«БАСПАНАСЫ ЖОҚТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН БАСТАМА»

21

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясына қатысты. Сессияның күн тәртібіндегі негізгі    мәселе   «Бес  әлеуметтік  бастама  –  қоғамның  әлеуметтік  бірлігінің  тұғыры»  деп аталды. 

«Жиынға елдің барлық өңірінен келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, шығармашылық және академиялық зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері қатысты.
Сессияны ашқан Мемлекет басшысы әлеуметтік бірлік саясаты біртұтас ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып саналатынын айтты.
«Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған. Оның табысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді бір-біріне сенімін арттырады. Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама ешқашан болған емес. Осының бәрі – тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – Ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы. Әйтпесе, көгінде туы, төрінде билігі болса да, бірлігі қашып, бүгіні тұлдыр, болашағы бұлдыр болған қаншама мемлекет бар. Біз осыны берік ұстанып, мызғымас ынтымақ-бірлігімізді таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асырудың негізгі үш факторына тоқталып, еліміздің әлеуметтік саясатының басты ерекшеліктерін атап өтті.
«Әлеуметтік бірлікті толық нығайту үшін қандай шаралар қабылдау қажет? Менің бұған берген президенттік жауабым – «Бес әлеуметтік бастама». Бұл ретте, «Бес бастама» – ең маңызды бес әлеуметтік проблеманың шешімі екенін ерекше атап өтемін. Барша қазақстандықтар сияқты Ассамблея мүшелері де бұл бағдарламаның мазмұнын біледі, сондықтан тек басты тұстарына ғана тоқталып өтейін. Бірінші бастама баспанасы жоқ адамдарға жаңа мүмкіндіктер беріп, тұрғын-үй ипотекасының қолжетімді болу мәселесін шешеді. Бәріміз жайлы тұрмыс үшін баспананың алатын орнын жақсы түсінеміз. Сондықтан мен бұл бағдарламаны бірінші орынға қойдым. Жұмыс істейтін кез келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипотекаға қол жеткізе алуы айрықша маңызды. Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған азаматтарымыз! Олар мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады. Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан аспайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«ҚАЗАҚ»-АҚПАРАТ