқы идея Еуропада кітап басу ісімен байланысты  ХV ғасырда пайда болған.

Еуропадағы алғашқы заң XVІІ ғасырда Англияда дүниеге келеді. Ағылшынның баспагерлері мен кітап саудагерлері компаниясының автор құқығын қорғауға байланысты талаптарына сәйкес заң жобасы 1709 жылы талқыланып, ол 1710 жылдың сәуірінде «Королева Аннаның статуты» деген атпен күшіне енеді. Алайда, бұл заң тек баспагерлердің ғана мүддесін қорғады. Ал суретшілердің авторлық құқық туралы заңы Англияда 1535 жылы қабылданған екен.

Авторлық құқық жөніндегі ресми құжаттар Қазақстанда тұңғыш рет ХІХ-шы ғасыр аяғы мен ХХ-шы ғасырдың басында ғылыми-қоғамдық еңбектерде көрініс тауып, содан кейін қолданылып жүрген бірқатар заң ережелерінде, оның ішінде 1928 жылғы Заң кодексінде айқындала түскені мәлім. Дегенмен, бұл заңдар жүйесі 1917 жылы 29 желтоқсанда қабылданған «мемлекеттік баспа туралы» декреттен бастау алған. Ол кездегі заң авторлық құқық саласының көптеген проблемаларын шешуге дәрменсіз еді.

Авторлық  құқықты  қорғаудың   жаңа    кезеңі   Қазақстанның тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты. 1992 жылы Бүкілодақтық Агенттіктің қазақ бөлімшесінің негізінде Қазақстанның Авторлық құқық және сабақтас құқығы жөніндегі Мемлекеттік Агенттігі құрылып, 1999 жылдың басында Әділет министірлігінің құрамына берілген. Көп ұзамай «Авторлық құқық жөніндегі комитет» деп аталған болатын.

Қазақстан Републикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңының  2-бабы бойынша: «Авторлық құқық – автордың жеке мүліктік және мүліктік емес құқықтары болып табылады».

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  КЕЛІСІМ

Авторлық құқық проблемасын қарастыруда дұрыс шешім қабылдау  мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды. Қазіргі таңда авторлық құқыққа байланысты көптеген мәселелер туындауда. Мысалы, әншілер арасында шешілмей жатқан мәселелер не болмаса олардың шетел әндерін сахнада орындауы, сонымен қоса, ақындар мен журналистердің авторлық құқықтарын кейбіреулердің аяққа таптауы заңға қайшы болып табылады.

Осыған байланысты қазіргі кезде авторлық құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгініп жатқандар да аз емес. Азаматтар не болмаса заңды тұлғалар кез келген туындыны автордың рұқсатынсыз пайдаланып, сол арқылы күн көріп,  ал кейбір пысықтары көшеде заңсыз жазылған әндердің үнтаспаларын сатып, байып жатыр. Осылардың бәрі авторлық құқықты аяққа таптау болып табылады.

Әрбір елдің беделінің тұрақтылығын, мәдениеттің деңгейін көрсететін басты қажеттіліктің бірі – сол елдегі авторлық құқықтың қорғау деңгейінде екені мәлім. Оны айтпағанның өзінде, мемлекет пен мемлекет арасында қандайда бір іскерлік,  әріптестік  байланыс орнауы үшін алғашқы шарттылық ретінде сол мемлекеттердегі авторлар  құқығының қорғалу деңгейі назарға алынады екен.

Елімізде авторлық құқық бағалы және толықтырылатын қор ретінде бағаланады. Болашақта бұл біздің республикамыздың азаматтарының әл-ауқат деңгейін анықтайтын болады. Сондықтан да, Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алған жылдардан  бастап-ақ авторлық құқық саласына аса зор мән беріп, агенттік ашуға тапсырма берген.

Қоғам мемлекет үшін, ал мемлекет халық үшін қызмет етеді. Бір қызығы, авторлық құқық қорғалмаған мемлекет дүниежүзілік қара тізімде тұрады екен. Яғни, авторлық құқығы қорғалмаған мемлекетпен халықаралық дәрежедегі келісімдер жасауға болмайды деген сөз.

 

«ҚазАҚ» – ҚАЗАҚСТАН АВТОРЛАРЫ ҚОҒАМЫ

Авторлар одағындағы әр автор тек өзіне ғана пайда алып келе қоймай, мемлекет қазынасына да пайда тигізері анық. Сондықтан да, автордың құқығын қорғау және авторлық құқықты бұзудың алдын алу, заңға қайшы келетін авторлық құқыққа байланысты іс-әрекетті болдырмау авторлар одағының басты міндеті. Қазақстандағы авторлық құқық саласының аяғынан нық тұрып, әлемге танымал ұйымдардың қазақ еліндегі авторлық құқықты мойындауы Марал Ысқақбай есімімен тығыз байланысты. Ал бүгінгі таңда еліміздегі авторлардың құқығын қорғайтын «ҚазАҚ», яғни Қазақстан Авторлары Қоғамы авторлардың мүддесі үшін аянбай еңбек етуде. Бас директоры – Байғали Есенәлиев. «Талантты адам кез келген салада талантты» дегендей, Байғали мырза актер, драматург, ақын.

Байғали Есенәлиевтің басшылығымен еліміздегі «ҚазАҚ» авторлар қоғамында 1 600-дей автордың 40 мыңдай туындысы тіркелген. Сонымен қатар, «ҚазАҚ»-тың қоржынында ТМД елдерінің 40 мыңнан астам авторының 335 мыңнан астам туындылары да бар екен.

Егер сіз Қазақстан Авторлары Қоғамына автор ретінде тіркеліп, өзіңіздің туындыларыңыздың авторлық құқығын қорғайтын болсаңыз, туындыңыз үшін айлық ретінде ақша өндіріп алуға мүмкіндігіңіз бар. Әрі туындыңыз плагиатқа айналуының алдын аласыз. Яғни, сіздің рұқсатыңызсыз ешкім оны иемдене алмайды.

«ҚазАҚ»-тың бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Еліміздің өзге қалаларында да кеңселері бар. Ал Алматыдағы мекенжайы: Абай даңғылы, 143 үй.

«ҚазАҚ» – өзінің атқаратын қызметі жөнінен авторлардың мүліктік құқығын ұжымдық негізде басқаратын ұйым, ал құқықтық-ұйымдасу жағынан республикалық қоғамдық бірлестік болып табылады. Ол өз жұмысын ерікті түрде және тең құқықты мүшелік негізінде жүзеге асырады. «ҚазАҚ» қызметін бүкіл Қазақстан аумағында жүргізеді.

«ҚазАҚ»-тың негізгі атқаратын қызметі – авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат беру, авторлық сыйақыларын жинау, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу. Сонымен қатар, «ҚазАҚ» авторлардың шағымы бойынша, сондай-ақ өз бастамасымен де авторлардың бұзылған құқығы үшін сотқа жүгініп, өтемақы талап ете алады. Бұл авторлар қоғамы отандық авторлар және шетел авторларының да Қазақстан аумағындағы мүліктік құқығын қорғауды қамтамасыз етумен айналысады әрі қазақстандық авторлардың құқығы дүниежүзі көлемінде бұзылмауын да бақылауда ұстайды.

1998 жылы «ҚазАҚ» бар-жоғы 7 млн теңге шамасында қаламақы жинаса, 2002 жылы, яғни Қоғам құрылғанына 5 жыл толғанда, жиналған қаржы мөлшері 65 млн теңгеге жеткен екен. Ал 2007 жылы,  яғни Қоғамның он жылдығында  250 млн теңге кіріс кіріпті.

Тобықтай түйін: Авторлық мәселесі бірнеше ғасырдан бері өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, өзгенің мүлкін өзімдікі деп иемденіп алудан именбейтіндер көп. Авторлар – қоғамдағы маңызы зор мамандық иелері. Тебіреністен туындаған шығармалары әлеуметтік көзқарастың үдесінен шыққан автордың жұлдызы жоғары. Елімізде авторлардың құқығын қорғап, әрқашан демеу болатын «ҚазАҚ» авторлар қоғамының есігі туындыгерлер үшін қашан да ашық!

Әлия Іңкәрбек