АРБАДА БИЛЕУДІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ҚАЙСАР ҚЫЗ

11

ТІМТУІРДЕГІ ТАНЫСТЫҚ

Аруна Жақсығұловамен Тімтуір ауылында танысқан едім. Содан бері де қаншама жылдар өтті. Ол уақытта мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісімін. Қызмет бабымен өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларын аралап шықтым. Бірде Қарасу ауданына жолым түсті. Тімтуір деп аталатын ауылда  негізінен өзіміздің қандастарымыз тұрады екен. Сол жерде журналистік жұмысыма байланысты деректер мен дәйектерді жинап жүрген кезімде бір ақсақал: «Бауырым, сен біздің Аруна Жақсығұлованы білетін шығарсың. Ол да өзің секілді облыстық басылымға ойлы мақалалар жазып тұрады. Егер менің айтқанымды тыңдасаң онымен жолығып, сырласқаның жөн болар еді», – деді.

Атамыздың пікірі маған үлкен ой салды. Өйткені, сол кездегі өңірге тарайтын «Ленинский путь» (қазір «Костанайские новости») газетіне қарындасымыздың мақалалары жиі шығып тұратын.

Содан не керек, кешқұрым Аруна қарындасымыздың үйіне бет алдым. Ол құтты қоныс ауылдың бір шетінде орналасқан. Сұрай-сұрай ол отбасының да есігін қақтым.

Мені жүзінен ибалылық пен инабаттылықтың шуағы төгіліп тұрған қазақ әйелі ашты. Ол Арунаның анасы еді. Содан ішке кіріп, арбада отырған өте сымбатты «Менің қызым» деп мақтануға тұрарлықтай ажарлы қазақ қызына жақындап ағалық сәлемімді бердім. Ол да менің келгеніме қуанышты секілді. Кәдімгідей жаны жадырап, еркін сөйлесіп кетті. Әрине, әңгімеге осы шаңырақтың ұйытқысы болған апамыз да араласып отырды.

Біздің алғашқы сол таныстығымыз уақыт өте кәдімгі бір үйде өскен аға-қарындастай сыйластыққа ұласты. Сол елдімекеннен келген адамдардан үнемі бауырымның хал-жағдайын біліп, өміріндегі игі өзгерістерден хабардар болып отырдым.

Тімтуір шын мәнінде өзеннің жағасында орналасқан табиғаты таңғажайып ауыл болып шықты. Бұл жердегілер негізінен егін егіп, мал шаруашылығымен де айналысады.

Арунаның үй-іші де шама-шарқылары келгенше қораларында мал ұстап, сонымен өздерін қамтамасыз етті. Осы үйдегі ұл мен қыздарды қатарларынан қалдырмай оқытты.

Кейін ол жылдар өте өзінің ғұмырлық сыңарын тауып, Торғай өңірінің жігіті Дүйсенғалимен тағдырын қосып, алдымен облыс орталығына жақын Мичурин селосында, кейін облыс орталығына көшіп келді.

Осы Қостанай шаһарындағы екі бөлмелі пәтерді алуға кезінде даңқты жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бұл күндері Алматы қаласында тұратын көрнекті жазушы Сәбит Досановтың тигізген ықпалы айрықша дер едік.

 

БОЙЖЕТКЕН ЕКІНШІ ҚАБАТТАН НЕГЕ СЕКІРДІ?

Аруна мен Дүйсенғалиді көргенде әрқашан да қиялым қияндарға шарықтайды. Қос аққудай жарасқан ерлі-зайыптылардың әңгімелерін талай естігендіктен бе, олардың өміріне әбден қанықпын.

Әрине, олар ешқашан да мұндай мүгедектер арбасына таңылатындарын ойлаған жоқ. Өйткені, ешкім де алдында қандай өмір күтіп тұрғандығын білмейді. Егер білсе, мүмкін сақтанар ма еді?!

Бәрі де сайып келгенде, бір Алланың қолында. Өйткені, олар шешеден мүгедек болып туған жоқ. Қараторы жігіт Дүйсенғали мен айдай сұлу көркем қазақтың қызы Аруна да басқа жігіттер мен қыздардай ауылда достарымен тай-құлындай тебісіп бірге өсті.

Мектепте де жақсы оқыды. Олардың алдында келешекте жүзеге асырсам деген асыл армандар тұрды. Әттең, сол бір көңілсіз оқиғалар орын алмағанда бұлардың тұрмыс-тіршіліктері мүлдем басқа арнаға бұрылар ма еді?!

Оқырманға түсінікті болу үшін соларға да азды-көпті тоқталып өткеніміз жөн шығар.

Қаншама қиындықтарға кездессе де оған мойымай, батылдықпен жеңіп келе жатқан ерлі-зайыптылар жазылмас дерттерге әбден оңы мен солын таныған кезде тұтқиылдан жолыққаны да ешкімнен жасырын емес.

Өздеріңіз білесіздер, жаз айларында облыс орталығы Қостанай тіпті құлпырып кетеді. Жасыл желекке бөленген шаһарға барлық аудандар мен қалалардан білім іздеген бозбалалар мен бойжеткендер де осы кезде жиналады.

Бұл 1983 жылдың нағыз төбеден күн шуағын аямай төккен шағы болатын. Сол уақытта небәрі 17-ге енді ғана толған Аруна облыс орталығындағы әлгі уақыттағы педагогикалық институттың тарих факультетіне өзге құрбылары секілді құжатын тапсырған-ды.

Ол осы жоғары оқу орнын аяқтап, таңдаған мамандығы бойынша балаларды білім нәрімен сусындатып, елімнің керегіне жарайтын кадр  атансам дейтін. Бұл күндер де алыс еместей көрінетін. Себебі, шет тілінен қабылданатын соңғы емтиханға небәрі екі күн қалған-ды. Сондықтан жүрегі лүпілдеп соғып,  осы сынақтан аман-есен өтсем деп тыңғылықты дайындалып жатқан еді.

«Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, ауылдан келген қызға жатақханадан орын тимеді. Сондықтан әкесі жағынан жақын туыс болып келетін ағасының үйінде жатып дайындалуға тура келді.

Мұндай өмірін түбірімен өзгертіп жіберген жағымсыз оқиға сірә ұмытыла ма?! Сол күндерді еске алса жүрегі қан жылайды. Бірақ, амалсыз баяндауға тура келіп тұр.

Ұмытпаса көгілдір тамыз айының 6-сынан 7-не қараған түні қандай түлен түрткенін кім білсін?! Әлгі шаңырақтағы өзі бауыр тұтып жүрген ағасы шырт ұйқы құшағында жатқан аруды зорламақ ниет танытты.

Бір өкініштісі, дәл осы кезде әлгінің әйелі кішкене баласының қызуы көтеріліп ауруханада жатқан болатын. Ал үйдегі 6 жасар ұлы көрші бөлмеде жатқан еді.

Аруна әлгі бұрын жақын туыс тұтып жүрген ағасынан мұндай нағыз хайуанға тән әрекетті ешқашан да күтпеген-ді. Бәлкім ащы судың әсерінен осындай әдетке бармақ болды ма дейін десе, түріне қарағанда ішіп алған ештеңесі байқалмайды. Кәдімгідей сап-сау.

Ол бойжеткеннің «Аға, ұят болады, аталарымыз бір, қарындасыңыз емеспін бе, қайтып сіздің айтқаныңызға көнемін» деген жалынышты сөзін де құлағына ілмеді.

Содан мұндай әрекетті күтпеген бұл шынымен саса бастады. Бойын ерекше қорқыныш биледі. Алайда ол қанша дегенмен еркек емес пе, оған қарсылық көрсетуге дәрмені жетпейтіндігін түсіне қойды.

Басқа қолданар ештеңе болмаған соң бойын намыс кернеп, арын сақтап қалу үшін бұл амалсыз екінші қабаттан сыртқа секірді.

Арғы жақтағы кірпіштен соғылған қоршауға арқасымен түсті. Осылайша, омыртқасы сынып, жұлынына зақым келді. Әрине, бұл жағдай Арунаға ғана емес, оның ата-анасына, барлық туған-туысқандарына да оңай соқпады.

Адам баласы басқа салса бәріне де амалсыз көнеді екен. Қиянатты өз туысқанынан көрген бойжеткеннің әу бастан маңдайына жазылғаны сол ма, жұлындағы сырқаттан біржола  айыға алмады.

Қостанай шаһарынан 200 шақырымдай жерде жатқан Қарасу ауданындағы Тімтуір ауылында тұратын әкесі Рахметолла ағамыз ол кезде тірі еді. Сондықтан осынау шаңырақтың иесі мен аяулы анасы Гүлжауһар мұның жанынан табылды.

Мұны жылы сөздерімен демеп, рухын көтерді. Апарып емдетпеген жері қалмады. Тіпті, сонау шалғайда жатқан Қырымдағы шипажайға дейін дәрігерлерге көрсетті.

Әке-шеше әрқашан да «Баламның аяғына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» демей ме?! Олар да қыздары секілді талай ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндерді бастан кешті.

Оны ауруханадан шығарған соң ауылдағы үйіне алып келді. Алайда бойжеткеннің бойында жүріп кетемін деген үміт ешқашан да өшкен емес. Ол қаншама түрлі жаттығуларды жасады. Үш жылдан кейін мүгедектер арбасына отырып, үй ішінде жүретін жағдайға жетті.

Жергілікті азаматтар да Арунаның мектепте жақсы оқығандығын, он саусағынан өнері тамған шебер екендігін бұрыннан жақсы білетін. Сол себептен де оның шаңырақта отырып-ақ орта мектеп оқушыларына дәріс беруіне мүмкіндік жасады. Ауылдың қыздарын шеберлікке баулыды.

Ажал қашан айтып келген дейсіз. Әкесі де дүниеден өтті. Үйдегі барлық ауыртпалық анасының мойнына түсті. Соны сезінген саналы бойжеткен оған үнемі сүйеніш бола білді.

Керек кезінде ақыл қосты. Шама-шарқы келгенше шаруашылыққа да қолғабыс етті. Сол кездері ол рухани күшті көркем әдебиеттен тапты. Көкейде жүрген көрікті ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп, облыстық орыс тілді газетке үнемі мақала жазып отырды. Сөйтіп, іштегі ой-толғаныстарымен қалың жұртшылықпен бөлісті.

 

ЖАРАСЫМДЫ ЖҰП

Арунаның жансерігіне айналған әрі сырын барынша қысылмай айта алатын ғұмырлық серігі Дүйсенғали да бүйтіп мәңгілік мүгедектер арбасына танылып қалатынын ешқашан ойлаған емес.

Ол кездері тепсе темір үзетін, кескін-келбеті келіскен Дүйсекең 18 жастағы бозбала-тын. Өзі бұрынғы Торғай облысының Амантоғай кеңшарында комсомол жастар бригадасына жетекшілік етіп жүрген жалындаған шағы-тын.

Бұл тамыз айынының алғашқы күні еді. Өздеріңіз де көздеріңіз айқын жетіп отырған болар, қымбатты оқырман, ерлі-зайыптылардың екеуі де осындай күтпеген оқыс жағдайға тамыз айының басында ұшыраған.

Ол бригадир ретінде «ГАЗ-52»  маркалы қорапты машинасын өзі жүргізіп келе жатқан болатын. Өзендегі көпірден арғы беттегі жағалауға небәрі  6-7 метрдей жер қалғанда рөлдің тұтқасы кенеттен істен шықты.

Пәлекет деген табан астында екен. Көлік көпірдің үстінен өзенге құлдилап құлады. Жас жігіттің алдағы уақытта көрер несібесі мен жарығы бар екен. Әйтеуір, ептілігінің арқасында суға секіріп үлгерді. Алайда басы үлкен тасқа оңбай соғылған еді.

Міне, осындай оқиғадан кейін ауыр соққыдан нар жігіттің мойын омыртқасына қатты зақым келді. Бастапқы кездері қолы мен аяғы мүлдем қозғалмайтын. Жігіттің осы қиналысы бауырларының да жанына қатты батты.

Олар бұдан нені аясын?! Ізденіс танытып сонау Мәскеу, Киев, Ташкент қалаларындағы ең білікті деген профессорларға да көрсетті. Солардың кейбір жасаған емдері нәтиже беріп, бұрын семіп қалған қол-аяғы қозғалатын жағдайға жетті.

Алайда өзі армандағандай біржола жүріп кете алмады. Бұл да Құдай қосқан қосағы Аруна қарындасымыз секілді бірінші топтағы мүгедек атанып, қос доңғалақты арбаға таңылды.

Бірақ, рухы түспеді. Сол кездері «Медет» деп аталатын кітапты қолға түсірді. Осы көркем шығарма жас жігіттің өмір сүруге деген құштарлығын барынша арттырды.

Өзіне марқұм, көрнекті актер, Қазақстанның халық әртісі Кененбай Қожабеков пен өңіріміздегі кемеңгер ақсақал Алданыш Алматовтың, қызылордалық дарынды жазушы Зейнолла Шүкіровтың, алматылық белгілі ақын Нұртас Исабаевтардың өмірлерін өнеге тұтты.

Кейінгі қос азаматтың көркем шығармаларын жастана жатып, тіршілікке деген махаббатын маздатты. Болашақ жары Арунамен алғаш рет Қарағандыдағы емдеу орталығында танысып, екеуі мәңгілік бірге болуға серттесті.

Осы ойларын Аруна қарындасымыз өзінің туған анасы Гүлжауһар апамызға айтқан кезде ол үлкен ой үстінде қалды. Аяулы жан «Шынында да екі жас тағдырларын қосып, үй болып кете алар ма екен» деген пікірде болғаны да ешкімнен жасырын емес. Өйткені, ауырып қалулары да әбден мүмкін еді ғой. Оның үстіне өздіктерінен жүре алмайды. Күнделікті тамағы, басқа да жұмыстар аз емес қой. Осы жағы ана жүрегін толқытты.

Кейін қанша дегенмен қос ғашықтың тілегі орындалды. Олардың армандары жүзеге асып, қоңыр күзде сұлу да ажарлы Аруна Амантоғай ауылына келін болып түсті. Дүркіреп той өтті. Сол кезде жиналғандардың арасында көздеріне жас алып, тілек білдіргендер аз болған жоқ.

Міне, содан бері қаншама жылдар өтті олар қазір Қостанай шаһарының бір мөлтек ауданында жеке үйде тұрады. Тұрмыстары жақсы. Өздері «Үміт-Надежда» деп аталатын қоғамдық бірлестікті басқарады.

Олар тек өздері ғана емес, өзге мүгедек жандарға қамқорлық жасап, солардың мүддесін ойлайды. Бұл күндері оларды тек Қостанай емес, бүкіл республика жұртшылығы жақсы біледі. Екеуі де іскерлікті бойына сіңірген қазақтың қайсар перзенттері

Аруна кезінде тарих факультетіне түсе алмаса да, жылдар өте Қостанай мемлекеттік университетінде заңгерлік мамандықты ойдағыдай игерді. Тіпті, студенттерге дәріс те берді.

Өзім олардың бір жақсы көретін ағалары ретінде бұрын киелі шаңырақтарында талай рет болдым. Аруна қарындасым үй ішінде арбамен ары-бері жүріп  күнделікті тамағын да жасайды, кірін де жуады. Ешкімге салмақтарын салып отырған жоқ. Арбада отырып билеуден Қазақстан чемпионы, осы спорттың негізін қалаушылардың бірі.

Олар ешқашан да мүгедек деген атты жаны сүймейді. Қолдан келсе өзгелерге қол ұшын береді. Кейбір болмашы тіршіліктегі қиындыққа кездескен жастар секілді өмірден түңілген емес, қайта ауртпалықтарға қасқая қарсы тұра біледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Жуырда Аруна қарындасыммен тағы да жүздестім. Ол маған заң саласы бойынша магистратураны бітіріп алғандығын жеткізді. Сонымен қатар, «Шапағат» медаліне де ие болыпты. Бұл, әрине, мені шексіз қуанышқа бөледі. Сол кезде маған «Шіркін, күллі қазақ қыздары намысшыл, алған бетінен қайтпайтын қайсар да батыл болса» деген ой келгенін де жасырмаймын…

 Оразалы ЖАҚСАНОВ, Қостанай қаласы