«АДАМИ КАПИТАЛ: ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ РУХАНИ НЕГІЗДЕРІ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА АРНАЛДЫ

33

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында  Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттер сараланған «Адами капитал: Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың рухани негіздері» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Алматы қаласы әкімдігі, жоғарғы оқу орындарының басшылары мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, аталған университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы Қазақстан қоғамында айырықша серпіліс туғызды. Бұл Жолдау бүгінде еңбек ұжымдарында, білім беру ұйымдарында, ғылыми мекемелерде, басқару органдарында, құқық қорғау, қорғаныс саласында және басқа да құрылымдарда кеңінен талқыланып, қолдау табуда.

Елбасы Жолдауы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кеңейтілген  жиналысында да қызу талқыланды. Конференцияны Т.Қ.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының  ректоры Б.Н.Нүсіпжанова Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Адам капиталы   – мемлекет дамуының басты факторы» атты баяндамасымен кіріспе сөзді алды. Жолдау жолдарын толыққанды зерделеп оқып, өз пікірін білдіре отырып, ректор өз сөзінде: «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Елбасы бүкіл әлем жұртшылығы Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқандығын, жаңа технологиялық қалыптардың өмірімізді, тіпті балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде екендігін, жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын бола отырып, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатын және 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын дамыта отырып, «Цифрлық Қазақстан» кешендік бағдарламасын қабылдауға  баса назар аударғаны болашаққа жарқын жол ашып отыр», – деп айрықша атап айтты.

Конференцияға қатысушы қонақтардың бірі – философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбитұлы жиында «Рухани жаңғырудың мәдени-әлеуметтік, тарихи танымдық негіздемелері жайлы» атты мазмұнды баяндамасын көпшілікке ұсынды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми істері жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Құлсариева Ақтолқын Тұрлықанқызының өте мазмұнды баяндамасы «Адами капитал – модернизацияның қорлары 4.0» деп аталды. Білім берудің жаңа сапасына тоқталған проректор: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болып табылады», – деді.

Алматы қаласы Медеу аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұқанова Меруерт Серікқызы: «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. Елбасы Жолдауындағы 10-шы міндетке ден қоятын болсақ, биылғы жыл – Елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Сонымен қатар, «ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады. Міне, алдымызда тұрған 10 міндет осы», – деп атап өтті.

Аталмыш шараны жүргізуші-модератор, философия ғылымдарының докторы, профессор Қабыл Халықов көшбасшы елдер қатарынан көріну үшін орындалатын он негізгі міндеттің маңыздысы «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші міндет екенін айта отырып, «Еліміздің бүгінгі қарқынды дамуы, соның нәтижесінде жастарға жасалып жатқан жақсылықтар біздің жан-жақты білім алуымызға, жан-жақты хабардар болуымызға жол ашып отыр. Сол қамқорлықты күні ертең өз еңбегімізбен қайтару азаматтық парызымыз деп білемін. Қазіргі ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтық мәдениет және өнер саласында жоғары білім беру және ғылыми әлеуетін дамыту үшін кадрлар қорын жасақтауға тиіспіз», – деді.

Рас, Президенттің таңдаған халыққа Жолдау түрі ерекше екендігін өзге елдер де байқап келеді. АҚШ сынды бірқатар мемлекеттердің басшылары өз Жолдауларын бүкіл халыққа емес, жекелеген мемлекеттік институттарға арнап жатады. Жолдауды нақты бір мемлекеттік басқару немесе атқару органдарына емес, халыққа арнағанынан-ақ Елбасының демократиялық басқарудың бірегей үлгісін таңдағанын аңғару қиын емес.