АЛАШ ИДЕЯСЫНЫҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ

10

Жуырда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру – Алаштың асыл мұраты: тіл – жазу – мәдениет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция Алаштың 100 жылдығымен қоса бүгінгі таңдағы еліміздегі өзекті болып отырған жазу мәселесін де қамтыды. Себебі, латын жазуына негізделген төл жазуымызды сөз еткенде ХХ ғасырдың басындағы ғасырға татырлық кезеңді айналып өте алмаймыз. Бүгінде қолданыста жүрген жазулардың арасында латын қарпінің басымдығы даусыз. Статистикалық деректерге сүйенер болсақ,  адамзаттың 2/3 пайызы латынды қолданады екен. Тауар маркаларының басым көпшілігі осы әліпбимен таңбаланады.

Конференцияға отандық және шетелдік түркітанушы, алаштанушы ғалымдар, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, ЖОО оқытушы-профессорлары, жас зерттеушілер, БАҚ өкілдері және Алаш зиялыларының ұрпақтары қатысты. Басқосуда филология ғылымының докторы,  профессор, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбай, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, педагогика ғылымының докторы,  профессор Фаузия Оразбаева, көрнекті жазушы, тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, филология ғылымының докторы,  Түркияның Мугла Сыткы Кочма университетінің профессоры Али Акар, Кабадайы Осман,  Алматыдағы Иран мәдени өкілдігінің директоры Джалали Киасари Сейед Джабад, филология ғылымының докторы, ҚазҰУ профессоры Анар Салқынбай,  филология ғылымының докторы Ғарифолла  Әнес  сынды алаштану мәселесімен айналысып жүрген ғалымдар ғылыми-танымдық, құнды баяндамалар жасады.

Жиын соңында ғалымдардың болашақта Алаш мұрасын әлі де тереңдей зерттей, зерделей түсуге қатысты қаулы қабылдады. Конференция соңында А.Байтұрсынұлының жиен немересі – Айман Байсалова, М.Дулатовтың жиен немерелері – Жанна, Ерлан Сатыбалдиевтер,  Отыншы Әлжановтың шөбересі – Гүлфарида Төлемісова, Асылбек Сейітовтің қызы – Клара Сейітова, Қайым Мұхамедхановтың қызы – Дина Мұхамедханова, Қ.Кемеңгерұлының немересі – Гүлнар Кемеңгерова сынды Алаш арыстарының ұрпақтары «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» атты жинақ пен Телжан Шонанұлының бес томдық шығармалар жинағының тұсауын кесті.

Арайлым БОТАНҚЫЗЫ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

ғылыми қызметкері, PhD докторант