АМАНТАЙ ҚАЖЫ НЕГЕ «АТТАНДАЙДЫ»?

24

Жұмыстарыммен  Алматы қаласындағы Наурызбай көшесінің бойымен келе жаттым… Шевченко көшесінің қиылысына жақындай бергенімде «Рамазан айы құтты болсын!», «Рамазан құт-береке әкелсін!»,  «Қазақстанда жемқорлыққа жол жоқ!», «Коррупция жойылсын!»,  «Ел бірлігі нығайсын!», «Рамазан айындағы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын!», «Елімізде тыныштық болсын!»  деген және тағы да басқа көпшілікті ынтымақ-бірлікке, бір-біріне адал, мейірімді болуға шақырған, көше бойлай талға ілінген көптеген жазбаларды көріп, әрдайым жақсы  жаңалықтың  жаршысы болып жүретін Амантай қажы Асылбектің жігерлігі мен қайсарлығына, лүпілдеген жүрегін ұлт үшін, ел үшін тынбай қызмет етуге арнаған азаматтығына тағы бір тәнті болып, шын пейіліммен сүйсіндім.

«Мықты азамат! Аман болсын!» деп іштей тілек білдіріп үлгергенімше, бір топ  жастың қоршауында қолын сермеп, қызу әңгіме айтып тұрған қажының өзі де көрінді. Әрі-бері өткендердің бәрі, жасы мен ұлтына қарамастан Амантай қажыға аса ықылас танытып, сәлемдесіп, өтіп жатты. Жақындай бере, мен де иіліп сәлем бердім. «Айналайын, рахмет» деді.

«Сізге рахмет. Сіз қазақтың жоқтаушысы іспетті образға айналған азаматсыз» дедім мен.

Бұл менің шын сөзім. Еліміз егемендік алғалы еңсемізді енді-енді тіктей бастағанымыз рас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан қаншама  игі істердің көшбасшысы болғаны да белгілі. Ұлы дала өңірінен қаншама  игі бастамалар бой көтергені әлем жұртына мәлім. Дегенмен көп ұлтты мемлекетімізде қазақтың да өз мұңы, қазақтың да өз қайғысы, қазақтың да  өз жыры барын көргісі, білгісі, естігісі келмейтін кейбір бұра тартқысы келетіндерге «аттандап» жеткізетін,  арғы аталары хан болған, текті  тұқымның жалғасы сынды Амантай қажының өр мінезі кімді болса да тәнті еткізгендей. Мұндай ерлікке бергісіз, көзсіз әрекет өз ұлтын шексіз сүйген жанға ғана тән. Ол – өз ұлтының патриоты. Өз ұлтын шексіз сүйген жан ғана өзгені де дәл солай құрмет тұтады, қадірлейді, қастерлейді. Оны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Ол –аксиома!

«Мен ешкімге жамандық жасамаймын. Қолымнан келсе тек жақсылық жасауға тырысамын. Өзімнің бөліп берер қаржы-қаражатым жоқ. Бір Алланың жәрдемімен кембағалдарға қолымнан келген көмекті көрсетуден тартынған емеспін. 25 жыл бойы Семей полигонынан зардап шеккендерге  бір Алланың жәрдемімен қайырымдылық шараларын өткізіп келемін. Менің мақсатым – елім өркениет көшінен қалмай, мәдениетті, иманды, рухани бай елдердің қатарынан орын алса деген ізгі тілек. Елімнің гүлденуіне сызат түсірер, кедергі келтірер кез-келген теріс әрекетке  жан-тәніммен қарсымын. Алла қаласа, еліміз сарабдал басшы  Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында өркениет көшінен лайықты орын аларына жұрт сенімді. Оның дәлелі – еліміз тыныш, әр арайлап атқан таңын бейбіт қарсы алып, мемлекетіміздің алға қойған  жоспарлары біртіндеп іске асырылуда. Әсіресе, жастар қолынан келгенше туған жердің өркен жаюына атсалысуы тиіс. 12 немерем бар. 45 жыл болды, осы Наурызбай көшесінің бойындағы көп қабатты үйдің бірінде, бірінші қабатта тұрып жатқаныма. Өзім үшін ешнәрсе керек емес. Бір Алланың жәрдемімен қолыма түскен қаражатты кембағалдарға, мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға жұмсаймын. Жастарға айтарым, қарап жүрмеңіздер. Отау тігіп, үй болып, қазақтың санын көбейтуге үлес қосыңыздар. Мынау алып даланың шаттыққа толмағы, Тәуелсіздіктің  тұғыры биік болуы да ұрпағының көптігімен тығыз байланысты», – деді ол әңгіме барысында.

Кейде Амантай қажының  «үйленемін» деп жар салатынының астарына да оны тыңдай тұрып, қаныққандай болдым. Өзі айтқандай алып қазақ даласын аманатқа қалдырған ата-бабаларымыздың  талай зұлматтан аман қалған  бүгінгі ұрпағы өсіп-өнсе, көбейсе,  бұның өзі – еліміздің одан әрі көркейе береріне кепілдік екені даусыз ғой.

Жуырда қасиетті  Меккеге арнайы сапар шегіп,  қайда жүрсе де қазақтың көк туын желбіреткен Амантай қажы шағбан айында қажылыққа барған бір топ қауымға қазақ халқының атынан ас беріп, құран оқытып қайтты. Мұнымен қоса, Рамазан айының құрметіне  қазақстандықтарға Меккеден бес мың Құран әкеліп, тегін сыйға таратыпты.

Тәуелсіздік таңы атқалы бір тыным таппай, «аттандап» жүрген Амантай қажының қажырлылығына таңғалмасқа шара жоқ. Қазақтың жоқтаушысы сынды ұлтымыздың өзіне ғана тән өзекті мәселелерін жалпақ жұртқа жеткізгенше «аттандауын» қоймайтын Амантай қажының іс-әрекетінен соң көптеген мәселелердің түйіні оңынан тарқатылғанынан да көзі қырағы жұрт хабардар.

Соның бірі – сонау 90 жылдардың басында жұмыссыз қалып, Алматыға ағылып, сеңдей соғылысқан жастардың жай-күйіне алғашқы болып алаңдағаны еді. Үйсіз-күйсіз жүрген жастарға «баспана керек» деп аттандап алаңға шыққанына да кезінде куә болғанбыз. Амал жоқтан бос жерлерді заңсыз басып алып жатқан жастардың шарасыз әрекеті айналып келгенде өздеріне ауыр тиер, яки арты қылмыстық іс қозғалуына әкеліп соқпасын деп шырылдаған Амантай қажының «жастарға баспана керек» деп аттандаған үнін кезінде тиісті орындарда отырған жауапты тұлғалар дұрыс түсінді. Осынау маңызды мәселеге  қозғау салып,  тиісті мекемелердің назарын аударған Амантай қажының ерік-жігерінің арқасында қазақ жастарына жер телімдері  бөлінді. Қазіргі «Шаңырақ» шағын ауданының алғашқы қадасы сол жылдары қаланған болатын.

Амантай қажының «аттандаған»  үні  Семей полигонын жабар тұста, желтоқсандықтарға қатысты, жемқорлыққа қарсы, не керек барлық ұлт үшін өзекті мәселе тұсында өктем естілгені, естілетіні рас. Қашанда жақсылықтың жаршысы, имандылық пен бейбітшілікті ту етіп жүретін Амантай  қажы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Құрмет»  орденімен  марапатталды.  Бір сөзбен айтқанда, әрдайым сауапты істің басы-қасында  жүретін Амантай қажы қандай құрметке болса да лайық,  қазақтың біртуар перзенті.

«Амантай қажы алдымен елдің үрейі, содан соң мерейі» деп кезінде сөзден сурет салған академик Зейнолла Қабдолов оның ұлты үшін жасайтын әрекетіне аса сүйсініп, Амантай қажы туралы ойын бір ауыз сөзбен осылай түйіндесе, ал жыр дүлділі Тұманбай Молдағалиев «Ермакты құлатқан Амантай қажы екі рет  қаһарман. Одан артық қаһарман болмайды» деп қорытыпты.  Ғарыштық сананы меңгерген азамат, бір ұлттың емес, барша адамзат баласының перзентіне айналған ақиық ақын Олжас Сүлейменов «Амантайдың  сыртқы болмысы ішкі жан дүниесінен мүлдем бөлек. Ол өз ісімен ешкім тындыра алмайтын ұлы істердің көшбасшысына айналған тұлға»  деп риза болғанын жасырмайды. Айтпақшы, заманымыздың  заңғар  тұлғасы Олжас  Сүлейменовтің  Амантай қажының бастамаларына талай мәрте қаржылай көмек көрсеткенін де осы кездейсоқ кездесу кезінде болған әңгімеден естідім.

Енді міне, Амантай қажы 1931-33 жылдары ашаршылықтың құрбанына айналған сол зұлматты күндерге ескерткіш орнатуға қарар қабылдаған Елбасының тапсырысын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тұсында Алматы әкімі Бауыржан Байбектің жүзеге асырғанына дән риза. Өйткені, ол 20 жылдан астам уақыт «ескерткіш қашан орнатылады» деп «аттандаған» болатын. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген осынау оқиғаның бел ортасында жүрген ол Байбек бауырына денсаулық, ісіне әрдайым бір Алла демеуші, қамқоршы, жәрдемші болғай деп шын жүрегінен алғыс жаудырды.

«Бүкіл қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын! Қасиетті ай елімізге береке-бірлік, ынтымағы мен ырысын, қуанышы мен шаттығын ала келсін! Елімізді жамандықтан алыстатсын, Жақсылыққа жақындатсын. Ел басқарған азаматтарға иман, нысап бергей! Алла разылығы үшін тұтқан оразаларыңыз қабыл болғай! Ниет-тілектеріңіз орындалуына бір Алла жәрдемші болсын!» – дейді Амантай қажы Асылбек.

Ләйім айтқаны келсін!

Өзифа ЖАТҚАНБАЙҚЫЗЫ, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің хатшысы