БАРЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІК-ТЕРІ НЕГЕ САРЫ ТҮСКЕ БОЯЛАДЫ?

11

5 маусым күні Астана қаласы жедел жәрдем станциясында арнайы дыбыстық дабылы бар ақ түстен сары түске боялған 10 жедел жәрдем көлігі таныстырылды, деп хабарлады Елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Тимур Мұратов жедел жәрдем қызметіне қатысты енгізілген жаңа стандарттармен таныстырып, санитарлы көлікті жарық шағылыстыратын күлгін элементтері бар сары түске бояудың себептерін түсіндірді.
«Біздің елдің мамандары халықаралық тәжірибені зерттеді. Дамыған елдерде қанық сары түске боялған жедел жәрдем көлігінің көптеген көліктер ағымында көзге бірден түседі. Сол себепті де ол оқиға орнына тез арада жетеді. Қазіргі таңда еліміздің барлық қалаларында жедел жәрдем көліктері сары түске боялып жатыр. Жыл соңына дейін жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркіндегі көліктердің барлығы осындай болады», – деді Тимур Мұратов.
Астана қаласы медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері, сондай-ақ, санитарлы көліктердің қай уақытта және қандай жағдайда арнайы дыбысты сигналды қосатыны туралы айтып берді.
«Жедел жәрдем көлігінің арнайы дабылды құрылғысы таңғы 8:00-ден 23:00-ге дейін қосылатын болады. Оны тек қана науқасты тасымалдаған кезде, науқасқа бара жатқан кезде қосуға болады. Басқа уақытта егер бригада жұмысын бітіріп, базаға қайтып бара жатса, онда барлық сигналдар өшіріліп тұрады. Сағат 23:00-ден кейін арнайы дабылы емес, оның тек жарық шағылыстырушы құрылғысы ғана қосылады», – деп мәлімдеді Тимур Мұратов.