АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

178

 «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандаған Алаштың дарынды ақыны, жалынды публицист, ағартушы-демократ Сұлтан Махмұт Торайғыровтың туған күніне орай (28 қазан) шығыс өлкеде болған өмірінің қыр-сырлары бүгінгі «Тарих-тағдырда» баяндалады.

 

СҰЛТАН МАХМҰТТЫҢ СЫРҚАТЫ

Қазақтың атақты ақыны, аяулы перзенті Сұлтан Махмұт Торайғыров  туберкулез дертіне ерте шалдыққан.  Небәрі  27 жасында бұл пәниден кетуінің сыры да осында. Оның қамшының  сабындай  қысқа  ғұмырында  Алтай, Қатонқарағай, Күршім мен Зайсан өңірінің алатын орны да маңызды.

Сұлтан  Махмұттың  Троицк  қаласында оқып жүрген кезінде жазатын «Аптасына екі рет обед етем. Оның өзінде қара шай мен қара нан» сөзі есіңізде ме? Жастайынан көрген жоқшылық пен оқу жылдарындағы тапшылық жас ақынды ауруға душар еткені шындық. Оның үстіне 1914 жылдардағы Семей шаһарындағы жұмыссыздық та діңкелетіп әкеп, денсаулығына кері әсерін тигізді. Осындай бір қиындық, ер басына түскен ауыртпашылық кезеңде ол Семейге келген Қаратай елінің болысы, бай Ережептің Әбдікәрімімен танысады. Дімкәс көңілді жұбатуға осы таныстық да сеп болғанға ұқсайды.

Әбдікәрім Ережепұлы – өз заманының көзі ашық, оқыған, озық ойлы қазағы. Ел басқарып жүріп, қазақ балаларының да білім алуына, еуропалық оқуына жол ашқан тұлға. Ол Алаш Орда қайраткері, сондай-ақ екі мәрте Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған. Кейін 1920 жылы Семейде Алаш партиясының жаңа бағдарламасы қабылданған кезде Әлихан Бөкейханнан кейінгі қосымша баяндаманы осы Әбдікәрім жасаған.

 

СҰЛТАН МАХМҰТТЫҢ МЕКТЕБІ

Әбдікәрім болыстың Семей шәріне келуінің де себебі бар: ол өзі тұратын Алтай өлкесіндегі Шыңғыстайға екі кластық қазақ-орыс мектебін салдыру мақсатында жүрген. Кейін болыстың жоғары жақтағы ұлықтардан рұқсат алып, өз қаржысына Алтай қарағайларынан қиып еңселі мектеп салдырғаны белгілі. Ұлы Абайдың өзі сүйсінген Әбдікәрімнің болыс, бай-бағландығы жақсы жазылған да, меценаттық қабілеті онша танылмаған. Сол уақыттың өзінде қазақ балаларының көзін ашып, хат тануына жағдай жасаған Ә. Ережепұлының меценаттығы қалайда жоғары бағалануы тиіс.

Жаңа ашылған мектепке бала оқытатын мұғалімдердің жалақысын да Әбдікәрім болыс өзі көтеріп отырған. Семей қаласында танысқан Сұлтан Махмұтты да өз еліне шақырып, мұғалімдік жұмысты ұсынады. Демек, ол жас ақынның өкпе ауруына шалдыққанын біледі әрі науқасынан жазылсын деген оймен оны бие байлап, қымыз сауған қыр халқының арасына әдейілеп шақыруы әбден мүмкін. Осылайша Алтайдың төрінде, Марқакөлдің өрінде Сұлтан Махмұттың мұғалімдік қызметі басталады.

Сол уақыттың көзімен қарағанда оқыған қазақ зиялысы ретінде танылып, ой-өрісі кең, білімі шексіз болған ол әу баста-ақ мектеп оқушыларын үйіріп алады. Ауыл балалары ақынды да айналшықтап, жақсы көріп, ол берген сабаққа, білімге ұмтыла түседі. Көзін көрген ауыл қарияларының айтуынша, жас әрі оқыған Сұлтан Махмұттың маңайына жастар аса үйір болған.

Осы мектеп  кейін ақынның есіміне берілді. Сұлтан Махмұт  Торайғыров  атындағы Шыңғыстай орта мектебін қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Сәрсен Аманжолов, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбай, жазушылар Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан сияқты халқына еңбектері сіңген азаматтар бітірген болатын.

 

СҰЛТАН МАХМҰТТЫҢ ҒАШЫҒЫ

Шыңғыстай мектебінде сабақ жеріп жүріп Сұлтан Махмұт Әбдікәрімнің бой жетіп қалған қызы Бағиламен танысады. Болыстың әлпештеп ұстаған қызы да жас ақынға ғашық болған.

Екі жастың арасындағы махаббат сезімі қанша алаулап тұрса да, қосылуына мүмкіндік болмаған. Тіпті, қыздың әкесі Әбдікәрімнің де бұған қылар қайраны жоқ, өйткені Бағила сұлу Қосағаштың Шүй жазығындағы Бұқарбай байдың Ақсұлтан деген ұлына бесіктегі кезінде атастырып қойылған екен. Белгілі тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы Алтайға сапарында туған «Арда Алтай, алтын Алтай, жарқын Алтай» атты жолжазбасында мынадай дерек келтіреді: «Өзін Әбдікәрімнің емес, атасы Ережептің қызымын дейтін Бағила ұзатылып бара жатып: «Әкем айтса көнбес едім, атам айтқан соң көндім» деген екен». Ата дәстүрді бұза алмаған қос ғашықтың махаббат хикаясы осымен тәмам. Қаратай елінің бір таудың екі жағын тел емген Алтай және Қосағаш қазақтарының тамырлы байланысы осындайдан көрінетінін жазады мақала авторы.

Тарихшы  ғалым  айтып  отырған  Бағиланың қайын жұрты   –   Бұқарбайдың  Ақсұлтаны  Шүй қазақтарына белгілі, белді адам еді. 1894 жылы өмірге келген ол 1930 жылы Шүй жері болған көтеріліске қатысып, кейін Айрықша үштіктің ПП ОГПУ-дың Батыс Сібір Өлкесінің №260 шешімімен тергеуге алынған 54 кісі-нің ішінде болған. 1931 жылғы ақпанның 20-сы күні ұсталып, 10 жылға сотталған. Бұл тағдырлы кісінің Бағиладан Боштай деген ұлы, Күлтәй деген қызы қалған. Өлкетанушы Пионер Мұхтасыров таратқан бұл деректерді оның «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты кітабын редакциялау барысында біраз жыл бұрын оқыған едім. Бағила сұлудың арғы жақтағы тағдырын осымен тәмамдап, әңгіменің өзегі Сұлтан Махмұт жайына оралайық.

Сүйген қыздың сыңсу айтып жат жерге кетуі жаны  нәзік ақын, намысқой азамат Сұлтан Махмұтқа ауыр соққы болып тиеді. Ол жаны күйзеле жүрсе де бар ашуын ақ қағаз бен қара сиядан алғандай, жаңа шығармалар жазуға ұмтылады.

Санасын сансыратып, жанын жаралаған осы оқиғадан кейін ол өзінің атақты «Қамар сұлу» хикаясын жазады. Аталған шығармалардың негізінде өз басының мұң мен қайғыдан, ішқұсалықтан арылмаған трагедиясы жатқаны белгілі. «Қамар сұлу» хикаясы өзі ғашық болған сұлуына соққан ұлы ескерткіш болып тарихта қалды.

 

СҰЛТАН МАХМҰТТЫҢ ШЫҒАРМАСЫ

Мұндай жағдайдан кейін Сұлтан Махмұт үшін Шыңғыстай елінде бала оқытуының мәні қалмайды. Келесі, 1915 жылы көктемде Зайсан қаласына  келген оны досы Мәулет Шамсутдинов қарсы алады. Зайсандық бай әрі саудагер Мәулеттің  үйінде жатып қаламгер «Кім жазықты?» романын жазады. Сол үй қазір әлі бар, оны заманының асқан сәулетшісі Баязит Сәтбаев салып шыққан.

 

СҰЛТАН МАХМҰТТЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҒЫ

Сұлтан Махмұт Зайсан, Тарбағатай бойындағы  байжігіттер мекендейтін Терісайрық болысында бала оқытады. Терісайрықтың жері бұрынғы Ақсуат және Тарбағатай аудандарының бірігуінен құрылған бүгінгі Тарбағатайға кіреді.

Ақын  тарлан тау Тарбағатайда болғаны жайында  «Жазықсыз  тамған  қан» атты очеркінде толық баяндайды, осы туындының кіріспесінде: «13 августта Тарбағатай атанған таудың арғы бетіндегі Қытайға қараған елде едім. Тарбағатай жотасынан созылып түскен әрбір салалардың арасы сайын сарқырап аққан бұлақ, жағасындағы көгал  жер, жырақтарда ақ боз үйлі қазақ ауылдары еді. Біз бұл  ауылдарды аралап, біріне қонып, біріне түстеніп жүріп,  бүгін үшінші коналқаға Мәсәлім деген бидің ауылында едік.  Менің еріп жүрген кісілерім бұл елдердің сыйлайтын  ағайындары болғандықтан, олар көрген сый-құрметке мен де ортақ едім» деп жазады.

Сұлтан  Махмұт  Тарбағатай    елінде    жүргенде Алаштың  көрнекті қайраткерлері Ақсуаттан шыққан Бияхмет Сәрсеновпен, Ережеп Итбаевпен және т.б. ел  азаматтарымен танысып, етене жақын болады. Сонымен  қатар, асқан шежіреші, ескіден мол хабары бар Құрбан қажымен де танысады. Құрбан қажының шын есімі Қоңыз болған, қажылыққа аттанып бара жатқанда кезіккен ұлы ақын Абай оны Құрбан атандырып жібереді деген дерек  бар.

Құрбан қажының ауылында Сұлтан Махмұт 1914-1916 жылдары бала оқытқан. Тарбағатай еліндегі Қамысты, Маңырақ, Бозша, арғы бетке тиіп тұрған Қызылащы елді мекендерінде сабақ берген оның осы  өңірдің рухани, ағарту ісіндегі еңбегі орасан зор. Сұлтан Махмұттың мерзімді баспасөздің бетінде  жариялаған «Ескі сөз», «Ақнайман Ойсынбай», «Жалаңаш  баба», «Елден», «Усть-Каменогорск уезден» және т.б. мақалаларының дені Құрбан қажыдан естігендері болған. Сөйтіп жүргенде патшаның 1916 жылғы қазақтан әскер алуы туралы жарлығы шығып, ел ішінде дүрбелең басталуына байланысты бала оқытудың мәнісі кетеді.

Сұлтан Махмұт 1916 жылдың жазында бала оқытқан ақысын да ала алмай, жанын сыздатып, бойын меңдеген көкірек ауруынан да айыға алмай, Семейге қайтады.

 

СҰЛТАН МАХМҰТТЫҢ ҚАЛЫҢДЫҒЫ

«Баянауылда игі жақсының біразы туып-өскен. Сәтпаев, Марғұлан, Айманов, Аймауытов, Торайғыров дегендей тізіліп кете береді. Біз Торайғыр ауылына арнайылап соғып, осында өскен Сұлтан  Махмұт  Торайғыровтың (ақынның туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы) музейіне барған едік», – деп түсіндіреді сапар барысын Ө. Кенжебек. – Сұлтан Махмұттың жүз жылдық мерейтойының қарсаңында 1993 жылы жаңа ғимарат салып беріпті. Алайда, шамалап бес жүз қаралы ауыл ғой, қайбір жағдай жасасын – музейдің іші суық, экскурсовод апай пальтосын шешпей жүр. Ақын өкпе ауруынан азап шегіп, не дұрыс оқи алмай, не жөнді жұмыс істей алмай, ақыры 27 жасында қайтыс болған соң, көрсетер экспонат та қалмапты».

Журналист  Өркен  Кенжебектің  бұл  сапарда тапқан олжасы – тарихи екі фото болды. Оның түсінігін ол: «Алғашқы фотода – Мәлике Иманбаева, баянауылдық қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы мұғалима. Сұлтан Махмұттың қалыңдығы болған екен. Тіпті қалыңмалын төлеп, әне-міне неке қиямыз деп отырғанда, ақын қайтыс болып кетеді. Содан Мәлике ары қарай оқу ізденемін деп, ауылдан кетіп қалады, басқа біреуге тұрмысқа шығады, 1930-шы жылдардағы ашаршылық кезінде қайтыс болыпты», – деп тәптіштейді.

Ал екінші фотодағы адам туралы «…екінші фотода –  Мәликенің сіңлісі  Нағима. Сол Нағиманы 12 жасында Сұлтан Махмұттың інісі, әлде ағасы Бәшенге (шын аты  Байқоңыр  болған-ау)  тұрмысқа  береді.  Осылайша, ақынның келіні (я жеңгесі) болған Нағима апамыз бертінге дейін өмір сүріпті», – деп жазады Ө. Кенжебек.

Тобықтай түйін: Небәрі 27 жыл өмірінде жар сүйіп, бала қызықтай алмаса да, артына өшпестей із қалдырған қазақтың талантты ақыны, жалынды журналисі Сұлтан Махмұт Торайғыров өмірінің қыры мен сыры мұнымен бітпес.