БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ БАЙЫППЕН ШЕШІЛЕ МЕ?

43

Бүгінде әркімнің босағасын сығалап, өзгенің қалтасын қампайтып жүрген пәтер жалдаушы жас отбасылар қатары елімізде жетіп артылады. Баспананың жоқтығынан тапқан-таянғанының барлығын «квартирант» жалдап отырған қожайынның қалтасына салып, отбасына жеткенін апарып, жетпегенін бір Алладан тілеп отырған қазақ шаңырағы аз емес. Бұл бас қайғы бүгін ғана емес, бұрын да болған. Кезінде басынан баспана мұңы арылмаған ақын Қасым Аманжоловтың да «Баспана» деген зарлы өлеңі бар.
«Он жыл бопты, жүгірдім астанада,
Шақырса да бармадым басқа қалаға.
Алдамшы елес сықылды үміт қуып,
Он жыл бойы болдым зар баспанаға», – деген шумақтарынан да пәтер сұрап квартбюроның табалдырығын талай рет тоздырған дауылпаз ақынның кешкен күйін бағамдай беруге болады. Бұл шумақтар қазіргі таңда кез келген адам оқыса, жараса кететіндей көрінеді. Өйткені, көбінің басында осы қайғы, осы мұң…
Рас, бүгінде баспана мәселесі баршаны алаңдатады. Үйсіз-күйсіз жүргендердің көбі қалтаның жұқалығынан пәтер жалдап, туысын сағалайды. Үй салуға, сатып алуға қара жердің көк тіреген құны кедергі. Әйткенмен, жұртшылықтың жоғын түгендеуге келгенде мемлекет те қарап отырған жоқ. Оған жыл сайын халық игілігіне берілетін көп пәтерлі үйлер дәлел. Үйі жоқтың күйі болмайтынын ескерген мемлекет халқының қамсыз тірлігі үшін бел шешіп іске кірісті. Елдің еңсесін тіктеп, дағдарыстың дауылына, замананың жауынына ұрынбас үшін нақты бағдарламалар қабылдап, жұртшылықтың жайлы өміріне жол ашып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Айталық, 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы  бойынша 2031 жылға дейін 1,5 миллион адам баспанаға ие болады. Жоспар бойынша, олардың 500 мыңнан астамы таяу бес жылдың ішінде (2017-2021 жылдары) қоныс тойын тойлайды. Аталған бағдарлама аясында үйсіз жүрген халық Қазақстандық ипотекалық компания мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 35 мың арендалы баспана, 280 мың несиелік үй алады, ал 521 мың коммерциялық тұрғын үй ипотека бойынша беріледі.
Өткен аптада Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов биыл «Нұрлы жер» аясында 99 мыңға жуық пәтер салынып жатқанын мәлімдеді.
Комитет төрағасының дерегінше, «Нұрлы жер» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша ағымдағы жылы әкімдіктерге 25 млрд теңге бөлініп, 6 мыңға жуық пәтердің құрылысы басталды. Оның жартысы осы жылы тапсырылатын болады. Ал екінші бағыт жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған. Бұл халық үшін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ең қолжетімді бағыттарының бірі болып табылады.
Жыл сайын тұрғын үй құрылысы аудандарына желілер тартуға 80 млрд теңге бөлу көзделеді. Оның 50 пайызы жеке тұрғын үйлерге инженерлік желілер өткізуге бөлінеді. Бұл жыл сайын 40 мыңға жуық жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.
«Қазіргі таңда жоспарланған 60 мың учаскелердің 23,5 мыңы желілермен қамтылды. Осы жылы ілкі жобаны іске асыру аясында алты облыс орталықтарында бірыңғай сәулет стилінде жеке үйлер енгізілетін болады. Осы тұрғын үйлердің құны 90 пайыз отандық құрылыс материалдарын қолдану арқасында 120 мың теңгеден аспайды. Үшінші бағыт аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің» салымшылары мен әкімдіктерде кезекте тұрған адамдар үшін кредиттік үйлер салу көзделген. Тұрақты табыстары бар мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер тұрғын үй жинақ жүйелері арқылы өз баспанасына ие болуға мүмкіндік алады, бұл өте қолжетімді. Бүгінгі күні жоспарланған 15 мың пәтердің 7 157 кредиттік пәтері пайдалануға берілді», – деп түсіндірді Мархабат Жайымбетов.
Комитет басшысының айтуынша, төртінші бағыт жеке құрылыс салушыларды қолдау үшін шараларды іске асыруды көздейді. Құрылыс компаниялардың кредиттері бойынша 7 пайыз мөлшерінде субсидия беру жолымен шығындары өтеледі. Салынған баспана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің» салымшыларына Астана мен Алматыда – 260 мың теңгеге, өңірлерде – 220 мың теңгеге дейін белгіленген бағамен сатылатын болады.
Бүгінгі күні банктердің қарауына субсидияланған қарыз алуға жеке құрылыс салушылар құны 57 млрд теңгені құрайтын 33 жоба енгізді. Құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялауға 11 млрд теңге бөлінген.
Бағдарламаның бесінші бағыты халықтың ипотекалық қарыздарының нарықтық мөлшерлемесін төмендетуге бағытталған. Мемлекет Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы халықтың жаңа құрылыстағы пәтер сатып алуына, 30 пайызды бастапқы жарна енгізген кезде, банктердің ипотекасы бойынша 7 пайыз субсидия беру жолымен шығындарын өтейді. Субсидиямен есептегенде тұтынушы үшін соңғы мөлшерлеме 10 пайызды құрайтын болады. Астана мен Алматы қалаларында 20 млн теңге, өңірлерде – 15 млн теңгеге дейін кредиттер субсидияланады.
Республиканың 13 өңірінде жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша халыққа кредит беру басталды. Бүгінгі күні 6 банк ипотеканы белсенді іске асырып жатыр, олар халықтан ипотека алуға 433 өтініш қабылдады. Жалпы қабылданып жатқан шаралар осы жылы 99 мың жаңа пәтер мен жеке үй пайлануға беруге мүмкіндік береді. Ол өткен жылдың көрсеткішінен 10 пайыз артық болады деп күтілуде.
Тобықтай түйін. 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы 15 жылда 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салуды көздейді. Биылдың өзінде үйсіз (күйсіз) жүргендерге  99 мың жаңа пәтер мен жеке үй пайдалануға беріледі. Бұл бір бақытқа толы, шаттыққа шомылған шақ болғалы тұр. Ең бастысы, бір жылда 99 мың отбасының арманы орындалады. Ал арман тек тұрақты дамуы бар, азаматтарына қамқорлығын аямайтын, экономикасы өскен, әлеуметтік жағдайы өнген елде ғана ақиқатқа айналады. Ендеше, «Нұрлы жердің» халыққа берері мол.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті