БАЛАНЫ ҒАЛАМТОРДА ҚАЛАЙ БАҚЫЛАУҒА БОЛАДЫ?

13

Компьютерлік және интернет-технологияларының қарқынды дамуы қарым-қатынас және өзін-өзі дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар, қосарлана жүретін агрессия, интернет-тәуелділік және психологиялық қысым сияқты әлемдік тор қаупінен, әсіресе, балаларымызды қорғау өте маңызды болып табылады.

«Ата-ана бақылауы» қызметі, жағымсыз контенті сүзгіден өткізу арқылы және жеке компьютер, ноутбук, планшет, смартфондар сияқты кез-келген құрылғылардан интернет желісіне қауіпсіз қосылысты қамтамасыз ету арқылы балаларды жағымсыз ақпараттан қорғайды. Баланың жас шамасына қарай қызмет қауіпті контент қолжетімділігінен қорғауға мүмкіндік береді: 7 жасқа дейін – блоктаудың жоғарғы деңгейі, 7 жастан 12 жасқа дейін – блоктаудың орташа деңгейі, 12 жастан жоғары – блоктаудың төменгі деңгейі қолданылады.

Қызметті қосу cabinet.idport.kz жеке кабинет арқылы немесе 160 нөміріне өтінім беру арқылы (Megaline/iDNet қызметін қолданушылары үшін) жүзеге асырылады. Осылайша «Ата-ана бақылауын» орнатуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін жеке кабинетіңізге кіріп (тіркелу керек), күдік тудырған кез-келген сайтты бұғаттай аласыз. Құны – айына 500 теңге. Ал айына 400 теңгеге «Қазақтелекомның» «Child Web Guardian Pro» қосымшасын жүктеуге болады. Бұл қосымша бала үшін қауіпті порталдарды анықтайды және ата-аналардың балаларының ғаламторда қай порталға кіріп, қандай ойын ойнағанын бақылауға мүмкіндік береді.

«Ата-ана бақылауы» қызметі «Windows» бағдарламамен қамтамасыз ету жүйесінде де бар. Оған «Ата-ана бақылауын» орнатсаңыз, компьютерлік администратор орнатқан ережеге сай емес порталдарға кіру оңай болмайды. Оны орнату қиын емес: «Пуск – Панель управления – Учетные записи пользователей – Создание учетной записи». Осыдан кейін «Ата-ана бақылауы» орнатылады. Бұл өз кезегінде балаңыздың қандай сайтқа кіріп, қандай ойын ойнағанын немесе нені жүктегенін бақылауға болады. Бір ескере кететіні, бұл «Windows»-тың бағдарламасы сайттарды өздігінен автоматты түрде бұғаттай алмайды.

Ал балаңызды ғаламторда бақылауға мүлдем уақытыңыз болмаса, онда ақылы антивирус бағдарламасын сатып алыңыз. Мәселен, «Kaspersky Internet Security» бағдарламасының бір жылдық құны – 12 000 теңге. Бағдарлама мазмұны күмәнді сайттар мен ойындарды автоматты түрде бұғаттайды, сенімді интернет-қорғаныс, баланың қандай әлеуметтік желіде қанша уақыт отырғанын анықтайды, тіпті, баланың интернетте отыру уақытына да шектеу қоя алады.

Егерде жылына 12 000 теңге тұратын «Kaspersky Internet Security» бағдарламасын қымбат десеңіз, онда бір жылға жарамды «Eset NOD32 Internet Security» бағдарламасын 7 500 теңгеге сатып алсаңыз да болады. Бұл бағдарлама көмегімен мазмұны күмәнді 20-ға жуық ересек сайттар бұғатталады.

Негізі интернет-дүкендерде мұндай мазмұндағы қолжетімді бағдарламалар мен қосымшалар аз емес. Мәселен, «Google Play»-де «Ата-ана бақылауына» арналған 500-ге жуық түрлі қосымшалар бар.

«QAZAQ»-АҚПАРАТ