АЗИЯ ДЕПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ГИМАЛАЙЫ

17

ТАҒЫЛЫМДЫ ДӘРІС

Осыдан бірнеше күн бұрын БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, әйгілі дипломат, саясаткер, ағылшын тілінің шешені Пан Ги Мун мырза Сеул Ұлттық Университетінің «Халықаралық білім беру жоғарғы мектебінде» арнайы «Саяси дәріс» (Public lector) оқыды. Дәрістің атауы «Корей түбегіндегі бейбітшілік өзгеріп отырған халықаралық тәртіпте» («Peace on the Korean Peninsula in a Changing International Order») деп аталды. Дипломаттың дәрісін әлемнің 70 шақты елінен келген магистрант, докторант, ғалым мен жас саясаткер, дипломат, халықаралық сауда мен халықаралық ұйым мәселесі мамандары, ғылым докторы және профессорлар тыңдады. Соның ішінде Алланың қалауымен қазақ елінен барған маған да әйгілі дипломаттың дәрісін тыңдау құқығы бұйырды.
Дәріс сұрақ-жауаппен екі-үш сағатқа созылды. Ағылшын тілінде болған дәрістің ауқымы Корей түбегі ғана емес, әлем саясатын кең тұрғыда қамтыды. Дәріс барысында ол халықаралық саясат, жаһандық климаттық өзгеріс пен табиғи апаттар, терроризмге қарсы күрес, босқындар ісі мен адам құқықтары, әлемдегі жасөспірім балалар мен әйелдер құқығы, лидерлердің саяси жарысы, Азия мен Еуропаның сыртқы саяси бағыты, Пхёнчхан Олимпиадасының дипломатиялық миссиясы, Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ сияқты елдердің көшбасшылары, Трамптың қазіргі сауда соғысы, Трамп пен Солтүстік Корея басшысының саяси ойыны, Орта Азия, Моңғолия, Африка елдерінің бүгінгі саяси орны және саясаттағы үлкен өзгерістерді кеңінен ашып айтуға тырысты. Мәртебелі дәріс оқушы халықаралық деңгейде білім алып, тәжірибе жинап жатқан жас мамандарды халықаралық деңгейде қызмет істеуге, әлем халқының бейбітшілігі, достығы мен тыныштығына атсалысуға, дипломатия саласында жемісті әрі табанды қызмет етуге шақырды. Әсіресе, ол әлемдегі бейкүнә сәбилердің жағдайына, олардың туа сала түрлі қақтығыстардың кесірінен көз жұмып жатқанына қатты алаңдаушылық білдірді. Дәрісті көпшілік ұйып тыңдап, жиі-жиі қол соғып, қошемет көрсетті.
Шынын айту керек, мұндай аталмыш дипломатиялық ғылыми дәріс кез келген маман үшін ауадай қажет. Өйткені, мамандарға әлемнің бүгінгі шынайы келбеті мен бағытын ашып, саралап-салмақтайтын тағылымы мол дәріс. «Азия дипломатиясының Гималайы» деп атауға тұрарлық кәсіби дипломат, қырық жыл бойы тірнектеп тәжірибе, қасықтап абырой жинаған Пан Ги Мун сияқты әлемдік дипломатияның алып тұлғасынан дәріс тыңдау – менің ғана емес, әлемнің талай жасына арман әрі үлкен мәртебе.

ПАН ГИ МУН КІМ?

Пан Ги Мун әлемге аты танымал тұлға. Аса көрнекті мемлекет қайраткері. Қырық жыл дипломатияның жілігін шағып, майын ішкен шебер де білікті дипломат. Корей дипломатиясының мәртебесін әлемдік деңгейге көтерген бірден бір айтулы тұлға. Корей ұлтының маңдайалды мақтанышы.
Пан Ги Мун Корей жері Жапон империясының қол астында болған кезде 1944 жылы маусымның 13-ші күні Оңтүстік Кореяның Ымсон уезінде дүниеге келді. Әкесінің қойма бизнесіне қараған отбасында өскен Пан бала күнінен алғыр болып өсті. Әсіресе, ағылшын тіліне деген ынта-ықыласы ерекше болыпты. Оқушылардың ішінде озаты болған Пан қаршадайынан ағылшын тілін игеруге бел байлаған. Ол мектеп қабырғасынан-ақ Американың әскери кеңесшілерімен тілдесіп, ағылшын тілін үйреніп, жетілдіру үшін өз үйінен 10 шақырым жердегі Американың әскери базасына барып келеді екен. Күн сайын осы бір істі жалықпай қайталайтын қайрат пен іштегі ықыласы оның сол кезден-ақ кім болатынын байқатса керек. 1962 жылы Қызыл Крест ұйымының ұйымдастырған ағылшын тілінен болған «жарыста» оның бағы жанып, Америкаға жолдама алады. Сан-Франциско қаласында бірнеше ай өмір сүреді. Осы сапарда ұйымдастырушылардың ұйғарымымен ол Ақ үйде Американың президентімен кездесуге лайық деп табылады. Джон Кеннедимен кездескен соң журналистердің болашақ мамандығы туралы сауалына ешбір саспастан «Мен дипломат болғым келеді» деп жауап берген. Мектептен кейін ол Сеул Ұлттық Университетінде дипломатия мамандығы бойынша білім алып, кейін Гарвард университетінде магистрлік дипломды сәтті қорғап, үздік бітіріп шығады.
Гарвард университетінде оқып жүргенде оның бойындағы сараптаушылық қасиет пен ойының өткірлігін байқаған дәріс беруші-ұстаздары көбіне жақсы қырынан еске алады. Атақты Гарвард университетін бітірген корей азаматы өз елінің сыртқы істер министрлігінде қызмет жасауын бастайды. Міне, сол сәттен бастап, қатардағы қарапайым дипломаттан халықаралық деңгейдегі дипломат болып шықты. Бір кезде Оңтүстік Кореяның сыртқы істер және сауда министрлігін басқарды. Одан кейін ол президент Но Мун Хеннің тұсында қызметтен кетіп, БҰҰ-на бас хатшы болып сайланды. Міне, солай ол елі үшін көп тер төгіп, әлемдегі үлкен белесті де бағындыра білді.

КОРЕЙ ҰЛТЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Пан Ги Мун – корей ұлтының мақтанышы. Ол БҰҰ-на бас хатшы болған күннен бастап корейлер өздерінің ұлттық беделі әлем алдында көтерілді деп бағалады. 1950-53 жылдары «Корей соғысынан» көп зардап шеккен, кедейшіліктің дәмін татқан, отаршылдықтың қамытын киіп көрген, Қытай секілді алыптың қас-қабағына көп қараған халыққа өз төлі, тумасы Пан Ги Мунның биік лауазымға жетуі өткен өмірлеріне, көрген қиындықтарына төлеу алғандай сезілді. Бұл күні Пан Ги Мунды корейлердің бесіктегі баласынан, таяқ ұстаған қартына дейін біледі. Беделді халықаралық ұйымға бас хатшы болу оның маңдайына корей халқының тағдырымен бірге жазылды. Корейлер оған арнап ауылында бейбітшілік монумент тұрғызып, құрмет көрсеткен кездері де бар. Одан басқа да толып жатқан атақтары жетеді. Бірақ Корей елі үшін не істеді деген сұрақ туады?
Иә, корей елі үшін қыруар іс бітірді. Бірінші дипломат ретінде елін әрдайым жақсы қырынан танытты. Ел беделіне нұқсан келтірмеуге тырысып, елдік мүддені қорғап бақты. Қырық жыл бойы дипломатия саласында корей мүддесі үшін сын да естіп, сөз де естіп, соған қарамастан намысқа тырысып тер төкті.
Екінші, екі корей елінің мәселесін шешуге көп күш жұмсады. Ол министр болған кезде де осы мәселені өзінің басты міндетінің бірі деп санады. Қос Кореяның бірігу процесіне өмір бақи ықпал жасауға тырысқан саясаткердің бірі.
Үшінші, өзі биік лауазымдарда отырғанда корей дипломаттарының қабілеті мен білігін арттыру бағытында көп жұмыс жасады. Бәріне қолдау көрсетті, өзінің ізбасарларын дайындай білді.
Төртінші, корей мәдениетін әлемге таныта білді. Өзінің тілі мен мәдениетін құрметтей білетін адам ретінде танылды. Сонымен қатар, корей тілі мен мәдениетінің әлемге кең таралып танылуына оның Бас хатшылық лауазымы үлкен әсер тигізгенін қазіргі таңда көп ғалымдар айта бастады. Ондай әлемдік лауазымға ие болып отырған адамның елі мен жеріне, тілі мен мәдениетіне кімнің болса да қызығушылығы артып, сол ел туралы жиірек ақпарат білуге итермелейтінін байқатты.
Жалпы, біздің білуімізше, Пан Ги Мун туралы корей елінде 100-ден артық кітап жазылған. Диплом мен диссертациялардың өзі бір төбе. Жапон, Қытай секілді Азия елдері мен Батыс елдерінде шыққан кітаптарды тағы қосыңыз. Бәрі де Пан Ги Мунның еңбек жолы мен оның осындай жетістікке жету жолын баяндайды. Әсіресе, корей жастарына Пан Ги Мунның жетістікке жету кілті туралы «Уоррен Баффет секілді бай бол, Пан Ги Мун секілді жетістікке жет», «Пан Ги Мунның лидерлік қасиеті», «Пан Ги Мунның ағылшынша айтқан сөздері» деген еңбектер көп жазылды. Корей ата-аналары біраз жыл бойы оның жетістікке жету жолын бала-шағасына насихаттап, оны пір тұтты. Барлығы жаппай баласын ағылшын курсына беріп, баласын Пан Ги Мунша сөйлетуге тырысқандардың қатары аз болмады. Қазіргі таңда ол кісі туралы кітаптардың бәрі сатылып кеткендігі соншалықты, дипломат туралы кітаптарды кітап дүкенінен табу мүмкін емес. Тек қана Ұлттық кітапханалардан ғана таба аласыз.

БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ. ТЫНЫМСЫЗ 10 ЖЫЛ

Пан Ги Мун он жыл бойы ұйымның ісін ілгерілетуге және беделін көтеруге тырысқан тұлғаның бірі. Әрине, ол басқарған жылдар беделді ұйым қолайлы, кикілжіңсіз саяси уақытқа тап болған жоқ. Көпшілік оның билеу кезеңін «Ең қиын жылдардағы БҰҰ» және «Әлемдегі үлкен қауіп-қатерге қалған Корей адамы» деп атады. Ол мәлімделемер жасап қана қойған жоқ, бірқатар алыста-жақын елдерге сапар шекті. Корейлік еңбекқорлық, мақсатшылдық және табандылықпен жұмыс жасай білді. Оның он жылы қақтығыс, аштық және табиғи апатқа толы жыл болды. Ол істеген жылы лаңкестікке қарсы күрес жүргізілді. Алпауыттардың арасындағы үлкен ойында тепе-теңдікті ұстауға тырысқан оның әрекетіне қарай әлемдегі дипломат, саясаткерлер оны «Компромисстің Мырзасы» деп атап кетті.
Дипломат өз елінде министр болғанда Солтүстік пен Оңтүстік Кореяның арасындағы келіссөздерден табандылықпен тәжірибе жинады. Осы бір түбектегі дипломатиялық шиеленістер, кейін БҰҰ-да қызмет жасаған жылдары оған үлкен көмек болды. Нақты айтқанда оған сын сағатта, қажет кезде іске жарап, оның мақсаты мен ниетін айқындап, халықаралық саясатта компромисстік принципті ұстауға бағыттады. Ол өзі қызмет еткен жылдары БҰҰ-да бұған дейін көңіл аударылмай келген кейбір ғаламдық мәселелерге назар аударып, Африка және Азияның назардан тыс қалған шалғай аймақтарына көңіл бөлуді жүзеге асырды. Ол қызмет еткен жылдары қырқыс, соғыс, жанжал, тіпті лидер арасындағы түсініспеушілік бас көтерді. Бірақ соған қарамастан ол соңғы мерзімі аяқталған күнге дейін аянбай еңбек етті. 10 жыл БҰҰ басқару деген оңай емес. Пан Ги Мунның бұл жұлдызды шағы осы жылдары болды.
Одан басқа БҰҰ-да балалар құқығын жиі қорғады. Сол үшін де оның бұл әрекетін әлем жұртшылығы жылы қабылдады. Бір жағынан ол істеген жылдары батыс елдерінің кейбір сарапшылары түрлі пікір білдіргені де бар. БҰҰ-да бүкіл әлем мамандары отырғандықтан, ол жерде де түрлі пікірлердің орын алуы шынайы құбылыс. Бірақ оның он жылдық еңбегіне ешкім теріс баға берген емес. Керісінше Unilever компаниясының басшысы Паул Полман, Нгози Оконьо Ивевала, Бил Гейтс, әйгілі CNN каналының негізін салушы Тед Тернер, Гро Харлем Брундтланд, Oxfam International ұйымының төрағасы Уинни Байаниима, Нью-Йорк қаласының мэрі Билл Де Блазио, Тереза Мэй сияқты көрнекті саясаткерлер жақсы баға берді.
БҰҰ-да істеген жылдары ол бас штабта ғана істеуге ұмтылушылардың әрекетін жоюға бағытталған шарасы нәтиже берді. Енді, қандай маман болса да «айлығы көп, жайлы жер саналатын бас штабта» ғана істеуді мақсат тұтпайды. Ұйымның қай корпусында қызмет істесе бәрі бір деңгейде істейтіндей реформа жасады. Оның бұл реформасы сәтті шыққандықтан әріптестері еріксіз мойындады. Пан мырзаның өзі жиі айтатындай әлемдегі климаттың өзгеруі мен әлемдік климаттың күрт жылынуы сияқты мәселеге алғаш болып көбірек көңіл бөліп, Антарктида құрлығына барды. Сол себепті әлемдік қоршаған ортаның мамандары оның мұндай қадамына оң баға берді.
Дипломат әлемдік деңгейдегі іс-шараларға және халықаралық мәселелерге белсенді атсалысты. БҰҰ-ның басшысы болған кезде де жасыл экономика, жаһандық экология және климаттық өзгерістер, табиғат апаттары, балалар құқығы, әйел құқығы және кедейшілік деген аса ірі мәселелерге көп көңіл бөлді. «Бізде басқа жоспар жоқ, бізде басқа планета жоқ» деп ұран тастап, сол сөзін іспен дәлелдеген ол «Мен климаттық әрекеттер үшін» (I am for climat action) деп Нью-Йорк көшесіне шығып, акцияларға қатысып, жаһан экологиясына жұрттың назарын бұруға тырысты. Сондықтан оны әзілдеп «Климат адам» деп те атайды.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯҒА ДЕГЕН ҰСТАНЫМЫ

Пан Ги Мун БҰҰ-на бас хатшы болуын Солтүстік Корея тарапы аса құп көрмеді. Өйткені, сол сәттен БҰҰ-ның күн тәртібінен Солтүстік Кореяның мәселесі түспейтінін Солтүстік тарапы өте жақсы түсінді. Сондықтан бас хатшылыққа сайланған күні-ақ Солтүстіктегі мемлекеттік баспасөздер арнайы тапсырыспен оны қаралап жамандады. Екінші мерзімге сайланған кезде де олар оны аямай сынады. Иә, бір корей ұлтынан шыққан тұлғаға өз ұлтынан екі түрлі баға алу оңай ма? Оңтүстік Корея оның осы бір жетістігіне қуанып жатқанда, Солтүстіктегі тарап басқаша қарады. Сондықтан қос Кореяның қасіретті тағдыры оған оңай тиген жоқ. Сол түбектің тумасы ретінде Солтүстіктің іс-әрекетін, саясатын ұйымда көбірек көтеруге мүдделі болды. Бір түбектегі 70 миллионға жуық халықтың тағдыры оны алаңдатты. Әлемдік саясат алаңына туған түбегінің тағдырын үмітпен арқалап апарды.
Ол бас хатшы болғанда бірнеше мәрте арнайы мәлімдеме жасап, Солтүстік Кореяға баруға ниет білдірді. Алайда Солтүстік басшылары оның ниетін қабылдамады. Оның дипломатиялық әрекет-амалына жауап қайтармады. Соған қарамастан экс-бас хатшы Солтүстік Корея мәселесін бас хатшылықтан кеткеннен кейін де, бүгінгі күні де, өз елінде жиі көтеріп, сол баяғы үрдісін тоқтатпай, қазіргі қос Кореяның келіссөздеріне байланысты өзінің тәжірибесімен бөлісуде.

ПАН ГИ МУННЫҢ ҚАЗАҚСТАНМЕН БАЙЛАНЫСЫ

Пан Ги Мунның БҰҰ-на сайлануы Азия дипломатиясының белсенділігін арттырды. Азия дипломатиясының бір өкілінің жетістігі болашақта басқа Азия елдерінің дипломаттарына жол ашуына әсер етері даусыз. Мұндай биікке ол ең бастысы еңбекқорлығы мен мақсатшылдығымен жетті.
Пан Ги Мун Қазақстан Үкіметімен де байланысын нығайта білді. Оның Сарыарқа төріне жасаған сапары – тарихи оқиғаның бірі болды. Ол әрдайым Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан саясатын жоғары бағалап, Қазақстанның барлық халықаралық бастамаларына оң баға берген тұлғаның бірі. Ол 2010 жылы Семей топырағында болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын қатты құрметтейді. Қасым-Жомарт Кемелұлымен де жақсы таныс. Ол бұл жәйттарды тілдескен кезде ерекше атап өтті.
Жеке сұхбат арасында бас хатшы «Мен сіздің елде – Қазақстанда болдым. Ядролық сынақтарды басынан кешкен Семей топырағында болдым. Сол жерде мәлімдеме жасадым. Арал теңізін көрдім. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты жақсы білемін. Әлемде үлкен беделге ие саясаткер. Сонымен қатар, дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірге біраз қызмет жасадым. Ол кісі нағыз іскер адам. Қазақстан әлемде танымал ел ғой. Ядролық қарудан бас тартқан жалғыз мемлекет. Жаңадан салынған Астанада болдым. Маған әсем Астана ұнады. Сіздің елдің адамдары қонақжай және жылы. Еліңізге сәлем айтыңыз!» – деп ағынан жарылды.
Сөз арасында ол туралы көптеген еңбектерді оқып шыққанымды, ежелгі жиі кездесе бермейтін корей поэзиясын жинаушы, шетелдік поэзияға қызығушы адам екенін естіп-білетінімді айтым. Сол сәтті сұхбатты пайдаланып, ол кісіге өзімнің осыдан бірнеше жыл бұрын жазған өлеңімді бердім. Өлеңіме таң қалып, ерекше қуанып, алғыс айтты. Өмірінде бірінші рет шетелдік адамнан ерекше сый-құрмет көргенін тілге тиек етті. Солай айта келіп, «Корейше жақсы сөйлейді екенсіз. Корей түбегі мәселесін бір кісідей білетін болып шықтыңыз ғой. Халықаралық деңгейдегі корейтанушы маман екенсіз. Сізді кездестіргеніме қуаныштымын» деп, бірге естелік суретке түсті. Суретке түсіп болған соң «Сізге айтарым, жолыңыз болсын, талаптаныңыз, алға ұмтылыңыз, Сізге жемісті еңбек пен нәтиже тілеймін!» деп ризашылық білдірді.
Ол бұл күні отанында халықаралық бірнеше ұйым ашып, соның ісімен шұғылдануда. Одан басқа Халықаралық Олимпиада Комитетінің этика жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін атқарып отыр. Сонымен қатар, басқа жаһандық климат, жасыл экономикаға байланысты ұйымдардың басшысы, бірнеше оқу орындарының құрметті ректоры қызметін атқаруда. Ең бір қызығы, Оңтүстік Кореяның қазіргі Сыртқы істер министрі сол кісінің бір кездегі көмекшісі, шәкірті.
Сөз соңында айтарым, осындай әлемдік тұлғамен қысқа уақыт сұхбаттасу – мен үшін сәтті күннің бірі болды.

 

Пан Ги Мунға арнау

Аңыз болып атың кеткен адамсың,
Өйткені сен өз ісіңе адалсың.
Корейлердің үміті боп үкілі,
Бәлкім тағы болашақта жанарсың?!

Әйгілі рас, атың сенің әлемге,
Достарың көп білем оны әр елде.
Құшақ жайып қарсы алады бәрі де,
Бара қалсаң сен сапарлап әр елге.

Оның бәрі еңбегіңнің жемісі,
Тыным таппай тер төгудің жеңісі.
Өзің жайлы жылы пікір білдіріп,
Жатады ылғи сұрай қалсақ ел іші.

Белгілі жай, өткенді еске аларың,
Ұлы едің сен күні кеше даланың.
Армандадың, алға ұмтылдың ерекше,
Тұрғынына айналдың да қаланың.

Жалпы өмірде өз орныңды таңдадың,
Арманыңды алғы күнге жалғадың.
Дипломат, елші болсам деген ой,
Болды сенің бала күннен арманың.

Арманыңа жетер жолда талмадың,
Бір сәтке де сірә тыным алмадың.
Кей кездері сабақ қарап отырып,
Түнді өткеріп, сарғаятын таңдарың.

Сол еңбегің әсте зая кетпеді,
Белгілі ғой қолың қайда жеткені.
Өз тіліңді құрмет тұтып қашанда,
Өзге елдің тілін білдің шеттегі.

Өзіңе-өзің оқуменен дем бердің,
Әсіресе ағылшынды меңгердің.
Шықтың солай шыңына да БҰҰ-ның,
Құрметін көрдің талай елдердің.

Болдың талай елдерінде әлемнің,
Тарихын танып білдің әр елдің.
Қиянаттың не екенін білесің,
Оған ешбір керегі жоқ дәлелдің.

Көп жайларға бола білдің қорған шын,
Курчатов пен Семейде де болғансың.
Секілдісің әділдіктің семсері,
Жаратушы алда ісіңді оңғарсын!

Тамсанамыз, қол соғамыз біз саған,
Арналады сондықтан да жыр саған.
Корейлердің мақтанышы бола бер,
Қолдау сірә бермес дейсің кім саған.

Дастан АҚАШ,
шығыстанушы-корейтанушы,
Корей тілінің аудармашысы,
Мемлекеттік және басқару саласы
мен Халықаралық
қарым-қатынас маманы,
магистрант,
Оңтүстік Корея Республикасы