АЛМАТЫДА ЭЛЕКТРСАМОКАТТЫ ЖАЛҒА БЕРУ ҚЫЗМЕТІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

3

Алматылықтар нарықтағы орташа бағасы 80 мың теңгеден басталатын электрсамокатты сатып алмаса да болады. Өйткені, 2019 жылы Алматыда электрсамокатты жалға беру қызметі іске қосылады. Жобаны жеке компаниялар қаржыландырады. Бұл туралы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Асаубаев мәлімдеді.
Электрсамокаттар әртүрлі болғанымен барлығының жұмыс істеу қызметі бірдей. Ал, электрсамокат орташа есеппен сағатына 35 шақырымды еңсере алады. Бұл көліктің салмағы – 10 келі. Батареясы 2 сағатта толық қуатталады. Бұл 40 шақырым жол жүруге жеткілікті.
Айта кетейік, өткен шілде айында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ақпарат құралдарына электрсамокатпен жүру ережесін түсіндірген еді. Мамандардың мәліметінше, электрсамокат иелері мопед жүргізушілеріне теңестірілген. Мұндай электрсамокатты қолданушылар велосипед жолымен жүруі тиіс. Демек, келешекте полицейлер тротуармен жүрген электрсамокат иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Айыппұл мөлшері – 15 АЕК (36 075 теңге). Ал, 16 жасқа толмағандарға электрсамокатты басқаруға тыйым салынады.