«АСТАНА БАРША ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛДЫ»

75

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Астананың құрылысы мен қалыптасу тарихының кезеңдеріне тоқталып, осы үдеріске қатысқандардың барлығы да бұған зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

«Біз бабаларымыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде астанамызды салдық. Әсем қала тұрғызып, оны бүкіл әлемге паш еттік. Астана бүкіл халқымыздың мақтанышына айналды. Көптеген адам мұнда ауа райы жағдайына қарамай тынымсыз еңбек етті», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Астананың айрықша мәртебеге ие болып отырғанын және оның әлемдік аренадағы беделі зор екенін айтты.
«Біз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде тиісті инфрақұрылымы бар, миллион адам мекендейтін нағыз мегаполис тұрғыза алдық. Астана – бүкіл жер шарының назарын өзіне аударып, әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар өткізе алатын дүниежүзіне танымал қала», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қаланың инфрақұрылымын дамыту және трансформациялау, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды салуға қатысты жобалардың іске асырылуы жөнінде есеп берді.
Мемлекет басшысы есепті тыңдап, тартылған инвестиция көлеміне, шағын және орта бизнестің өркендеуіне қатысты қол жеткізілген бірқатар экономикалық көрсеткіштерге оң баға берді.
«Астана – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Тұрғындарының саны 1 миллионнан асты. Халық санының өсуімен қатар тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. 20 жыл ішінде 20 миллион шаршы метр тұрғын үй, 53 жаңа мектеп және 26 аурухана пайдалануға берілді», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Астананың елімізді және экономикамыздың жекелеген секторларын одан әрі өркендету жолындағы маңызды рөліне тоқталды.
«Қала салу жөніндегі шешімді дұрыс қабылдадық. Астана экономиканы әрі қарай дамыту, халық санын көбейту, ғылым, техника және инновация салаларын ілгерілету ісіне тың серпін берді. Елорда құрылысына жұмсалған барлық қаражаттың қайтарымы болды», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясындағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы қала әкімшілігінің және уәкілетті мемлекеттік органдардың ерекше назар аударуын талап ететін мәселелерге арнайы тоқталып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімсіз пайдаланылып жатқанына, көтерме және бөлшек сауда орындарын ұйымдастыруға қатысты проблемаларды да атап өтті.
«2050 жылға дейін тұрғындар саны Алматыда 2,5 миллионға, Астанада 2 миллионға, Шымкентте 1,5 миллионға жетуі керек. Бұл қалалар өсіп-өркендеу мекеніне айналып, оларда әлемдік деңгейде қызмет көрсетілетін болады. Басқа қалалардың да өздерінің даму бағдарламалары болуға тиіс. Үкімет бұл мәселені зерттеуі қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына уақытылы бақылау жасауды қамтамасыз ету қажеттілігін айтып, қалада көлік тұрақтарын салу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Кеңес барысында көлік инфрақұрылымы мен жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын дамыту, демалыс орындары мен білім беру нысандарын салу, қаланың экологиялық проблемаларын шешу және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері де талқыланды.
Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев электр қуатымен жүретін экспериментті «IVECO Heuliz» маркалы жаңа автобусты көрді.

«ҚАЗАҚ»-АҚПАРАТ