АТАҚТЫ СПОРТШЫЛАР АШҚАН ОРТАЛЫҚ

17

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

«Майя Манеза» шығыс медицина орталығы

Кәсіп иелері: Вячеслав Ершов пен Майя Манеза

Орталықтың мекенжайлары:

Алматы қаласы, Манаев көшесі, 75 үй  және Байтұрсынов көшесі, 9 үй

Байланыс телефондары: +7 (727) 220-99-30;

+7 707 234 51 11; +7 747 581 82 01

Ресми сайт: www.mayamaneza.kz

Ауыр атлетикадан 2006 жылғы Азия чемпионы Вячеслав Ершов пен екі дүркін әлем чемпионы, Лондонда Олимп шыңын бағындырған әлемге әйгілі Майя Манеза 2013 жылы шаңырақ көтерді. Тіпті, үстіне ұлттық киім, басына сәукеле киген спортшы қыз қазақы салтпен ұзатылды. Артынан қос спортшының Арсений есімді ұлдары дүниеге келді. Бірі Ресейден, екіншісі Қытайдан келіп, Қазақстанның азаматтығын алып, қазақтың туын көтеріп, әнұранын шырқатып жүрген ауыр атлеттердің отбасылық қуаныштарына барша халық куә болды. Ал, Майя Манезаның әлі талай дүбірлі додаларда ел намысын қолдан бермейтініне сенім артты. Дегенмен, өмірде қуаныш пен қайғы егіз төлдей қатар жүретінін ешкім жоққа шығармайды. Әйел, ана бақытына кенелген спортшы ойламаған жерден спортпен қоштасты. Допингпен ұсталғанын алға тартқан Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) 2016 жылы Майя Манезаның Лондон Олимпиадасындағы көрсеткішін жоққа шығарды. Осылайша, ауыр атлет екі жылға спорттан шеттетілді. Дегенмен, Қазақстаннан пана тапқан спортшы қыздың еңсесі түсіп, салы суға кеткен жоқ. Өмірдің жаңа парағын ашты, жаңа кәсіпті игерді. Атап айтқанда, 2017 жылы жұбайы екеуі Алматыда «Майя Манеза» деп аталатын шығыс медицина орталығының негізін қалады. Ал, биыл «оңтүстік астанада» бұл орталықтың тағы бір бөлімшесі есігін айқара ашты. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті кешегі спортшы, бүгінгі кәсіпкер ерлі-зайыпты Вячеслав Ершов пен Майя Манеза зілтемірді инеге қалай ауыстырғандарына тоқталады.

ШИПАЛЫ ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ

Тілі бөлек (Вячеслав Ершов – орыс, Майя Манеза – дүнген ұлтының өкілдері, – ред.) болғанымен, тілегі бір қос спортшы тағдыр қосып, Қазақстанда шаңырақ көтергенін жоғарыда айттық. Қазір олардың ұлы Арсений бес жасқа келді. Үлкен спортта қажетті межеден өтіп, биік белесті бағындырған ауыр атлеттер енді бизнес көгіне бірге қанат қақты. Үнемі «қосылған қос өзен секілденіп» жүретін жарасымды жұлдызды жұп былтыр бизнес жолын бастады.

Осы орайда «Сонда спортшылар қандай кәсіпті қолға алуы мүмкін?» деген заңды сұрақтың туындайтыны рас. Кейіпкерлеріміз денсаулықтың басты байлық екенін жақсы білгендіктен Алматы қаласының төрінен медициналық орталық ашты. Денсаулық пен сұлулыққа көңіл бөлетін орталықтың атауы – «Майя Манеза». Шығыс медицинасының әдіс-тәсілдерін қолданатын орталықты ашпас бұрын олар медицинаның дәл осы түрін әбден сыннан өткізген екен.

«Бұрын жолдасым екеуіміз ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болғанымызды білесіздер. Ол жерде біздің алған жарақатымызды емдейтін және денсаулығымызды қалпына келтіретін қытай дәрігерінің кәсібилігіне тәнті болатынбыз. Шығыс медицинасының не екенін өз тәжірибемізден білгендіктен, осы бағыттағы медициналық орталық ашуды ұйғардық. Бастапқыда спорттық медицинаға бағытталмақшы едік. Алайда, спорттан алыс қазақстандықтар да бізде емделгісі келетінін ескеріп, «Майя Манеза» шығыс медицина орталығын аштық», – дейді 33 жастағы Майя Манеза.

Бүгінгі таңда шығыс медицинасына жүгінетіндердің қатары көп. Өйткені, шығыс медицинасы – адамның ағзасын біртұтас дене ретінде қарастырады. Ал, дененің саулығы адам ағзасындағы қуаттың, яғни ішкі энергияның тепе-теңдігіне байланысты болады. Мұнда бір мүшеге ғана қатысты диагноз жоқ. Ол адамның денесін жанынан ажыратып қарамайды, ондағы сезімдік (эмоциялық), ділдік, рухани қызметтер тек миға ғана емес, әр мүшеге, әр жасушаға тән қасиет деп саналады. Жалпы алғанда, шығыс медицинасы басты назарды емделуге емес, аурудың алдын-алуға аударатынымен құнды.

Шығыс медицинасы өзінің аса мол тәжірибесінде таңғажайып емдеу әдістерімен адам баласының өмірінде кездесетін сан алуан аурулармен қоса, күрделі сырқаттарды емдеп жазып, күллі ғаламды мойындатып келеді. Осыны басшылыққа алған жұлдызды жұп шығыс медицинасының қыр-сырына терең бойлап, өз орталықтарын арнайы құралдармен толық жабдықтапты.

Иә, «Майя Манеза» шығыс медицина орталығы еліміздің кез келген азаматын қуана қарсы алып, ем-дом жасауға әзір. Орталық келушілерді дәрілік шөптер мен массаж, ине, сүлік салу және түрлі гимнастикалардың көмегімен емдейді. Яғни, мануальды терапия, рефлексті терапия және фитотерапия сынды шығыс медицинасы кеңінен қолданылады. Ақылы түрде қызмет көрсететін орталықта Қытайдан келген білікті мамандар еңбек етеді. Сонымен бірге, алдағы уақытта отандық мамандар да қытайлық дәрігерлермен өзара тәжірибе алмасып, науқасты шығыс медицинасымен емдеуді үйренбек.

Майя Манезаның сөзінше, орталықтағы дәрігерлер Қытайдан келген.  Мұнда дәрілік өсімдіктер мен шөп дәрілер қолданылады. Олардың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Бағзы замандарда мысырлықтар алоэ, қараған, анис және басқа да өсімдіктердің шипалық қасиетін біліп, мыңдаған ауруларға қолданған. Төрт мыңдай жыл бұрын үнділіктер 760 дәрілік өсімдікті халық еміне пайдаланыпты. Ал, Қытайда дәрілік шөптер туралы алғашқы кітап 5 мың жыл бұрын жазылған көрінеді.

Кейіпкерлеріміздің айтуынша, орталық дәрігерлерінің науқастарға диагноз қоюды, ауру себептерін анықтауды, жігін ажыратуды кәсіби меңгергені соншалықты, науқастың ауруын бірден анықтайды. Орталықтағы дәрігерлер медициналық тексеру жабдықтарының көмегімен сан түрлі күрделі ауруларды анықтай отырып, қазіргі заманауи технологияларды, ине шаншумен бірге ем шөптерді негізге алып емдейді. Қытайдың дәстүрлі медицинасы арқылы емдеуде шөп дәрілерді пайдалану, инемен емдеу және дене энергия

сын қолдануды негізге алады. Мәселен, бүгінде ине шаншып емдеу әдiсiне соңғы кезде күллі ғалам үлкен көңiл бөлiп отыр. Ине шаншып емдеу адам бойындағы 700 ем нүктесі арқылы жүзеге асады. Ол үшін дәрігер адам анатомиясын терең білуі шарт. Бұл емдеу дәстүрі бойынша жазылмайтын аурулар жоқтың қасы.

Енді «Майя Манеза» шығыс медицина орталығындағы дәрігерлердің негізгі емдейтін ауру түрлеріне тоқталсақ. Олар тыныс жолы аурулары (бронхиалдық астма, демікпе, фарингит, ларингит, гайморит), дене аурулары (ревматизм, радикулит, полиартрит, остеохондроз, грыжа), несеп

жолы аурулары және тері аурулары. Сонымен қоса, панкреатит, инфаркт, сал аурулары сынды дерттерге де дауа таба алатын орталық науқастардың көңіл-күйінің қалыпты болуын бақылайды.

Осы бір жылдың ішінде медициналық орталық жайлы жағымды пікірлер де қалыптасып үлгерді. Мәселен, «Майя Манеза» шығыс медицина орталығынан ем қабылдаған 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, атақты боксшы Ермахан Ыбрайымов: «Кез келген спортшы үшін жеңіс тұғырына көтерілу – басты мақсат. Халықаралық аренада белгілі бір биіктікті бағындыру үшін спортшының рухани да, физикалық та бабы болу керек. Әсіресе, жұдырық соққыларын қабылдайтын боксшылар үшін Қытай медицинасының көмегі орасан зор. Бастың шашынан бастап, аяқтың тырнағына дейін ине терапиясы мен массаж жасау арқылы денені сауықтыру – ежелгі қытай үрдісі. Қытай медицинасының нәтижесін көріп жүрген спортшы ретінде осындай орталықты іске қосып отырған Майя Манезаға алғысымды айтқым келеді. Спортшының жанын спортшы түсінеді», – деп алғысын білдіріпті.

200 МЫҢ АҚШ ДОЛЛАР

ЫМЕН БАСТАЛҒАН КӘСІП

Вячеслав Ершовтың айтуынша, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына шамамен екі аптадай уақыт қалғанда болашақ жары Майяның қолы ауыр жарақаттаныпты. Шегінерге жол жоқ. Екі аптадан кейін әлемдік сайыс болғандықтан ауыр атлеттер осы шығыс медицинасының көмегіне жүгініпті. Ұлттық құрамада спортшылардың денсаулығын бақылауда ұстайтын қытайлық дәрігер жұмыс істейді екен. Бүгін мен болашақтың арасында қиын жағдайда қалған Майя Манеза енді жүз келілік зілтемір тұрмақ мүлде ауыр зат көтере алмауы мүмкін еді. Сол Бейжің Олимпиадасына қатыса алмаса да, шығыс медицинасы дәрігерінің біліктілігінің арқасында Майя Манеза төрт жылда бір келетін дүбірлі додадан кейін ел намысын қорғады. Дәрігер нүктелі массаж бен алтын ине салып, қуаттандыратын шөп дәрілерді береді. Осылайша, Майя Манезаға үш айға жетпейтін уақытта ем қонады. Содан бірер айдан кейін ауыр атлет кезекті кәсіби жаттығуларына кіріседі. 2009 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында жұлдыздай жарқырап, Қазақстанға алтын медаль сыйлайды. Оның жеңіске жетуіне шығыс меди

цинасы жәрдем еткендіктен кейіпкерлеріміз кәсіп бастау алдында көп ойланбастан осы бағытты таңдапты.

Вячеслав Ершов 2014 жылы спорттағы межесіне жетсе, жары Майя Манеза – 2016 жылы спорт сахнасынан біржола кетуге мәжбүр болды. Кейіпкеріміз бұл тақырып қозғалғанда, отыз жасқа таяғанда сүйектер мен буындардың әлсірейтінін және денсаулықтың сыр беретінін алға тартады. Спортшы қанша жерден тырысса да, бұрынғы күш-қуаты мен ерік-жігері қайта оралмайды екен. Сондықтан, уақыты келгенде жастарға орын беріп, басқа саламен айналысу керек деген тұжырымға келіпті. Спорттың қос шебері осылайша спорт әлемінен алыстап, мүлде басқа салада бақ сынап, осындай кәсіптерін ашыпты.

Майя Манеза чемпион атанғанға дейін Қытайға жиі барып, сол жақта жаттығып, дайындығын күшейткенін жақсы білеміз. Чемпион қыз шығыс медицинасы жайлы өзі де жақсы біледі. Сондықтан қазір өзінің медициналық орталығында науқастардың денсаулығына көңіл бөлу

ді қолға алады.

Медицина орталығын ашу шешімі қабылданған соң бір ай өтпей-ақ ерлі-зайыптылар орталыққа қажетті құжаттарды заңдастырып, жұмысқа бірден кірісіп кетеді. Осы уақытқа дейінгі сыйақылары мен айлықтарын жинақтап жүргендіктен оларға жаңа кәсіп ашу қиын болмайды. Бастысы, қолдарында қаржы болды. Алғашқы салым – 200 мың АҚШ долларын құрапты. Бұл медицина орталығының орны мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алғандағы сома.

