«АЖАЛДЫ ОЙЫН» АПАНЫН АУЫЗДЫҚТАЙ АЛАМЫЗ БА?

31

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жастар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде екінші орында тұр екен. Бұл жан түршігерлік деректі құзырлы орындар да жоққа шығара алмайды. Айталық, Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі өткен қаңтар айында 20 жеткіншектің өз-өзіне қол салғанын, ал 23 жеткіншектің суицидтен аман қалғанын хабарлады. Бұл 18 жасқа дейінгі жеткіншектер арасындағы көрсеткіш, ал бұған 18-29 жас аралығындағы жастарды қоссаңыз, елдегі суицид мәселесінің қаншалықты өзекті екеніне көз жеткізесіз.

Құзырлы орындар жеткіншектерді өлімге итермелейтін әлеуметтік желідегі түрлі топтарды қанша бұғаттаса да, олардың қызметіне түпкілікті тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Өйткені, олардың саны шексіз. Күннен күнге жаңбырдан кейінгі қаптаған улы саңырауқұлақша қанаттарын кеңге жайып келе жатыр. Ол аздай, енді ғаламторда (интернет) балаларды суицидке итермелейтін «Синий кит», «Море китов», «Тихий дом» ойындары Ресейден бастау алып, Қазақстан сияқты көрші елдерге тарай бастады. Мәселен, соңғы кездері елімізде, көрші Қырғызстанда «Синий кит» ойыны туралы көп айтылып, көп жазылып жүр. Ол ойынның «Instagram», «Facebook», «Вконтакте» әлеуметтік желілеріндегі топтарына жазылушылардың саны мыңдап саналады. Олардың ішінде қазақстандық жеткіншектер де бар. 104 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті ажал атанған топтар мен ойындардың қызметін, балаңыздың ғаламторда не көріп, қандай ойын ойнап отырғанына қалай бақылау жүргізу керектігін және баланың суицидке бейімдігін қалай анықтауға болатынын төмендегі журналистік зерттеуде қозғап отыр. Сонымен…

ОЙЫННЫҢ ШАРТЫ: 50 КҮН – 50 ТАПСЫРМА

 «Синий кит» ойынының шарты қарапайым: аталған ойынның әлеуметтік желідегі тобына тіркелген жеткіншекті экранның арғы жағынан «жеке жетекшісі» бақылайды. Ол жеткіншекке 50 күнде – 50 тапсырма береді. Ең соңғы тапсырма – өз-өзіне қол жұмсау, яғни суицид.

Таяуда Ақтау қаласында 15 жастағы интернат тәрбиеленушісі өзінің күретамырын кесті. Осылайша жеткіншек жоғарыда аталған ойынның екінші тапсырмасын орындапты. Періштесі қақса керек, ол жеткіншек өлім аузынан аман қалды.

Әлбетте, бірінші тапсырма оңай – жеткіншек алақанына немесе білегіне дельфиннің суретін салып, әлеуметтік желідегі топтың әкімшілігіне (администратор) жібереді (өз парақшасына жүктеуге де, жариялауға да болады).

Өзінің күретамырын кескен ақтаулық жеткіншектің айтуынша, бұл ойын туралы досынан естіпті. Соңғы тапсырманың шарты бойынша өз-өзіне қол жұмсау керектігін біліпті. Бірақ, соңғы тапсырмаға келгенде «жеке жетекшісін» алдап кететінін ойлапты. Өйткені, аталған топқа бастапқыда әшейін қызығушылық үшін ғана тіркелген. Иә, қамшының сабындай ғана қысқы ғұмырымен кімнің қоштасқысы келеді дейсіз?! Бірақ, бар пәленің бәрі сол «әшейін қызығушылықтан» басталып жатыр ғой. Өкінішке орай, мұны жеткіншектерге түсіндіру оңай болмай тұр.

«СИНИЙ КИТ»: ОЛ ҚАНДАЙ КИТ?

2016 жылдың күзінде Ресейде әлеуметтік желідегі қатерлі топтардың әкімшісі Филипп Будейкин (әлеуметтік желіде «Филипп Лис» лақап атымен танымал) темір торға тоғытылды. Қылмыстық іс қозғалар алдында тілшілерге берген сұхбатында ол жеткіншектерді расында суицидке итермелегенін мойындаған еді. Ол бұл әрекетін қоғамға пайдасы жоқ биоқоқыстардан (жеткіншектерді айтып отыр) тазартып жатқандығымен түсіндірген. Масқара болғанда, оның тікелей «көмегімен» 17 оқушы өзіне қол салған-мыс.

«Біздің қоғамда адам және биоқоқыс бар. Соңғылары қоғамға тек зиян әкеледі. Қауіпті! Мен сондайлардан қоғамды тазартып жатырмын. Бұл істі 2013 жылы бастадым. Сол кезде әлеуметтік желіде «F57» тобын аштым. Бірте-бірте топқа тіркелгендердің саны арта бастады. Негізі бұл идеяны жүзеге асыру үшін бес жыл ойландым, дайындалдым, жобаның мақсатын айқындадым. Мақсат – қоғамды биоқоқыстардан тазарту», – депті тілшілерге берген сұхбатында.

Қылмыскердің айтуынша, өлімге итермелейтін топтың алғашқы құрбаны 16 жастағы Рина Паленкова болған. Ол 2015 жылы 23 қарашада өз өмірімен қоштасқан-ды.

«Топқа тіркеледі. Ойын басталады. Тапсырмалар беріледі. Бастапқыда ойынның шартына келіскен жеткіншек өзі туралы айтады. Пікірлесе келе, кімнің кім екені білінеді. Бала үшін қалыпты режим: сағат 21.00-де ұйықтап, 08.00-де ұйқыдан ояну. Ал бұл режим сақталмаса, баланың психикасы бұзылады. Міне, осылайша жанды жерін табасың. Ұйқысын ұрлайсың. Көп жағдайда біздің қармаққа толық емес отбасындағы, интернаттағы жетім жеткіншектер ілінеді. Соңғы тапсырма айқын – бұл жалған өмірмен қоштасу», – деп ашығын айтыпты қылмыскер.

Бүгінде ондаған жеткіншектің өмірін жалмаған 21 жастағы Будейкин Санкт-Петербург түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Оған тағылған айып – 15 жеткіншекті өлімге итермелеген. Алайда Лис түрмеде отырса да, оның ажал топтары, беймәлім жақтастары (сыбайластары) әлі күнге дейін ТМД елдері жеткіншектерінің өмірін жалмап жатыр. Өйткені, құзырлы орындар ажал топтардың тамырына түбірімен балта шабуға қауқарсыз.

БУДЕЙКИН: ЕСУАС ПА, ӘЛДЕ ҚАРА ПИАРЩИК ПЕ?

Қазір түрмеде отырған Будейкиннің ақыл есі дұрыстығы тексерілді. Ал ажал топтардың әкімшісі толық емес отбасынан шыққаны белгілі болды. Әкесіз өскен. Анасы мен екі ағасы бар. Өмірінің соңғы жылдары отбасымен қарым-қатынасын үзген. Оған оның түрлі ақпараттық технологиялар мен психологиялық тренингтерге қатысуы себеп болған.

Көптеген сарапшылар Будейкиннің ақыл есі дұрыстығын алға тартады. Оның бұл әрекетін «қара пиарға» жатқызады. Танымал болғысы келді. Танымал болды да. Бұл ажал топтары арқылы ауадан ақша жасауды мақсат тұтқаны және бар. Ал бұдан кейін оның ақыл есі бұрыстығын алға тартып, жындыханаға жатқызуға болмайды. Оның орны – жындыхана емес, түрме! Жазасын алу керек. Өйткені, оның мойнында өмірі қиылған ондаған жеткіншектің өлімі бар. Бұл сарапшылардың пікірі. Және де сарапшылар қателеспепті. 1-ақпан күні психиатриалық экспертиза оның ақыл есі дұрыстығы жөнінде қорытынды шығарды.

«ОЛАРДЫ ӨЛІМНЕН ҚҰТҚАРУҒА БОЛАР ЕДІ…»

Психологтардың пікірінше, уақытылы психологиялық көмек көрсетілгенде, жеткіншектерді өлімнен құтқаруға болар еді. Ата-аналардың құлағына «алтын сырға»: балаңыздың мінезінде күрт өзгеріс: еріншектік, селқостық немесе қатыгездік байқасаңыз, бірден психологтың көмегіне жүгініңіз немесе республикалық «150» тегін сенім телефон нөміріне қоңырау шалыңыз!

Рас, жұмысбасты ата-аналар көп жағдайда баласының алдымен материалдық тұрғыда қамтамасыз етілгенін көздейді. Соған сәйкес, баласының ішкі жан дүниесі екінші орында қалып қояды. Ал мектепте де жағдай мәз емес. Қағазбасты мұғалімдердің миссиясы қазір басқа. Бастысы – оқушының білімді болуы. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр әл-Фараби айтқан өсиетті қазір ескеріп жатқан мектеп жоқ. Міне, оның жемісі көз алдымызда. Жеткіншектер арасында суицид қалыпты жағдайға айналып барады. Ең өкініштісі – сол!

Психолог дегенде, алдымен мектептегі психологтар еске түседі. Бір мектепте – бір психолог! Ал ол мектепте 300, 500 немесе 1000-нан астам оқушы білім алады. Яғни, физикалық тұрғыда мектептің бір психологы оқушының бәрімен тілдесуі мүмкін де емес! Сонда қайтпек керек?

Психолог Наталья Имтосимидің пікіріне құлақ түрсек, 650-ден көп оқушысы бар мектепте кемінде екі психолог, ал колледждерде (жеткіншектердің бәрі сонда оқиды ғой) кемінде үш психолог болуы керек. Бірақ, білім мекемелерінде, әсіресе, жекеменшік мекемелерде психолог қызметіне келгенде ешкім артық шығын шығарғысы келмейді.

СУИЦИД: КӨШБАСШЫ МЕН АУТСАЙДЕР

Халықаралық UNICEF ұйымы жастар арасындағы суицид мәселесі бойынша Қазақстанда зерттеу жүргізіпті. Зерттеу қорытындысына сәйкес, өз-өзіне сол салған жеткіншектер саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастаса, Қызылорда облысы аутсайдер болыпты.

«Қызылорда облысында жеткіншектермен профилактикалық жұмыс жүргізу жақсы жолға қойылған және барлық құзырлы орындар жүйелі жұмыс жүргізеді. Мектеп психологтары мінезінде ауытқу пайда болған оқушылармен шұғыл жұмыс жүргізіп, мүмкін болмаған жағдайда мамандандырылған медициналық мекемелерге жібереді. Яғни, суицидтің алдын алады. Бастысы, мұны әкімдік қатаң бақылайды. Ал, Шығыс Қазақстан облысында жағдай мүлдем нашар. Жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Мектеп пен әкімдік арасында байланыс жоққа тән», – деп түсіндірді «Womens Leadership Fund» қоғамдық қорының басшысы Светлана Богатырева.

СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

Екі жылдан бері Қазақстанда www.teenslive.kz порталы жұмыс жасайды. Бұл портал арқылы кез-келген ата-ана баласының суицидке бейімділігін тексере алады.

Портал арқылы бала көптеген сұрақтарға жауап беріп, арнайы тесттен өтеді. Портал автоматты түрде жеткіншектің сұрақтарға берген жауабы негізінде қорытынды шығарады. Қорытындыға сәйкес, жеткіншектің мінезінде ауытқушылық бар ма, жоқ па – бұл сауалға анықтама беріледі. Әрине, психологтар аталған портал балаға жүз пайыз дұрыс мінездеме бере алмайтынын мойындайды. Әйтсе де, тест қорытындысы – ата-ананың баласының мінезіне, тәрбиесіне көңіл бөлуіне таптырмас құрал.

Соңғы екі жылда порталда 6 856 бала тесттен өткен. Ал соңғы «Синий киттің» дауынан кейін бұл көрсеткіш еселеп артқан. Бір қуантарлығы, ата-аналар балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайтынын түсініп келеді. Осы тұста айта кетерлігі, әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне келгенде, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздесе екен.

P.S.Елімізде өзін өлімге қиғандардың қатары артпаса, азаймай отыр. Жеткіншектер арасындағы суицид көрсеткіші жағынан әлем бойынша екінші орын алуымыз соның дәлелі.

Рас, өз-өзіне қол салу – жастарды жаулаған қауіпті дерт. Ал бұл дертпен мемлекет болып күреспеске және болмайды. Әлбетте, құзырлы орындар жастар арасындағы суицидпен күресіп келеді. Айталық, 2014-2017 жылдар ішінде күмәнді 190-нан астам шетелдік және отандық аккаунттар бұғатталды. «Синий киттен» кейін өткен бір айда 40 түрлі топтың қызметі тоқтатылды. Дұрыс! Бірақ, мұнымен мәселе шешілмейді. Суицидтің орын алуына тағы бір себеп – білім мен тәрбиенің арасындағы алшақтық. Алайда Дариға Назарбаева бұл мәселеде барлық жауапкершілікті бір мектепке артып қою дұрыс еместігін айтқан болатын. Өйткені, барлық оқушыға бір мұғалімнің шамасы жетпейтінін, сол себепті ата-ана да баласының өміріне үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізген еді. Күйбең тіршіліктің қамымен ата-аналардың баласына қарауға уақыты жетпей жататыны рас. Дегенмен, бала тәрбиесі – басты міндет екенін естен шығаруға әсте болмайды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті