АЛМАТЫДА МИНУТЫНА 19 ТЕҢГЕГЕ АВТОКӨЛІКТІ ҚАЛАЙ ЖАЛҒА АЛУҒА БОЛАДЫ?

35

Қыркүйек айынан бастап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қалада «Anytime» атты автомобильдерді жалға беретін қызмет түрі іске қосылды. Енді «Anytime» арқылы автомобильді бірнеше минутқа, сағатқа, тіпті, тәулік бойы жалға алуға болады. Сервистің бұл түрін тәулік бойы (24 сағат) пайдалануға мүмкіндік бар.
Әлемнің көптеген елінде бар «Anytime» каршерингі 2015 жылдан бері мобильді қала саласына инвестиция құюмен айналысатын «Микро Капитал Групп» компаниясының қолдауымен біздің елімізде де жүзеге асып отыр.
«Автопаркте алғашында жүз Volkswagen Polo автокөлігі болады. Көлікті жалға алу – минутына 19 теңге. Бұл тарифтің ішіне көлікті жалға алу, жанармай, ақылы тұрақ, техникалық қызметтер мен көлік жуу, сақтандыру кіреді», – деп түсіндірді «Anytime» компаниясының Қазақстандағы директоры Станислав Грошов.
Автомобильді жасы 21-ге толған, жүргізуші куәлігі, екі жылдық тәжірибесі бар кез келген адам мобильді қосымша арқылы жалға ала алады. Ол үшін алдымен смартфонға «Anytime каршеринг Қазақстан» қосымшасын жүктеп алып, жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін және банк картасын тіркеу қажет. Мобильді қосымшаның көмегімен жақын жердегі көлікті тауып, көлікке жеткенше 20 минутқа дейін бұғаттап қоюға болады. Бұл кезде көлік басқа қолданушыларға қолжетімсіз болады. Көлікті 20 минутқа бұғаттап қою – тегін.
Автомобильді қалай ашамын? Кез келген қолданушыны осы сұрақ мазалайтыны түсінікті. Автомобильді ашу үшін ешқандай кілт пен пульттің қажеті жоқ. Цифрлық жүйенің арқасында автомобильді мобильді қосымшаның көмегімен ашуға болады. Сәйкесінше, көлікті қолданып болған соң оны кез келген рұқсат етілген тұраққа апарып, мобильді қосымшаның көмегімен жауып кетесіз. Ал, автомобиьді қолдану үшін ешқандай кепілдің қажеті жоқ. Себебі, компания қызметкерлерінде сіз туралы және сіз жалға алған көлік туралы барлық ақпарат болады.
Компания қолданушыларға «Базалық» және «Ертегі» атты екі түрлі тариф ұсынады. Екеуінде де сағат 06.00-ден 10.00-ге дейін жалға алу құны – минутына 19 теңге. Ал сағат 10.00-ден кейін жалға алу – «Базалық» тариф бойынша минутына – 44 теңге, «Ертегі» тарифі бойынша – 55 теңге. Екі тарифтің басты айырмашылығы – жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жүктейтін жауапкершілігінде. Жол-көлік оқиғасы кезінде «Базалық» тариф бойынша айыппұл мөлшері 200 мың теңгеден артық емес, ал «Ертегі» тарифі бойынша 100 мың теңгеден артық емес мөлшерде төленеді.
Егер автомобильді қолдану кезінде дүкенге немесе басқа жерге тоқтап, көлікті уақытша пайдаланбайтын болсаңыз, бірақ жақын арада қайта көлік керек болатынын білсеңіз және автомобильді басқа қолданушы алып кетпегенін қаласаңыз, оны «Күту режиміне» қоюға болады. «Күту режиміндегі» автомобиль үшін минутына 13 теңге төлеуге тиіссіз.
Сонымен бірге, көлікті тәулік бойы жалға алуға да болады. Сәйкесінше, «Базалық тәулік» тарифінің құны – тәулігіне 10 мың теңге, «Ертегі тәулік» тарифінің құны – 13 мың теңге. Ескерте кетейік, тәуліктік тарифтің ережесі бойынша күніне 110 шақырымнан артық жол жүруге болмайды. Егер белгіленген межеден асып кетсеңіз, әр шақырым үшін қосымша 30 теңге төлеуге міндеттелесіз.
Былтырғы көктемде Қазақстанға Ofo велошерингі келді. Алайда жобаның пилоттық кезеңінде велосипедтердің ұрлануы, жоғалуы, үйіне жасырып ұстайтын тұрғындар түрлі қиындық туғызғаны жасырын емес. Ал «Anytime» жобасын таныстырушы өкілдердің айтуынша, каршеринг барлығын бақылауда ұстайды. Барлығы бақыланатын жүйе арқылы тексеріліп отырады. Автомобильді ұрлап кету немесе оған зақым келтіру әрекеттері заңмен жазаланады.
Автомобильді қолданушыларға салонда темекі шегуге қатаң тыйым салынған. Жалға алынған автомобильді басқару кезінде жол ережесін бұзған немесе жылдамдықты шамадан тыс арттырған жүргізуге айыппұл салынады.