БАСЫНАН БАҒЫ ТАЙҒАН BANK RBK-НЫ МЕМЛЕКЕТ НЕГЕ ҚҰТҚАРАДЫ?

44

Bank RBK-ның логотипінде «Dictum factum» деп жазылған, яғни қазақша аударғанда «Айтылды – жасалды» деген мағынаны білдіреді. Алайда бүгінде сөз бен іс қабыспай тұр, өйткені банк өз салымшыларының алдындағы міндеттемелерін орындай алар емес. Масқара болғанда, банктің 600 млрд теңге қарызын Forbes тізіміндегі акционерлердің орнына Ұлттық банк өтейтін болды.

Қазақстанның Ұлттық банкі Bank RBK-ның қаржылық мәселелерін жаңа жылға дейін шешуге уәде берді. Мемлекет өз уәдесінде тұрды да. «Bank RBK» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Пол Торстеннің айтуынша, аталған банк Ұлттық Банктен бірінші транш ретінде 120 млрд теңге алды. Келісімшартта көрсетілгендей, 2018 жылғы 19 қаңтарға дейін жаңа акционер банктің капиталына 100 миллиард теңге салып, қайта қаржыландыру қорын жалпы сомасы 160 млрд теңге көлеміне дейін арттырады. Ұлттық банктен бастапқы транш ретінде түскен бұл қаржы мен қайта қаржыландыру жүйесінің нәтижесінде банктің өтімділік  жағдайы тұтастай реттеледі. Осы орайда «Басынан бағы тайған Bank RBK-ны мемлекет неге құтқарады?» деген заңды сұрақ туады. 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газетінің тілшісі бұл сұрақтың жауабын анықтауға тырысты.

 

BANK RBK. ДАУДЫҢ БАСЫ

«Қазақстанның Тұтынушылар ұлттық лигасы» ұйымының басқарма төрайымы Светлана Романовская 3 қараша күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Bank RBK-ның хал-ахуалы жайында баяндады. Оның сөзіне қарағанда, банк бір ай бұрын төлем жасауды доғарды. Банктен салымшылар тек қана 50 мың теңге көлемінде қаржы шеше алады. Артынан банк мұны да тоқтатты.

Enpi.kz порталының жазуынша, Bank RBK-дағы ахуал барлық қазақстандықтарға әсер етуі мүмкін. Оған себеп, 1 қазандағы мәліметке сәйкес, депозиттер мен облигацияларда Зейнетақы қорының 52,4 млрд теңгеге бағаланатын активтері болған. Сонымен қатар, Bank RBK-да 28 мыңнан астам есепшот ашылған. Ол салымдардың жалпы сомасы – 188 млрд теңге.

Bank RBК-дағы шешімі күрделі несиелердің жалпы сомасы 600 млрд теңгені, яғни жалпы несиелік портфельдің 85 пайызын құрайды. Бұл жайында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Kapital.kz порталына берген сұхбатында айтты. Бас банкирдің сөзіне сүйенсек, бұл проблемалық несиелерді толықтай қайтарып алуға мүмкіндік жоқ, өйткені, аталған несиелердің кепілдіктері де дұрыс емес.

Ағымдағы жылдың мамырында  Bank RBK Qazaq banki-мен ресми түрде бірігу ниетін білдірген еді. Дегенмен, қазан айында келісімнің күші жойылғаны жарияланды. Qazaq banki-нің баспасөз қызметі қос банктің қосылмайтынын мәлімдеді.

3 қарашада «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Bank RBK айналасындағы мәселеге қатысты пікір білдірді.

«Мен бұл мәселені жақсы білемін. Бұл мәселе негізінен өздерінің адамдарын қаржыландыру үшін акционерлер тарапынан жасалған ұрлыққа қатысты. Осы тұрғыда акционерлерді тиісті тәртіпке келтіретін боламыз. Ұрылар өздеріне «лайықты жерде» отыруы керек. Оларды ақшаны қайтаруға мәжбүрлейміз, яғни осы банктің жұмысын тұрақтандыруға тырысамыз. Әсіресе, жеке тұлғалар өз қаржысына қол жеткізетін  болады», – деген еді Мемлекет басшысы.

Falconry Capital  инвестициялық компаниясының басшысы Бақыт Ниязовтың пікірінше, банк жағдайының күрт нашарлауына акционерлердің банк қаржысын жеке мақсаттарына пайдалануы себеп болған.

 

САРЫ УАЙЫМҒА САЛЫНҒАН  САЛЫМШЫЛАР

Bank RBK бөлімшелеріндегі ұзын-сонар кезек қазан айының ортасынан бастап пайда болды. Банктің қаржылық тұрақсыздығы жайлы қауесет шығысымен салымшылар қаржыларын шешіп алуға ұмтылды. Бірақ, бұл мүмкін болмады. Банк өз кезегінде мұны салымшылардың сезінген «кейбір қолайсыздықтарымен» түсіндірді. Және де салымшылардың көптігінен олардың барлығына қызмет көрсетіп үлгермей жатқандарын мәлімдеді.

Әлбетте, банк салымшыларының қаққан бұл дабылы орынды. Өйткені, олар өздерінің заңды ақшаларына қол жеткізе алмай отыр. Мәселен, «Комунити» ЖШС басшысы Эльмира Қарманованың бүгінде түн ұйқысы қашқан.

«Банкте былай дейді: «Банктер қосылуы керек еді (бұл жерде Qazaq banki арасындағы орындалмаған келісімді айтып отыр, – ред.). Ол болмады. Сондықтан қаржы мекемесінің басшылығынан барлық қаржы операцияларын тоқтату жөнінде нұсқау алдық». Демек, ақшаны шешіп алу мүмкін емес. Біз ресми хат та жаздық. Бізге бір аптаның ішінде мәселені шешетіндерін мәлімдеді. «Бір апта ішінде мәселені шешеміз» деген ертегінің кіріспесін естігенімізге аз болған жоқ. Қиындық біреу-ақ. Ешкім қаржысын шешіп ала алмайды. Біз қаржымыздың көзден біржолата бұл-бұл ұшып кетуін уайымдаймыз», – дейді Эльмира Қарманова.

9 қараша күні ҚР Ұлттық банкі басшысының орынбасары Олег Смоляков Bank RBK мәселесін жылдың соңына дейін шешетіндерін мәлімдеді. Оның айтуынша, банк уақыт өте келе салымшылардың қаржысына қойылған лимитті алып тастайды.

 

BANK RBK-НЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

Ұлттық банк қазіргі кезде тұралап тұрған Bank RBK-ны құтқарып қалуға барын салуда. Оған арнайы бағдарлама да дайындалған. Банк жұмысын қалпына келтіруге мемлекет тарапынан 240 млрд теңге қаржы бөлінеді.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 15 қарашада Алматы қаласында өткен VII Қазақстан қаржыгерлер конгресінде Bank RBK-ның қаржылық проблемаларын шешуге қатысты пікір білдірді. Бас банкирдің айтуынша, Bank RBK-ның мәселесін шешу теңдессіз тетіктердің бірі. Ал банк секторын сауықтыру, Bank RBK-ның қаржылық проблемасын шешу бағдарламасы, ең алдымен салымшылардың мүддесін қорғауға негізделген.

«Бұл банкте 28 мың шот ашылған, онда 180 млрд теңге жатыр. Өкінішке қарай, менеджменттің тәуекелді стратегиясының салдарынан бұл ақшалар жоғалуы мүмкін. Қазір біз әлеуметтік зардаптарды азайтып жатырмыз, Үкіметпен бірлесіп осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық», – деп түсіндірді Данияр Талғатұлы.

Болашақта осындай жағдайдың қайталанбауы үшін енді Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді бақылауды күшейтеді.

Айта кетейік, кезінде мемлекет БТА Банкін де құтқарып қалуға тырысты. Алайда БТА Банкі жеке қаржы институты ретінде жұмысын тоқтатты.

 

АКЦИОНЕРЛЕРДІҢ ОРНЫНА БАНКТІ НЕГЕ МЕМЛЕКЕТ ҚҰТҚАРАДЫ?

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың пікірінше, Bank RBK Ұлттық банктің қолдауының арқасында тым болмағанда салымшылар алдындағы міндетін өтейді.

«Bank RBK салымшыларына дабыл қағуға тым кеш. Болары болып, бояуы сіңді. Сондықтан қорқатын ештеңе қалған жоқ. 7 қарашада Үкімет, Ұлттық банк және «Қазақмыс» Bank RBK-ға қаржылық көмек көрсету жайында меморандумға қол қойды. Бұны гуманизм деп атау қиын, дегенмен бұл қарапайым халықтың, бизнесмендердің зардап шекпеулеріне септігін тигізеді. Өйткені, әрбір адамның отбасы бар болса, бизнесмендердің де қарамағында жұмысшылары бар. Демек, мемлекет бұл шешімді банкке емес, халыққа көмектесу үшін қабылдап отыр», – деген пікір білдірді халық қалаулысы.

Bank RBK-дағы жағдай сырттан қарағанда парадокс болып көрінуі мүмкін. Өйткені, бұл банк – елдегі ең ірі он банктің бірі. Алайда құрамында ірі акционерлері бола тұра банк мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр.

