БАСПАНАСЫЗ ЖҮРГЕНДЕРДІҢ АРМАНЫ ҚАШАН АҚИҚАТҚА АЙНАЛАДЫ?

8

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек.

(Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінен)

Көсілгенде аяғы қырық жамау ескі лашығына сыймай, есіктен сыртқа шығып жатса да, «Қайран, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген
ХІV ғасырдағы Жиренше шешеннің сөзі ХХІ ғасырда да өзектілігін еш жойған жоқ. Өйткені, қазақ жастарының біразы қазір «Қайран, менің өз үйім» деп айта алмай, қамығып жүр.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» екені айтпаса да түсінікті. Айлығын шайлығына әрең жалғап жүрген ортанқол отбасының жалақысының жартысына жуығы жалдамалы пәтерге жұмсалатынын, ал қалғаны күнделікті мұқтаждықтан арылмайтынын ескерсек, баспаналы болу орындалмас армандай болып көрінері хақ. Бір ғана Батыс Қазақстан облысының өзінде «Бір бөлмелі болса да, өз үйім болса екен» деп үміттерін үкілеп отырған отбасылар қаншама?!
Елбасының тапсырмасымен өңірімізде жүзеге асқан «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының шапағатын көріп, баспаналы болғандар қатары жыл санап артып келе жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Демек, әрекет еткен адамға мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткізу орындалмас арман емес. Бастысы, баспана алудың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған түрлі тетіктерді дөп басып танып, өз кәдеңе жарату.
Биылғы жылдың наурыз айында жарияланған «Бес әлеуметтік бастамасында» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет екендігін баса айтып, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарлама бойынша 1 триллион теңге қарыз беру көзделіп, арнайы «Баспана» ипотекалық ұйымы құрылды.
Оның қолданыстағы өзге бағдарламалардан басты артықшылығы берілетін несие өсімінің мөлшерлемесі 14-16 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеді. Бұрын банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30, кейде тіпті 50 пайызын талап етіп келсе, жаңа бағдарламаға сәйкес 20 пайызын ғана алады. Үшінші жеңілдік – несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 жылдың орнына 25 жылға дейін ұлғайтылды. Талай жанның баспаналы болу үмітін қайта оятқан «7-20-25» бағдарламасы биылғы 4 шілдеде іске қосылып, екінші деңгейлі жеті банк, яғни «Банк Центр Кредит», «Еуразия банкі», «АТФ банк», «Банк RBK», «Халық банкі», «Цеснабанк» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» алғашқылардың қатарында ипотекалық несиелер бере бастады. Қыркүйек айының соңында серіктес банктер тізіміне «Фортебанк» те қосылды.
Шілде-қазан айлары аралығында 97 батысқазақстандық аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие беретін «Банк Центр Кредит», «АТФ банк» және «Цеснабанк» 76 өтінішті мақұлдаған. Қазіргі таңда 47 адам ипотекалық несиені рәсімдеп, жаңа баспанаға қол жеткізіп үлгерген.
Осы тұста облыс тұрғындарына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынуда «Банк Центр Кредит» АҚ-ның көш бастап тұрғанын атап өткен жөн. «Банк Центр Кредит» АҚ-ның бөлшек бизнес кеңсесінің басшысы Аида Ипатованың айтуынша, әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке баспанасының болғанын қалайды. Ал кейбіреулеріне бұл арман болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл арманды жүзеге асыру үшін көптеген бағдарламалар бар, солардың ішіндегі ең тиімдісі «7-20-25» бағдарламасы. Бүгінгі күні аталмыш бағдарлама бойынша 50 батысқазақстандықтың өтініші мақұлданып, несиенің бұл түрі ең үлкен сұранысқа ие болып отыр. Батыс Қазақстан облысында және жалпы елімізде «7-20-25» бағдарламасы бойынша ең алғашқы несие «Банк Центр Кредит» АҚ-да рәсімделді.
Бағдарламаның негізгі шарттарына сәйкес келетін қазақстандық тұрғындар несие рәсімдеуге өтініштерін бере алады. Ол үшін бұл бағдарламаға қатысып отырған банктерге хабарласып, қажетті құжаттарды жинап, өтініш беру керек. Бағдарламаға қатысушының өз атына тіркелген тұрғын үйі және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегі болмауы тиіс. Ипотекалық тұрғын үй қарызы тек ұлттық валютамен ғана беріледі және облыс бойынша сатып алынатын баспананың құны 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Кепілдемеге сатып алынатын жылжымайтын мүлік қойылады.
Оралдық Талғат Ниязғалиев пен Айнұр Тасмұханова – «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болған жас отбасылардың бірі. Қаланың «Солтүстік-шығыс» шағынауданынан қос бөлмелі су жаңа пәтерге қол жеткізген отбасының ипотекалық несие үшін ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайды екен.
«Баспаналы болғанға дейін ата-анамызбен бірге тұрып келдік. Жұбайым «Қазақтелеком» АҚ-да инженер, өзім №26 мектепте ағылшын тілінің мұғалімімін. Сырым, Сымбат есімді қос құлыншақты тәрбиелеп отырмыз. «Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан» «7-20-25» бағдарламасы туралы алғаш оқығанда шарттарының қолжетімді және тиімді екенін бірден байқап, алғашқы жарнаға қажетті қаражатты жинақтай бастадық. Шілде айына дейін қаражаттың басын құрап, бағдарлама басталар уақытты күттік. Бірнеше банкті аралап шыққан соң, таңдауымыз «Банк Центр Кредитке» түсті. Өйткені, құжаттарымызды тапсырған соң, ипотекалық несие ең қысқа мерзімде, яғни екі күннің ішінде рәсімделді. Бастапқыда жаңа пәтеріміздің ішкі әрлеусіз (черновой) екенін көріп, абдырап қалғанымыз рас. Есесіне, пәтерді өзіміз қалағандай әрлеп, ішкі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап алдық. 20 пайыздық алғашқы жарна мен ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесінің 7 пайыздан аспайтыны «7-20-25» бағдарламасының ең тиімді тұсы», – дейді Айнұр Әлібекқызы.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, яғни жаңа баспананы ғана сатып алуға болатыны белгілі. Осы жайтты ескерген «Баспана» ипотекалық ұйымы 11 қыркүйектен бастап «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағытталған арнайы өнімді іске қосты. Жаңа бағдарлама «Баспана хит» деп аталады.
Оған қоса Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазан-дағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады.
«Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Қазақстан халқына жыл соңына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ. «7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады.
«Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотека-ның алғашқы жарнасын субсидиялау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Біз «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Және аталған шаруаны қызу дөңгелетіп, осы аптадан бастап әр өңірлерде «7-20-25» сертификаттарын бере бастаймыз», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
«7-20-25» сертификатының орташа номиналы бір млн теңгені құрайтын болады. Демек, жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына қатысуды ынталандыру үшін кем дегенде 50 млрд теңге бөлінбек.
Айта кету керек, қыркүйек айында «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарнаны арзандату мақсатында «Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдері әзірленіп, олар өңірлерде іске асырыла бастаған еді. Енді өнімдер біріктіріліп, алғашқы жарнаны азайту бойынша әлеуметтік жұмыс «7-20-25» сертификаттары аясында кеңінен жүргізілмек.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Орал қаласы