АТА БАСЫЛЫМНЫҢ ҮШІНШІ ТЫНЫСЫН АШҚАН ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ

82

Әр халықтың халықтығын танытатын өзіне ғана тән ерекше қасиеттері болады. Олар – ана тілі, ұлттық болмысы, діні мен ділі, салт-дәстүрі. Есте жоқ ерте заманнан басталған тарихымызды, тұрмыс-тіршілігімізді, салт-санамызды ауыз әдебиеті арқылы осы заманға дейін жеткізген ана тіліміздің біздер үшін орны бөлек екені айдан анық. Бесік жырымен құлағымызға сіңген, ана әлдиінен басталған таныс үн, таныс әуен сенің қазақ екеніңді, қасиетті бабалар ұрпағы екеніңді еске салып тұрады.

Қай уақытта болмасын ұлттық қасиетімізді, елдігімізді сақтап қалу үшін өздері етігімен су кешкен, аттары ауыздықпен су ішкен ерлеріміз аз емес. Салған әндері мен жалынды жырлары және алуан істерімен халық үшін деп өмірлерін арнаған ер-азаматтарымыздың есімдері ел тарихында алтын әріппен жазулы. Міне, осындай ізгі де батыл әрекеттерімен қазақ халқының ұлттық санасын оятып, тура жолды нұсқай білген зиялы қауым өкілдері тарихымызда «Алаш арыстары» атымен шоғыр жұлдыздай жарқырап, өз дәуірінен алыстаған сайын қадір-қасиеті айқындала түскені бәрімізге мәлім. Басқасын былай қойғанда, елге деп еңбек еткен ұлттық басылымдардың атқарар қызметтері, айтар ойлары, көрсетер жолы мен берер кеңестері қажетті кездегі маңызды мәселелер еді. Ұлттық басылымдар көп болғанын тарихтан білеміз. Әйтсе де, 1913 жылдың 2 ақпанында негізі қаланған ұлттық басылымдардың бірегейі, Алаш азаматтарының жүрегінен шыққан үні бола білген «ҚАЗАҚ» газетінің еңбегі орасан болғанын ұлттық сананың оянып, елдің оң-солына қарап, жақсы мен жаманды ажыратып, ортақ мүддеге топтаса бастауынан көреміз. Ата-баба арманы – тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді мақсат еткен «ҚАЗАҚ» газетінің халықты тура жолға бастай білуі, елдің серпіліп, асқар биікке қол созуы санаға әсер еткен соны сөздердің сапасы еді. Бес жылда 265 нөмірі шығып, әрқайсысы алтын томға бағаланатын газетіміз ұлт көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтардың туған халқы үшін айтар ойы, сөйлер сөзі бола білді. Қазақтың сайын даласын, асқар тауларын, орман-тоғайын «ҚАЗАҚ» газетінің сарабдал сөздері аралады. Жел боп желпіді, жауын боп төгілді, ел сергіді, көздері ұшқындап, жігері тасыды. «Бір кем дүние» дегендей, енді ұйып, біріге бастаған ел тілегін Кеңес үкіметі шайқап, ірітіп жіберді. 1918 жылы наурыз айында «ҚАЗАҚ» газеті біржола жабылды. Ал оның авторларының тағдыры тарихтан белгілі…

Біржола дегеніміз сол кезде айтылғанымен, елім дейтін ұрпағы барда, ұлтым дейтін азаматы барда, тамыры бар ағаш қанша кескенімен, қайта көктейтініндей, қоламта астындағы шоқ ұшқындап жалынға айналатынындай, халықтың жүрегінде сақталған «ҚАЗАҚ» газеті араға 88 жыл салып, халқымен қайта қауышты. 2006 жылдың 22 наурызында жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің бастауымен №266 санымен жарыққа шығып, Алаш арыстарының бір аманаты орындалды. Осындай жарқын істің ұйытқысы, 2014 жылы бақилық болған марқұм Қоғабай Сәрсекеевтің ісін редакция ұжымы мен редактор отбасының жалғастырып, тоқтатпауға тырысқанын дүйім жұрт біледі. Дегенмен, ұлт басылымдарының атасы, ғасырлық тарихы бар «ҚАЗАҚ» газетінің жүйелі шығып тұруы үшін, ізгілікті істің ел игілігіне айналып, тарих көшінен қалмауы үшін де көмек қолын созып, ХХ ғасырда басталған Алаш арыстарының көзіндей басылымды өз қамқорына алған ХХІ ғасырдың Атымтай Жомарты атанған жан – Алаштың анасы атанған Сыр елінің перзенті, Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия түлегі Махмұт Ыбырайханұлы Нәлібаев деп мақтанышпен айтамыз. Құнарлы жердің дәні толық десек, Ұлы Абай айтқан балаға әсер ететін үш нәрсенің бәрі де бұл кісіде бар: ата-бабадан ұласқан тектілік пен орнықты отбасы, білімді ұстаздары мен дарынды достары. Ал олардың үкілі үмітін ақтаған, келешекке деген сенімін орнықтырып, талай жақсы істердің жанында жүрген абзал азамат – «ҚАЗАҚ» газетінің құрылтайшысы, көптеген ұлттық ірі жобалардың авторы, кәсіпкер әрі меценат Махмұт Ыбырайханұлы. Туған жерінің асқар тауларындай асқақ ойлы, дарқан даласындай пейілі кең, шуағы мол шарапаты мен пайым-парасаты жарасқан, білімі мен біліктілігі қос қанаты болып көк аспанда еркін қалықтаған қыран құс іспетті Махмұт ағаның әр еңбегі, әр жақсы ісі ел назарында, халық көзінде.

Біз қазақ елі үшін жасап жатқан іс-әрекеттеріне риза бола отырып, «ҚАЗАҚ» газетінің болашағының жарқын боларына сеніп, демеуші құрылтайшысы Махмұт Ыбырайханұлына алғысымыздың шексіз екенін жеткізгіміз келеді. Ұлы дала елімізде тіліміз бен ділімізді сақтай отырып, туған жерімізді көркейтіп, кемел келешектегі Қазақ елінің өзіндік орнымен бәсекеге қабілетті, дамушы елдер қатарынан көрінуіне еңбек етіп жүрген ел ағаларына амандық тілейміз!

Қ. Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының ұжымы,

Қызылорда қаласы