Рас, банктің акционерлері елдің ең ауқатты адамдары. Мәселен, миллиардер Владимир Ким ағымдағы жылы Forbes Kazakhstan рейтингісі бойынша көш бастап тұр. Басылым оның қаржысын 2,5 миллиард долларға бағалаған. Bank RBK-ның тағы бір акционері – Дінмұхаммед Ыдырысов. Forbes Kazakhstan рейтингісінің көшін бастамаса да, оның байлығы 280 млн долларға бағаланыпты. Банк иелерінің тізімінде Бахаридин Әбіләзімов те бар. Ол 2014 жылғы көрсеткіш бойынша елдегі ауқатты адамдардың қатарына жатады.

Қаржы сарапшысы Бота Жұманованың пікірінше, акционерлердің бұл оқиғаға қарым-қатынасы олардың банктің болашағына деген қызығушылықтарының жоғалғанын көрсетеді.

«Қазақстанның Тұтынушылар ұлттық лигасы» ұйымының басқарма төрайымы Светлана Романовскаяның пікірінше, Bank RBK акционерлері салымшылар жаппай банкке «шабуыл» жасағандықтан олардың  алдындағы міндеттерін өтеуге қауқарсыз.

«Банк жағдайы тұрақты болғанда, оның салымшылары да көп болады. Ал дүрлігу басталғанда халық қаржыларын қайтарып алуға асығады. Әрине, бірде бір банк өз күшімен бұл жағдайдан шыға алмайды. Тіпті, акционерлерді есепке алған күннің өзінде де. Мемлекеттің банкке көмегі неге маңызды? Себебі, егер банк құрдымға кетсе, мемлекет қалай болған күнде де салымшылардың қаржыларын қайтаруы керек болады», – деп түсіндіргендей болды Светлана Романовская.

 

BANK RBKҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

Қаржы секторына мемлекет пен салық төлеушілердің көмегімен қолдау көрсету соңғы кезде өсіп келеді. Экономист Саян Қамбаровтың айтуынша, банктерді жасанды түрде ұстап тұру дағдарысты күшейте түседі.

«Біз «жаман» қаржыны «жақсы» қаржының есебінен құтқарып, жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс мекемелерді (банктерді айтады, – ред.) жасанды түрде салық төлеушілердің есебінен жиналған қаржымен қолдап отырмыз. Мұндай шаралар дағдарысты ұзартады», – деп ащы шындықты айтты.

Экономист Жарас Ахметовтің пікірінше,  Bank RBK-дағы жағдай Қазақстанның қаржы жүйесіне кері әсерін тигізеді. Қалай болған күнде де бұл банк имиджін төмендетіп, халықтың оларға деген сенімін жоғалтады.

«Сіздің жинаған қаржыңыз бар, енді оны банк депозитіне салмас бұрын болашақта ол да осындай жағдайға ұшырамайтынына ойланасыз», – деді Жарас Ахметов.

Ал депутат Аманжан Жамалов Bank RBK-да болып жатқан жағдайға Ұлттық банктің де кінәсі барын айтады. Оның ойынша, мемлекетте қаржылық бақылау жүргізетін Ұлттық банкке тәуелсіз орган керек.

 

Тобықтай түйін: Bank RBK – қарызға белшесінен батқан, яғни басынан бағы тайған елдегі бірінші банк емес. Ал мемлекет бұған дейін де сондай банктердің басындағы қара бұлтты сейілтуге барын салды. Тіпті, Ұлттық банк ұлттық қордағы қаржыны проблемалық банктердің «тесіктерін» бітеуге жұмсауға аянып та қалған емес. Әрине, бұл үшін Ұлттық банк басшылығын жазғыруға тағы болмайды. Өйткені, кез-келген қаржы ұйымында мыңдаған салымшылардың қаржысы болады. Ал депозиттегі қаржының құмға сіңген судай жоқ болып кетпеуіне банкпен қоса мемлекет те жауапты. Рас, бұған дейін Ұлттық банк проблемалық банктердің мәселесін оларды біріктіру арқылы шешіп келді. Айталық, осыдан бірнеше жыл бұрын «БТА Банк» Qazkom-ға қосылды, артынан айдың-күннің аманында елдің «супер банктерінің» бірі болған Qazkom-ның акцияларын Halyk Bank сатып алды. Алайда басын бәйгеге тігуден бас тартқан Qazaq banki Bank RBK-мен қосылмайтынын мәлімдеді. Демек, мемлекеттің Bank RBK-ны сауықтыруға қаржы бөлуден басқа амалы қалмады. Ал бұл шешімнің қаншалықты орынды болғаны уақыттың еншісіндегі шаруа болса керек.