БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

20

Балалар әдебиеті – жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытатын, оларды адамгершілік қасиеттерге баулитын өмір оқулығы. Оның өзектілігі – мектеп жасына дейінгі балбөбектен бастап, жасөспірімдік жасқа дейінгі мектеп оқушыларына әдеби тілде жазылған қызықты шығармалар ұсынатындығымен ерекшеленеді. Өзінің қалыптасуы, даму барысында бірнеше жүз жылдықтарды қамтитын қазақ балалар әдебиетінің өз тағылымы бар, уақыт пен қоғамда болып жатқан өзгерістер, сол кездердегі идеологиялық қағидалардың әдеби шығармаларға тигізген әсерлері бүгінгі күні біраз әдеби шығармаларға басқа қырынан қарауды талап етеді. Тарихи кезеңдердегі әртүрлі әдеби үдеріске байланысты қай шығарманы қалай оқыту керектігі жөнінде сөз ету – уақыт талабы. Өйткені, балалар әдебиеті – қазақтың мәдениеті мен әдебиетінің құрамдас бір бөлігін құрайтын халықтың озық ойлы, терең де тамырлы әдебиеті. Ендеше, ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газетінің балаларға ұсынар өз базарлығы бар.

СЫПАЙЫЛЫҚТЫҢ САЛТАНАТЫ
(ескі ертегінің жаңа үлгісі)

Сақ деген бабамыздың Құн деген бауыры болыпты, екеуінің екі үлкен ауылы болыпты. Түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкі дейтін төрт түлік малы болыпты. Ол кез адам малдың, мал адамның тілін білетін заман болыпты. Күндердің күнінде Сақ пен Құн әңгімелесіп отырса, малқора жақтан айқай-шу шығыпты.
– Қасқыр шапты ма, не болды? Біліп келші! – деп, Сақ інісі Құнды жұмсапты.
Құн ұзақ уақыттан кейін оралып:
– Жылқы мен сиыр жанжалдасып, екеуін зорға ажыраттым. Жылқы: «Тебемін!» – дейді, сиыр: «Сүземін!» – дейді. «Қойыңдар!» – десем, көнбейді. Ақырында: «Ақылдасып, дауларыңды ертең шешеміз», – деп зорға тоқтаттым, – дейді.
– Неге дауласыпты? – дейді Сақ.
– Жылқы айтыпты: «Бұдан былай адамдар мені мінеді. Мен оларға тұлпар болам. Өйткені, төрт түлік малдың ішіндегі ең жүйрігі менмін. Сондықтан мені мінген адам түйені де, сиырды да, қой-ешкіні де қуып жетіп қайыра алады. Аңға да шыға алады, жауға да шаба алады», – деп. Оған сиыр ашуланып: «Жоқ, сенен мен жүй­рікпін. Адамдарға мен тұлпар болам», – депті. Жылқы сиырға, сиыр жылқыға тап берген кезде қорыққандарынан қой-ешкі шулап, түйе боздап қоя беріпті.
– Қызық екен! – деп Сақ күліпті. – Ал енді бұл дауды қалай шешеміз? Соны ақылдасайық.
Екеуі ұзақ ақылдасыпты. Ақырында Сақ пен Құн: «Қалай болғанда да біз: «Сен жүйріксің», – деп билік айтпайық, қайсысы жүйрік екеніне өздерінің де, өзгенің де көзі жететін болсын. Сондықтан екеуін жарыстырайық. Сөре Сақ ауылының шеті, мәре Құн ауылының шеті болсын. Сақ ауылындағы сөреден отыз шақырым жер батысқа қарай тау-тастың, ой-қырдың, шөл мен судың арасымен шауып барсын. Қайтарда тағы отыз шақырым тау-тастың, ой-қырдың, шөл мен судың арасымен шығысқа қарай шауып, Құн ауылындағы мәреге қайсысы бұрын келсе, сол тұлпар болсын», – деген келісімге келіпті.
Таңертең төрт түлікті түгел жинап, Сақ пен Құн бәйгенің шартын баяндапты. «Осылай істесек, әділетті бола ма? Оған төрт түлік қалай қарайды, жылқы мен сиырдың өзі келісе ме?» – деп сұрайды.
Бәрі: «Дұрыс! Келісеміз!» – деп қолдайды. «Ал ендеше, ортаға шығыңдар!» – деп, жылқы мен сиырды сөреге шақырады. Екеуінің мойнына ақ орамал байлайды. «Батысқа қарай отыз шақырым жер жарысасыңдар. Бұл орамалды сол арада сендерді күтіп тұрған төреші шешіп алады», – дейді. Сонан соң сиырдың мүйізіне, жылқының кекіліне бір шөкімнен үкі тағады. «Мәреге қайсың бұрын келсең, оның үкісі алынбайды, тұлпар де­ген атқа ие болып қалады. Ал үкісі алынған мал тұлпар болам деп бұдан былай мәңгі таласпайды», – деп түсіндіреді.
Сөйтіп, сол шарт бойынша жылқы мен сиыр жарысады да кетеді.
Әуелде екеуі жазықпен шабады. Бірінен бірі қалыспайды. Жылқы құйындатып, сиыр зуылдатып, ә дегенше бел асып кетеді. Бір кезде алдарынан асқар тау шығады, беткейі шалғын, асуы тасты екен, екеуі әбден қиналады. Тұяқтарына тас батады, сирақтарын бұта жыртады. Асудан асып, еңіске құлдайды. Тайғанақтап, сырғанақтап, зорға түседі. Сол арада үлкен өзенге тап келеді. Сиыр бас сап су ішеді. Жылқы тар өткел тауып, секіріп өтеді, сиыр жүзіп өтеді. Өзеннің бұл беті қалың тоғай екен, екеуі бір-бірінен көз жазып қалады. Сиыр тоғайдан шыға бергенде бір бүйірден қасқыр шыға келеді. Сиыр қорыққанынан мөңіреп жібереді. Оның мөңірегенін жылқы естіп: «Ә, менің қайда екенімді білмек екен ғой», – деп, кісінеп қоя береді. Сиырды қуып жетіп қалған қасқыр жылқының кісінегенін естіп, сиырға көмек келіп қалған екен деп ойлайды. Жылқының жалғыз шауып келе жатқанын көріп, енді соған қарай тұра шабады. Денесі әбден қызған жылқы қасқырдың үстінен секіріп өте бере артқы аяғымен бір теуіп қалады. Қасқыр қаңқ етіп мұрттай ұшады. Қаңқ еткенді естіп, сиыр артына жалт қарайды. Қасқыр жылқыны бас салған шығар деп ойлайды. Сол кезде қасынан жылқы зу етіп өте шығады.
Бір кезде алдарынан тап-тақыр дала шығады. Күн де шыжып, төбелерін тесіп жібере жаздайды. Өзеннен секіріп өте шыққан жылқы алдымен шөп жейді. Шөлдеген соң шабысы бәсеңдейді. Сол сәтті пайдаланып, сиыр соңынан қуып жетеді. Сөйтіп екеуі отыз шақырым жердегі межеге бірдей жетеді.
Сол арада төреші екеуінің мойнындағы орамалды шешіп алады да, қайтар жолдың бағытын айтып, жолға салып жібереді. Енді сиыр да шөлдей бастайды. Бірақ сыр бермей зырқырап келе жатады. Келе жатып ой ойлайды. Манағы өзеннің төменгі жағынан тағы өтуге тиіс екендерін түсінеді. Соған жетуге асығады. Бірақ тақымдап қалыспай келе жатқан жылқының су ішкен соң сергіп кететінін де болжайды. Не істеуі керек? «Сиыр су таңдамай ішсе, жылқы су таңдап ішеді. Сондықтан өзенге түскен бетте судың бетіне сұйық жапамды шашып жіберейін де, өзім өте шығайын. Жапам ағып, су тазарғанша, жылқы жиіркеніп су ішпей тұрады, сол кезде мен мәреге де жетіп қалармын», – деп жоспарлайды. Бір сәтте мұрны салқын судың лебін де сезеді. Қуанып кетіп, қутыңдай жүгіреді. Жақындай бергенде өзеннің құз тереңде ағып жатқанын байқап, жүрегі су ете қалады. Мөңіреуге де мұршасы келмей, өкіріп жібереді. Сол сәт сүрлеу жолды көзі шалып қалады да, сонымен тарта жөнеледі. Сүрлеу жол жіңішке көпірге әкеледі. Тоқтай қалып алды-артына қарайды. Сол кезде тасыр-тұсыр еткізіп қасынан жылқы өте шығады. Жақын маңайда бұдан басқа өткел жоғына сиырдың көзі жетеді. Не де болса тәуекел деп, көпірден өкіре-мөкіре ол да өте шығады. Бір кезде айтақыр далаға келіп, екеуі де шөлдеп-шөліркейді. Сиыр пысылдап, жылқы пырсылдап, екеуі тағы қатарласады. «Шіркін-ай, бір бастау кезігер ме еді?!» – деп, екеуі де алдарынан қарауытқан тауға үмітпен ұмтылады. Таудың етегі қорым тас екен, жылқы тасырқап, кібіртіктеп шаба алмай қалғанда сиыр одан озып, бел асып кетеді.
Озарын озғанмен, шөлдегеннен тілі аузына сыймай, дем ала алмай, сиыр ентіге бастайды. Енді болмаса сүрініп жығыла жаздаған кезде көзіне шошайып отырған бір суыр түседі. Құйрығын жарқабаққа тығып, жалпиып отыр екен.
– Әй, суыр сасық, су бар ма? Қайда? – дейді. Тілі таңдайына жабысып, соның өзін зорға айтады.
– Сиыр сасық-ау, су мына сайдың дәл түбінде, сонда мөлдіреген бастау бар, – деп, суыр сиырды бұрылыс жаққа бағыттап жібереді.
Артынша ентігіп жылқы да жетеді.
– Суыр мырза, жақын маңайда су бар ма? – дейді өтініп.
– Жылқы мырза, су міне, – деп, суыр секіріп кеткенде, жарқабақтың түбінен мөлдір бастау ытқып аға жөнеледі.
Бастаудың көзін суыр құйрығымен әдейі жауып отырған екен.
– Уһ, көсегең көгерсін, суыр мырза! – дейді риза болған, қанып су ішкен жылқы.
– Айтқаның келсін, жылқы мырза! Қанат бітіп, құстай ұш! Төрт аяқтыдан түгел озып, тұлпар бол! – дейді суыр да жылқының жақсы тілегіне сүйсініп.
Шөлі қанған жылқы, шынында, құстай ұшады. Құнның ауылындағы мәреге бірінші келіп, тұлпар болады. Кекіліндегі жатаң үкі тағылған күйі қалады. Қазақтардың бәйге атының кекіліне үкі тағатын дәстүр сол Сақ пен Құн бабаларымыздан қалған дәстүр екен.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

МАСЫЛ
(әңгіме)

Үшінші сыныпта оқитын Қанат өте жалқау бала. Ешбір жұмыс істегісі келмейді. Ең аяғы өзінің сөмкесін де басқаларға көтертіп қойғысы келеді. Күнде мектептен қайтып келе жатқанда бұл әдеті тіпті өрши түседі. Қарны ашатын болу керек, жол-жөнекей қиқаңдап жүрмей қояды. Мұнысы қасындағы балалардың ығырын шығарып, мезі етеді. Тастап кетейін десе, күнде бірге жүрген жолдас, тағы болмайды. Ең жаманы, оның әлгі жаман дағдысы дәл сол кезде қозады.
Тоқтай қалып, шешілмесе де өтіріктен аяқ киімінің бауын байлайды. Әуелі арқасындағы сөмкесін алады. Үшінші сынып оқушысының жүгі, әрине, жеңіл емес. Оны ақырын жерге қояды не ағаштың бұтағына іледі. Сонан соң жайлап отырады. Аяқ киімінің бауын басқаларға көрсетпей өзі шешіп, қайта байлайды. Сосын орнынан тұрып сөмкесін өтірік ұмытқан болып, алға қарай аяңдап жүре береді. Анандай жерге барғанда санын салып қалып, не Ерланды, не Ермекті, қасында кім бар, соны сөмкесін алып келуге жұмсайды. «Әкеле салшы» дейді жай бір болмашы істей көріп. Олар екінші сыныпта оқиды. Кіші ғой, үлкенді тыңдау керек, жүгіріп барып алып келеді. «Алдыдағы анау бұрылмаға дейін көтере жүрші, менің аяғым ауырып тұр», – дейді Қанат балтырын уқалап-уқалап қойып. Ана бала «жоқ» деп айта алмайды, тағы біраз жерге көтереді. Өзінікі де жеңіл емес, соған қоса, Қанаттікін де арқалайды. Келесі жолы кезек басқа бір балаға келеді. Қанат басқа бір сылтау тауып, оған да арқалатып қояды. Ол осылайша қасында жүрген балаларды ығыр етіп бітті. Тіпті, маңында адам қалмауға айналды. Бірақ, оны осы жаман қылығынан бір жолы ойламаған жерден кішкентей Досбол құтқарды.
Досбол да мектепке баратын. Биыл бірінші сынып, әлі кішкене. Күнде Қанаттармен бірге үйіне қайтады. Кішкентай болса да, сөмкесін өзі көтеріп жүреді. Бойы шағын, ал жүгі өзінен үлкен. Сөмкеден басқа қолындағы дорбасында аяқкиім, тағы бірдеңелері болады.
Бір күні жалқау Қанаттың оған өзінше жаны ашыды. Жаңа мұның сөмкесін «менің де аяғым ауырып тұр» деп көтермей қойған Айбынға енді кішкентай Досболдың сөмкесін көтертіп қоймақ болды. Мақсаты – одан келістіріп өш алу.
– Айбын, менікін көтермесең көтерме. Ана Досболдың сөмкесін көтеріп алшы, ол әлі кішкене ғой, – деді өзінше ақылсып.
Бұл ұсынысқа Айбын жауап беріп үлгермеді, әуелі Досбол тіл қатты.
– Жоқ, керек емес. Мен өз сөмкемді өзім көтерем, – деді жұлып алғандай.
Бұл сөзді естіген Қанат таң қалды. «Көмектесейін деп тұрса, істеп тұрғанын қара мына ақымақтың» деп ойлады ішінен. Бармақтай баланың айтқан сөзіне сенер-сенбесін білмегендей оның жүзіне үңіле қарап:
– Неге?! – деді көзі бақырайып.
– Атам айтқан, – деді Досбол сәл үнсіздіктен кейін. – «Жігіт адам деген өз жүгін өзі көтеруі керек» деп. «Өз жүгін өзі көтеріп үйренбесе, кейін басқаларға масыл болып қалады» деп. Атам тағы: «Масыл адамды елдің бәрі жек көреді», – деген. Мен атамның сөзін тыңдаймын, ешкімге масыл болғым келмейді…
Күтпеген жерден өңменіне оқ болып қадалған мына сөзге Қанат не дерін білмей, аңтарылып тұрып қалды. Қарсы алдындағы кіп-кішкентай бала өзін мазақтап тұрғандай еді. Екі беті ду ете түсті. Артынша кері бұрылып, анадай жерде жатқан сөмкесін алып, екі иығына қондырып жатты.
Қанат содан басқаларды «сөмкемді көтер» деп мазаламайтын болды.

Серік ҮСЕНҰЛЫ, жазушы

ЖЫР ЖОЛДАРЫ
(өлеңдер)

БІР АПТА

Әр апта – айдың бөлшегі,
Уақыттың да өлшемі.
Тізбектелген жеті күн –
Жеті тәулік еңселі.

Келсе апта айналып,
Қалам терең ойланып.
Дүйсенбіде атама
Көмектесем қой бағып.

Айтқан сөзді құп алам,
Сейсенбі бақ суарам.
Тиянақты болғасын
Әрбір ісім ұнаған.

Тапқан емен тынымды,
Сәрсенбі өтер дүбірлі.
Жәрдемдесем әкеме,
Тасып отын-суыңды.

Баламын мен белсенді,
Ұнатпаймын селтеңді.
Жуам киім-кешекті,
Келіп қапты бейсенбі.

Келген кезде жұма күн,
Елден ерте тұрамын.
Айнадай ғып ауланы,
Тап-таза қып шығамын.

Маңдайыңды терлетіп,
Қимылдасаң – мол несіп.
Сенбі үйді жинаймын,
Бөлмелерді желдетіп.

Бақытына балаған,
Жаным дейді мені анам.
Бар шаруаны тындырып,
Жексенбіде демалам.

ҚАЙРАН ҚАЛУ

Күнделікке үңіліп,
Отыр шешем түңіліп.
Апай қойған «екінің»
Тұр құйрығы шұбырып.

Әкем шытты қабағын:
– Бұл не,– деді,– қарағым?
«Екі» екенін білмей ме,
Мен де қайран қаламын.

САУСАҚ САНАУ

Санай алмай саусақты,
Самат әбден шаршапты.
– Нешеу, Самат, саусағың?
– Бәрін қосса – оншақты.

Болат ҮСЕНБАЕВ, ақын