«АТА БАСЫЛЫМ – ҰЛТТЫҚ БАСПАСӨЗДІҢ АЛҒЫ ШЕБІНДЕ КЕЛЕДІ»

6

«УНИВЕРСИТЕТТІҢ «БІЛІМ ЖАРЫСЫ» ГАЗЕТІ «ҚАЗАҚТЫҢ» ҚОСЫМШАСЫ РЕТІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ»

– Хұсайын Хасенұлы, Ахаң атындағы оқу орнының Ахаң шығарған «Қазақ» газетімен байланысы қашан басталды?

– Қазір жай жобалап айтқанның өзінде кемінде жиырма жылдан асты. Өйткені, университетке Ахаң есімі берілісімен Алаш арыстарының өмірі мен атқарған істері, «Қазақ» газеті жайлы зерттеулер жүргізіле бастады. Журналистер даярлайтын кафедра ашылды. Осы кафедраның аға оқытушысы, «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі, марқұм Байтұрсын Ілияс Ахмет Байтұрсыновтың туған жері Ақкөлде,  қызмет істеген жері Әулиекөлде, алғашқы білім алған ортасы Торғайда болып, ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп, деректі кітап жазды. Униерситетте студенттердің «Білім жарысы» газеті шығарыла бастады. «Өнер» студиясы, студент-жастар театры, Ахаңнын музейі ашылды. Студенттерге «Ахмет тану» пәні бойынша дәріс оқылды. Бұл орайда «Қазақ» газеті жайлы да жан-жақты сөз болғандығы өзінен өзі түсінікті ғой.

2002 жылдың 18 қарашасында ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде арнаулы тіркеуден өткізіп «Жас өркен – Қостанай» журналын шығара бастадық. Өзің осы журналдың 10 жылдан астам уақыт редакторы болып, оның қалыптасуына, оқырмандар арасында танымал болуына көп үлес қостың емес пе?! Қоғабай Сәрсекеев 70-ке толғанда арнайы мақала жазып (№ 2 (39), 2009 ж.) журналдың мұқабасына қайраткердің суретін бастың. Осыны Қоқаң «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» дейтін ғұмырнамалық эссе-балладасына кіргізіпті. «Мен туралы Қостанайда шығатын «Жас өркен» журналы (авторы Серік Шайман) былай деп жазыпты» дейді де, сенің мақалаңның мәтінін толық береді. Онда халық батыры Амангелді туралы роман жазып, оған Ғабит Мүсірепов сияқты киелі қаламгерден фатиха алғандығы, қиын кезеңде баспа ашқандығы, «Қазақ» газетін өз қаражатымен қайта шығарған ерлігі жайлы айтылған еді ғой. Соңында «Көңіл сергіп қалды, ел азаматтары-ай, шіркін, ақтарыңнан жарыласындар-ау, сендерге шоң рахмет – мың алғыс!» деп аяқтапты.

Қайта жарық көрген «Қазақтың» алғашқы санынан бастап Ахаң атындағы оқу орны тығыз байланыста болды. Мен «Төрле, қазақ!» деп газеттің 266-шы санының шығуына орай ақ жол тілеп, өз лебізімді білдірдім. Өйткені, бір кезде Міржақып «Оян, қазақ!» деп ұран тастаса, Алаш арыстары ойлан қазақ деп туған халқын өнер-білімге, өркениетті өмір сүруге, замана ағымына ілесуге шақырды. Ал біздің заманымызда «Төрле, қазақ!» деудің реті де, кезеңі де келді. Бұл біршама күрделі тақырып, оның екі жағы бар. Бірінші мағынасында «Қазақ» газетіне қатысты, екіншісінде бүкіл қоғамға қатысты. Елбасымыздың қазіргі алға қойып отырған асқаралы міндеттерімен өзектес, идеялас. Енді алға жылжып, өз өзімізді көтеріп, басқалармен тереземізді теңестіріп, төрлеуіміз керек. Оны кейінірек таратып айтам.

2006 жылы Қоғабай Сәрсекеевтің келісімімен және «Қазақ» газетін материалдық жағынан қолдап, Ахаңның өркениетті елдерде болатын білім жарысы идеясын жастардың бойына одан әрі сіңіру мақсатында, университеттің «Білім жарысы» газеті «Қазақтың» қосымшасы ретінде шыға бастады. Бұл идеялық жағынан да, дәстүрлік жағынан да жарасымды іс болды. Өкінішке орай, 2009 жылы мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып кеткен кезде жаңа басшылық бұл идеяны түсінбей байланыс үзіліп қалды.

«АЙМАҚТАҒЫ БАЙЫРҒЫ ӘРІ БАСТЫ ОҚУ ОРНЫ»

– Елбасының биылғы Жолдауында білім берудің жаңа сапасы туралы айтылды. Сіздер оны қалай жүзеге асырмақсыздар? Оқу орнының материалдық-техникалық базасы оны көтере ме?

– Ахаң атындағы бұл университет өзінің бастау кезеңін сонау 1939 жылдан алады. Былайша айтқанда, өңірдегі байырғы оқу орны. Содан да оның рейтингі өте жоғары. Материалдық-техникалық базасы бай, профессор-оқытушылар құрамы сапалы. Университет гуманитарлық мамандық иелерімен қатар, инженер-техник, ауыл шаруашылығы, экономикалық сала мамандықтары бойынша да кадрлар дайындайды. Оқу орнында 1200 орындық жатақхана, кең көлемді спорт залы және оның 50-ден астам секциялары мен үйірмелері бар. Оқу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Университетте блоктық-рейтингтік және тест-емтихандық бақылаудың қазіргі жүйесі қолданылады. Оқу процесін компьютерлендіру және бағдарламалық қамтамасыз ету жүзеге асырылған. Интернетке лимитсіз шығуға болады, сапа менеджменті жүйесі сертификатталған.

Университетімізде жалпы көлемі 4000 шаршы метрден астам жерді алып жатқан «Білім орталығы» бар. Онда миллионға жуық кітап қоры, интернет залдары, микрофон кабинеттері, оқу лекция залдары, кітапхана залы бар. Осы «Білім орталығы» базасындағы электронды кітапхана жүйесі біздің еліміздегі және басқа елдердегі жетекші жоғарғы оқу орындарымен ақпарат алмасуға қабілетті. Мұның сыртында бізде бакалавриат, магистратура, докторантура бар, оларда тиісінше 1-3 жыл деңгейінде оқиды.

Көріп отырғаныңыздай, Елбасы Жолдауында айтылған басты мәселелерді жүзеге асыруға бізде толық мүмкіндік бар. Оған барлық ішкі ресурстар жұмылдырылады, қайсыбір салалар қайта құрылып, жаңа сипат алады. Біз жаңалықты қуана қабылдаймыз, оны оқу бағдарламасына енгізуге барынша мүдделік танытамыз.

«БҮГІНГІ СТУДЕНТТІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ»

– Біздің оқырмандарымызға Өзіңіз жайлы да айта отырсаңыз?

– Құдайдың маңдайға жазуы шығар, мен отбасындағы жалғыз баламын. Содан ба, қайдам, ешкім бетімді қаққан жоқ, еркін өстім. Әкем де, нағашыларым да не сұрасам, соны орындауға тырысатын. Елде жоқ ойыншықтарым көп болды. Өзім де ағаштан, темірден, саз балшықтан әлде бір нәрселерді жасап, ойыншықтарымды бұзып, қайтадан құрастырып, әлекке түсіп жүретінмін. Осы күні ойлаймын кішкентай кезінде баланы еркін өсірген дұрыс шығар. Оған қоса, ата мен әженің ықпалында өскен олардың мейірбандылығы мен жан жылуынан нәр алған бала еркін ойлы шығармашылыққа жақын бола ма деймін.

Мен орысша ортада өсіп, орыс мектебін бітірген адаммын. Біздің сыныбымызда үш-ақ қазақ баласы болды. Мектепке дейін әкемді «көке», шешемді «апа» дейді екем. Мектепке барғаннан кейін бір күні «Енді сендерді бұдан бұлай «папа», «мама» деп айтамын» деппін. Қазір ойлап отырсам, бұл біздің санамызда орысша тәрбиенің басталған сәті екен. Соған қарамай үйде ата-анамның мені қазақша тәрбиелеуінің арқасында тілімді, ділімді ұмытпай өстім. Әулиекөл ауданының Николай Островский атындағы Аманқарағай орта мектебін үздік бағамен бітіріп шықтым. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын бітірдім. Ғылыми жұмысымның бәрі Өскемен қорғасын-мырыш комбинатымен тығыз байланысты болды. «Энергияны шикізаттың өз ішінде сыртқа шығармай пайдалану» тақырыбында докторлық дисертация қорғадым. Бұл тәжірибе Қазақстанда, Италияда, Канадада, тағы басқа мемлекеттерде кең қолдау тапты.

Мынау ұбақ-шұбақ өмірдің әр кезеңінде әр жерде, әр түрлі қызмет атқардық. Кезінде республикалық Жоғарғы аттестациялық комиссияның сараптау кеңесінің төрағасы, Ғылым, білім және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты беру кеңесінің мүшесі болдым. ЮНЕСКО-ның Еуропа кеңесі жанындағы халықаралық академиясының, Қазақстан Республикасы жоғары оқу академиясының академигімін. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті ректорының ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры сияқты сан алуан қызметтерді атқардым. Соңғы он бес жылдан астам уақыттағы өмірім өзім туып-өскен Қостанай өңірімен тікелей байланыста өтіп келеді. Ректор, сенатор. Қайтадан ректор дегендей. Елбасымыздың «Туған жерге туыңды тік!» идеясын бұлжытпай орындап келе жатқандардың бірімін. Ахаң атындағы университеттің ректоры бола тұрып, оның материалдық-техникалық жағдайының жақсаруына, профессорлық-оқытушылық құрамы сапасының артуына өз үлесімді қосып келемін. Тәуелсіз елімізге қажетті ондаған мамандық иелеріне жыл сайын жолдама беріп жатырмыз. Ол да мақтаныш. Және көптеген түлектеріміз ел мерейін өсіретін айтулы тұлға, өз ісінің шебері ретінде танылып, оқу орнының абыройын асқақтатып жатады, оған қалай қуанбайсың?!

– Кешегі студент пен бүгінгі студент-тердің қандай айырмашлығы бар?

– Университет балабақша, мектеп емес. Қазіргі студенттермен тең адамдай сөйлесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ асып отыру керек. Олар қазір өзгерді, интернеттен ақпаратты көп алады. Соны өздері қорытып, санасынан өткізіп, «қайтсем дұрыс болады?» деп ойланып, шешім қабылдауға тиіс. Қазіргі тәрбие мезі қылатындай емес, жанама түрде болғаны жөн. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Мынау теледидар мен бейнефильмдер де қатыгездік пен адамдар арасындағы айла-шарғы көп насихатталады. Мен қазіргі жастардың белгілі бір тобы осыған әуейіленіп кете ме деп қорқамын. Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, Отансүйгіштікті шыңдау, терең, жан-жақты білім алуға ұмтылу саябырсып барады. Біздің кейбір «жаңа қазақтар», «жаңа орыстар» дейтін жастарымыз ақша болса бәрін сатып алуға болады деп есептейді. Жарайды, дипломды сатып алсын делік, білімі болмаса сол мамандық бойынша қалай жұмыс істейді?! Қазір өндіріс тұтқасын ұстап отырған кәсіпкерлер де, мемлекттік қызметтегілер де кадрды түріне қарап емес, ой-өрісіне, іскерлік қабілетіне қарап таңдайды.

Біз етектен тартқан ауыр жылдарды артқа тастадық. Қазір игілік нышандары бой көтеріп, зауыт-фабрикалар, зәулім құрылыстар, сапалы жолдар салына бастады. Адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау, жұмысқа тұруға көмектесу шаралары қолға алынып жатыр. Шын мәнінде жоғары қабілетті, бірнеше тілді білетін, қазіргі заманғы техникаларды меңгерген жастар біздер сияқты пәленбай жыл күтіп жүрмей қызмет бабында тез өсіп кете алады. Бүгінгі студенттердің бір артықшылығы осында. Әркімнің тағдыры өз қолында, жас адам өзін замана талабына сай тәрбиелесе, білім алса, технологияны терең меңгерсе, өмірден өз орнын табады. Өйткені, бүгінгі студенттің мүмкіндігі мол.

«ТӨРЛЕТ, ҚАЗАҚ!»

– Өзіңіз Алқа мүшесі болып есептелетін «Қазақ» 105-те. Айтар ақ тілегіңіз қандай?

– Бұл өмірде шындыққа тура қарап, әділ бағасын уақытында беру, айту аса маңызды. Бұрынғы одақ тарап, ел басына алмағайып күн туған қиын қыстау күндері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты дара тұлғаның еліміздің тізгінін қолына ұстауы көп нәрсенің шешілуіне себепші болғандығы бүгінде талассыз шындыққа айналды. Бұрын ешкім білмейтін, тіпті картадан да тауып бере алмайтын қазақ елін шартарапқа танытты. Әлем жұртшылығын өзінің кемел де кемеңгер саясаткерлігімен мойындатты. Халқымызға мамыражай тіршілік сыйлады. Қазақ халқының рухын көтерді. Еңсесі биіктеуіне себепші болды. Кезінде Ахаң айтқан «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолына жұмыс істеу керек» деген Ұлы идеясын басшылыққа алды, оны одан әрі дамытты. Замана талабына сай нақтылады. Оны жүзеге асырудың жолдарын көрсетті.

Елбасымыздың қай Жолдауын алсаңыз да жаңа технологиялар мен демократиялық үрдістердің үздіксіз алға жылжуы, төртінші техникалық революция табалдырықтан аттап тұрған шақта көштен қалмау, озық ойды, озық тәжірибені пайдалана отырып, қарқынды дамуды қолға алу керектігін ескертеді. Ұлттық кодты жаңғырту арқылы қазақ бойындағы қабілет-қарымыңды аш, алға ұмтыл, оянатын, ойланатын уақыт өтті, енді «төрлет, қазақ», мынау әлемнен өзіңе тиесілі еншіңді ал дейді.

«Төрлет, қазақтың!» екінші бір мағынасында мен «Қазақ» газетіне қарата ой толғаймын. Газет қайта шыққан кезде әлде қалай болады деп сенімсіздікпен қарағандар да болды. Ал 2014 жылы Қоқаң ауыр науқастан қайтыс болғанда «енді бұл газет жабылады» деушілер де табылды. Әйтсе де, бас редактор Жасұлан бастаған редакция ұжымы мен Гүлбаршын бастаған Қоғабайдың отбасы қиындыққа төзіп, газетті аман сақтау үшін барын салды. Жағдай тым қиындап қалт-құлт еткен күндерде Махмұт Нәлібаев сияқты ұлтжанды азамат тізгінді өз қолына алып, газеттің үшінші тынысын ашты. (Сөз орайы келгенде айта кетейін, Махмұт інімізді «Жыл меценаты» Ұлттық жүлдесінің жеңімпазы атануымен шын жүректен құттықтаймын).  «Қазақ» газеті қазір ұлттық баспасөздің алғы шебінде деп білемін. Ол бір кездері Әлекең, Ахаң мен Жақаң, Қоқаң ұстанған бағыттан таймай, ұлт ісін жоқтаушы, ұлт ісін насихаттаушы, ұлттың сана-сезіміне қозғау салушы ретіндегі рөлін толық атқарып, Ахаң айтқандай, халықтың көзі, құлағы һәм тілі бола біліп отыр. Бұл орайда редакция ұжымына шығармашылық зор табыс тілеймін!

Менің бір оқшаулау ойым бар. Университетіміздегі «Жас өркен» журналының атауын, мазмұнын өзгерткім келеді. Болашақ журналистер тәжірибе жинақтау үшін бізде «Білім жарысы» газеті, телестудия бар. Сондықтан журналды «Төрлет, қазақ!» деп атап, оны танымдық-тағылымдық, әлеуметтік бағытта шығарып, «Қазақ» газетімен үндестірсек, газеттің қосымшасы ретінде бірге шығарсақ деп ойлаймын. Әрине, біз редакцияға салмақ салмаймыз, қаржы-қаражат жағын, материалдарды даярлау процесін ортақтаса шешеміз.

– Мынау бір өркенді ой, тың бастама екен. Сәті түсіп, жүзеге асып кетуіне тілектеспіз, Хұсайын Хасенұлы! Мазмұнды сыр-сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен:Серік ШАЙМАН,

«Qazaq» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі