АУЫЛҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ҚАЙДА?

76

Нарықтың нар көтермес ауыр жүгі ең әуелі ауылға салмақ салды. Жекешелендіру кезіндегі бұрынғы колхоз бен совхоз қарамағындағы халық дәулеті «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Мал мен жерді жекешелендіріп алған кейбір жаңа қожайындар нарық заңын толық игере алмай титықтады. Ауылшаруашылығы саласының тозығы жеткен техникасы өндіріп жұмыс жасап, мол өнім алуға мүмкіндік бермеді. Ауылдағы мәдениет үйлері мен кітапханалар, балабақшалар бірінен соң бірі жабылып, қара құлыппен мықтап бекітілді. Ал орталықпен байланысатын жолдары қырық тесік болып күрделі жөндеуді күтіп тұрды. 1990-жылы жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) ауылшаруашылығының үлесі 34 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш бар болғаны 7,8 пайызды құрайды. Осы бір қордаланған мәселелерді ретпен шешу үшін мемлекет кешенді жобалар мен бағдарламаларды қолға алды. Жыл сайын мемлекет ауылға миллиардтаған қаржы бағыттайды. Алайда төскейінен төрт түлік өріп, көсегесі көгерген өркениетті ауылдар көрінбейді. Сонда бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржы қайда, кімнің қалтасына кетіп жатыр?

АУЫЛДАҒЫ 7,5 МИЛЛИОН ХАЛЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанның ауыл-аймақтарында 7,5 миллион адам тұрады. Бұл ел тұрғындарының 43%-ы. Демек, елдегі экономикалық белсенді саналатын 9 миллион адамның үштен бірі (3 миллион адам) қаладан тыс жерде, яғни ауыл-аймақтарда тұрады.

Әрине, олардың барлығының ауылшаруашылығы саласында еңбек етпейтіні түсінікті. Дегенмен, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде (ЖІӨ) ауылдың үлесі 2016 жылы 7,8%-ды құрады. Бұл Қазақстанның ауылды жеріндегі еңбек тиімділігінің жалпы және жанама көрсеткіші. Ауыл тұрғындарының айлығы – мемлекет бойынша ең төменгі айлық. Орташа есеппен алғанда айына – 68,1 мың теңге.

Төменгі кірісте шығын да төмен болуы керек. Статистика мұны да көрсетеді. Білім алу үшін өткен жылы қала тұрғыны – 4 мың теңге, ал ауыл тұрғыны – 1,8 мың теңге жұмсаған. Айырмашылық екі есе. Өз денсаулығына қала тұрғыны – 2,5 мың теңге, ал ауыл тұрғыны – 1 мың теңге жұмсаған екен. Бұл – 2,5 есе төмен көрсеткіш.

Жоғарыда жазғандарымыздың қорытындысы ретінде ауылды жердегі тұрмысы нашар тұрғындар қаламен салыстырғанда көп екенін айтсақ болады. Айлық кірісі ең төменгі көрсеткішті көрсететін тұрғындар саны 5 пайызды құраса, олардың 4 пайызы ауылда тұрады.

Сонда ресми статистиканың өзі ауылдағы жағдайдың мәз еместігін көрсетеді. Ал, көп жағдайда ресми статистика санды көтермелеп көрсететінін ескерсек, онда ауылдың бүгінгі халі мүшкіл екенін мойындауға тура келеді.

Тіпті, ауыл болмаса, қалалықтар мұны байқамай да қалуы мүмкін. Өйткені, бұл күндері азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған баяғы ауыл жоқ. Азық-түліктің 40 пайызы шетелден келеді екен.

АУЫЛДЫҢ КӨСЕГЕСІ НЕГЕ КӨГЕРМЕЙДІ?

Ауылдың  дамымай  отыруының  басты себептерінің біріқаланың дамуы, – деп санайды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Айқын Қоңыров. Мемлекет урбанизацияға бет бұрды. Қалалар мен олардың өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылып отыр. Дамыту бағдарламалары негізінен қалада жүріп жатыр. Өйткені, қалада нәтижеге қол жеткізу оңай және арзан. Яғни, ауылдық жер назардан тыс қалып келеді.

Депутаттың айтуынша, қалада 30 мың адамға қызмет көрсететін бір емхана салып, 30 маманды қызметке алған арзанға түседі. Ал ауылдық жердің жағдайында мұндай көлемдегі адамға қызмет көрсету үшін 3-4 шағын емхана салып, 50-60 дәрігерді қызметке алу керек. Бұл Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде мәлім болды. Және де негізгі күштің ауылға емес, қалаға жұмсалатыны 2013 жылғы «Аймақтарды дамыту» бағдарламасын жүзеге асырғанда қатты байқалды.

