АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

38

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевті қабылдады. Кездесуде Қазақстан Президентіне Елорда әкімі Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы және қаланың 20 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы жөнінде мәлімделді.
«2017 жылдың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші 2 есеге жуық артты. Өнеркәсіп 7 пайызға өсті. Соңғы бес жыл ішінде 46 индустриалдық жоба бір триллион теңге кіріс әкелді», – деді Әсет Исекешев.
Әсет Өрентайұлы Нұрсұлтан Әбішұлына негізгі капиталға тартылған жеке инвестициялар көлемі ұлғайып, есепті кезең ішінде оның үлесі 70 пайыз болғаны туралы баяндады.
«Өткен жылы 2,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілген еді. Біз қазір жеке инвесторлар мен ұлттық компаниялар есебінен қаланың төрт ауданында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деп түсіндірді Астана қаласының әкімі Әсет Өрентайұлы.
Әсет Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа Елордадағы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы мен Астана маңында жаңа жолдар салу жоспары жөнінде мәлімдеді.
Елордада басқа өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп салынған бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысына қатысты жұмыстарды оң бағалаған Мемлекет басшысы Астана әкіміне бірқатар тапсырма берді.