Амангелді ТӨЛЕЕВ: «АНАМ ҚАЗАҚ ЕКЕНІМДІ ЕС БІЛГЕННЕН ҚАПЕРІМЕ САЛЫП ОТЫРДЫ»

478

Ресей Федерациясындағы Кемеров облысының губернаторы Амангелді (Аман) Төлеевтің есімі бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да кеңінен танымал. Білетіндер Амангелді Молдағазыұлын істің адамы дейді. Бұған күмән да жоқ. Өйткені, тұтас бір өңірді 20 жыл бойы басқарып отырған басшыны өз жерлестері барлық сайлауда да жаппай қолдаған. Айталық, Кемеров облысын 1997 жылдан бері басқарып отырған 73 жастағы Амангелді Төлеев 2015 жылғы 14 қыркүйектегі саяси науқанда (Ресей Федерациясының облыстарында өткен облыс басшыларының сайлауы, – ред.) 96 пайыздан астам дауыс жинап, сөзсіз жеңіске жеткен. Жастайынан қиындыққа мойымай, еңбекке шыныққан Амангелді Төлеев қарапайым теміржолшыдан білдей бір облыстың губернаторлығына дейін көтерілген саяси тұлға. Маңдай тер, ерен еңбегінің арқасында Ресей халқының арасында үлкен абыройға ие болып жүрген Амангелді Молдағазыұлының «Ашық әңгімесін» төменде оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

«ЕСІМІМНІҢ ҚАЗАҚТЫҢ АТАҚТЫ БАТЫРЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ҚОЙЫЛҒАНЫН БАЛА ЖАСТАН БІЛДІМ»

– Амангелді Молдағазыұлы, ормандай орыстың ортасында бойындағы қазаққа тән тектілігін жоғалтпаған Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті? 

– Әкем қазақ, анам жартылай татар, жартылай башқұрт. Өкінішке орай, анамның құрсағында жатқанымда әкем Ұлы Отан соғысында опат болыпты. Демек, туған әкемді мен көргенім жоқ. Соғыс аяқталғаннан кейін анам Башқұртстандағы туыстарына көшіп кетті. Уфадан екі жүз шақырым қашықтықта жатқан Кумертау қалашығында тұрдық.

Мен өскен отбасының менің ұлтыма деген құрметі ерекше болды. Анам қазақ әдебиетін ықылас қоя оқыды. Қазақ ұлтының өкілі екенімді ұмытпауымды ес білгеннен қаперіме салып отырды.

Бір айта кетерлігі, «Амангелді» көркем фильмін көріп отырғанда анамның толғағы қысыпты, артынан мен дүние есігін ашыппын. Есімімнің қазақтың атақты батыры Амангелді Имановтың құрметіне қойылғанын бала жастан білдім.

Менің анам – аналардың анасы еді. Бала күнімде «Үлкен әкелерің (әкемнің бауырлары) соғыста белгісіз кеткен» деген әңгімені жиі айтатын. Адай руынан екенімді құлағыма құйып отыратын еді. Қазақтың тарихына қатысты киноларды көп көретінбіз. Анам өзім «әке» деп бауыр баса алмаған әкемді ұмытуға мүмкіндік бермеді, әрбір қимылым, тіпті сөйлеген сөзім, көзқарасымнан әкемнің белгісін іздейтінін бала болсам да сезетінмін.

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар ғой. Осы сөзге балама болар анықтаманы мен өзге халықтан таба алмадым. Ата-бабаңның әруағына құрметпен қарамасаң, шыққан тегіңнің жалауын желбірете алмасаң, нағыз адам, нағыз тұлға бола алмайсың. Бұл – анық!

– Сөзіңіз аузыңызда, бұдан анаңыз Мунираның бала кезіңізде құлағыңызға қазақ дейтін текті ұлттың ұлы екеніңізді құйып келгенін аңғарамыз. Жоғарыда шыққан тегіңіз туралы айтып отырсыз ғой, білуімізше, анаңыз екінші рет тұрмысқа шыққанда жұбайының тегін алыпты. Ал Сіздің ер жетіп, техникумға түсер алдында тәрбиелеп өсірген әкеңіздің тегін алу тақырыбы да қозғалған екен. Бұны өз аузыңыздан естісек…

– Кәмелет жасына жетіп, төлқұжат алар кезде өгей әкем Иннокентий Иванович Власов (оны өгей деп айтуға аузым бармайды): «Кәне, ұлым, менің аты-жөнімді қабылдайсың ба? Аман Иннокентийұлы Власов боласың. Тіпті, жарасып-ақ тұрған жоқ па? Жақсылап ойлан», – деп кеңес берді. Мен сол сәтте әкемнің айтқанына келіскендей болдым. Бірақ бала жүрегім: «Егер келіссең, азғындыққа және өзіңді өзің сатқан қадамға аяқ басқаның», – деп кеудеме сыймай, тыпырлап тұрды. Арада екі күн өткен соң: «Әке, тегім мен аты-жөнім бұрынғы қалпында қала берсін. Мен қазақпын ғой», – деген ойымды ашық айттым. Өйткені, «Төлқұжатқа шыққан тегіңді өзгертіп жаз!» деп кеңес беруге ешкімнің құқығы болмаса керек. Бұл – Құдай алдында кешірілмейтін күнә. Сенің қазақтығың немесе орыстығың адамдар арасындағы шын достықтың арасына сызат түсіре алмайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында достарының өлі денесін жау қолына қалдырмаған жауынгер оның ұлтына назар аудармағаны ақиқат. Сондықтан Мәскеуде 28 батырдың басына қойылған белгі басында оның әрбірінің әруағына бағыштап құран оқимын. Оның әрбірін өзім көріп үлгермеген қандастарым, туысқандарым, бауырларым деп танығым келеді. ТМД кеңістігінің соғыс өрті шарпыған аймақтарындағы белгісіз жауынгерлердің басына қойылған белгілерге тәу ете тұрып, осындай ойлармен өзімді өзім жұбататынымды жасыра алмаймын.

 

«КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ҚҰЛАУЫ – ОРНЫ ТОЛПАС АПАТ»

– Амангелді Молдағазыұлы, Ұлы Жеңіске биыл 72 жыл толып отыр. Әкеңіз Молдағазы Қолдыбайұлы (1914-1943) қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен айқасып, Отан үшін опат болды. Сұрайын дегенім: туған әкесі – қазақ, анасы – жартылай татар, жартылай башқұрт, баққан әкесі – орыс, Қазақстанмен тарихи байланысы бар, Түркіменстанда туып-өскен, Ресейде еңбек жолын бастап, қайраткер атанған Амангелді Төлеев келмеске кеткен Кеңес Одағын аңсай ма?

– Мен күні бүгінге дейін Кеңес Одағының құлауын орны толмас апат ретінде қарастырамын. Жетпіс жыл бойы қалыптасқан мемлекет бір күнде құлады. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің күл-паршасы шықты. Ең өкініштісі – қай түкпірінде жүрсем де туған бауырымдай, туған шаңырағымдай сезініп келген алып шаңырақ бір-ақ күнде күйреді.

Әскерде жүргенімде бір казарма он шақты ұлттың өкіліне пана болды. Біз өзімізді шындығында Кеңес Одағының азаматы сезіндік. Ұлтымыздың айырмашылығы түр-тұлғамыздан ғана сезіліп тұратын еді. Ал, асқар таулар бір-бірімен иықтасып тұрғанда ғана асқақ көрінеді емес пе?! Сол секілді ара-қатынастарымыздың шынайы екені әрбір іс-әрекеттерімізден байқалып тұратын. Сол кезде Ресейдің әрбір екінші азаматының туған-туысқандары КСРО-ның түкпір-түкпірінде өмір сүрді. Қазір көрші мемлекетте тұратын қарындасыңа немесе ағаңа барып келудің өзі басы артық шығынды талап етеді.

Рас, Кеңес өкіметі кезінде де қиындықтар болмай қалған жоқ. Болды! Бірақ, бір үйдің баласындай бірігіп, неміс фашизміне қарсы тұруымыздың өзі неге тұрады?!

КСРО-да тұрған барлық ұлттар бірыңғай күшке айналғанын, алып ғаламшарды екі жүйеге бөлуге құдіреті жеткенін мойындауға тиіспіз. ДнепроГрэс, Түркісіб, Магнитка, Кузнецстрой, Тың игеру, Самотлор, БАМ – соның айқын дәлелі. Жоғарыдағы тарихи мекендерде сан мыңдаған бойжеткен мен бозбала бір шаңырақ астында бас қосты, бала сүйді. Орыс қызы мен қазақ жігітінен туған баланың ұлтын айшықтады: екі ұлттың менталитеті жас баланың бойында ет пен терідей болып кетті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей жеріне келген сайын біздің тарихымыздың ортақ екенін жиі айтады. Бұл – алдарқату емес, бұл – жай айтылған сөз де емес. Бұл – дәлелдеуді талап етпейтін ақиқат. Бұған мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Біздің Новокузнецк зауытының жарты ғасырлық тарихы бар. Оның құрылысында қазақтың да, өзбектің де қолтаңбасы қалған. Құрылыс кезінде өзбек азаматтарына арнайы шайхана салынған. Бастапқыда, қарапайым, тіпті күрке ретінде де салынған болар. Бірақ, кейін уақыт өте келе заман талабына сай жетілдірілді. Зауыт балансындағы сол шайхана жарты ғасырдан астам жұмыс істеп келеді. Мұнда келушілер кішкене ғана кесеге құйылып берілетін өзбектің шайын күні бүгінге дейін сүйсініп ішіп, дәмді палауын бір жемей кетпейді.

Өз басымнан өткен мына бір жәйтті айтайын. Жасырақ күнімде Киев әуежайында әмиянымды ұрлатып алғаным бар. Не істерімді білмей дағдарып тұрғанда жасы маған шамалас армян азаматы жаныма келіп: «Бауырым, не болды?» – деп іштарта қарады. Мән-жайды білген соң, сөзге келмей ұшаққа билет сатып алып берді. Өз қаржысына және қайтарымын талап етпестен. Белгісіз адамға деген ризашылығымды сөзбен жеткізе алмаған күйде үйіме қайттым. Өмірде сондай адамдардың бары көңілімді марқайтты.

Бізде бұрын КСРО деген осындай ортақ үйіміз бар еді. Қазір ол жоқ. Түркіменстанда туып-өскен, жеті атасының сүйегі қазақ жерінде жатқан, Татарстан мен Башқұртстан, Кузбаста азамат болып қалыптасқан, кәсіби мүдде жағынан ТМД-ның барлық елдерімен тығыз байланыста болған Амангелді Төлеев Кеңес Одағы тараған кезде өзін қалай сезінгені айтпаса да түсінікті ғой. Несіне сұрайсыз бұны?! Әлдебір авантюристердің саяси ойынынан шаңырағы ортасына түскен ел – КСРО-ны мен әлі де сүйемін, аңсаймын. Бірақ, бұны жай ғана аңсап қою аздық етеді, енді біздер Одақ құрамында болған елдердің тату-тәтті қарым-қатынаста болуларына барымызды салуымыз керек. Өз басым, бір кездері бір үйдің баласындай болып өмір сүрген халықтар мен мемлекеттерді бір-бірімен жалғастыратын көпірді бейбіт және өркениет жолымен қалыптастыруға атсалысқым келеді.

Қазір 2017 жылды да орталап калдық. Жиырма алты жылдың ішінде Кеңес Одағын тарих деп танитын, тек кинолардан көріп, кітаптан, сосын ата-анасының айтқан естелігінен ғана білетін ұрпақ қалыптасыпты. Айтайын дегенім, стратегиялық бағыттағы міндеттердің бірі – Достастық елдері арасында экономикалық интеграцияның буынын бекіту, жүк тасымалы үшін ең төменгі темір жол тарифін белгілеу біздің елдеріміз үшін аса тиімді болар еді. Бізде мұндай байланыстарға қол жеткізудің мүмкіндіктері де бар. Кеңес Одағының күйреуі халықтар арасындағы өндірістік, ұлтаралық қарым-қатынастардың жібін үзе алмады. ТМД кеңістігінде жоғары билік эшелонында жүрген тұлғалардың басым көпшілігі, тіпті саяси, әскери, экономикалық элита өкілдері Кеңес Одағының жоғары оқу орындарында бірге оқыды, күні бүгінге дейін де байланыстарын үзген жоқ. Бір-бірімен аға-бауырдай сағынысып көріседі. Бұл біздің елдеріміз арасындағы интеграциялық байланыстарға қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да ықпал ете алады.

 

«ЕЛДІҢ ҚУАНЫШЫНА – СҮЙСІНІП, ҚАЙҒЫСЫНА – КҮЙІНІП ОТЫРАМЫН»

– Амангелді Молдағазыұлы, Сіз 20 жыл бойы бір облысты басқарып отырсыз. Әр сайлауда халық Сізге дауыс береді. Үнемі қолдап жүр. Демек, «Шахтерлік Кузбастың мәселесін тек қана Төлеев  шеше алады» дейтін әңгіменің жаны бар-ау. Ал, халық сеніміне ие болудың құпиясы неде?

– Мен губернатор болған 1997 жыл Кузбаста өндіріс ошақтары толықтай тоқырауға ұшыраған кез. Сенесіз бе, бір жылда 43 шахта жабылып, 150 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Бұл Кемеров облысының экономикасына үлкен соққы болды. Әр сала шатқаяқтады. Зейнетақы, жәрдемақы, жалақы айлап кешікті. Соның салдарынан кузбастықтар, шахтерлар алаңға шықты. Халық билікке сенімсіздік білдірді. Бұның арты қарсылыққа ұласты. Міне, осындай күрделі кезеңде облысты басқаруға келдім. Сол тұста маған басшы ретінде екі қауіп-қатерді жою керек болды. Біріншісі, жоқшылықты, жұмыссыздықты жою. Менің есімде, айлықты төлеуге ақшаны қайдан табуды ойлап түнде көз ілмейтінмін. Екіншіден, қылмыс өршіп тұрды. Алғашқы жылдары бұл қиындықтарды еңсердік. Өндіріс ошақтары қайта іске қосылды. Халықтың жағдайы жақсара бастады. Менің бұл еңбегімді кузбастықтар өз көзімен көрді. Еңбегімді бағалады. Бағалап та жүр. Губернатор сайлауларында сенім артты. Бір облысты 20 жылдан бері басқарып отыруымның бар құпиясы – еңбекте.

– Амангелді Молдағазыұлы, ақиқатын айтыңызшы: Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарға назарыңызды аударып тұрасыз ба?

– Әлбетте, Қазақстанға көзімнің қиығын салып отырамын. Саясаткер ретінде көрші елдегі жағдайды біліп отыру әбестік емес. Өйткені, Қазақстан – Ресейдің сенімді стратегиялық әріптесі. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстан – менің ата-бабаларымның мекені. Сондықтан да, қуанышына – сүйсініп, қайғысына – күйініп, жетістігіне – қуанып, сәтсіздігіне – мұңайып отырамын. Шүкір дейін, Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері көп. Қазақ елінің еңсесі – тік, қадамы – нық болуыңа тілеулеспін!

– Өз уақытында Сізге Қазақстандағы бір облысты немесе бір министрлікті басқаруға ұсыныс жасалғанын білеміз. Сонда бұл ұсыныстарды неге қабыл алмадыңыз?

– Мұндай лауазымды қызметтерді ұсынған ел басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ, әрине. Бірақ, қазақ болғаныммен тағдырым Ресеймен тығыз байланысты ғой. Красноводскте (Түркіменстан) дүниеге келдім, Кубаньда (Ресей) балалық шағым өтті, Краснодарда білім алдым, Мундыбашта еңбек жолымды бастадым, Забайкалда Отан алдындағы борышымды өтедім, әскерден кейін Кузбасқа қайта оралдым, яғни үлкен өмірге алғашқы қадамдар осында жасалды. Сондықтан болса керек, әлемнің қай түкпіріне барсам да, Кемеров облысына кері билет алғым келеді де тұрады. Туғандай боп кеткен бұл мекеннің ауасы, табиғаты, бәрі де жүрегіме жылу ұялатады. Бұл менің өз үйім ғой. Ал мен өз үйімнен ешқайда кеткім келмейді. Мен мұнда тұлға ретінде қалыптастым. Қиын-қыстау кезде халық маған сеніп артып, губернатор сайлады. Жатырқаған жоқ. Алалаған жоқ. Жерлестерімнің бұл сеніміне селкеу түсірмеуге барымды салдым. Қазақстанның ұсыныстарын қабыл алып, жерлестеріме сатқындық жасағым келмеді. Ал, әлемнің қай түкпірінде еңбек етсем де, қазақтан ажырап кетпесім анық қой.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті

 

Сұхбатты ұйымдастыруға көмектескені үшін Кемеров облысы әкімшілігінің Баспасөз қызметіне «QAZAQ» газетінің редакциясы алғыс білдіреді.

 

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Төлеев Амангелді Молдағазыұлы (ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында көбіне «Төлеев Аман Ғұмырұлы» деп қолданылады, – ред.) – 1944 жылы 13 мамырда Түркіменстанның Красноводск (қазіргі Түркіменбашы) қаласында жарық дүниеге келді.

Новосібір темір жол инженерлері институтын (1973), Қоғамдық ғылымдар академиясын (1989) бітірген ол еңбек жолын 1964 жылы Кемеров облысында теміржолшы болып бастаған. Әр жылдары Новокузнецктегі Мундыбаш станциясында кезекші, бастықтың көмекшісі, станция бастығы, Междуреченск темір жол станциясының бастығы, Кемеров темір жолының Новокузнецк бөлімшесі бастығының орынбасары, бөлімше бастығы, Кемеров облыстық партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі, Кемеров темір жолының бастығы, РКФСР (кейін РФ) Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемеров облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, Кемеров облыстық заң шығарушы жиналысының төрағасы, РФ-ның ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарды. 1997 жылдан бері Кемеров облысының губернаторы.

ӘкесіМолдағазы Төлеев (1914-1943) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, ал анасыМунира Насырова (1921-2001) жартылай татар, жартылай башқұрт ұлтының өкілі.

Сұм соғыс талай адамның өмірін қиып, қазақ ұлдарын да жалмап, ананы баласыз, баланы әкесіз, әйелді жесір қалдырды. Бұл нәубет Төлеевтер әулетін де айналып өте алмапты. Осылайша қатал тағдыр 22 жастағы Мунираны жесір, шақалақ Амангелдіні жетім етті. Әрине, тірі адам тіршілігін жасайды, жастайынан жесір қалған Мунира артынан Иннокентий Власовпен (1923-1984) екінші рет отау құрады. Міне, Амангелдіні тәрбиелеп өсірген осы Иннокентий Иванович болды.

Амангелді Төлеев Ресей Федерациясы президенттігіне өз кандидатурасын үш рет ұсынды: 1991, 1996 және 2000 жылдары. 1991 жылғы сайлауда жалпы дауыстың 6,81%-ын жинады. Ал 2000 жылғы сайлауда 2,95% ғана дауыс жинады. Оған дауыс берген Кемеров облысының халқы болатын. Сайлаушылар бұл өңірде кандидат Владимир Путиннен гөрі, өз губернаторлары Амангелді Төлеевті жаппай қолдаған.

Саяси тұлға ретінде Амангелді Молдағазыұлы бірнеше рет Қазақстанда ресми сапармен болған.