АҚЫРТАСТА ҮШ ЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

68

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Жамбыл облысында іс-сапармен болып қайтты. Сапар барысында министр өңірдегі ерекше тарихи орын «Ақыртас» кешенінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ «Жүк тасымалы» АҚ Президенті Оралхан Кулаковпен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру мәселелерін қолға алуға бағытталған үш жақты меморандумға қол қойды.
Өз сөзінде Арыстан Мұхамедиұлы меморандумға қол қойған тараптар алға қойылған мақсаттарға жету үшін Әулиеата жерінің ескерткіштерін сақтау, зерттеу, реставрациялау, консервациялау және насихаттау ісіне барынша қолдау көрсететінін атап өтті.
Шара барысында Республикалық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтіп, төртінші билік өкілдері министр мен әкімге көкейлеріндегі біраз сауалдарды жолдап, толыққанды жауаптар алды.
Зерттелу тарихына 130 жылдан астам уақыт болған «Ақыртас» кешенінде өткен келелі кездесуде Жамбыл өңірінің туризм саласының дамуы, келешегі туралы сөз болды. Елімізге белгілі тарихшылар мен ғалымдар қатысқан жиында бірқатар мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды. Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген «Ақыртас» кешенінің тарихы қонақтар мен ғалымдарға кеңінен таныстырылып, экскурсия жүргізілді.