КӘСІПТЕГІ МІНДЕТТЕРДІ БӨЛІП АЛҒАН ОТАҒАСЫ МЕН ОТАНАСЫ

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өнімді еңбек етіп, кәсіп бастағысы келетіндерге 19 млн теңге көлемінде несие алуға болады. Вячеслав Ершов пен Майя Манеза мемлекет ұсынған бұл мүмкіндікті пайдаланып, пайызы аз несие алып, кәсіптерін жандандыра түседі. Биыл олар Алматы қаласынан «Майя Манеза» шығыс медицина орталығының тағы бір бөлімшесін ашты.

Несие алғандарын жасырмай айтқан кәсіпкерлер осы құпияны ашып, болашақ кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. Бастысы, нық сенім мен мақсаттың айқындығы екен.

Вячеслав пен Майяның айтуынша, өздерінің медициналық орталықтарының сапасы мен кәсібилігі артып, деңгейі жоғары болуы үшін ондағы дәрігердің біліктілігі басты рөл атқарады. Оларға осындай маманды дәл таңдау қиын болыпты. Сонымен қоса, заманауи құралдармен жабдықталған орталықта арнайы аппараттармен жұмыс істей алуы тиіс дәрігер табу оңай болмапты. Осындай үздіксіз іздеу нәтижесінде қос кәсіпкер Ши дәрігерге тоқталыпты. Бұл дәрігер бұрын Қазақстанда бірнеше жыл табысты жұмыс істеген екен. Бүгінде Ши дәрігер орталықта өзімен бірге жұмыс істейтін әріптестеріне үлгі болып, «Майя Манеза» шығыс медицина орталығына келушілердің дертін емдеуде. Ал, орталықта дәрігерлер мен медқызметкерлерді қосқанда жалпы саны 25 адам қызмет атқарады.

Орталықтың қызмет көрсету бағасы қолжетімді. Айталық, орталықта алғашқы бақылаудан өту – 1 мың теңге. Емдеу ұзақтығы мен сырқатына қарай жалпы есеп шығарылады. Дәрілік шөптермен он күндік ем қабылдау – 30-40 мың теңге көлемінде. Ал массаж – 3 мың теңгеден басталып, 8 мыңға дейінгі аралықты қамтиды. Нүктелі инелердің бір процедурасы – 5 мың теңге.

Қос кәсіпкердің алға қойған мақсаттары өте көп. Жоспарларын қағаз бетіне түсіріп және сол жоспар бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуді көздеп отырған кәсіпкерлер міндеттерін бөліп алған. Яғни, құжаттарға қатысты барлық шаруалармен отағасы айналысса, ал отанасы қытай тілін еркін меңгергендіктен мамандар іздеумен, дәрілік шөптерді тасымалдаумен, келіссөздер жүргізумен айналысады. Вячеславтың айтуынша, Майяның саудаға бұрыннан ебі бар екен.

Айта кетейік, «Майя Манеза» шығыс медицина орталығында ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға жиі жеңілдіктер жасалады, кейде медициналық қызмет тегін көрсетіледі.

Тобықтай түйін: Міне, спорт әлемінен бизнес әлеміне қадам басқан қос чемпион еліміздің экономикасы мен халық денсаулығының жақсаруына үлес қосуды жөн көріпті. Тұғыр мен тағдырдың толқыны кешегі чемпиондарды осылайша басқа арнаға салып қоя берді. Рас, Олимпиада тек жүлде таратып қана қоймайды. Олимпиададан спортшылардың сағы сынып немесе мерейі өсіп келеді. Ал, ұлы аламаннан кейінгі тағдыр әр спортшының өзіне тікелей байланысты. Соның бір мысалы ретінде Майя Манезаның тағдырын айтуға болады. Әйтпесе, ет пен сүйектен жаралған пенде/спортшы үшін «допинг дауынан» кейінгі өмір оңай бола бермейтіні жасырын емес. Дегенмен, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Майя Манезаның Лондон Олимпиадасындағы алтынын тартып алғанымен, Коян (2009), Анталья (2010) төріндегі әлем біріншіліктеріндегі, Гуанчжоудағы Азия ойындарындағы (2010) алтындарын, Парижде өткен әлем чемпионатындағы (2011) күмісін жоққа шығара алмайды, спорт тарихында алтын әріптермен жазылған есімін өшіре де алмайды. Бұл – ақиқат!

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті