АРБАКЕШ АҚЫН

30

Жиырма жылдан бері «Алматы-2» темір жол бекетінде жүргіншілердің жүгін тасып, күнделікті нәпақасын тауып жүрген бірнеше кітаптың авторы,  54 жастағы ақын Сәбетай Сыпатайдың есімі әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс. Алғашқы кітабы 1993 жылы  оқырманға жол тартса, өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. «Мен ешқандай ортаға сыймайтын және ешкімнің алдына барып көмек сұрамайтын адаммын» дейтін талантты ақынның тәлкекті тағдырын және өлеңдерін 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті өз оқырмандарының назарына ұсынады.

АРБАКЕШ АҚЫННЫҢ ТӘЛКЕКТІ ТАҒДЫРЫ

Сәбетай Сыпатай 1963 жылы Алматы облысының Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылында дүниеге келді. Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам ауылындағы мектептің түлегі. 14 жасынан қолына қалам алып, өлең жаза бастады. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетіне құжат тапсырады. Осылайша орманшы болғысы келеді. Алайда бұл мамандықпен кейін жұмыс табудың қиын болатынын түсініп, Халық шаруашылығы университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Дегенмен, тұрмыс тауқыметі жоғары білімді маман болуға мұрша бермейді.
Жоғары білімі болмаса да аудандық «Уйгур авази» газетінде корректор әрі тілші болып еңбек жолын бастаған Сәбетай Сыпатай 1997 жылға дейін ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет және журналистика саласында қызмет атқарды. Жұмыс орындары қысқарған, ауылдық жерде «екі қолға бір күрек» табу қиындаған, экономиканы тұрақсыздық жайлаған сол алмағайып уақытта ақын күн көріс қамымен Алматы қаласына жол тартады. Дәл осы жылы әйелімен ажырасқан екен. Ажырасуына отбасында әлеуметтік жағдайдың ауырлығы себеп болыпты. Ал, алып шаһардағы жаңа өмірін темір жол бекетінде алма сатудан бастапты. Бұл туралы ақын: «Бастапқыда күнделікті табыс жаман болған жоқ. Бірақ, арбамен жүк тасығандар маған қарағанда көп қаржы табатынына көзім жетті. Содан біраз уақыттан кейін арба сүйреуге көштім», – деп еске алды.
«Тағдыр басқа салды, мен көндім» деген ақынның ұлы мен қызы бар. Әйелімен ажырасып кеткенін жоғарыда айттық. Ал, екінші рет отбасын құруға ниеттенбеген екен. Бүгінде вокзал маңындағы үйлердің бірін айына 15 мың теңгеге жалғыз өзі жалдап тұрады. Таңғы сағат алтыдан кешкі сегіз-тоғызға дейін тынбай еңбектенетін арбакеш ақынның күнделікті табысы екі-үш мың теңгені құрайды.

ҰЛ-ҚЫЗЫНА КЕРЕК БОЛМАҒАН ӘКЕ

Сәбетай Сыпатай таяуда informburo.kz порталының тілшісімен ашық әңгімелесіпті. Әңгімесінде арбакеш ақын ғұмырының босқа өтіп кеткенін жасырмай айтыпты.
Тілшінің жазуынша, ақынның соңғы рет қашан шынайы қуанғаны есінде жоқ. Ал отбасы туралы сұраққа бастапқыда естімеген жандай теріс қарап, біраз уақыт үнсіздік танытқан. Сәлден соң бір күрсініп:
«Көпшілік боп бәріміз ойлана кеп,
Ат қойғанбыз өзіңе Айдана деп…» деп басталатын қызына арнаған өлеңін оқи жөнелген. Бір өкініштісі,  арбакеш ақын әкесін 22 жастағы Айдана Алматыда тұрса да, бір рет те іздеп келмепті. Ал ұлды болғанда басына «нұрлы дәурен орнайтын болды» деп армандаған екен.
Сол бір сәтте көршім тағы тіл қатты:
«Ұлды болдың, келіншегің ұл тапты!»
Сенерімді, сенбесімді білмедім
Өңім емес түсім шығар бұл менің.

Сырласатын тілегімнің мұңымен,
Нұрлы дәурен орнадың ба шынымен.
Дүрлікпесе керек еді бұл ғалам,
Қосылған ғой, бір жаманға бір жаман, – деген өлеңін ұлы Ғаниға арнаған екен. Қазір ұлы 25 жаста. Вокзалда өткен 20 жылында тұңғышы бір рет қана іздеп келіпті. Оның өзінде қаражаттан қиналған кезінде. Ал арбакеш ақын болса, ұл-қызынан «Әке, үйге жүр!» деген бір ауыз сөз күтеді. Өкінішке орай, ақынның өмірі бұл сөзді күтумен вокзалда өтіп жатыр, өтіп жатыр…
«Екінші кітабым жарық көргеннен кейін туған жеріме шығармашылық кешімді өткізуге бардым. Сонда кешіме отбасымды шақырған едім. Олар келмеді. Өзімнің де балаларыммен араласқым келген. Бірақ, өздерінде менімен араласуға ынта жоқ», – деп мұңын шағыпты ақын.

АҚЫННЫҢ АРМАНЫ

Сәбетай ақынның 1993 жылы «Жұлдыздардың бағыты өзгермейді», 2000 жылы «Көкбөрім көкке ұлыған», 2013 жылы «Жер салмағы» атты өлеңдер жинағы демеушілердің көмегімен жарық көрген.
«Көкбөрім көкке ұлыған» поэмасы 2009 жылы Қазақ радиосының жыр мүшәйрасында бас бәйгені жеңіп алса, қаламгерлердің бас газеті саналатын «Қазақ әдебиетінде», беделді газет  «Жас Алашта» бұрнағы жылдары өлеңдері жарияланып тұрды.
Көп ақын шабытына арқау болған махаббат тақырыбындағы өлеңдерді сирек кездестіруге болатын арбакеш ақын өлеңдерінің көбі өмір мен өлім, отбасының қадірі, табиғатпен сырласу тақырыптарына арналған. Дегенмен, кейбір тұлғаларға арналған өлеңдері де жоқ емес. Мысал ретінде айтсақ, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваға арнап шығарған өлеңі:
Айнұр ақын, аралай бер гүл-елін,
Жаралыға дауа болсын жыр-емің.
Болатты да балқытады білемін,
Ел деп соққан сенің нәзік жүрегің, – деп басталады.
2013 жылы қоғам қайраткері Амалбек Тшановтың демеушілігімен жарық көрген кітапқа («Жер салмағы») енген «Ауылым», «Биіктік», «Қаракөзім» сынды біраз өлеңдері әнге арқау болыпты.
Ақынның кітаптарға шықпаған, басылымдарда жарияланбаған сиясы кеппеген жаңа өлеңдері көп. Сәбетай ақын соларды жинақ ретінде «Дүние жалған» деген атпен жарыққа шығаруды армандайды. Тек бұл арманының орындалуына бір демеушінің табылмай тұрғаны арбакеш ақынның көңіліне қаяу, сезіміне сызат түсіріп тұр.
Төменде ақынның өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Дауыс
(Нұрсұлтан Назарбаевқа)

Таң боп тұрған тұрпатына қараймын,
Хан боп тұрған Абылайға балаймын.
Ұлығынан айнымайсыз даланың ,
Ілімімен қаруланған Абайдың.

Ойыңызда шарпуы бар жасымның,
Бойыңызда алғырлығы лашынның.
Даналықпен дараланған ожданы,
Сұңғыласы сияқтысыз ғасырдың.

Қай кездеде бауырмалы бауырдың,
Асқақтығын айқындаған тауымның.
Қазағымның тілеуінен айналдым,
Алыптарын алып келген дәуірдің.

Ниет қандай, жақсылыққа бастаған,
Тілек қандай, көпшілік боп қоштаған.
Әрқашан да азын-аулақ жұртымыз
Пейілімен биік тұрған басқадан.

Мұрат қандай, ата-баба көксеген,
Арман қандай- айтуға тіл жетпеген.
Кемеңгерін қадір тұтқан халықтың,
Өзгеге дес бермесіне бек сенем.

Ерледіңіз теңіз кешіп, тау асып,
Темірқазық бағытына жол ашып.
Мерейіңіз үстем болып лайым,
Өсе берсін, биіктермен таласып.

Жұлдызыңыз дараланып көрінсін,
Шапағаты туған елге төгілсін.
Ұлылығын нығайтыңыз даланың,
Ғұмырыңыз өлең болып өрілсін.

Ақын

Дүниенің жүзімен келеді адам,
Басы қара, дені сау, кемел, аман!
Дүниенің мұңымен барады ақын,
Қалатұғын түрі жоқ өлең одан.

Күніменен, түнімен жанады ақын,
Өлең-сөзден іздейтін ғаламатын.
Сәулеленіп кетеді сәулеге еніп,
Әуреленіп жасайды салауатын.

Келе жатыр бір ақын тағдырымен,
Дауылымен, қарымен, жаңбырымен.
Келе жатыр күллі әлем таң нұрымен,
Бара жатыр бір адам ән-жырымен.

Ақын деген кіршіксіз сәби, бала,
Батырың сол көнбейтін қағидаға.
Тербететін оны тек Жер-анасы,
Жылататын оны тек фәни ғана.

Жалғыз өзі жабығып барады ақын,
Ел-жұртының арқалап аманатын.
Өткелдерден өткеріп келеді адам,
Көшеде қар. Ойда мұң. Далада түн.

Келе жатыр бір пенде ән-көңілмен,
Орын таппай өзіне жер-көгіңнен.
Бара жатыр бір адам сенделумен,
Өлең іздеп барады мәңгі өмірден.

Келеді ақын дүние жүзіменен,
От алатын сәтімен тізіп өлең.
Көктемімен, жазымен, күзіменен,
Бабалардың қалдырған ізіменен.

…Жаңа ғана жайлауда гүл кешіп ем,
Дүниеден тағы бір күн көшірем!..
Бара жатыр бір адам «сүлдесімен»,
Келе жатыр бір ақын жыр, кешімен.

Тіршіліктің дәм-тұзын татып алып,
Келе жатыр бір адам асу алып.
Бара жатыр бір ақын өз еліне,
…Келе жатыр жасынның отын алып!

Әлем қандай әдемі көңілдегі,
Өлең қандай десеңші өмірдегі!
Дүниенің жүзінен өтеді ақын,
Бір-ақ рет жарқ етіп, көрінгелі!

Жер салмағы

Жерге түкірме, балам,
Анаң ғой, жер сенің анаң!
Табаныңның астынан,
Басталады ұлы далаң.

Жерді қастерле, балам,
Біле біл саулығың содан.
Барлығың, байлығың содан,
Ән-жырың, тағдырың содан.

Әкең де, шешең де бабаң,
Үйің де, күйің де панаң.
Бәрі де, бәрі де содан,
Сол берген әмбесін саған.

Жерді аяла, балам,
Сол ғой ең, аяулы ғалам!
Сүйеді өсетін жерін,
Ертеңін ойлайтын адам.

Көктем айшықтары

Бау-бақшаға көгілдір нұр қамалып,
Дархан дала құлпырды гүлге оранып.
Таулы өңірге тағы да көктем келді,
Қараторғай, қарлығаш, тырнаны алып.

…Көктем келді кестелеп небір өрмек,
Көкке самғап барады көңіл өрлеп.
Ақ көйлекті алмалар наздана да,
Қараңдаршы, қараңдар мені көр деп.

Ерке бұлақ маңайын әнге бөлеп,
Қол бұлғады белең де әлде не деп.
Қызыл гүл мен ақ гүлдің арасынан,
Сары гүлін таппай жүр сары көбелек.

Дайындаған: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті