АСТАНАҒА «ОСКАР» ИЕГЕРЛЕРІ ҚАШАН ЖӘНЕ НЕГЕ КЕЛЕДІ?

17

«Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева 1-5 шілде аралығында өтетін кезекті кино күндеріне дайындық жұмыстарын айтып берді.
«Биыл «Еуразия» кинофестивалі 20-шы рет ұйымдастырылады. Бұл атаулы шара Астана мен Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығына орайластырылған. Өткен жылы «Оскар» иегерлері – Николас Кейдж, Эдриан Броуди, Джон Малкович сынды Голливуд жұлдыздары келген болатын. Биыл да олардан кем түспейтін жұлдыздарды шақырамыз», – деді Айман Мұсақожаева.
Өнер майталманының айтуынша, қазіргі уақытта қазылар алқасы мен құрметті қонақтар тізімі жасалып жатыр.
«1-5 шілде күндері біздің кинофестивальге қатысуға уақыт таба алатын танымал актерлер және режиссерлермен келіссөздер жүріп жатыр. Фестивальде жүзден астам кинолента таныстырылымы өтеді. Отандық фильмдер арасынан Ермек Тұрсыновтың «Киномеханик» фильмі және өзге де туындылар көрсетіледі», – деп өз сөзін толықтырды Айман Мұсақожаева.
Кинофестиваль «Чаплин» кинотеатры базасында және жақын маңдағы қонақ үйлерде өтеді. Жабылу салтанаты «Қазақстан» орталық концерт залында ұйымдастырылады.