«БАЛА ЖАМБЫЛ МЕН БОЛАМЫН БҮГІНГІ…»

23

2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қорында Қазақстанның ең жас ақыны Жамбыл Дүйсенұлының «Періште тілек» атты тұңғыш өлеңдер жинағының тұсауы кесілген-ді. Шын мәнінде, жаңа туған күндей жарқырап шыққан жас ақынды бүкіл тілеулес елі-жұртына, байтақ Қазақстанға жар сала таныстырып, зор сүйінішпен аталық ақ батасын беріп, алғаш тұсауын кескен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі еді. Атап айтқанда, 2011 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында Нұрсұлтан Әбішұлы өзін бүгінгі жас ұрпақтың қарышты қадамы қуантып, сергек санасы тебірентетінін айта келе, «Егемен Қазақстан» газетінде жеті жастағы Жамбыл деген баланың жазған өлеңін көпке сүйіншілеп жария еткені жадымызда. «Мектеп табалдырығын жаңа аттаған қаршадай баланың бұлай жырлауы үмітімізді арттырады, осылай ойлауы бізді қуантады. Біз осындай жастарды тәрбиелеуіміз керек. Ендеше, біздің болашағымыз – жарқын, келешегіміз – кемел», – деген Мемлекет басшысы бала Жамбылдың жүрек жалынынан, отты жырларынан күллі жастарымыздың бейнесін көріп, Тәуелсіздігіміздің болашағын бағдарлағандай болды. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті әріпті екі жасында таныған, бес жасында алғашқы өлеңін жазған,
бір жылда бірінші, екінші сыныптың бағдарламасын толық меңгеріп, бірден үшінші сыныпқа барған,  жеті жасында Астананың төрінде алғашқы жыр кешін өткізген, тоғыз жасында тұңғыш өлеңдер жинағын оқырманға ұсынған, осылайша жас ақын ретінде есімі Қазақстан рекордтар кітабына енген
15 жастағы Жамбыл Дүйсенұлының өлеңдерін оқырман назарына ұсынады.

Сарқытымын Жамбылдың…

Екі мың үштің сәуірінде ашқан өмір есігін,
Сарқытымын Жамбыл қарттың, Жамбыл менің есімім.
Іште жатып ғашық болдым бабалардың жырына,
Өлең-жырмен әлдиледі туған жерім, бесігім.

…Екі жаста әріп жаттап, ата-анама жағыппын,
Төрт жасымда алыс-жақын, жақсы-жаман таныппын.
Алты жаста аяқтадым бір мен екі сыныпты,
Жеті жаста сан жүлдені иеленген алыппын.

Мектеп барып, сыңғырлатып қоңырауды қаққанмын,
Мектебімнің намысы үшін талай жұмыс атқардым.
Есіміме лайық бір елдің жүгін арқалар
Ұлы болып азаматтық борышымды ақтармын.

Деген сенім жетелейді мені алға ой-санам,
Арманым көп алға қойған, асулар көп аңсаған.
Мен халқымның қара нары қазақ үшін туғанмын,
Елім, жерім, тілім үшін өлгенімше шаршаман.

Күресемін адамдық пен ақиқаттың жолында,
Мен тұлпардың тұяғымын шаң боратқан соңында.
Қазағымның қазақ болып жер бетінде қалуы
Ұлт тізгінін ұстап жүрген ұлдарымның қолында.

Рас, солай, мен елімнің ертеңіне жауапты,
Тәуелсіз ел тарландары болу керек талантты.
Еркіндіктің қыраны мен елім үшін туғанмын,
Жырлап өтем тау жырыммен қайсар ұлтым қазақты.

Мен – қазақпын!

«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген»,
Мақтанамын анам туған тіліммен.
Дүниеге жар саламын айқайлап,
Сәби жүрек, пәк періште үніммен.

Мен – қазақпын, ұлылардың көзімін,
Абай, Мұхтар, Баукеңдердің сөзімін.
Жеткіземін жауқазындай жырыммен,
Жұбан, Мағжан, Сәкендердің сезімін.

Мен – қазақпын, мен – ұлтымның ұлымын,
Мұқағали, Мұхтарлардың жырымын.
Басқа жанға бас имейтін Тәңірден,
Мен азатпын, бір Алланың құлымын.

Мен – қазақпын, жатты бауыр көремін,
Қолда барды қонағыма беремін.
Пенделікті пейіліме жеңдіріп,
Ертеңіме еш алаңсыз сенемін.

Мен – қазақпын, алдаспандай өткірмін,
Елім десем, келмес қарап тек тұрғым.
Өкінемін өгейсітіп өз тілін,
Өзге тілде шүлдірлесе көп құрбым.

Мен – қазақпын, шындық менің ұраным,
Шындықты мен алашым деп ұғамын.
Тілім, жерім, елім дейтін еңіреп,
Ертең мен де ата жолын қуамын.

Қазақпын мен, пір тұтамын тілімді,
Қара нар боп көтеремін жүгіңді.
«Қазағым» деп қарс айырылған жүрегі,
Бала Жамбыл – мен боламын бүгінгі!

Тілдің жайы – жөргектен

Ана тілім, сен менің – арым, бағым,
Сені ойласам келмейді дамылдағым.
Бұл жырымды арнадым жаным саған,
Бала Жамбыл сыйы деп қабылдағын.

Тілім, сенің құныңды білмегендер,
Құлағына сен жайлы ілмегендер.
Құзғындайын жатса да жүзге жетіп,
Адам болып мәнді өмір сүрмегендер.

Тілім, сені өксітіп, жылатқандар,
Шұбарлап, ластауды ұнатқандар.
Туған ұлттың тұнығын лайлаған,
Жүзі қара, жүрексіз, суайт жандар.

Тілім, сені менсінбей, қорлағандар,
Өгейсітіп, араша болмағандар.
Опасыздық жасаған Отанына,
Олар – нағыз намыссыз, оңбағандар.

Тілім, сені ту ғылып көтергендер,
Анасының ақ сүтін өтегендер.
Ана тілін анам деп аялаған,
Аруларды, жігіттер, мәпелеңдер.

Үлбіретіп үкілі үміттерді,
Сенімдерге жеңдіріп күдіктерді.
Асыл жарға таңдай біл, ару қыздар,
Ана тілді, айбынды жігіттерді.

Сені сүйіп, құрметтеп, бағалаған,
Кім болса да дос, бауыр, аға маған.
Менің жауым екенін біліп жүрсін,
Басыңа балта шауып, аралаған.

Мен сені қорғап өтем, өлмесін деп,
Тілім өліп, шырағым сөнбесін деп.
Қадіріңді білмейтін қатігездер,
Қазақты да, сені де көмбесін деп.

Сен көмілсең түнекке, мен де өлемін,
Тілі өлгеннің көрмедім өрлегенін.
Әр қазақтың баласы, дұрыс шығар,
Тілдің жайын жөргектен жөндегенің.

Нұр атам

Нұр атам менің намысын отқа қайраған,
Күндіз де түнде халқының қамын ойлаған.
Қазақтың атын танытып әлем жұртына
Байрағын ұлттың басына шыңның байлаған,
Нұр атам менің, маңдайдан бағы таймаған.

Алладан тілеп атаң мен анаң жылаған,
Райымбек бабам басына түнеп сұраған.
Ұл едің, ата, ұлтыңның туған бағы үшін
Болсам да сәби сеземін бәрін, қуанам,
Сен пәксің, ата, кіршіксіз жансың күнәдан.

Өмірің үлгі, білімде, спорт, өнерде,
Ұмтылып алға түспеді еңсең төменге.
Өзімді – шыбық, ал сізді, ата, ұқсатам
Ақылдың кені, алып бір үлкен еменге,
Өзіңді қосып өсиет еттім өлеңге.

Өлгенше жүрген Жамбыл бабамды жағалап,
Қызыл жолбарыс Үшқоңырды кеткен аралап.
Дейді ғой, ата, қолыңды сенің иіскепті,
Басыңа қонған сол шығар, бәлкім, дара бақ,
Иесін тапты іздеген барыс аралап.

Кемеңгер – атам, данышпан – атам, Нұр атам,
Асқар тауымыз боп, аман да есен жүр, атам!
Қазақтың бағын өзіңнен артық асырар
Болған да емес, болмайды ешкім – біл, атам,
Қарт Жамбылдайын бір ғасыр өмір сүр, атам!

Бабамның атын өшірмей ізін жалғаған,
Мен – бала Жамбыл жырымды Сізге арнаған.
Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый,
Алаулап жансын, сөнбесін оты маздаған,
Нұрлы жолыңыз мәңгілік болсын, Әз-бабам!

Нұрсұлтан атам, қазақтың тұңғыш Елбасы,
Астана – жұмақ, ұлтымның ұлы ордасы.
Мейірі түсіп, пейілі түсіп әрдайым,
Алланың нұры, атаның рухы қорғасын!
Алланың нұры, атаның рухы қолдасын!