АЛДАҒЫ 1 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ҮШІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

17

Алдағы 1 шілдеден бастап елімізде базалық зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді. Бұдан былай базалық зейнетақының мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
«Еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе мүлдем жоқ азаматтарға базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы шамасында белгіленеді. Ал 10 жылдан кейін әр жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға ұлғаяды. Ал еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері – 100 пайызға немесе 28 284 теңге төленеді. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты зейнетақыны тағайындаған кезде есепке алынған еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі есепке алынады», – деді Светлана Жақыпова үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, барлық зейнеткердің базалық зейнетақысы автоматты түрде қайта есептелген. Зейнеткерлер электронды үкімет сервисі арқылы анықтама есеппен таныса алады. Объективті себептермен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмайтын азаматтарға еңбек өтілі есептеледі. Ондай азаматтардың қатарына кімдер жатады?
Бірінші, 3 жасқа дейін бала күтіміне байланысты үйде отырғандар.
Екінші, 16 жасқа дейінгі мүгедек баласын немесе бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 80 жастан асқан қарияларды бағып отырғандар.
Үшінші, әскери қызмет кезінде жұбайымен бірге болатындар. Сонымен қатар, дипломатиялық қызметтің қызметкері шетелде тұрса, әйелі де бірге шетелге көшуге мәжбүр болса, онда бұл жылдар әйел үшін зейнетақы жүйесіне қатысу жылдары деп есептеледі. Өйткені, шетелде оған жұмысқа орналасып, зейнетақы жарнасын аударуға мүмкіндік жоқ.
«Бүгінде базалық зейнетақының орташа мөлшері – 15 274 теңге, оның мөлшері көтерілгеннен кейін орташа мөлшер 24 456 теңгені құрайды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 128 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, биыл базалық зейнетақыға 530 миллиард теңге көзделіп отыр», – деді Светлана Жақыпова.