Бұл орындаушының жауапсыздығынан болатын дүние. Бұл министрлік пен жергілікті әкімшілікке қатысты. Олар жұмысының қорытындысына жауап бермейді, – деп есептейді Айқын Ойратұлы.

Депутаттық қызметінің басында халық қалаулысы ауылшаруашылық техникаларының жағдайына сараптама жүргізген. Анықталғанындай, трактор, комбайн, ауыр жүк техникаларының 80%-ын жаңалау керек. Басым бөлігі ескірген, әбден тозығы жеткен. Жақында депутаттың әріптестері де осындай сараптама жүргізіп, осындай қорытындыға келген. Бюджет қаражатының құйылғанына қарамастан жағдай өзгерер емес.

Барлық ауылдық жерді дамытуға арналған бағдарламалар банк секторынан әріге аспайды. Олар ең басты пайда көретіндер. Шаруалар емес. Ауылдағы бір адамның жұмысбастылығы республикамен салыстырғанда 4 есеге төмен.

БИДАЙ ӨНДІРІСІ: ЖОҒАЛҒАН МҮМКІНДІК

Республиканың орташа бидай өндірісі – 17 миллион тонна. Мемлекет ішінде 9,5 миллион тонна бидайды қолдансақ, 3 миллионы – сатуға, 4 миллионы – фуражға, 2 миллионы – тұқым қорына, 0,5 миллионы – сыра мен спирт өндіруге кетеді. Қалған 7,5 миллион тоннасы – экспортқа шығарылады.

Ең оңай жолы – сату. Бұл жолмен сарапшылар 2008 жылға дейін жүрді. Жеткізу жылдамдығын өсірдік, ескі нарықты қайта «жаулап» алып, жаңасына шығуға тырыстық. Бірақ, аймақтық өндірісшілер бізді басып озып отырды, тиімді баға, жоғары сапа, оңтайлы логистика ұсынды. Қорытындысында біз нарықта «екінші жоспарға» шығып қалдық. Ресей өз өнімін Еуропаға шығарады. Біз Ресей нарығындағы кем-кетіктерді жабамыз. Немесе бидайды науқан мезгілінен тыс уақытта Түркияға сатамыз, олар өнімді өңдеп, ұнды өз өнімі ретінде араб мемлекеттеріне сатады. Бұл тәжірибе дамудың жолын көрсетті. Үкімет ұнды шет елге шығаруға субсидия бөле бастады. Бірнеше жыл бұрын біздің мемлекет ұн экспортынан әлемде алғашқы орында болатын. Алайда рубль курсының құлдырауы бізді шетке ысырды. Біздің оңтүстіктегі көршілеріміз ресейлік жеткізушілерге (поставщик) бет бұрды.

Қарап отырсақ, бұл ұнды өңдеуді дамытуға себеп. Жақсы шикізатты шетелге шығарсақ, біз оның орнына крахмал, сироп, ақуыз, дәрумен сынды тұрмысқа қажетті заттар аламыз.

Бір тонна бидайдың орташа бағасы – 200 доллар. Бір миллион тонна бидайдың экспорттық бағасы – 200 миллион доллар. Крахмал бидайдан үш есе, ал желімтік (клейковина) төрт есе қымбат. Осы көлемдегі бидайды өңдейтін болсақ, жарты миллион долларға түсімі жоғарылайды. Және малға өнім шығады. Орташа бидай өңдейтін зауыт өзін-өзі шамамен 5-6 жылда ақтайды. Жаңа жұмыс орындары ашылады, біздің мамандарға сұраныс артады.

Қазірдің өзінде Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында бұл ресурстан бас тарту шешілген. Басты мақсат – әртараптандыру. Егіс көлемі 12,4 миллион гектардан 10 миллион гектарға дейін қысқарады. Оның орнына май және техникалық дақылдар көлемі артады.

БАҒДАРЛАМА КӨП, НӘТИЖЕ ЖОҚ

– Әрбір жаңа министр келген сайын жаңа бағдарламалар қолға алынатыны жасырын емес. Мамытбеков (2011-2016 жылдардағы Ауылшаруашылығы министрі, – ред.) келгенде «Агробизнес-2020» бағдарламасы дайындалды, Мырзахметов (қазіргі Ауылшаруашылығы министрі, – ред.) келгенде бірден бұл бағдарламаның тиімсіз екенін айтты, – деп түсіндірді Айқын Қоңыров. – Президент бірден оған кемшіліктерді нұсқады. Министр жаңа бағдарлама дайындады. Алдыға жаңа мақсаттар қойды. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру, кооперацияларды дамыту… Нәтижесінің қашан болатыны белгісіз. Нәтиже болмаса ше? Бұған кім жауап береді? Бұл жағы да түсініксіз. Бұлардың барлығын жүзеге асыруға пәрмен алған жергілікті органдар қағазға «суретін салғаннан» басқа ешнәрсе жасап отырған жоқ. Есеп бар, статистика бар, тексеруге болады. Дегенмен нан, ет, сүт түріндегі өнімдер көзге көрінбейді.

Мысалы, етті экспортқа шығару бағдарламасы жасалды. Ол Ахметжан Есімовтың (2001-2008 жылдардағы Ауылшаруашылығы министрі, – ред.) кезінде қабылданған. Одан кейін Асылжан Мамытбеков оны орындауға Парламентте ант-су ішті. Қорытындысында экспорт 10-12 мың тоннаны құрады. Бұл еттің қалай өндірілгені және қай мемлекеттен шыққаны белгісіз.

– Соңғы көңілге қонымды бағдарлама Есімовтың кезінде қолға алынған, – дейді Қазақстанның астық және нан өндірушілері одағының президенті Евгений Ган, – Мәселенің не жайында екені түсінікті еді. Ол «тірі» құжат болатын. Әрине, талас тудыратын сәттері де жоқ емес-тін. Түзетулер де баршылық еді. Бұл туралы сол тұста Ахметжан Смағұлұлымен ақылдастық. Ескертулерімізге құлақ асты, түзетулер де енгізілген еді.

Негізі құжаттағы өзгертулер ауылшаруашылығы министрлігіндегілердің кәсіби деңгейін көрсетеді. Министрлікте билікті заңгерлер мен қаржыгерлер «жаулап» алған. Олар заңды білгенімен, шаруашылықтан бейхабар. Сондықтан әрбір сұрақ тиімділігі жағынан емес, техникалық жағынан шешім тауып жатады. Барлығы шешімін жеңіл тауып жатса, басқа құжаттарда ештеңе өзгерту қажет болмаса, сұрақтар да тез шешіледі. Егер өзгерту қажет болса, тиімділігі айқын көрініп тұрса да, шешім де бүгежектейді.

– Бағдарламаларды қарастыру кезінде барлығы жүйелі түрде қарастырылмайды. Бұл шенеуніктердің арасында кәсіби және тәжірибелі мамандардың жоқтығынан, – деп есептейді Евгений Ган, – Мысалы: біз ұн өндірісін шектеуді ұсынсақ, оның соңы неге әкелетінін де қарастыруымыз керек. Экспорттың қысқаруынан азық базасының да қысқаруына әкеліп соғады. Бұл жерде де бір шешімін тапқан жөн.

P.S. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ішіндегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты ауылды жерлердегі колхоздар мен совхоздар тарап, ауыл халқы күнкөріс қамымен қалаға ағылған еді. Сол тұста техниканың жетіспеушілігінен көптеген жерлер игерілмей қалды, мал басы күрт азайды. Халықтың көпшілігі мал өсіріп, егін екеннен гөрі қалада саудамен айналысып, тіршілік кешуге мәжбүр болды. Алайда ауылдың әл-ауқатын көтермейінше, Қазақстан экономикасы қарыштап дами алмайтынын Мемлекет басшысы да әрдайым назарында ұстап, айтып жүреді. Соның нәтижесінде ауылды дамытуға арналған «Ауыл жылы» (2002-2005), «Ауылдық аймақтарды дамыту» (2004-2010) сынды ондаған мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, бағдарлама аясында миллиардтаған қаржы бөлінді. Бүгінде сансыз бағдарламалар қабылданып та, оларға қыруар қаржы бөлініп те жүр. Алайда Астанадан шыққан сол қыруар қаржы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарынан ауылға жетпей жатыр. Нәтижесінде, Қазақстандағы 7 мыңға жуық ауылдың 2 мыңы –  «жағдайды дұрыстауға болады», ал 1,5 мыңы –  «болашағы жоқ» деп бағаланған. Мұндай қорытындыны басқа емес, Үкіметтің өзі шығарған (Қараңыз: «Болашағы жоқ ауыл бола ма?», №26, 7 шілде, 2017, «QAZAQ»). Ал, ауыл мен қазақ тағдырын екіге бөліп қарауға болмайтынын ескерсек, ауылға бөлінген әр тиынның мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек. Әйтпесе, қазіргі көзқараспен ауылдың көсегесі ешқашан көгермек емес.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті