АРЫСТАРДЫҢ АҚЫРЫ

14

Қазақ тарихындағы ХХ ғасырдағы оқиғалар мен құбылыстар, тұлғалар мен халық тағдыры өте күрделі. Аласапыран заман, қым-қуыт уақыт ішінде Елі үшін алдыңғы сапқа шыққан ерлерді тану – бүгінгі тарих еншісіндегі дүние екені сөзсіз. Жалпы зиялылықты интеллигенциядан бір саты биік қоятын болсақ, өздерінің оқып-тоқып қана қоймай, сол алған білімді мінезіне, ұятына салып, халқы үшін басын бәйгеге тіккен арыстардың мұраты мәңгілік болып қалады. Назарларыңызға ұсынылып отырған тарихи фотосуреттердің жиынтығын бұдан біраз жыл бұрын Алматыдағы кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары сақталған орталық мұрағатының қоры жұртшылыққа жариялаған болатын. Ұлт үшін құрбан болған есіл ерлердің жазықсыз бейнесін мұрағаттың қор меңгерушісі Еңлік Толықбаеваның республикалық «Жас Алаш» газетіне жариялауы бойынша танып білген көпшіліктің төбе құйқасы шымырлап, жан дүниесі алай-дүлей күйге түскені анық. Сонымен қатар зерттеуші, журналист Болат Мүрсәлім құрастырған «Алаш Орда» фотоальбомынан да бірнеше сурет көшіріліп алынды. Энциклопедиялық деректер негізінде жазылған бұл жазбаның құндылығы сонда, зұлмат жайпаған аймаңдай аталарымызды «кім» және «не үшін» деген сауалдармен мәңгілік аңсау алдымыздан шығады.

Әр сурет – әртүрлі тағдыр. Соңғы сөз – арманшыл адамның, үмітті жанның келешекке сәлемі, аманат-өсиеті. «Ақырғы, ең ақырғы, ақырғы өлең, сұсты еді, суық еді атың неден?» деп ақын Әбдіраштың Жарасқаны жырлағандай, арыстардың ақтық деміндей болған сөзін сақтау олардың аманатына деген адалдықты білдірсе керек. «Сөзің – өзің» деп те Сұлтанмахмұт Торайғыров бекер айтпаған. Қайран арыстардың мүбарак жүзінен, бейкүнә пейілінен жазықсыздығы, нақақтығы айқын аңғарылады. Тергеудегі сансыз қитұрқылық, мазаққа толы алдап-арбау арыстарымыздың жігерін жасыта алмапты.

Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ ел арасындағы зор беделінен қорыққан большевиктер оны Қазақстаннан аластап, Мәскеуге жер аударды. Алайда арысты абақты емес, кәдімгі тұрғын үйдің есігі қарсы алады. Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының жазуынша, Мәскеудегі Үлкен Кислов қиылысындағы 4-ші үйдің 15-ші пәтері әйгілі тұлғаға он жылдай уақыт мекен болады.

Соңғы рет Әлихан Бөкейхан 1937 жылғы 26 шілдеде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне жабылады, ФҚҚ мұрағатының бірінші құжаты – №3640 ордері бойынша оның пәтеріне тінту жұмыстары жүргізілген. Тергеу барысында Алаштың қайраткеріне өз қолымен 1917 жылдан бергі өмірі мен қызметі жайлы анкета толтыртқан, сондай-ақ қитұрқы сауалдар қою арқылы 1930 жылдардың ішінде Қазақстан басшыларымен байланыс құрғанын еріктен тыс «мойындатқызу» жоспарын құрған. Екі айға жуық тергеуден кейін, Әлихан Бөкейханды ату жазасына кескен үкім 1937 жылғы 27 қыркүйекте шығарылған және тура сол күні – 1937 жылғы 27 қыркүйекте іске асырылған. Жасы 70-тен асқан Алаш лидері жауапқа тартып отырған тергеушілерді бірде тосылтып, бірде састырып, жігерін жасытпай, сұсты да суық бейнесімен өзін асқақ ұстаған. «Мен советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ мойындадым!» Бұл – Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның ақтық сөзі.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ алғашында 1929 жылы НКВД жендеттерінің құрығына ілігіп, 10 жыл мерзімге концлагерьге кесілді. Алайда ол жаза солтүстік өлкеге (Архангельск облысы) жер аударылуға өзгертілді. Айдаудан 1934 жылы аман оралғаннан кейін 3 жылдан соң, 1937 жылдың 8 қазанында қайта ұсталып, «халық жауы» деген жалған айып тағылды. Екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. 1988 жылы соттың шешімімен айыпсыз деп танылып, ақталды.

