БАЛА КҮТІМІНЕ ДЕМАЛЫС немесе мемлекет пен жұмыс берушінің міндеттері

68

Аяғы ауыр қызметкерін жұмыс беруші қай уақыттан бастап жұмыстан шығара алмайды?

Жұмыс беруші  қызметкерді жүктілік мерзімінің 12 аптасы-нан бастап жұмыстан шығаруға құқығы  жоқ. Сонымен қатар, үш жасқа дейінгі баласы бар, 14 жасқа дейінгі баласын өзі қамтамасыз етіп отырған жалғызбасты аналарды (бала мүгедек болса 17 жасқа дейін) және тура осы балаларды анасыз бағып отырған өзге адамдарды жұмыстан қысқарта алмайды.

Егер аяғы ауыр қызметкердің еңбек шартының да мерзімі бітіп жатса не істейді?

Егер әйел еңбек шартының уақыты бітем дегенше өзінің жүкті екені және мерзімі 12 аптадан асатындығы туралы дәрігерден анықтама әкелсе, жұмыс беруші қызметкердің жазбаша өтініші негізінде еңбек шартын ұзартуға міндетті.

Аяғы ауыр қызметкер жұмысын жеңілдетуге құқығы бар ма?

Иә, бар. Жұмыс беруші медициналық қорытынды негізінде аяғы ауыр қызметкерді  басқа жеңілдеу, яғни денсаулығына қауіпсіз, зиянсыз қызметке орта жалақыны сақтап, ауыстыруға міндетті.  Егер істеп жүрген қызметі денсаулығына зиян болған жағдайда, басқа қызметке ауыстырылғанша жұмыстан босатыла тұрады. Ал егер аяғы ауыр әйел ауыстырылған қызметіне көңілі толмаса, онда декреттік демалысқа шыққанша әйел қызметтен босауына болады, бұл жағдайда еңбекақысы тоқтатылады. Қосымша жұмыстарға аяғы ауыр әйелдер жіберілмейді.

Аяғы ауыр әйелді қай мерзімінде жұмыс беруші декреттік демалысқа жіберуге міндетті?

Уақытша еңбекке жарамсыз қағазында көрсетілген уақыттан бастап аяғы ауыр қызметкер жүктілік кезіндегі және бала күтіміне арналған уақытша еңбекке жарамсыздық демалысын рәсімдей алады. Жүктілік және босануға арналған демалыс 70 жұмыс күн босанғанға дейін, босанғаннан кейін 56 күн, егер босану қиын өткен жағдайда немесе екі және одан да көп баланы дүниеге әкелген жағдайда 70 күннен аса созылады, егер басқа да жағдайлар туындағанда ҚР заңнамасына сүйеніп шешіледі.

Декреттік демалысқа баланың әкесі шыға ала ма?

Иә, шыға алады. Жұмыс беруші баланың әкесіне немесе шешесіне бала 3 жасқа жеткенше бала күтіміне байланысты  еңбекақысыз демалыс беруге міндетті.

Қызметкер жұмысқа қай уақытта шыға алады?

Бала үш жасқа жеткенше қызметкер қалаған уақытында жұмысқа шыға алады. Егер қызметкер бала күтіміне байланысты демалыс мерзімі бітпей жатып жұмысқа шыққысы келсе, ол жұмыс берушіге бұл туралы бір ай бұрын хабарлауға міндетті.

Қызметкер уақытынан ерте жұмысқа шыққан жағдайда бала күтіміне алатын жәрдемақы сақтала ма?

Иә, сақталады. Бала бір жасқа жеткенше жәрдемақы тоқтамайды  және қызметкердің жұмысқа шыққан шықпағанының қатысы жоқ.

Баласы үш жасқа толмай жұмысқа шыққан қызметкердің жұмыс кестесі қандай болу керек?

1,5 жасқа толмаған балалары бар жұмыс істейтін әйелдерге (асырап алынған болса да), 1,5 жасқа толмаған анасы жоқ,  бала бағып отырған ер кісілерге  жұмыс уақытында баланы тамақтандыру үшін әр үш сағат сайын  қосымша үзілістер беріліп тұруы тиіс, мысалы:  1 баласы бар болса, әр үзіліс 30 минуттан кем болмауы тиіс, ал екі немесе одан да көп баласы бар болса, әр үзіліс 1 сағаттан кем болмауы тиіс.

Үзілістерді түскі үзіліс  уақытына қосуға болады немесе қызметкердің қалауы бойынша бір күн бойғы үзілістерді жинақтап, жұмысқа түске дейін немесе түстен кейін келуіне де болады.

Кірісін жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлемдерді алу үшін қандай құжаттарды рәсімдеу керек?

Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтінішті электронды немесе қағаз түрінде өткізуге болады.

Жеке басының төлқұжаты, жүктілік және босануға берілген (асырап алуға) уақытша жұмысқа жарамсыздық туралы анықтама, жеке кәсіпкерлер үшін қосымша салық және басқа мемлекетке төленетін міндетті төлемдерді төлеп жүргендігі  туралы  Мемлекеттік  кіріс  департаментінен алынған салыстырмалы акт;

Банк шотының нөмірі;

Егерде  1 жасқа толмаған бала күтіміне байланысты кірісін жоғалтқан жағдайда, баланың туу туралы куәлігі немесе туылғаны жөніндегі актілік жазба;

1 жасқа толмаған баланы асырап алу жөніндегі берілген соттың шешімі;

Бала қайтыс болған жағдайда, баланың қайтыс болғандығын растайтын куәлік немесе қайтыс болғандығы жөнінде актілік жазба.

Жоғарыдағы тізімде көрсетілген құжаттардан бөлек өтінішпен бірге Мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған мәліметтер  қоса өткізіледі:

Өтініш берушінің жеке басының төлқұжаты;

Тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама;

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген куәлігі (Жүктілік және босану, асырап алуға байланысты кірісін жоғалтып, әлеуметтік төлемге өтініш жазуға жеке кәсіпкер ретінде келгендер үшін).

Бала күтіміне арналған жәрдемақыны рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?

– Жеке бас төлқұжаты, оралмандарға оралман төлқұжаты;

– Неке қию немесе ажырасу куәлігі;

– Бала асырап алынған жағдайда баланы асырап алуға рұқсат етілгенін растайтын құжат;

– Банк шотының нөмірі.

Жұмыс істейтін әйел декретке шыққанда оған қандай төлемдер төленуі қажет?

Жұмыс істейтін әйел декреттік демалысқа шыққанда оған жүктілік және босануға әлеуметтік төлем төленуі қажет, ол бір рет қана төленеді және босану қиын өткен жағдайда  он төрт жұмыс күніне берілген уақытша еңбекке жарамсыз қағазын өткізсе ғана әлеуметтік төлем қайта есептелінеді.

Жүктілік және босану, жаңадан туылған баланы асырап алуға төленетін әлеуметтік төлемнің көлемі аяғы ауыр әйелдің орташа жалақысын еңбекке жарамсыз күндердің  коэффицентіне  көбейту арқылы есептейді.

Мысалы: Еңбекке жарамсыз күні 126 күн болса, онда коэффицент 4,2 болады, ал 170 күн болса (экологиялық аймақтарда тұратын әйелдерге арналған) 5,7 болады, егер еңбекке жарамсыздық күні 184 болса (босану қиын өткен немесе екі және одан да көп сәбиді дүниеге әкелгенде) коэффицент 6,1 болады. Осылайша бір реттік әлеуметтік төлемнің көлемін білу үшін, өзінің орташа жалақысын коэффицентке көбейтіп, 10%-ын  (МЗА – міндетті зейнетақы аударымы) алып тастаймыз. Бірақ есептегенде 10 ЕТЖ (ең төменгі  жалақы) көлемінен аспайтын кіріс қана саналады, яғни әйелдің айлығы қанша жоғары болса да оның ең жоғарғы төлемі:

244 590 х 4,2-10% = 924 550 теңге.

*244 590 – 10     2017 жылғы ЕТЖ.

Босанған әйелге қандай төлемдер төленуі тиіс?

Бірінші, екінші және үшінші  балаға 86 222 теңге;

Төртінші балаға 142 947 теңге.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы көлемі қандай?

Бала күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлем бала бір жасқа толғанға дейін төленеді.

Бала бір жасқа толмай қайтыс болған жағдайда бала қайтыс болған айға дейін төленеді. Жұмыс істейтін әйел немесе ер кісі үшін айына алатын ақшасы жалақысының 40%-ын құрайды.  Сонымен қатар, айына алатын жәрдемақы көлемі 10 ЕТЖ-ның 40%-нан асып кетпеуі тиіс, яғни 97 836 теңгеден (бұл сомадан 10% МЗА-ны алып тастау керек).

Жұмыс істемейтін әйелдер үшін жәрдемақы көлемі мынадай болады:

Бірінші балаға 5,76 АЕК – 13 070 теңге;

Екінші балаға 6,81 АЕК – 15 452 теңге;

Үшінші балаға 7,85 АЕК – 17 812 теңге;

Төртінші және одан да көп балаға 8,9 АЕК – 20 195 теңге.

Гүлмаржан Торғауытқызы