АЛҚАБИЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛАТЫН ІСТЕРДІҢ САПАСЫН АРТТЫРАТЫН ҚАДАМ

19

2007 жылы Қазақстан сотын халықаралық нормаларға сәйкестендіру мақсатында алқабилер институты енгізілді. Халық өкілдері атынан қатысатын алқабилер институты адамдардың құқығы мен бостандығын және заңды мүдделерін заңсыз әрекеттерден қорғауға бағытталған жаңа үрдіс еді. Ал, сот әділдігін атқаруға тікелей халық өкілдерін қатыстыру бұл мемлекеттік билікке бұқараның тәуелсіз араласуына жол ашады.

Сот тәжірибесіне осы жаңа үрдісті енгізу үшін ауқымды шаралар жүргізіліп, оның тиімді тұстары таразыланды. Ең бастысы, Жоғарғы Соттың бастамасымен біршама халықаралық конференциялар өткізілді. Әділдік алаңына тағы да тың серпін беру үшін судьялар қауымы АҚШ, Франция және өзге де дамыған мемлекеттерге жіберіліп, алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің тәжірибесін зерделеді. Мәселен, алқабилерді қатыстырып, англо-саксондық және континентальдық елдердің модельдерінің бір-бірінен айырмашылықтары мен ерекшеліктері терең қарастырылды. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде біздің елде алқабилердің континентальдық жүйесі енгізілді. Бүгінде дүниежүзі мемлекеттерінің басым көпшілігі кәсіптік судья ғана қатысатын немесе кәсіптік судьямен бірге алқабилер бірлесіп шешім шығаратын соттарға да үлкен сенім артып отыр.
Сот тәжірибесіне енгізілген бұл үрдіс өзінің тиімділігін көрсетті. Алқабилердің қатысумен сот ісін жүргізу енгізілген сәттен бастап республика бойынша 2007 жылы – 36, 2008 жылы – 42, 2009 жылы – 59 қылмыстық іс қаралды және соттылық өзгертіліп, алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың қарауына 16 құрамды қоспағанда, аса ауыр қылмыстарды бергеннен кейін 2010 жылдан 2014 жылға дейін 1 510 адамға қатысты 1 113 қылмыстық іс қаралды. Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот барысында 134 адамға қатысты ақтау үкімі шыққан. 2015 жылы 59 адамға қатысты 42 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 2 адам ақталды, ал, 2014 жылы 118 адамға қатысты 64 іс қаралды, оның ішінде 3 адам ақталды. Осылайша, 2015 жылы алқабилердің қатысумен қаралған қылмыстық істер саны 35,4 пайызға қысқарды, бұл негізінен заңнаманың өзгеруіне байланысты орын алған.
«Алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру» қажеттігі туралы Құқықтық саясат тұжырымдамасында және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында алқабилер институтын кезең-кезеңімен енгізу қажеттілігі туралы баса айтылған. Ел Президенті Н.Назарбаев алға тартқан Бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында да алқабилерге назар аударылған. 21-қадамда алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың қолдануын кеңейту көзделіп, соған орай алқабилердің қатысуымен жүргізілетін қылмыстық істер санаты анықталған.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы №378-V Заңына сәйкес 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың соттылығына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабы 3-бөлігімен, 128-бабының 4-бөлігімен, 132-бабының 5-бөлігімен, 135-бабының 4-бөлігімен жасалған қылмыстарға алқабилер араласа алады.
Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот – сот төрелігін атқаруда халықтың қатысу нысандарының бірі. Бұл институт процестің жарыспалылығын ынталандырады, сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының неғұрлым пәрменді қорғалуына ықпал етеді.
Сот ісін жүргізудің осы нысанының басты айырмашылығы сотталушының кінәлілігін немесе кінәсіздігін кәсіби судьяның емес, сотталушыға қатысты үкімді қарапайым адамдардың шешетіндігінде болып отыр. Бұл сотталушы мен басқа да қатысушылар үшін сот ісін жүргізудің қылмыстық процесі шын мәнінде ашық әрі әділ болуына негіз болады. Алқабилер қылмыстық іс-әрекет жасалды ма және оны жасағаны үшін сотталушының кінәсі бар ма немесе жоқ па деген сауалдарға жауап беретін болғандықтан, олардың пікірін жеткіліксіз деп санауға болмайды. Өйткені, алқаби сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға, төрағалық етуші арқылы процеске қатысушыларға сұрақ қоюға, заттай дәлелдемелерді, құжаттарды тексеріп-қарауға қатысуға, заңнама нормаларын түсіндіру үшін төрағалық етушіге жүгінуге құқығы бар. Осы және басқа да құқықтар алқаби міндеттемелері жүктелген азаматтарға қылмыстық істің мән-жайларын өз бетінше бағалау және алқабилер алдында қойылатын сұрақтарға жауап беру мүмкіндігін береді.
Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот қоғамды сот төрелігін атқаруға тікелей тартады. Заң бойынша алқабилерге қойылатын талаптарға сай келетін Қазақстанның әрбір азаматы қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуға құқылы. Бұл сот төрелігін атқару жүйесімен етене танысып, оның тетіктерін ұғынуға бірден-бір жол ашады.
Алқабилер институты әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде, Қазақстанда кеңінен қолданылуда. Ішкі сенімге бағытталған қағидамен, азаматтық ұстанымға сәйкес, алқабилердің шешімі әділ және заңды болуға тиіс. Бүгінгі таңда тәуелсіздігіміздің жиырма жеті жылдығына қадам басқан мемлекет үшін алқабилердің қатысуымен қаралатын сот істері сот жүйесіне деген сенім нышанын нық қалыптастырды. Алқабилердің сот төрелігін атқаруға қатысуы қоғам демократиялануының маңызды элементі және азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыруға, биліктің сот тармағының тәуелсіздігін нығайтуға, халықтың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бірден-бір кепіл болып табылады.
Сонымен қатар, Бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес, алқабилердің қатысуымен қаралатын сот істерінің саны артуы сот жұмысын ұйымдастыруға байланысты бірқатар мәселелерді айқындайды. Бұл мәселелер алқабилерге үміткерлердің тізімін жасаудың сапасына байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар жіберген тізімнің талапқа сай болмауы жиі кездеседі. Кейде алқабиге кандидаттардың мекенжайы нақты болмайды, олардың жұмыс орны, тіркелу орны дұрыс көрсетілмейді, кейде мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер де тізімге еніп кетеді, соның салдарынан алқабилер шақыру бойынша сотқа келмейді.
Әдетте, сотқа бір жүзден екі жүзге дейін кандидаттар шақырылады. Бірақ, кейде соның 25-і де келмей жатады. Осының салдарынан соттар алқабилер алқасын қалыптастыра алмай, кейде сот процесін бірнеше мәрте кейінге қалдыруға мәжбүр болады. Сондықтан, алқабилерге кандидаттардың тізімін уақытылы және сапалы жасау үшін жергілікті атқарушы органдардың құрылымында тұрақты жұмыс істейтін, алқабилерге кандидаттардың тізімін анда-санда емес, жыл бойы дайындауға уәкілетті орган құру керек. Оның құрамына отставкадағы судьялар мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерін енгізу керек.

Тобықтай түйін: Мемлекетте алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың болуы, Бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес, алқабилердің қатысуымен жүргізілетін соттың соттылығына жататын қылмыстық істер санының кеңеюі құптарлық. Осыған орай, ойымды Елбасының «Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыруы керек», – деген сөзімен қорытындылағым келеді. Ендеше, алқабилердің қатысуымен сот төрелігін атқару сот реформасын жетілдіруге жасалған нық қадамдардың бірі болып табылады.

Серік ӘБІНӘСІРОВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы