АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АҢЫЗДАР

37

Роберстон «Титаниктің» тас-талқаны шығатынын 14 жыл бұрын болжаған

1898 жылы әйгілі жазушы Морган Робертсон «Титанның қазасы» атты новелланы дүниеге алып келген болатын. Бұл шығармасында жазушы өзінің қиялынан туған Атлант мұхитында мұзтауға соғылып, тас-талқаны шыққан алып кеме «Титан» туралы жазған еді.

Арада он төрт жыл өткенде, Робертсонның кітабындағы аңыз ақиқатқа айналды. 1912 жылы алып кеме «Титаник» мұхит түбіне батып, өзімен бірге 1,5 мың адамның өмірін жалмады.

М.Робертсонның «Титаны» мен «Титаниктің» ұқсастықтары да жоқ емес. Екі алып кеме де сәуір айында су түбіне кеткен. Қос кемедегі жолаушылардың да жартысынан астамының сол кемелермен бірге дәм-тұздары аяқталған. Сонымен бірге, екі кемеде де төтенше жағдайларда адамдарды құтқаруға арналған арнайы қайықтар өте аз болған.

Ең қызығы сол, М.Робертсон аталмыш туындысын «Титаник» ойлап табылардан бірнеше жыл бұрын жазған екен. Алып кеменің мұзтауға соғылып, су түбіне батып кететінін жазушы қалай дәл болжай алғаны кімді де болса таң қалдыратыны анық. Өз кезегінде жазушы бұл жағдайды «көріпкелдік» емес, жәй ғана қиялының кеңдігі деп бағалаған.

Уэллстің атом бомбасы туралы болжамы

«Машины времени», «Войны миров» туындыларының авторы 1914 жылы бір үлкен қаланы атом бомбасы арқылы күлін көкке ұшыруға болатынын жазған екен. Бұл туралы Екінші дүниежүзілік соғыстың өзінде ешкім білмеген деседі. «Освобожденный мир» атты романында негізі ураннан тұратын, «шексіз жарыла беретін» қол гранатасы туралы сөз қозғаса керек.

Айта кету керек, Уэллс атом физикасының қыр-сырын білуге өте қызыққан. Дегенмен, бұл нәрсені соғыста қолдануға болатынын білмеген екен. Ең алғаш атом бомбасын шығарған «Манхэттен жобасы» Уэллстің аталмыш кітабының жарық көргеніне 28 жыл толғанда ғана жүзеге асырылған.

1660 жылы адамның ішкі ағзасын ауыстыруға болатынын айтқан

Роберт Бойль өте білімдар адам болған. Оны тіптен «Заманауи химияның атасы» деп те атаған. Р.Бойль ең бірінші газ қысымының көлемге тәуелділігін анықтайтын Бойль-Мариотт заңын ойлап табуымен әйгілі.

1660 жылы келешек ғылым жолына түскен ғалымдарға арнап «тілектер тізбегін» жасаған болатын. Ол кезекті бір еңбегінде «Болашақта науқастарды ішкі ағзаларын ауыстыру арқылы дерттерінен айықтыруға болатынын» да жазып кеткен.

1954 жылы, дәлірек айтқанда, Р.Бойльдің болжам жасағанына  300 жылдан астам уақыт (үш ғасыр) өткенде  дәрігерлер Джозеф Мюррей мен Дэвид Хьюм ең алғаш рет науқастың  бүйрегін ауыстырған еді және бұл сәтті орындалды. Қазіргі таңда бұл әдіс бүкіл әлемде қарқынды қолданылады.

Марк Твен өзінің өлімін күні бұрын болжаған

1909 жылы автобиографиялық шығармасында Марк Твен өзінің дәм-тұзы таусылатынына көп уақыт қалмағаны жайында жан түршігерлік болжам жасаған еді.

М.Твен 1835 жылы 30 қарашада  дүниеге келген. Бұл Галлея каметасының Жерден көрінетін аумағына кіретін уақытына сәйкес келсе керек-ті. Аталмыш құбылыс 75-76 жылда қайталанып отырады екен. М.Твен 74 жасқа келгенде: «Мен дүниеге 1935 жылы Галлея каметасымен бірге келгенмін. Бұл құбылыс келер жылы тағы қайталанады да мен Галлея каметасымен бірге кетемін» деп жазған болатын. Айтқанындай-ақ, 1910 жылы 21 сәуірде, камета пайда болғанына бір күн өткенде М.Твен көз жұмады.

Сонымен қатар, 1898 жылы М.Твен қысқаша ғылыми-фантастикалық «Из лондонской «Таймс» за 1904 год» атты әңгіме жазып шығады. Бұл туындысында да болашақты болжап кетіпті. Дәлірек айтсақ, бұл шығармасында дүниежүзілік телефондар жүйесімен байланысты Telectroscope атты құрылғыны сипаттаған. Бұл құрылғы арқылы әрбір адам жер шарының кез-келген нүктесінде не болып жатқанын өзі қалаған уақытта біліп отыра алады.

Леонардо да Винчидің болжамдары

Ғалым, суретші, математик, музыкант… Леонардо да Винчи көзі тірісінде өз ізін қалдырмаған салалар кемде-кем.

Леонардо да Винчидің 1480 жылдың ортасынан бастап 1519 жылы өзінің соңғы демі біткенше жазған күнделігі түсініксіз сызбалар мен жобаларға толы болған көрінеді. Ленардо да Винчидің ол сызбаларының, жобаларының өз заманында ешқайсысы жүзеге асырылмағанына қарасақ, бұл да болашаққа жасаған болжамы болып табылады емес пе?

Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетелік, Леонардо да Винчи брондалған үлкен әскери көлік құралдары ойлап табылған күнге дейін  400 жылдан астам уақыт бұрын оның жобасын сызып қойған. Сонымен бірге, Леонардо  парашюттің де сызбасын сызған. Ол парашюттің жобасын сызып қойғанына үш ғасыр өткенде ғана 1797 жылы Андре-Жак Гарнерен ең алғаш рет әуе шарын сынақтан өткізген.

2000 жылы парашютист Эдриан Николас Ленардо да Винчидің жобасымен жасалған парашютті сынап көреді.  Ол бұл әуе шары басқаларына қарағанда барлық жағынан өте ыңғайлы екенін айтқан екен. Бірақ, заманауи әуе шарларына қарағанда Леонардоның әуе шары 9 есе ауыр екен. Сол себептен де жерге қону барысында жарақаттанып қалу әбден мүмкін.

Дайындаған: Ақнұр ТОРҒАУЫТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті