АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАМАҒАН «ZAF» ӨНІМДЕРІ

27

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Атауы: «ZAF» өнімдері

Кәсіпкер: Жәнібек Сәрсембаев

Қызмет саласы: былғары бұйымдарын өндіру

Орташа құны: 7 000 теңге

Мекенжайы: Астана қаласы (барлық аймаққа тасымалдау)

Байланыс деректемесі: www.zaf.kz, +7 705 440 64 77

АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАМАҒАН «ZAF» ӨНІМДЕРІ

Қазақтың ата-бабасынан мұра болып қалған кәсіптің көптеген түрін меңгеріп, шаруаның тасын өрге домалатуға бейім халық екені мәлім. Олай болса, бізге бар асылын қалдырған бабаларымыздың аманатын келесі ұрпаққа бүтін қалпында жеткізу басты мақсатымыз болуы керек. «Бір терінің пұшпағын илеп», татулығымен, ауызбіршілігімен, еңбекқорлығымен алға озған халқымыздың қазынасы көп. Кез келген дүниенің үйлесіміне, сапасына көңіл бөлген қазақ былғарыны да жақсы таңдай білген. Тіпті, бұрындары теріні кәсіп еткендердің қарасы көп болған. Ал қазір бұл кәсіптің қыр-сырын тануға, сол арқылы адал ақы табуға кіріскендер көп емес. Бүгін «Qazaq» газеті аз ғана мерзімде еліміздің әр аймағына өнімдері таныс болып үлгерген, сұранысқа ие былғары бұйымдарын өндіру кәсібімен айналысатын «ZAF» бренді жайлы және осы брендтің негізін қалаушы кәсіпкер Жәнібек Сәрсембаевтың бизнестегі жолы турасында сөз қозғайды.

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТАН ТУҒАН ҚҰМАРЛЫҚ

Әр кәсіпкердің белгілі бір кәсіпті бастар алдында жасайтын жоспарлары болатыны белгілі. Кейіпкеріміздің мамандығы мен кәсібінің арасы жер мен көктей.  Кейіпкеріміз Жәнібек бастапқыда мамандығы аясында ІT саласында қызмет етіпті. Өзінің жеке кәсібін ашып, ойындағы ісімен айналысу жайлы ой ізденістен туындаған екен. Яғни, ол мамандығы бойынша ізденіп жүріп, ақыры өндіріс саласына тоқталыпты. Осылайша, кейіпкерімізге өмірдің өзі жаңа есіктерін ашып, дұрыс бағытты нұсқапты.

Кездейсоқ кәсіп бастау ақылға сыймайтын дүние екені анық. Десек те, Жәнібек бұл кәсіпті бастаймын деп мүлде ойламапты. Қызығушылығы арта түсіп, жан-жақты ізденген кейіпкеріміз ғаламторда былғарыдан белдік пен әмиян жасау туралы ақпаратқа кез болып, жасау техникасын үйренуге кіріседі. Бастапқыда бүкіл процессті көзбен меңгерген кейіпкеріміз осы кәсіпті жандандыруға барын салғанын айтады. Кейіпкеріміз алғашқы өнімін өзіне арнап жасапты.

«Ғаламтордан былғары сататын аяқ киім салонын тауып, өзім үшін кішкенесін сатып алдым. Қызыққаным соншалықты керекті жабдықтарды қолдан қалайша жасалатынын түсімде көре бастадым. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке қажетті құралдар жоқ, әсіресе былғарымен жұмыс істеуге арналған құралдарды табу өте қиын. Мысалы, түсімде шаңышқыдан қалайша құрал жасауға болатынын көрдім. Алдымен өзіме белдік жасап, суретті Instagram желісіне жарияладым. Адамдарға ұнады», – дейді Жәнібек Сәрсембаев.

Кейіпкеріміздің осы кәсіпке қызығушылығы артқаны сонша, аз мерзімде екінші белдік те жасайды. Бір қызығы, Жәнібек жасаған өнімнің алғашқы тұтынушысы  көршісі болыпты. Ол көршісіне алты мың теңгеге екі былғары белдік жасап беріпті.

Кейіпкеріміз екі жыл өтсе де көршісінің әлі сол белдіктерді тағып жүргенін, өнімдерінің сапасы сын көтеретіндігін зор сеніммен айтады. Сапалы өнімге  достары мен туыстары да қызығып, тапсырыс саны арта түсіпті. Осылайша, адамдар кейіпкеріміздің өнімдеріне жүгіне бастаған екен.

«Бірінші белдікті өз үйімдегі төрт шаршы метрлі дәлізде жасадым. Бұл кіреберіс болатын, ол арқылы әжетханаға, жуынатын бөлмеге, жататын бөлмеге өтуге болады. Мен жұмыс жасап жатқанда бәрі ары-бері өте беретін. Сәл қолайсыздау болды», – деп өткен күннен естелік айтты кейіпкеріміз.

АЗ МЕРЗІМДЕ КӨП НӘТИЖЕ НЕМЕСЕ 91 БЕЛДІКТІҢ СЫРЫ

Кейін ол көрші тұрғын үй кешенінің жертөлесіндегі шеберхананы айына бес мың теңгеге жалға алыпты. Бастаған кәсібін ілгерілеткен кейіпкеріміз осы кәсіпте жұбайының қолдауы мен көмегінің көп болғанын айтады. Жаңа шеберханада жұмыс басталғаннан соң екі айдан кейін оларға ең алғашқы көлемді тапсырыс түсіпті. Жаңа жыл қарсаңында, желтоқсан айында орын алған оқиға кейіпкеріміздің жадында мәңгі қалары сөзсіз. Өйткені, олар сол кезде 91 белдік жасапты.

2015 жылдың қазан айында басталған кәсіп, 2016 жылдың мамырында цехті іске қосуға жол ашыпты. Қазір отандық «ZAF» брендінің екі сауда нүктесі бар. Олар «Жаннұр» және «Еуразия» сауда орталықтарында орналасқан.

Ал енді «ZAF» брендінің құпиясын ашайық. Бұл құпия оның атауына байланысты. Шағын кәсіп атауы неге бұлай қойылғаны бәріне қызық. Бұл кейіпкеріміздің қыздары – Зере мен Ажар және жары Фатиманың инициалдары. Міне, қызық! Брендтің атауы адам есімдерінен құралған деп екінің бірі ойламайтыны анық.

Үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысатын Фатима жақында өзіне ұнайтын сүйікті ісі – тігіншілікті қолға алмақ. Сол мақсатта тігін машинасын сатып алыпты. Отандық өнімдер сапасын арттырып, балалар киімін тікпек ниетте екен.

Өнімдерді сатумен кейіпкеріміз өзі айналысатындықтан ерлер мерекесі, 7 мамыр, Жаңа жыл, жаз секілді арнайы мезгілдерде сұраныс артады. 7 мамырда 700 белдік сатылыпты. Жаңа жылдың көрсеткіші де дәл солай екен. Айына орта есеппен 400 белдік сатылады. Қазір Қазақстанның барлық қалаларында брендтің нүктелерін ашу үшін серіктес іздестіріп жатқан кейіпкеріміз дилерлік желіні орнатуды да жоспарлап отыр екен.

ӘЛЕМДІК АРЕНА, ЖЕТІСТІК СЫРЫ ЖӘНЕ КӘСІПКЕР ҚАҒИДАСЫ

«Адамдар жиі белдікті шетелдік достары үшін сатып алады. Біздің белдіктер әлемнің бірқатар мемлекеттерінде бар. Атап айтқанда, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Пәкістан, Ресей», – дейді Жәнібек Сәрсембаев зор мақтанышпен.

Кейіпкеріміз кәсібіне қатысты өзі орнатқан негізгі қағидаларымен де бөлісті:

– Ең бірінші күннен басталған негізгі қағида – клиенттерге сену. Біз ешқашан атаулы тауарларды өндіру үшін алдын-ала төлем сұраған жоқпыз. Маған хабарласып, тапсырыс берген жандарға дайын болған белдікті апарғанда ақысын төлеп алатын.  Сенім – басты қағида!

– Командамыз үлкен емес, барлығын өзіміз үйретеміз.

– Менің тобыма қосылғысы келетін адамның өз үйінде жөндеу жұмыстарын жасай алатынына немесе көлігін жөндей алатынына көңіл бөлемін. Сонымен қатар, мен үшін сол адамға біз айналысып жатқан іс шынымен ұнайтындығы маңызды. Қазір бір нәрсені аяқтау үшін жұмыстан кейін қалатын кездер немесе сенбі, жексенбі күндері жұмысқа шығатын сәттер жиі болып тұрады.

– Жұмыста отбасылық атмосфера орнатқым келеді. Менің болашақта үлкен зауыт ашып, жанынан қызметкерлер үшін үйлер салып, кішігірім ауыл немесе шағын қала ашсам деген арманым бар.

– Біздің салада қиындықтың үш деңгейін, үш сатысын атап айтуға болады. Бұл белдіктерді, әмияндарды, сөмкелерді өндіру. Өйткені, олардың арасында аралық деңгейлер бар. Қазір біз төлқұжат, визитка, картхолдер, кілт, тиын салатын бұйымдарды жасайтын аралықтамыз. Келесі кезең әмиян мен портмоне жасау болады.

Жәнібек Сәрсембаев өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, сұранысқа ие болғандығына қарамастан цехта өзі жұмыс істеуді жалғастыруда. Ол барлық бұйымдарды алдымен өзі жасап, қолайлылығына көз жеткізіп, содан кейін ғана өндіріске жібереді екен.

Кейіпкеріміз басында жалғыз өзі бастаған  бизнес қазіргі күні шағын кәсіпке айналды. Себебі,  цех осы уақытта 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехта бес адам негізгі жұмыстарға жауапты. Яғни, екі сатушы,  СММ маманы және кейіпкеріміздің өзі.

Тобықтай түйін: Отандық кәсіпкерлікке үлес қосып жатқан «ZAF» бренді елімізде былғарыдан жасалатын сапалы өнімнің бар екенінің тағы бір айғағы. Қазір айына шамамен 500-700-ге жуық белдік сатып, кәсібін нәсіп еткен Жәнібек Сәрсембаевтың жоспарлары көп. Белдіктен бөлек әмиян, куәлік, кілт салғыш секілді ұсақ заттарды, өзге де ірі заттарды жасауды қолға алған кәсіпкердің табандылығы мен еңбекқорлығы көпке үлгі.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті