АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР МЕН НАҚТЫ ІСТЕР

23

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде инфрақұрылымды сапалы дамыту, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсету «Нұрлы жол» бағдарламасының міндеттеріне кіретінін айтқан еді. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында Ақтөбе облысында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жол – экономиканың күре тамыры. Сондықтан ел экономикасының дамуына автомобиль жолдарының қосар үлесі мол. Президент өз сөзінде жайлы да сапалы жол салуға үйренбейінше, өзіміздің стратегиялық мақсатымыздың бірде-біріне жете алмайтынымызды атап өткен болатын. Бұл орайда халықаралық маңызға ие  Ақтөбе-Атырау-Астрахань автокөлік дәлізін қайта жаңғырту – осы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған ірі жобалардың бірі.

«Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Дастан Амановтың айтуынша, халықаралық жолдың 319 шақырымы облыс территориясы үстімен өтеді.

Жобаның жалпы құны – 3,6 миллиард теңге. Мердігер мекеме – алматылық «Ивета Со» ЖШС. Қазіргі таңда жолды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Бағлан Баймағанбетовтің айтуынша, биыл осы жолдың Қарауылкелді селосына дейінгі 17 шақырымы бір қабатты етіп салынады.

Аймақта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқаратын жұмыстар мұнымен шектелмейді. Келер жылы «Центр-Запад» жобасы жүзеге асырылады. Бұл – Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш аралығындағы жол құрылысы. Аймақта бұл  істі 11 лот бойынша жобалау жұмыстары басталыпты. Б.Баймағанбетовтің айтуынша, егер ауқымды жоба ойдағыдай іске асырылса, онда облыс территориясында 518 шақырымдық жаңа жол салынады. Транзиттік дәліз Ақшығанақ, Дүкен секілді елді мекендердің үстімен Ырғызға, Шалқарға, Қандығашқа және осы тұстан «Нұрлы жолға» келіп қосылады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Амантай Бекниязовтың айтуынша, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл облыста жалпы құны 4,3 млрд теңгеге Ақтөбе қаласы мен Алға, Әйтеке би, Шалқар, Мұғалжар, Темір аудандарындағы 10 елді мекенді жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы саны – 13 жоба.

Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылып жатқан 13 жобаның қатарында Ақтөбе қаласындағы 41-разъезде жалпы құны 639751,0 мың теңгеге сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы салынып жатыр.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарланған жобалар жүзеге асқан жағдайда облыстағы орталықтандырылған сумен қамтылмаған елді мекендердің тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде облыстың жылу, су және су бұру желілерінің тозығын айтарлықтай азайтады.

Гүлмаржан ҚОСЖАНОВА