АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫСЫ АСЕКЕҢ

8
Асқар Құлыбаев пен Әбдісағит Тәтіғұлов

Халқымызда адамгершілік деген асыл ұғым бар. Ұлтымыздың ғұлама бекзаттарын адамгершілік қасиетімен ардақтайды, мақтаныш етіп, есінде ұстайды. Бұл – қазақтың ел азаматына деген ерекше талғамы мен талабының көрсеткіші. Адамгершілік түсінігі – даналық, парасат, мейірім, қайырым, білгірлік пен түсіністік сияқты көптеген игі мінездерді қамти отырып, кімнің кім екенін анықтай түсетін қасиет. Көңіліміз толып, риза болған адамымызды «адамгершілігі мол екен» деп айтып жатамыз. Әке-шешесінің қанымен дарып, тәрбиесімен молайып жататын осы қасиет бойында мекен тауып, жан-жағын нұрландырып жүрген азаматтарымыздың бірі – Асекең – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Құлыбаев Асқар Алтынбекұлы. Ұзақ жылдық таныстығымыз маған оның осы қасиетін мойындатты. Арқалаған жүгі өз уақытына қарай әрқашанда салмақты болғандықтан, басшылық қызметті үлкен, кіші деп ара-жігін ажыратып бөлудің өзі қиын, дегенмен мен білетін Асекең қандай да бір қиындықтарда да, қуаныштарда да адамгершілік қасиетін жоғалтпай, қайта әрдайым көптің көңілінен шығып жататын іс-әрекеттерімен ел бастауға, ел сенуге тұратын азамат екенін  көрсете білді, әлі де көрсетіп келеді.

Кез-келген мемлекеттің тарихы Отан алдындағы еңбегі ұзақ уақытқа есте қалатын адамдардың атымен даңқты. Біздің еліміздегі осындай тұлғалардың бірі – геолог ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаев. Қанекеңнің даналығы – сахара кезіп, өзі бас болып, шексіз де шетсіз даламызда жер астындағы ғасырлар бойы иесіз жатқан байлықты халқымызға алып берді, сол ісімен ұлы бастамашы бола отырып, білімді де білікті көптеген ізбасар шәкірттер тәрбиеледі. Келер ұрпаққа табандары таймайтындай ғылым жолының көптеген сүрлеулерін салып кетті.

Кейіннен әр саланың: металлургия, мұнай, машина жасау және тағы басқа өндірістердің жаңа өскен мамандары Қанекең жолымен бүгінгі мен ертеңгіні, практика мен ғылымды, дала мүмкіндіктері (ел мүмкіндігі) мен қала мүмкіндіктерін салыстырып, керекті жаңалықтарды аша отырып, сонымен қатар, ерекше ұйымдастырушылық қасиеті арқасында әрқайсысы өз саласында әйгілі болды. Олардың қайсысы болмасын, Қанекең ағамыздан өнеге алып, адамгершілік пен ұйымдастырушылық қасиетті өте жоғары қойған. Біздің Асекең де сондай жан-жақты, сәулет пен құрылысты өнер ретінде де, өндірістік процесс ретінде де бүге-шүгесіне дейін меңгерген, құрылыстың монтажын да, материалдарын да кәсіби тұрғыда жіктеп бере алатын белгілі тұлға. Ол да Қаныш Сәтпаев ағамыз сияқты құрылыс алаңдарында (далада) шебер жұмыс істеп, оны басшылық қызметпен (қалада) ұштастыра алатын терең білімді маман.

Сәулет (латын тіліндегі architectura гректің architekton деген сөзінен шыққан) грек тілінен аударғанда “бас құрылысшы” дегенді білдіреді. Өз кездерінде Қазақстанның сәулеті мен құрылысын бірге дамытып, осы саланың сара жолын салып кеткен алғашқы аға буын сардарлар Төлеу Бәсенов, Малбағар Меңдіқұлов, Әукен Жәкішев, Болат Жармағамбетов, Төлебай Жүнісовтердің іргелі істерін жалғастырып келе жатқан бүгінгі буынның бас сардары, осы саланың қазіргі патриархы Асқар Құлыбаев. Олай айтуымның өз жөні бар. Асекең Алматының қала басшысы болып тұрған кездері құрылыстың ерекше қарқынмен дамыған кезеңі болды. Жақсы істердің шоқ-шоғымен жасалатын құбылысы жазылмаған заңдай көпке белгілі. Қазақстан сәулеті мен құрылысының тарихында, әсіресе, сол кездегі бас қаламыз Алматының даму тарихында лек-легімен дүниеге келіп, көптің көзін қызықтырып, назарын аудартқан ерекше дүниелер өткен ғасырдың 70-80-жылдарында орын алды. Бұл кез Асекеңнің құрылыс ісіне көрнекті маман ретінде көріне бастаған кезімен және Алматы қаласын басқарып тұрған жылдарымен тұспа-тұс келеді. Қазіргі Достық даңғылының бойындағы сол кезде Одақ бойынша теңдесі жоқ, бірегей архитектуралық келбеті бар, зәулім «Қазақстан» қонақ үйі, 2, 5, 9, 12 қабатты ансамбльдер кешені, ерекше сән-салтанатты Республика сарайы сияқты ғимараттар – сол жылдардың жемісі. СОКП-ның сол кездегі Бас хатшысы Леонид Ильич Брежнев Алматыға келген бір сапарында қаланың сәулеті оның айрықша қызығушылығын оятты. Ол партияның бір съезінде Алматының сәулеті туралы жақсы пікірлер айтып, оны Мәскеу мен Вильнюстен кейін алдыңғы қатарда келе жатқан қала деп атады. Сол пәрменмен Мәскеу қаласының біраз басшылары мен сол кездегі қаланың бас сәулетшісі Михаил Посохинді біздің қаламызға аттандырып, олар аталмыш құрылыс объектілерін аралап, тәжірибе ретінде біраз жобаларға қанығып қайтқан еді. Осыдан кейін-ақ сайын даланың төсіндегі Алматы қаласының сәулеттік бедері туралы ақпарат тіпті шетелдік журналдарда да жарық көре бастады. Асекеңнің «Қала – біздің ортақ үйіміз, біз бәріміз оның шын мәніндегі қожасы екенімізді сезініп, оған қамқорлық жасауға тиіспіз» деген сөзі қала ғана емес, туған жерге деген жанашырлығын анық байқатады. Бұл – өте жақсы сөз. Әрбіріміз өзіміздің тұрған жерімізге осылай қарайтын болсақ, көштің басында боларымыз анық. Бәрімізге уақыт та ортақ, қала да ортақ, заман да ортақ – заманның ұяты ұрпақта қалады. Соны аңғарта білген Асекеңді заманының иесі деп айта аламын.

Әрине, оңайшылықпен бола қоятын жұмыс жоқ, әсіресе, құрылыс ісін басқару, құрылысты мемлекеттік тұрғыдан басқару – күрделі жұмыс. Құрылыстың өзі түрлі-түрлі салаларды қамтиды, өз ішінен де бірнеше салаға бөлінеді. Бұл оның ерте заманнан келе жатқан ата кәсіп екендігін дәлелдейді. Қол жұмысымен жүзеге асырылып келген құрылысты автоматтандырып, оның жүргізілу процестерін техника жетістіктерімен дамыту жұмыстары шамамен 200 жыл бұрын басталған. Оның бір мысалы – аяқпен иленіп, қолмен бастырылатын кірпішті зауытта шығару. Соның нәтижесінде панельдер пайда болды – ағаш панель, темірбетон панель өндіріске енді. Осы тұрғыдан құрылысты автоматтандырылды дегенімізбен, одан 100 жыл кейін пайда болса да, жасалу мерзімі бірнеше күнді ғана алатын автомобиль, ұшақ құрылысы сияқты механикаландырылған өндіріске әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Американдық маманның салыстырмалы зерттеуіне жүгінсек, Жапонияның үй құрылысы зауыты келтірген деректерге қарағанда, бір үй 30 мыңдай бөлшектен тұрады екен. Автомобильдің бөлшектер саны да осындай. Алайда бір автомобильді екі күнде құрастырып шығуға болса, үй салу бүгінге дейін бұндай мерзімдік жылдамдыққа жете алмай келеді. Бұның басты себебі – үй бөлшектерінің даралығында, олардың әлі де жеке-жеке жиналуында. Оларды тұтастандыру келешекте де мүмкін болмас, өйткені алдын ала мінсіз жоспар бола тұрса да, құрылыста адам факторы, өндірістік факторлар сияқты жоспарға килігетін жағдайлар болады. Осындай жағдайларда оны басқару, жұмысты жүргізу, салып бітіру басшыдан үлкен білімді, қайраткерлікті, ұйымдастырушылықты қажет етеді.

Уақыт – таразы, ол бәрін безбендеп, адамдарды да, олардың атқарған істерін де орын-орнына қойып береді. Республикамыздың Мемлекеттік құрылыс комитеті өз заманының алдыңғы қатарында болды. Ол еліміздің сәулет және құрылыс саласын Одақ көлемінде дамытып, одақтас республикалар ішінде үлкен беделге ие болды. Бұндай жетістіктерге жету жолында тер төккен басшылардың қатарында Асқар Құлыбаев та бар. Адал, еңбекқор басшы ретінде осы бағытты жетістіктерге жетелеп, жұмыстарды үйлестіруде көпке үлгі болатын іскерлігін көрсетті. Құрылыс саласын дамытумен қатар оның нормативтік жағынан да қамтамасыз етілуінде Асекеңнің еңбегі зор. Қазіргі қолданылып жүргендердің негізі осы кісі басқарып, техникалық кеңестерде талқылап, қолымен бекіткен құрылыс нормалары.

Асқар Алтынбекұлының өткір мінезі мен турашылдығынан көпшілік хабардар. Алайда өткірмін деп өңмендеп, турамын деп ешкімді тұралатқан емес. Әр жүйелі сөзі өз орнын тауып жатады. Кеңестік кезеңдегі біздің саладағы басшылардың көбі – құрылыс алаңдарында жұмыс істеп, қара жұмыстың қайнауынан шынығып келгендер. Олар көбіне жұмыстармен қатар тұздығы басым «артық сөздің» де мол қорын алып келетін. Иә, сол басшылардың кеңейтілген құрылыс оперативкалары мен жиналыстарында да «нормадан тыс» сөздерді пайдаланып қалатын кездері жиі ұшырасатын. Бұл жағдай бұндай жиналыстарда көбіне әйел адамдардың болмайтыны себепті тіпті ушығып кетіп жататын. Құрылыс барысында мерзімдер сақталмау себебінен үлкен даулар шығып жатады. Бұл кейде құрылысшылардың «Лучше поздно, чем совсем поздно» деп жайбасарлыққа салынатындықтарынан болып тұратыны да өтірік емес. Сондайда ашуға ерік беріп, көзі шекесіне шығып, Арқаның ақ боранына ұқсап түтеп кететін басшылар болады. Жәй әңгімеде, әрине, тілдің барлық «нормаларын» сақтап сөйлеу көпшілікті таңдай қақтыра қоймас, бірақ қатты ашу кезінде балағатқа бармай-ақ «мәдени шыбыртқымен» жеріне жеткізе айту көптің қолынан келе бермейді. Олар бурадай бұрқырағанда, жанына адам жолай алмайды. Дегенмен, дәл сол басшылардың жолынан өтіп келген Асекеңнің тіл мәдениетінің өткірлігі жоғалтпай, ұстамдылықтың биігінде тұратын. Жай мастерден министрге дейінгі сара жолды жүріп өткен тәжірибелі басшының әр жиналыстағы сөз саптауындағы кәсібилік пен салмақтықты байқауға болатын. Ол кісі әр істі ақылға салып, «бір кісінікі мақұл, екі кісінікі ақылмен» шешіп отыратын. Бүгінгі күнге дейін ол кісінің түрлі жиындарда сөйлеген сөздері қазақ тілінде де, орыс тілінде де шұрайлы тілімен, нақты ойымен ерекшеленіп келеді. Сонымен қатар, ол шығармашылық адамдарының өз ойларын ашық айтуларына мүмкіндік беріп отырады, өйткені ол жұмыстың қозғаушы күші болып табылатын осындай ойы ұшқыр, қиялы жүйрік мамандардың еңбегін жақсы бағалайды.

Ол кісінің үлкен бір қасиеттерінің бірі – күнәһар мен кінәліні айыра білетіндігі. «Мінсіз адам жоқ, мінсіз заман жоқ» деп халқымыз айтатындай, адамның шалыс басқан әр қадамынан мін тауып, кінәлілікті күнәһарлыққа дейін биіктететін басшылардың болатыны рас. Оның соңы адамның артына шам алып түсуге ұласады. Күнәһар мен кінәліні айыра білгендер өмірдің тазалығында жүреді, басшылыққа ие болатын қасиеті болады. Жұрт айтатын бұл қасиетті Асекеңнің бойынан мен де көрдім. Оның кешірімшілдігіне мен де куә болдым.

Біздің офисімізден министрлік бірнеше бөлмені жалға алып, қызметкерлерін отырғызған болатын. Дағдарыспен тұспа-тұс келген бір жылдары сол жұмыс жайларын жалға алушылар төлем жүргізбей қойды. Біздің тарапымыздан жасалған шағымдардан да, Министрлер кеңесінің сол жайларды босату талаптарынан да ешқандай нәтиже болмады. Басқа амал болмағасын, мен электр энергиясын өшіріп, телефон байланысын үзіп, тіпті олардың қызметкерлерін төлемақы төлемей жұмыс орындарына жібермеу туралы нұсқау бердім. Әрине, мұның бәрі сол бір уақыттарда «қызмет қызуымен» менің тарапымнан жасалған ешбір заңға сәйкес келмейтін асығыстау шешім еді.

Ертеңіне коллегия болатындығы, онда менің тәртібім қаралатыны жөнінде телефонограмма келді. Сабама түскеннен кейін, айып өзімнен екенін түсініп, басшының қандай шешімі болса да дайын болдым. Талай жыл одақ бойынша алдыңғы сапта жүрген бас жобалау институты басшысын ертең «с треском» жұмысынан алады екен деген алыпқашпа сөз жүгіртетін «мамандар» жан-жаққа жеткізіп жатты.

Асекең менің іс төркінімнің дұрыс екендігі, күнәһарлығым жоқ, кінәм барын тап басып, өз шешімінің өрісінің кеңдігін осы жолы да көрсете білді. Ол кісінің сол бір асқақ тұлғасы менің өмір жолымдағы үлкен бір қателігімнен лайықты шығуыма септігін тигізді. Бәріне төреші уақыт оны әлі күнге дейін сол білгірлік, адамгершілік биігінен түсірткен емес.

Асекеңді қай жерге барса да, жұмысын адал атқарып, айналасындағы адамдармен сыйластықтан ажырамайды. Қайта жүрген жерінде жаңа іні-достар, замандас-достар тауып, өрісін кеңейтіп отырады. Сондықтан болуы керек, ол қалаға да, облысқа да, құрылыс саласына да аз уақыттың ішінде белгілі де, бәйгелі де басшы бола білді. Бәрінде де мәселені бел шеше кірісіп, өз басшылығын ел есінде қалардай етіп атқарды. Кейбір басшылар болады, жайлы жиналыстарға барады да, қиналыс жиналыстардан аулақ жүреді. Ал Асекең күрмеуі қиын қаншама мәселелердің ортасында жүрді. Өзінің парасаттылығы мен іскерлігін жұмсап, талай шешімдердің ұйытқысы болды. Құрылыс алаңдарындағы сәулетші-құрылысшылардың да, оқу орындарындағы студенттердің де ортасында жүріп, әрдайым мәселенің мән-жайына қанығып қана қоймай, соларды шешу жолдарына ақыл қосып отырады.

Асекеңнің бүкіл еңбек қызметі, әріптестермен, ағайын-туғандарымен және дос-жаранымен қарым-қатынасы – өз өмір жолын, ойға алған мақсаттарына жету жолында қажет қасиеттерді іздеген адамдар үшін үлкен өнеге. Еліне еңбегі сіңген азамат үкімет тарапынан, тіпті әлемдік дәрежеде бағаланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты атағын алды. Техниканың да, ғылымның да биігіне шықты: ғылым жолында ізденістер жасап, доктор болды, қазір ҚР Ұлттық инженерлік академиясы мен Халықаралық инженерлік академияның академигі. Оны жақсы танитын ортасы қатты сыйлайды. Біраз жыл өзі басқарған өңірлер, атап айтқанда, Алматы қаласы, Алматы облысы мен Атырау облыстары, Іле ауданы Асекеңді құрметті азаматтары ретінде таныды.

Жақында мен ғалым, журналист Сауытбек Әбдірахмановтың Ғабеңнің 70 жасқа толған мерейтойынан алған әсері туралы оқыдым. Сонда ол кісі сол кездегі жетпіс пен қазіргі жетпісті салыстыра келіп, қазіргі жетпіс жасқа келген кісілердің орта жастағылардай көрінетінін жазыпты. Шынымен де біз де жас кезімізде алпыс-жетпіс жасты кәрі көретін едік. Тіпті, Грузия, Кавказ халықтарының жүз жасқа жеткен қарттарын теледидардан көрсетіп жатқанда, «осындай да жас бола ма?!» дегендей, таңданушы едік. Қазір елімізде өмір сүру жағдайы жақсара түсуде әрі медицинаның жетістігі артып келеді, сол себептен болар 90-100 жас дегеніңіз біздің жас кезіміздегі 60-70 жастай жиі кездесетін болды. Ғасырдан аса өмір жасап жатқан қарияларымыздың көбейе түскені көңіл қуантатын болды. Жас кезіндегі жігері бір мұқалмаған, қайта ақылымен толысып, кемелдене түскен Асекеңнің де заты асыл екені оның тұла бойынан көрініп тұрады. Қазір сексеннің сеңгіріне аяқ басса да, жүрген жүрісі найзадай, тіп-тік, жанары отты. Асылдығы кемімей, орта жастан үлкен жасқа жарасымды өтетініне сенімдімін.

Елі ұмытпайтын ерлер болады, Алашы ардақтаған азаматтар болады. Солардың бірі – Алаш ардақтысы Асекең биыл сексен деген кемел жасқа толып отыр. Ел үшін туған азамат, нар тұлға Асекеңе еңбегіне жеміс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Әбдісағит Тәтіғұлов, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі