АДАМЗАТТЫҢ АЙТМАТОВЫ

73

Шыңғыс Айтматов шығармашылығы шыққан жері – қырғыз Ала-Тоо асқарынан асып, түбі бір қарға тамырлы бүкіл түркі халықтарының ортақ мәдениетінің бұлақ көзіне айналды. Өз заманының әдебиеті мен өнеріне өзіндік бояу-бедерімен үлкен серпіліс әкелді. Кеңестік дәуірдің ел еңсесін езген жеке басқа табынудың зардаптары ашылып, одан арылу процесі басталған кезде қызықты әңгіме, повестерімен оқырмандарын елең еткізген жазушының көтерген тақырыбы мен кейіпкерлер әлемі сан алуан болатын. 

Адамдар арасындағы қарым-қатынастардың рухани биіктігіне, қалыптасқан этикалық нормалардың бұзылмауына азаматтық үн қосқан суреткердің қайсыбір шығармасы болмасын әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін қозғап, оқырмандар арасында қызу пікірталас тудырып отырды. Сондықтан да қаламгердің әдеби туындыларының театр мен кино жарнамаларынан жиі көрінуі қалыптасқан заңдылық болатын.
Қаламгердің прозалық шығармаларының басым бөлігі сахналық жүйеге түсіп, көптеген ұлттық театрлар сахнасынан күні бүгінге дейін түспей келеді. Қазақ театрының репертуарынан Шыңғыс Айтматов туындыларының тұрақты орын алуы, көрермендердің сүйіп көретін спектакльдеріне айналуы да осының айғағы болса керек. Ұлт театрының алған шығармашылық белестерін танытатын көркемдік деңгейі биік спектакльдер осы автордың қазақ театр сахнасындағы туындыларымен көрініс тапты.
Лирикалық сезім шуағы мол жазушының кейіпкерлері бойындағы адамдық қасиеттерінің молдығымен, өмірден ойып алынған замандастар келбеті уақыт тынысын өткір сезе білуімен ерекшеленеді. Өмір шындығын жазушы әр туындысында өзіндік қайталанбас бояулармен өрнектейді. Ол шығарманы күйкі тірліктің ұсақ-түйек қырларын ашар тұрмыстық мәселелерге ғана құрмай, адам өмірінің мәні мен мағынасына философиялық биіктіктен көз салды.
Қазақ драма театрының, «Қазақфильм» киностудиясының салмақты туындыларына айналған жазушының айтулы шығармалары негізіндегі спектакльдер мен көркем фильмдер қазақ ұлттық өнерінің зор жетістігі болды. Ұлттық сахна өнерінің көкжиегін кеңестік одақ шеңбері ауқымында кеңейткен режиссер Ә.Мәмбетовтің шығармашылығы жазушы Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» (1964), «Көктөбедегі кездесу» (Қ.Мұхамеджановпен бірге, 1975), «Ақ кеме» (1984), «Ғасырдан да ұзақ күн» (1990), т.б. айтулы туындыларымен терең байланысып жатыр. Қаламгердің шығармаларын Ә.Мәмбетовтей тереңнен түсініп, бар бітім болмысымен жарқырата ашқан жұмыс кемде-кем болар. Өзге театр сахналарында өзіндік қолтаңбалармен көптеген танымал режиссерлердің тұшымды жұмыстары шықты десек те, қазақ сахнасының жеңісі мен жемісті жылдары Ш.Айтматовтан нәр алған Ә.Мәмбетов шығармашылығымен алпысыншы-сексенінші жылдар еншісіне тиесілі. Драма театрындағы осындай жетістіктер республикадағы басқа да жанрларда өнер туындыларының пайда болуына алып келді. Бұған балет, опера сахналарында қойылған спектакльдер дәлел бола алады.
Күні бүгінге дейін Ш.Айтматовтың шығармаларын қазақ драма театрлары сахнаға тұрақты қойып келеді. Бұған 2006 жылы Астана қаласында өткен 14-ші Республикалық театрлар фестивалінде Гран-при жүлдесін иеленген қарағандылық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының «Ана – Жер Анасы» дәлел бола алады. Жазылғанына арада біраз уақыт өтсе де бұл шығармалар бүгінгі көрермендер жүрегін қозғайтын тақырыбының өзектілігі, жанды кейіпкерлерінің өміршеңдігімен құнды. Бұл көркемсөз шебері Ш.Айтматовтың қаламынан туындаған кез келген жаңа шығарма көрермен-оқырмандар үшін елеулі құбылыс боларлық үрдістің отандық әдебиет пен сахна өнерінде қалыптасқанын көрсетеді. Кейде сиясы кеппей жатып автордың ұлықсатымен театрлар хан-талапайға салып алып кетіп жататын құбылыс осы қаламгер шығармашылығымен тікелей байланысты десек қателеспейміз.
Қазақ сахнасында осындай сәтті қадам тастаған драмалық спектакльдермен бірге синтетикалық өнер түрі – опера театры да Ш.Айтматов шығармаларына назар аударады. Қазақ операсы ұлтымыздың өркен жайған кәсіби сахналық өнерінің елеулі жетістіктеріне қол жеткізген саласына жатады. 85 жылдық тарихы бар Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театры бүгінде Орталық Азия аймағының ірі мәдени ошағына айналды. Өзге театрлар сахналарына зор қызығушылықпен қойылған Ш.Айтматов шығармаларына музыкалық театрдың соқпай кетуі мүмкін емес еді. Осы театр сахнасында танымал жазушының шығармасы негізінде жазылған опералардың қойылуы заңдылық десек артық айтқандық болмас. Театр бұл шығармаларды сахналауда өзіндік көзқарас, іргелі ізденіспен келді.
Өтпелі кезең қиындықтарына қарамастан шығармашылықпен айналысқан театр ұжымының әлеуметтік өзгерістерге құлағын түрік ұстап, дәуір тынысына өз үнін қосқан жаңа қойылымдары қазақ опера сахнасының соны ізденістері болды.
Жазушының «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты повесі бойынша жазылған Ленинградтық композитор А.Смелковтің осы аттас опера-притчасы 1977 жылы жазылған болатын.
Спектакльді 1989 жылы қазақ опера театры сахнасына арнайы музыкалық театр режиссері мамандығы бойынша оқу бітірген жас режиссер Жәмилә Құланбаева қойды. Және бұл спектакль қазақ театрының Ш.Айтматов шығармасын негізінде жазылған шығарманы игерудегі алғашқы қадамы болатын.
Солтүстік мұхит жағасында өмір сүрген нивхтар ата кәсібі аңшылықпен айналысып, күнкөріс қамымен ұрпақ өсіріп, қауіпті кәсібінің қыр-сырын атадан балаға беріп отырған. Аңшылықтың құпия сырларын үйрену кезегі он бір жастағы Кирискке келгенде нивхтар тайпасының жасы үлкені Орган, әкесі Эмрайн және туысқан ағасы Мылган төртеуі бір қайыққа отырып теңізге шығады. Кирисктің тұңғыш аңшылық сапары жанындағы жасы үлкен жақын адамдар үшін соңғы сапарға айналды. Соған қарамастан олармен болған қайықтағы бірнеше күн бала жүрегіне ұмытылмастай із тастайды. Өз ұрпағының өсіп-өнуіне, келешегіне зор мән беріп, солардың жолында құрбандыққа баратын нивх аңшыларының тұрмыс-тіршілігіне арналған опера-притча өзгелердің өмірі үшін жан берген рухы асқақ тұлғалардың таңғажайып тағдырынан сыр шертеді.
Режиссер бұл спектакльде өнердің әр саласынан өз ісінің шебері болып есептелетін мамандардан шағармашылық топ жинады. Қоюшы суретшілер: Б.Ыбраев, А.Розенберг, А.Сәбитова, биін қоюшы Г.Адамова спектакльдің сыртқы сахналық бейнесіне, пластикалық шешіміне соны көзқараспен келіп, Шыңғыс Айтматов шығармасының терең философиялық бейнелерін көркем де нақтылы штрихтармен бере алған. Алас-ұрған мұхит төрінде жал-жал толқын екпінімен оңды-солды жаңғақша лақтырылып, ұршықша үйірілген қайықтың немесе мұхит бетіндегі ақ тұман басқан өліара тыныштықты бейнелер режиссер мен суретшілер жұмысы қызықты шыққан.
Режиссер операны сахналауда негізгі идея – туған жер, қара шаңырақ пен көк теңіз түпсіз тұңғиық түнек әлемдерінің шегі болған жағалауды бейне бедермен бөле отырып, табиғаттың тылсым күшіне адамдық болмысты қарсы қойып, адам рухының беріктігін дәлелдей алған қатал, суық жердің тамаша адамдарын бейнелейді.
Шығарманың басты кейіпкері – Кириск партиясын композитор жасөспірім балалардың дискант дауысына арнап жазған. К.Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебінің оқушысы А.Омарбаев алғашқы тұсаукесер қойылымда жақсы музыкалық орындаушылық қырымен көрінеді. Жас әнші Кириск партиясының орындаушыдан вокалдық және актерлік шеберлікті қажет етер тұстарын өз бойындағы балалық табиғи қалпымен ұштастырып бере алды. Бейқам балалықтың тылсым-тыныштығымен қоштасып, тартысқа толы ересек жаңа өмірге аяқ басар алғашқы сынақ Кириск – Қ.Омарбаев үшін үлкен өмір мектебі болды. Қайықта өткізген екі күн мен түннің бала санасына қалдырған ізін, жанына ең жақын деген адамдарынан айырылған сәттердегі жан айқайын және осындай ауыртпалықтардан кейін есейген Кирисктің хал-күйін орындаушы нанымды суреттеген.
Орган партиясында талантты әнші Ш.Үмбетәлиев өмірді көрген салиқалы жастағы үлкен ақылды жанның терең де мағыналы бейнесін сомдады. Әншінің кең диапазонды бас дауысы вокалды партияның күрделі ырғақтық және интонациялық қиындыққа толы желісін өз деңгейінде игерген. Тығырыққа тірелген қалыптасқан жағдайдан шығудың қамын ойлаған сақал-шашын ақ қырау шалған қарияның ішкі алай-дүлей болған психологиялық жан тебіренісін орындаушы дауысының барлық мүмкіндігімен психологиялық тұрғыдан нанымды сомдап бере алды. Жас ұрпақтың өмірінің жалғастығы үшін өмірден өз еркімен мұхит тұңғиығына сүңгитін жанның артындағы балалары мен немерелеріне озық үлгі көрсетуін әнші шебер һәм дәлдікпен ашып берді.
Әншінің жас мөлшері бала дауысының сынып қайта қалыптасатын өтпелі-мутациялық кезеңіне жақындауы себепті басты кейіпкерсіз қалған опера спектаклі мүлдем тоқтап қалды. Театр тарапынан Кириск партиясына екінші орындаушы дайындалып, спектакльге кіргізуге әрекет жасалғанымен, вокалдық тұрғыдан күрделі партияны игеруге жаңа әншінің мүмкіндігі жетпеді. Осының салдарынан алғашқы үш қойылымнан кейін репертуардан түсіп қалды. Спектакль бүгінгі композиторлар шығармаларын сахналаудағы театрдың қызықты ізденістерінің бірі болды. Ш.Айтматовтың кейіпкерлер әлемі қазақ музыкалық театр сахнасы тарихына өзіндік үнімен қойылған қызықты туындылар қатарына енді.
Жазушының қазақ музыкалық театр сахнасына қойылуға тиіс келесі толыққанды операсы «Боранды Едіге» немесе «Айтматов аңыздары» деп аталады. Драма театры сахнасында бірнеше рет қойылған танымал «Боранды бекет» романы негізінде жазған бұл операның авторы КСРО халық артисі, қазақтың талантты композиторы Ғазиза Ахметқызы Жұбанова. Оригиналды опера партитурасы 1991 жылы жазылып біткен болатын. Опера либреттосын белгілі ақын Сағи Жиенбаев пен режиссер Әзірбайжан Мәмбетов жазып шықты.
Автордың айтуынша, опера жазу идеясы сонау 1984 жылы Мәскеудің Вахтангов атындағы драма театр сахнасында Ә.Мәмбетовтің режиссурасымен қойылған «Боранды бекет» спектаклінен кейін туындаған. Басты рөлді қайталанбас бояу бедерімен сомдаған талантты театр және кино экранның актері Михаил Уляновтың – Едігесі қойылымның елеулі жетістігі болды. Композитор осы спектакльге музыка жазып, тамаша қойылымның және актердің сомдаған образынан жақсы әсер алады. Кейін бұл прозалық шығарма жазушының баспадан шыққан «Шыңғысханның ақ бұлты» атты келесі романындағы аңыздармен жалғасқанда үш актіден тұратын Едіге мен Әбутәліптің, Мәңгүрт пен Шыңғысханның сан алуан тағдырлары бір арнаға тоғысқан күрделі мәселелерді көтеретін музыкалық сахнаға арналған туынды дүниеге келді. Композитор операның өзіндік музыкалық формасын тауып жеке дара аяқталған философиялық туындыға айналдырды. Алайда, автор республиканың алғаш тәуелсіздік алған жылы үлкен ізденіспен аяқтаған өзінің туындысын дәл сол кезде опера театрына беруге асыға қоймаған секілді. Оның да өзіндік себептері жеткілікті болатын.
Біріншіден, опера жазылып болғанымен, оны сахнаға қоятын ұжымның мүмкіндігі болған жоқ. Дәл осы кезде қоғамда болып жатқан қайта құру, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңнің экономикалық қиын-қыстау ауыртпалықтары ел еңсесін тым тұқыртып жіберген болатын. Осындай уақытта жазылған операны театр ұжымы автор ойына сай көркемдік деңгейі жоғары туынды етіп сахнаға шығару-шығармауы екі талай еді. Театрдың басынан кешіп отырған күрделі шығармашылық және көркемдік хал-жайын жақсы түсінген автор мүлдем асықпайды. Ол өзінің кітабында жаңа шығармашылық жұмысы жайлы: «В театр пока не отдаю оперу. Не время… На эту оперу столько сил положила. Боюсь, разочаруют. Опера эта сложная постановочно, по сценографии, по вокально-хореографическому решению, не говоря уже о глубинной философской концепции с охватом времен прошлого, настоящего и будущего в человеческой жизни… Может еще повезет, и найдутся единомышленники..» деген жолдар қалдырған. Автор келешектен, жақсы сәттердің туатынын, бастысы оның шығармаға салған авторлық ой-идеясын толық аша алатын суреткер кездесерінен үміттенген секілді.
Әрине, жазылып дайын тұрған шығармасын орындалуын есітіп, сахнадан көре алмаудан асқан авторға қандай азап бар десеңізші. Композитор сол кездегі театрдың мүшкіл хал-ахуалын, ондағы бас мамандар деңгейінің төмендігін көріп біле, оған жаны ауыра отырып аз ғана сәттік сезімнің жетегінде кетпеген. Мұнда үлкен күш жігер жұмсап аяқталған дүниесінің сахнадан шала жансар болып туылуын қаламаған тереңнен қазып, әріден ойлайтын үлкен суреткердің салмақты көзқарасын көреміз. Композитор өмірден озғанынша (1993 ж.) «Боранды Едіге» немесе «Айтматов аңыздары» операсын сахнаға қоятын өзінің режиссерін тапқан жоқ. Күні бүгінге дейін опера партитурасы қолжазба күйінде өзінің жұлдызды сәтін күтеді. Операны автор ойластырған кең масштабта сахнаға қоятын, өзіндік сахналық сырт келбетін жасайтын режиссер, хореограф және суретші тұлғаның табылуы өзекті мәселенің күткен шешімін бере алмақ. Бастысы, бұл шығарма опера театрында басты тұлға болып қалыптасқан, батыл шығармашылық шешімге бара алатын музыкалық жетекші – дирижерді қажет етеді.
Шыңғыс Айтматов – ХХ және ХХI ғасырдағы түркі әлемінің, одан асып күллі адамзаттың айтулы тұлғасына айналды. Шығармалары 170 тiлге аударылып, көзi тiрiсiнде әлем әдебиетiнiң классигi аталған өзiндік бiр әлем. Біз бұл сөздерді өткен шақта өкінішпен айтсақ та бүгінгі, келер ұрпақ үшін қалдырған мол мәдени мұраларына көз жүгіртіп, одан қажетімізді ала отырып, болашағымызға бағдар етіп ұстаймыз.
Ұлы жазушының жүрек соғысы тоқтаған кезде республикалық «Жас алаш» газеті редакциясының атынан басылған қазанамада: «Егер Шыңғыс Айтматовтың күллi шығармасын таразылап, талдап, саралап шығып, «Жазушы кейiнгi ұрпаққа нендей өсиет қалдырып кеттi екен?» деген сауалға жауап iздесеңiз, қырғыздың ұлы жазушысының артына қалдырып кеткен өсиетiн екi-ақ ауыз сөзбен төмендегiше жинақтап айтып беруге болар едi: «Мәңгүрт болмаңдар!» деп түйіндейді.

Тобықтай түйін: Өнер түрлері адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған жетістіктері мен жаңадан табылған көркемдік бейнелеу әдістерінің бәрі ең алдымен адамның ішкі жан-дүниесін ашуға, мәңгілік махаббат тақырыбын жырлауға, тіршілік иесінің қоршаған ортаны танып білуін, өмір мен өлім айқасын нақты пайымдауға бағытталған. Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы адамзаттың өткені мен бүгінін, келешегінің арасын жалғастыра қарастыратын, театр сахнасына өздігінен сұранып тұратын өзіндік бейнелі әлем. Бұл әлемді саралап, өзімізге қажеттісін түгендеп, түстеп алар болсақ, рухани әлеміміз байып, адами келбетіміз көркейе түседі деген ойдамыз.

Аманкелді МҰҚАН,
М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты
«Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі,
өнертану кандидаты, театртанушы