Ұлттың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет хақындағы өсиетін соңғы сөз ретінде де бағалауға болады: «Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп…» Оның бұл сөзі Әлиханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзімен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес.

Алаш кезеңі – ұлт тарихының бөлінбес, бөлшектелмес бір кезеңі. Патшалық Ресей мен большевиктік билік жүйесінің арасында қалған қазақ халқының тағдырына бей-жай қарамаған, саналы ғұмырын қауіп-қатерге тіге отырып, елін алдыңғы дамыған мемлекеттердің қатарынан көргісі келіп ұмтылған алаш саясаткерлерінің сапында Жаһанша ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ да бар.

1930 жылдың 30 қазанында совет үкіметі жандайшаптарының «1921 жылы Ташкентте М. Тынышбаевпен бірге астыртын ұйым құрды және 30-шы жылдары Совет үкіметіне қарсы қимыл жасады» деген нақақ жаламен тұтқынға алынған әйгілі қайраткерге 5 жыл жаза кесіледі, артынша 1932 жылы үкімді өзгертіп, Ресейдің Воронеж облысына жер аудартады. Осы Ресейдің қара топырақты өлкесінде жоғары оқу орындарында сабақ береді, кейін Мәскеуге өтініп сонда тұрақтайды. Туған бажасы, қазақтың біртуар перзенті Т. Рысқұлов берген пәтерде шығармашылықпен айналысады. Алайда бұл кезде денсаулығы нашарлап, сал ауруына шалдыққан шағы болатын.

Күллі өмірі күрес пен арпалысқа толы, адам баласы түгілі, хайуанға жасамайтын қорлықтарды көзбен көріп, басынан кешірген Жаһанша НКВД тергеушілеріне қаймықпастан өткір тіл қатып, әр сұраққа анық, нақты, қысқа жауап берген. Алғашқы сауалға «Менің жеке өзім Октябрь революциясының жауы болдым. Біз Американың Біріккен Штаттарының қоғамдық-саяси құрылысын идеал деп санадық» десе, Әлиханды соңғы көруіне «Бөкейханов менің көңілімді көтерейін деп, әр түрлі күлдіргі әңгімелер ғана айтты» деп айтқан. Ал Халел Досмұхамедұлына қатысты жауабы да «Егер ГПУ бізді тұтқындаған жағдайда, әркім ары қарай не істеу керектігін өзі шешсін дедім» болған.

Қылышынан қан тамған социалистік советтің қандықол қарақшылары ұлттың ары мен ұяты болған, аймаңдай азамат Жаһаншаны төрт күн тергеп, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-баптың 10 және 11-інші тармақтарымен айыптап, ақыры Жоғарғы сот ату жазасына кеседі. Үкім 1938 жылдың 3 тамызы күні орындалған.

«Айтуда Жанша шебер» деп суреттелетін бұл арыстың атылар алдындағы соңғы сөзі табыла қойған жоқ.

1917 жылы наурызда Қазақ автономиясы жөніндегі ұрандар көтергені үшін Жақып АҚПАЕВТЫ Уақытша үкімет тұтқындады. Одан босап шығысымен, 1917 жылы Алаш Орда үкіметінің мүшесі болып сайланды. Колчактың әскери-далалық сотының 1919 жылғы 7 шілдедегі үкімімен Ж. Ақпаевқа Колчактың әскери-қазақ диктатурасы мен атамандықтың дұшпаны ретінде халықты қарулы көтеріліске дайындады деген айып тағылады.

Алаш қайраткерлері секілді Ақпайдың Жақыбы да патша, кейiннен Совет үкiметi кезiнде қуғындалып, талай мәрте жер аударылады. Кезектi рет Воронежге жер аударылып барған кезде, ауруына байланысты елге қайтарылады. Содан 58 жасында, яғни 1934 жылдың 4 шiлдесiнде Алматы қаласында қайтыс болады. Оның артында Кәмiлмұрат пен Кәмiлшат, Арғұния мен Наймания, Аспазия мен Андромеда сынды ұл-қыздары қалды.

Воронеж қаласына отбасымен және халқымыздың көрнекті қоғам қайраткерлері: Ж. Досмұхамедұлы, Әбдіхамит және Жақып Ақбайұлдары, Әшім Омарұлы, Сейдәзім Қыдырбайұлы, Мұхтар Мурзин, т.б. бірге жер аударылып келген Халел ДОСМҰХАМЕДОВ 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға тағы алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. Осы жолғы қамалар алдында шиеттей бала-шағасына: «Енді мені күтпеңдер. Елге көшіңдер», – деп тіл қатып, соңғы сөзін айтып үлгереді…

Халел Досмұхамедов 1939 жылы 24 сәуірде ату жазасына кесілгенімен, үкім орындалардан бұрын, сол жылдың 19 тамызында түрме ауруханасында қайтыс болды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды.

1937 жылғы 17 қарашада Мұхамеджан ТЫНЫШПАЕВ қызының үйінде тұтқынға алынған. Бұл Тынышпаевтың өміріндегі үшінші және соңғы тұтқынға алынғаны еді.

Тұтқындаған соң НКВД органдары Мұхамеджан Тынышпаевты Ташкент қаласына жөнелткен және ол жерден кетуге тыйым салған. Өзбекстандық тарихшы, профессор Оразбаевтың дәлелдеуінше, М. Тынышпаевтың аты жазаға ұшырамаған. Ташкенттегі ҰҚК мұрағатында болып, Мұхамеджан Тынышпаевтың ісіндегі материалдармен танысуға қол жеткізген тарихшы қайраткерді аурудан қайтыс болғанын жазады.

«Мұхамеджан Тынышпаев ұзақ уақыт жұмыссыз жүрді. Оның мұрағаттағы жазбаларынан инженердің әйтеуір Ташкентегі темір жол басқармасына жұмысқа тұрғанын көруге болады. Бірақ кесімді еңбекақысы мардымсыз болғандықтан, ол отбасын асырауға және емделуге жетпеген», – дейді профессор Оразбаев.

1929 жылы басталған советтік қуғын-сүргіннің алғашқы легіне ілінгендердің ішінде әділдік пен адалдықты ту етіп ұстаған Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ да бар еді.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың қазақ интеллигенциясының түрмедегі хал-ахуалынан мол дерек келтіретін «Ұраным – Алаш» кітабында Жүсіпбекке тағылған айыптар тізілген: «1. Совет өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған. 2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған. 3. Аштарға көмек комиссиясын Совет өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған. 4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған. 5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған» деген айып тағылды.

Туған жерден аластап, алысқа айдалғаннан кейін де тергеу бір жыл бойы жүргізілген. Тергеу барысында оның күнәсін дәлелдей алатын бірде-бір дәлел табылмаған. 1929 жылы 29 шілде күні үштіктің сегіз адамнан құралған тергеуі аяқталып, Мәскеуге этаппен жөнелтіледі. Жүсіпбекпен бірге бірнеше адамды бірге айдауды көздеген жендеттер оларды бір-біріне жақындатпай, алыс ұстауды бұйырған. Аймауытовқа  атышулы 58-2, 58-8, 58-11 және 58-10 баптар бойынша айып тағылып, оны ату жазасына бұйырды. Жүсіпбек Аймауытовқа 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

«Маған тағылған кінәмен таныстым. Өзімді айыптымын деп санамаймын». Бұл Аймауытов қаламынан туған соңғы сөздер еді. Ол небәрі 41 жыл ғұмыр кешті.

Сейдәзім ҚАДЫРБАЕВ дала батыры Амангелді Имановтың өліміне себеп болған 1919 жылғы Торғайдағы кикілжіңдерге байланысты 1929 жылы Алаш Орда қайраткерлерімен бірге айыпталып, 1930 жылы Воронежге жер аударылды. 1937 жылы екінші мәрте қайтадан ұсталып, ату жазасына кесілді. 1988 жылғы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен қылмыстық ісі қысқартылып, ақталды.

1937 жылы қазақ халқының ардақты ұлы Тұрар РЫСҚҰЛОВ та қуғын-сүргін құрбаны болды. Тұрар 1937 жылдың 21 мамырында Кисловодскіде демалып жатқан жерінен тұтқындалып, Мәскеуге жөнелтілді.

Мәскеудегі Лубянка түрмесіне қамалған. Оны НКВД капитаны Глебев пен лейтенант Нейман деген жендеттер бірнеше ай бойы тергейді. РКФСР Қылмыстық кодексінің 57-бабының 7, 8, 9, 11-тармақтары бойынша қылмысты деп тапты. Т. Рысқұлов «Халық жауы» деген айыппен 1938 жылдың 10 ақпанында атылды.

Қайраткердің жары Әзиза да советтік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ал ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды.

Үлкен ұлы Ноғай ерте өліп, Ысқақ, Досжан, Қосжан атты ұлдары көтеріліске қатысып, өзі солтүстік өлкеге жер аударылып аман қайтқан Қара Жүргенұлының әулетін 37-інші жылдардың зобалаңы күтіп тұрды. Ең алдымен әулеттің баскөтерері Қазақстан Халық ағарту комиссары қызметіндегі Темірбек ЖҮРГЕНОВ 1937 жылдың 2 тамызында КСРО прокуроры Вышинскийдің санкциясымен ұсталып, қамауға алынады.

«…Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Себебі ешқандай контрревоюциялық ұйымға мүше болғаным жоқ және ондай ұйымның бар-жоғы маған мүлде белгісіз» деген Темірбекке РСФСР Қылмыстық кодексінің атышулы 58-1а, 58-б, 58-7, 58-8 және 58-9 бап-тармақтары бойынша айып тағылған. Тергеу кезіндегі қысымдарға байланысты кейінгі жауаптарында тағылған айыптардың біразын мойындаған. Шын мәнінде оны мәжбүрлі түрде мойындатқызған. Сондай-ақ, тергеушілердің ісіне республикалық басылымдардың жала жапқан мақалалары да көмектескен тәрізді.

КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының көшпелі мәжілісінде Темірбек Жүргеновтің қылмыстық ісі қаралып, ату жазасына кесілген 24 комиссардың бірі болды. Үкім 1938 жылдың 25 ақпанында қазіргі Боралдай маңында орындалыпты.

Ал қайраткердің зайыбы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекова Темірбек Қараұлы атылған күні абақтыға жабылған, 18 жыл ғұмырын АЛЖИР-де өткізген.

КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 жылы 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып толық ақталған. Ұлттық руханияттың қажырлы қайраткерінің ақтық сөзі туралы дерек жоқ.

1937 жылдың қуғын-сүргініне Нығмет НҰРМАҚОВ алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Нығмет Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О. Исаев, А. Асылбековтардың ұйымдары табылды-мыс. Олардың орталықтағы басшы ұйымын Н.Нұрмақов, Т.Рысқұловтар басқарған болып шығады. Мұның бәрі, әрине, ойдан шығарылған болатын.

Мәскеу архивінің анықтамасы бойынша Нығмет Нұрмақов 1937 жылдың 3 маусымында Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалған. Әлихан Бөкейхан екеуі бір «ату тізімінде» болған. Ол екеуі бір күнде – 1937 жылдың 27 қыркүйегінде атылып, сол күні бір жерге көмілген.

Нығмет Нұрмақов 42 жаста ғана болған.

Санжар АСФЕНДИЯРОВ 1937 жылдың тамызынан 1938 жылдың 25 ақпанына дейін НКВД түрмесінде тергелген. Оның Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы жөнінде ашық айтылған, орталықты әшкерелеген тарихи шығармаларын оқуға тыйым салынды.

1938 жылы 13 сәуірде А. Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапханада жұмыс істеген әйелі Рабиға Лапина қамауға алынып, Түркістан әскери округі трибуналының шешімімен сегіз жылға сотталып, саяси тұтқындардың Қарағанды лагеріне аттандырылды.

Нәзір ТӨРЕҚҰЛОВТЫ 1937 жылдың 17 шілдесінде НКВД жендеттері тұтқындады. Осы жылдың қараша айында КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасы түрікшілдікті насихаттады және «халық жауы» деп айыптап, ең жоғарғы үкім – ату жазасына кесті. 1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды.

Сәкен СЕЙФУЛЛИН нақақ жаламен 1937 жылдың 24 қыркүйегі күні қамауға алынған. 1938 жылы «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда Алматы НКВД-сының қабырғасында атылды. Кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін 1957 жылы ақталған.

Сұңқар Сәкен: «Ешқандай қылмыс жасаған емеспін. Алдын ала жүргізілген тергеуде айтылғандарды растамаймын», – десе де, ажал құрығынан құтыла алмады.

Қазақстан үкіметін басқарған Л. Мирзоянның Сталинге жолдаған құпия хаты жарияланып, көпшіліктің талқысына түсті. 1937 жылдың 2 желтоқсанында «аса құпия» деген таңбамен жолданған хатта «қоғамға жат элементтерді тазалау үшін» 1600 адамды атуға лимит сұрағаны – тарихтың бетіне жазылған, мәңгілікке таңбаланған қара дақ.

«Әкем ол уақытта (1937) Жазушылар одағын басқарған. Қазақтың салтымен жаз шыға таудың бөктерінде киіз үй тігіп, сонда демалады екен. Сол жақтан ұстап әкеткен. Қаладағы үйін тінтіп, құжаттарын, шығармаларын алып кеткен. Кейбір шығармаларының қайда екені әлі күнге белгісіз», – деп еске алады Саят Жансүгіров. Ілияс ЖАНСҮГІРОВТІҢ тұтқынға алынған уақыты:  1937 жылдың 5 тамызы.

І. Жансүгіровтің өмірінің ақырғы кезіне дәлел бола алатын екі құжат бар: олар – Ілиястың қайтыс болғандығы мен атылу мерзімі көрсетілген анықтама қағаз. Бұл құжаттар Талдықорғандағы ақын атындағы музей экспонаттары қатарында тұр. Ресми құжаттардың біріншісі «1947 жылы 19 көкекте қайтыс болғандығы», оны Алматы қаласының №2 бөлімшесінің халық соты 29 мамыр 1957 жылы берген. Алайда осындай тағы бір анықтама қағазды 1961 жылы 22 наурыз күні берген. Екіншісі: 1957 жылы 12 сәуірде Кеңес Одағының жоғарғы соты әскери коллегиясы анықтама берген қағазында «Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы 26 ақпан күні атылғандығын» растайды.

Тек 1957 жылы 12 көкекте жазықсыз жазаға ұшырап, республикада отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың, социалистік заңдылықты бұзудың құрбаны болған аса көрнекті қазақ ақыны, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров толықтай, ақталып, туған халқымен қауышады.

Елім деп есіктегі басын төрге сүйреген есіл ерлердің талайының басын жұтқан сталиндік зұлмат «жұмған аузын ашпайтын, қойдан да қоңыр» (Ж. Бектұров) Бейімбет МАЙЛИНДІ де айналып өтпеді.

Бейімбет 1937 жылдың қазан айының 6-сы күні ұсталған. Ілиястан 53 күннен кейін, Сәкеннен 12 күннен кейін тұтқындалуының мәнісі – оның сол кездерде қалада болмауымен, қазақтың алғашқы көркем фильмі «Амангелдіні» түсірудің басы-қасында болуымен түсіндіріледі.

НКВД жендеттері келіп жазушыны алып кетердегі оқиға бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұловтың «Қилы заман азабы» атты кітабында  былайша баяндалады: «Үйден шығар кезде Бейімбет бәрінің бетінен сүйіпті де, Әукенге: Әукен, сен баланың үлкенісің ғой. Мына бауырларыңа қамқор бол. Кітаптарымды сақтап жүр» – дейді. Далаға шығып, «қара құзғынға» жақындай бере Бейімбет жалт бұрылып, екінші қабатта балконда жылап тұрған балаларынан көз алмай тұрып қалады. Қасындағы жендеттер ырық берсін бе, екі жақтан жұлқып, дедектетіп алып кете барған».

Әдебиетте антисоветтік үгіт жұмыстарымен шұғылданған, осындай мақсаттарын іске асыру үшін С. Садуақасов басқарған топқа қосылған, советке қарсы «Жалбыр», «Майдан», «Талтаңбай» деген пьесалар жазған, бірнеше адамды антисоветтік ұлтшыл ұйымға кіруге көндірген, басқа да сан түрлі айыптарды Бейімбетке негізсіз жауып, атышулы 58 баптың 2, 7, 8, 11-тармақтары бойынша айыптаған.

Бейімбет Майлин саяси репрессияның кесірінен 1938 жылдың 26 ақпанында сұраусыз атылды. Ол атылған 26 ақпан күні басқа да 36 адамның өмірі қиылды.  Олардың ішінде І. Жансүгіров, І. Қабылов, С. Қаратілеуов, Ж. Шанин, т.б. бар еді. Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеген Тоқтар Бейісқұловтың көрсетуінше, әйгілі жазушыны айыптайтын сот отырысы 26 ақпанда сағат 12.30-да басталып, 12.45-те аяқталған. Ұлттық әдебиеттің классигінің өмірін жалғыз оққа байлаған үш адам-ақ жасаған шешімге небары 15 минут уақыт кеткен.

Жұмахан КҮДЕРИН  екінші  рет 1937 жылдың 21 мамыр-ында ұсталып, түрмеге отырғызылды. Оны антисоветтік, ұлтшыл, аумақтық көтерілісшілер және диверсиялық-шпиондық ұйымның жетекшісі ретінде тұтқындайды. Күдеринге қатысты дербес іс қозғалады. Ол РСФСР ҚК 58-2, 7, 8, 11 баптары бойынша айыпталды. Тергеуді Алматы облыстық НКВД-нің жедел уәкілетті тергеушісі В.Я. Якупов жүргізді. Оның тұтқындар арасында «өлім періштесі» деген жасырын аты болған, себебі ол жүргізетін істердің барлығы өлім жазасына келіп тірелетін. Жұмахан Күдерин 1938 жылдың 7 наурызында сотталды. КСРО Жоғарғы Сотының көшпелі сессиясының қаулысымен ең жоғары жазаға кесілді. Сол күні атылды.

Алматы қаласы Красин көшесіндегі 47 үйде тұратын атақты тілші ғалым, профессор Құдайберген ЖҰБАНОВТЫ 1937 жылғы 19 қарашада мемлекеттік қауіпсіздік сержанты Хамидуллин тінтіп, қауіпсіздік қызметінің №1022 ордері бойынша қамауға алады. Іле-шала екі күннен соң, Ғылым академиясын қазақ филиалының №99 хаттамасымен профессорды қызметтен босату туралы арнайы бұйрық шығарған. Тергеу кезіндегі «Тұтқын анкетасында» сұрақтардың кейбір жері толтырылып, кейбір жері жазылмаған күйінше қалған. Туған жылы көрсетіліп, аты-жөні жазылмаған, алайда соңында ғалымның өз қолымен қол қойылуы – бұл алғашқы құжатты толтыруда тергеушінің ісі екендігі анық көрінеді.

Тергеу желтоқсан айының 23-і күні аяқталған. Құдайберген Жұбанов атышулы 58-баптың 2, 8, 9, және 11-тармақтары бойынша айыпталған. Ең алдымен бірінші бап (58-2) бойынша «жапон жансызы» ретінде кінә таққан. Ондағысы ғалымның жапон тіліне қызығушылығынан бөлек, 10-нан астам тілді білетіндігі себеп. Ал сот 1938 жылдың 25 ақпанында басталды. Сот мәжілісі 18 сағат 20 минутта басталып, 18 сағат 40 минутта аяқталған. Осылайша Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тағдыры бар-жоғы 20 минутта шешілген.

Шахзада ШОНАНОВА – сталиндік репрессия жылдарында атылған қазақтың үш қызының бірі. Белгілі журналист Қарагөз Сімәділдің жазуынша, совет үкіметін құлатпақ болды деген айыппен Торғай Сүлейменова, Мәмила Таңатова есімді қазақ әйелдері ату жазасына кесілген.

Шахзада Шонанова төре тұқымынан және Бақытжан Қаратаевтың туысы болуы себепті, кейін көрнекті мұғалім Телжан Шонановқа тұрмысқа шығуына байланысты өмірі ауыр жағдайда өтті. 1931 жылы Алматы медицина институтына түсіп, алайда қатаң бақылауда болып, үздіксіз аңду мен қудалаудың астында болған ол 1933 жылы ақыры оқуды тастады. 1937 жылы қисынсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған Шонанова саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Тобықтай түйін: Алаш және Советтік Қазақстан кезеңінің тарихи тұлғаларына қарсы ұйымдастырылған ОГПУ мен НКВД репрессиясы екі кезеңнен тұратынын айтады зерттеушілер. Бұл қуғын-сүргіннің ақыры жаппай соттаудан бөлек жаппай атуға ұласты. 1928-1932 жылдардағы алғашқы сүргіндеу барысында 47 адам тергеліп, 1930 жылғы 4 сәуірдегі сот үкімімен 35 адамға түрлі жаза қолданылған. Ахмет Байтұрсынов бастаған 10 адам атуға бұйырылып, кейін онысы 10 жылдық түрмеге ауыстырылатыны осы кез. Ал 1932 жылғы екінші сот үкімінің Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедұлы бастаған ұлы қайраткерлер тобы 5 жылдық мерзімге Воронежге еріксіз айдалды. «Алаш Орда» кітабының «Абақты жолы» бөлімінде жазылғандай, тұтастай алып қарағанда, 1937-1938 жылғы қанқұйлы сталиндік репрессиядан ешкім де аман қалмаған.

Заңғар Кәрімхан