АЛПЫСТЫҢ АСУЫ

111

Бәрі де таза, бәрі де ақ, 
Оралмайтын ол бір бақ. 
Үмітімен сәні көп, 
Тойыменен әні көп. 
Артта калды қол бұлғап, 
Қызуы мол жастық шақ! 
Иірімі жоқ бұл ағыс, 
Әкетті мені тым алыс. 
Өзіңде өткен жаз бен қыс, 
Болды қазір сағыныш. 
Өмірдің өтіп көктемі, 
Жақындатты күзді енді. 
Табиғатта әр маусым, 
Қайталайды алмасуын. 
Өмірінде адамның олар, 
Бар-жоғы бір рет болар. 
Мезгілге өткен адамдар, 
Оймен ғана оралар! 

(Ғалым Мұтановтың «Жастық шақ» өлеңінен) 

Әр адам – ұстаз. Болмысына, мінез-құлқына, өмір сүру салтына, өнегелі өмір жолына қарасаңыз, әйтеуір бірдеңе үйренесіз. Әсіресе, жақсылардың бойында өнеге етерлік қасиеттер аз болмайды. «Алпыс жас – алтын жас» деп, асқаралы асудан аттағалы отырған қайраткер туралы мақала жазуға отырғанда осындай ой орала берді. 
Қазақтың танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деу де құлаққа сіңісті. Бұл сөздер әшейін қызылсөзге жел беруден туған нәрсе емес, белгілі бір негізге сүйенуден туындаған тұжырым болса керек. Ал, мұндай бағаға лайық халқының қалаулы, елінің елеулі ұлдары аз емес. Оларды санамалап жатудың қажеті жоқ, әрине. Дегенмен, солардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, ҚР Халыққа білім беру ісінің үздігі, профессор, академик Ғалым Мұтанов туралы әңгіме бөлек. Неге десеңіз, ол – ұстаз, ол – ғалым, ол – академик, ол – қаламгер, ол – сүйікті жар, ол – асқар тау әке, ең бастысы, ол – қайраткер. 
Ал, қайраткер деген кім? Бұл сұраққа кезінде ғұлама ғалым, академик Манаш Қозыбаев: «Қайраткерлік – ең алдымен ұлы істе танылады. Ұлы іс – халық мүддесінен туындайды. Ендеше қайраткер болу үшін ол парасат, ақыл иесі болуы керек», – деп әдемі жауап берген екен. 
Рас, қайраткерлік ең алдымен ұлы істе танылады. Ал, «Ғалым Мұтанов қайраткер болатындай не тындырды?» дейтін кейбір оқырманның сұрағына бүгінгі «Тұлғатануда» қысқаша жауап іздеп көрелік. 
Әлбетте, бір эссемен Ғалым Мұтановтың адамдық, азаматтық, қайраткерлік тұлғасын толық ашу мүмкін емес. Десе де, бүгінде асқаралы алпыс жасқа толып отырған (1957 жылы 27 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Белтерек ауылында дүниеге келген) қайраткердің ұлағатты өмір жолына қысқаша тоқталып өтсек артық болмас. 
1979 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті) бітірген, еңбек жолын Рудененск индустриалды институтында бастаған, Мәскеудің болат-қорытпа институтында ғылыми тәжірибеден өткен, Мәскеу мемлекеттік тау-кен университетінің аспирантура мен докторантурасын бітірген Ғалым Мұтанов 36 жасында техника ғылымдарының ең жас докторы, техникалық және әлеуметтік-техника саласының белгілі ғалымы атанды. 
1995 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалған Ғалым Мұтанов жеті жыл ішінде білім ордасын еліміздегі үздік оқу орны деңгейіне дейін көтерді. 
2002 жылы ҚР Білім және ғылым саласының алғашқы вице-министрі болғанда да білім мен ғылымды жаңғырту ісіне, Қазақстанның әлемдік білім және ғылыми кеңістігіне кірігуіне елеулі үлес қосты. 
Ал, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры болған жылдары оқу орнында қысқа мерзімде жүргізілген инновациялық өзгерістер өңірдің жаңа бағытта тиімді дамуына ықпалын тигізді. Елімізде тұңғыш рет инновациялық жоғары оқу орны – «университет-технопарк» үлгісі жүзеге асты. 
2010 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры. Елдегі іргелі университеттің атына заты сай болуына ұжыммен бірге ректордың қосып жүрген үлесі зор. ҚазҰУ – Халықаралық университеттер ассоцациясына кірген Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны. ТМД-дағы үлкен кітапхана, интернет орталығы, спорткомплекс пен стадион, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, тағысын тағылар – ректор мен ұжымның тынымсыз жасалған тындырымды еңбектерінің жемісі. 
Алпыс жасқа жетіп, алты асудан асқалы отырған Ғалым Мұтанов бір сұхбатында былай деп толғаныпты: «Университетіміз әл-Фараби есімін иеленгендіктен, ғалым мұраларын халыққа жеткізуіміз қажет. Сондықтан, Әл-Фараби трактаттарын қазақ, орыс тілдерінде баспадан шығаруды жолға қойдық. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ғалым мұрасын таныстыруымыз қажет. Бізде ҚазҰУ студенттері оқуы тиіс 100 кітап деген жобамыз бар. Соның ішінде біздің студенттер танысуы үшін ғалым трактаттары бар. Бірінші «Қайырымды қала» кітабын шығардық. Біз осы еңбек негізінде «Al-Farabi university smart city» деп аталатын университетіміздің болашақ даму үлгісін жасап шығардық. «Қайырымды қала» еңбегін оқып отырсақ, бұл еңбек рухани дамудың үлгісі болып табылады. Қазіргі кездегі ғылыми техникалық өркендеу мен рухани дамуды үйлестіре отырып, біз университетіміздің әлемдік деңгейдегі жаңа нұсқасын жасап жатырмыз. Әл-Фараби орталығы кітап шығарумен қатар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Әл Фараби кітапханасы бар. Олжас Омарұлы айтқандай, бұл кітапхана шығыста Отырар кітапханасынан кейінгі үлкен кітапхана болып табылады. Кітап қоры 2,5 миллион дананы құрайды. Орталық Азиядағы ең үлкен кітап қоры болып саналады. Әл-Фараби Отырардан шыққан отандас ғалым болғанымен, Алматыда бұл кісіге арналған бір мұражай болмаған. Отырардағы қазылған жәдігерлерден құралған мұражайдан басқа, еліміздің мәдени астанасы Алматыда да мұражай жоқ екен. Сондықтан біз университет қабырғасынан мұражай ашып отырмыз. Әл Фараби есімі қазақтың қазақ екендігін көрсететін әлемдік бренд болуы тиіс деп ойлаймын». 
Міне, Ғалым Мұтановтың қарашаңырақ саналатын университеттің дамуына қосып отырған сүбелі үлесі осындай. 
Енді Ғалым Мұтановтың тағы бір қырына тоқталсақ артық болмас. Ол – әдебиетке, руханиятқа жақындығы, жанашырлығы, кітапқұмарлығы. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспа үйі дайындайтын «Өнегелі өмір» сериясы жоба ретінде Ғалым Мұтановтың бастамасымен 2010 жылы қолға алынды. Қазақ мемлекетіне, ұлтына ерен еңбек сіңірген қайраткер тұлғаларды өскелең ұрпаққа толығырақ таныстыруды мақсат еткен «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген кітаптардың саны бүгінде жүзден асты. Белгілі бір тұлғаға арналған кітапты жарыққа шығару, оның тұсаукесерін өткізу, осы секілді игі істердің басы-қасында үнемі Ғалым Мұтанов жүреді. 
Шынын айту керек, бүгінгі біздің қоғамдағы үлкен мәселе – қазір кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келе жатыр. Үлкені де, кішісі де кітап оқуды қойды. Ал, көркем шығармалар оқитын іскер азаматтарды тіпті ести бермейсіз. Алайда Ғалым Мұтановтың ерекшелігі де сонда – көркем шығармаларды көп оқиды, өзінің жазған жыр кітабы да бар (бұл жерде ғалымның қаламынан туған әдістемелік құралдар, монографиялар мен оқулықтарды айтып отырғанымыз жоқ). Айталық, бұрнағы жылдары Ғалым Мұтановтың «Айналаңды нұрландыр» жыр кітабы қалың оқырманға жол тартқанын біреу білсе, біреу білмес. Аталған жыр жинақтың оқырман жүрегіне қалайша жол тартып, жыр сүйер қауымды несімен тамсандырып, қаншалықты көңіл сүйсіндіргенін ақын, журналист Аманхан Әлімұлы: «Ғалым Мұтановтың «Айналаңды нұрландыр» жыр кітабы – ойлы азамат-ақын туындысы. Ақын өзінің негізгі мамандығынан тыс, поэзияға ден қойғандағы мақсаты оқырманды ойландыру, сол арқылы Абай, Ыбырай, Ахмет Байтұрсынов секілді зиялыларымыздың дәстүрі – ағартушылықты да жалғастыру. Соларға үн қосу. Ұрпақ сабақтастығын көрсету. Ал, бұған әркім әр түрлі жолмен келіп, сан алуан мақсат-мұрат, тәжірибеде қол жеткізеді. Яғни, уақыт көшінің үзілмеуіне ықпал ету. Жалпы, Ғалым Мұтанов поэзиясындағы ой өлшемі сезімді қытықтайтын нәзік лиризмге қарағанда, философиялық категорияға жататын болмыстың табиғатын аңғартады, әрі меңзейді. Автор өзінің саналы ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнаумен бірге, табиғатынан болмысына қасиетін қанағаттандыру үшін, ол ақын ретінде өзімен өзі оңаша қалады. Автор өлеңдерін біреулерге арнап емес, өзінің талап пен талғам тілегін қанағаттандыру жолындағы көңіл толғанысын, ой толғамын, өмірден түйіп, көрген-сезгенін өлең тілінде сөйлетеді», – деп жазған еді. Жыр жинақты біз де оқыдық. Оқыдық та, көңілге ұнағанын санамызға тоқыдық. Аманхан Әлімұлымен келіпеске болмайды: Ғалым Мұтановтың өзіндік ойлы оқырманы бар «Айналаңды нұрландыр» жыр-жинағы ой өлшемінің ақындық көрінісі, көңіл мен жан толқынысы, ой өлшемінің жемісі. 
Негізі, Ғалым Мұтановтың ой-өрісінің кең болуына сол оқыған, жазған кітаптарының үлесі болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Сол оқыған-тоқығандарын бүгін өмірлік тәжірибеде қолда­нып келе жатыр. Кітап оны сабыр­лылыққа, төзімділікке, кең ойлауға, үнемі тір­шілік етіп, кездескен қиын­шылық­тарға қажыр мен қайратын жинап, төтеп беруге үйретсе керек. 
Ғалым Мұтановтың руханиятқа жанашырлығы өз алдына бөлек әңгіме. Тек бір айта кетерлігі, «ҚАЗАҚ»-ты қазақпен қайта табыстырған марқұм Қоғабай Сәрсекеев 2012 жылы 1911-1915 жылдар аралығында жарық көрген «АйҚАП» журналын да жарыққа шығарғанын көзі қарақты оқырман біледі. Осылайша қазақтың тұңғыш журналын жұртшылықпен 97 жылдан кейін қайта қауыштырған еді. 2014 жылы Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткенде «АйҚАП»-тың күні енді не болар екен?» деген екіұдай пікірлердің басы қылтиып шыққаны да, тіпті редакция қызметкерлерінің желдей ескен жорамалдардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке орай, марқұм Қоғабай Сәтенұлының қазасынан кейін көбі «өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенді ұстанды. Бар ауыртпалық Қоғабай ағаның жары Гүлбаршын апай, ұрпақтары мен редакцияға түсті. 2015 жылы журнал қиын-қыстау кездерді басынан өткерді. Сол сын сағатта тау тұлғалы Ғалым Мұтанов шықты. Журналдың бар ауыртпалығын мойнына алды. «АйҚАП»-тың ғұмырын қайта жалғады. Бүгінде журнал Ғалым Мұтановтың басшылығымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жарық көріп жүр.
Елге белгілі азаматтың халық алдындағы беделді болуы, өнімді алаңсыз еңбек етуі оның отбасына да тікелей байланысты. Ең бастысы, текті әулеттен шықты. Академиктің әкесі Мұтан (Махмұт) да, анасы Тиыштық та – тектілігін ел таныған жандар. 
Ғалым Мұтановқа жан жары Раушан жеңгей өзінің кішіпейіл мінезімен, салиқалы білімімен үлкен сүйеу болды. Осындайда «Әр ұлы еркектің артында ұлы әйел тұрады» дейтін ағылшын мақалы ойға оралады. Балаларының әр салада абыройлы еңбек етіп жүрулерінің басты сыры да осындай отбасындағы орнықты тәрбиеден екені сөзсіз. 
«Адам артына, басқа адамдардың ақыл-ой дүниесінде, жүрегінде із қалдыру үшін туады» десек, Ғалым Мұтановтың жүріп өткен жолы жас ұрпаққа үлгі боларлық тағылымы мол. Оның өмірде қалдырған өзіндік ізі әлі талайларды тамсандыратын болады. Әрдайым абырой мен бедел биігіне адал еңбегімен көтеріліп, қиын-қыстау кезеңдерде ар тазалығын сақтай білген Ғалым Мұтанов тәрізді қайраткердің алпыс жылдық мерейтойына орай айтар ойдың түйіні осы болса керек. 
Эссеміздің басында жігіттің өнерпаздығы туралы аз-кем сөз қозғалған еді. Соны түйіндейтін болсақ, Ғалым Мұтановтың «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат екендігіне осы эссе арқылы да көз жеткізгендейміз-ау. Ұстаз, ғалым, академик, қаламгер сияқты сегіз қырынан таныла білген ұлтжанды азаматтың жалғыз-ақ сыры бар. Ол – қазақ халқына қалтқысыз еңбек ету. 

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті