ДИАС АБЫЛЕВ: «АТАҚТЫ АНАМНЫҢ «КӨЛЕҢКЕСІНДЕ» ҚАЛЫП ҚОЙҒЫМ КЕЛМЕЙДІ»

25

– Кезінде Астанаға қоныс аударып, қызмет атқардыңыз. Кейін Алматыға қайта оралдыңыз. Мұның сыры неде?

– Негізі Астанаға жеке тұлға болып қалыптасу үшін бардым. Екі жыл Елордадағы газ компаниясының бірінде менеджер болып қызмет атқардым. Сонда жүріп өмірімді өнерсіз елестете алмайтынымды түсіндім. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кететінін» жақсы білемін. Өйткені, жұмыста түскі ас кезінде тамақтануға емес, студияға жүгіретінмін. Анам менің мұнайшы болғанымды қаласа да, өнер ордасы Алматыма қайта оралдым. Шығармашылықты түпкілікті қолға алдым. Жаңа әндер, бейнебаяндар жарыққа шықты. Бірнеше жобаларға қатыстым.

Негізі жоғарғы оқу орнын мемлекеттік басқару мамандығы бойынша бітіргенімді білесіздер. Алайда мамандығым бойынша жұмыс жасамасам да, институтта алған білімім өмірде де кәдеге асып жатыр. Шүкіршілік деймін! Тәуба!

– Әкеңіз музыкант, анаңыз әнші, яғни өнерлі отбасында туып-өстіңіз. Сонда неге басқа мамандықты таңдадыңыз?

– Бұл анамның қалауы еді. Анам маған музыкамен айналысуға мүлдем тыйым салды. Бастапқыда әкем музыка мектебіне скрипка сыныбына берді. Ал анам үш айдан кейін ол жақтан шығарып алды. Себеп, музыкант көп ашқа таппайды! Содан анам менің ағылшын тілін жетік меңгеруіме, институтта өнерге қатысы жоқ мамандық иесі атануыма барын салды. Солай болды да.

– Сонда анаңыз Сіздің әнші болуыңызға неліктен қарсы? Әрине, ақша бұл жерде маңызды емес екені түсінікті…

– Жалпы, анамның пікірін құптаймын. Себебі, қай ана өзінің перзентіне жамандық тілейді дейсіз. Оның үстіне өнер жолы – ауыр жол екенін басқа-басқа емес, менің анам жақсы түсінеді ғой…

– Демек, ата-анаңыз Сіздің тек үлгілі болып, жақсы оқуыңызды талап етті ғой…

– Шынымды айтсам, олар мені қатты қадағалаған жоқ. Бала күнімнен өзімнен-өзім болып өстім. Тіпті, ата-анама ешқашан күнделігімді көрсеткен де емеспін. Бірақ, ата-анамның атына кір келтірмеу үшін намысқа тырыстым.

– Қанша дегенмен Халық әртісі Нағима Есқалиеваның ұлысыз, енді өзге студенттерге қарағанда оқытушылар Сізге басқа көзқараспен қараған шығар?..

– Мен оқыған университетте шетелдік оқытушылар білім берді. Тіпті, олар менің Халық әртісінің ұлы екенімді де білмейтін. Себебі, мен оларға Нағима Есқалиеваның ұлы екенімді айтқан емеспін. Жалпы анасының атын пайдаланып, сол арқылы өзінің мәселесін шешетіндердің қатарына жатпаймын.

– Әңгімеңізге қарасақ, құдды бір атақты анаңызбен бірге тұрмағандай әсер қалдырасыз. Алайда анаңызбен бірге тұрғаныңызды білеміз…

– Бір жылдары мынандай қызық оқиға орын алды: мен жүргізіп келе жатқан көлікті жол көлік полициясы тоқтатты. Жанымда отырған анамды көрген полицей: «Сен әншінің жүргізушісісің бе?» – деп сұрады (күліп).

Жоғарыда өз күнімді өзім көргенімді қалайтынымды айттым ғой. Әйтпесе, ата-анамның мені асырауға шамалары жетеді. Бірақ, атақты анамның «көлеңкесінде» қалып қойғым келмейді. Астанаға қоныс аударғаным да сондықтан еді. Кейін танымал әнші болып жатсам, жұрт бұл анамның арқасы еместігін білсе деймін…

– Анаңыздың арқасында көп жерде Сізге бағдаршамның жасыл түсі жанатыны ақиқат. Қайта бұл жақсы емес пе?

– Әрине, анамның арқасында тез танылғаным рас. Көп жерде сахнаға шығар алдында жүргізушілер: «Сахнада Нағима Есқалиеваның ұлы Диас Абылаев», – деп хабарлайды. Бұл маған ұнамайды. Ал былтыр Нью-Йоркте өнер көрсеткенімде жүргізушілер: «Сахнада жас музыкант Диас Абылаев» деп хабарлады. Халықтың ыстық ықыласы елдегіден кем болған жоқ. Олар менің Нағима Есқалиеваның ұлы болғаным үшін емес, менің өнеріме қошемет көрсетті. Өнер адамы үшін бұдан асқан бақыт болмаса керек.

– Өнерде де, өмірде де жеңістің дәмін жиі татыңыз!

Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті