БАУЫРЖАН ИСЛАМХАН: ҮЗДІК ФУТБОЛШЫ

21

Қазақ футболы көгіне күн болып көтерілгісі бар жас аяқдопшыларға кенде емес. Соның бірі – Бауыржан Исламхан 1993 жылы 23 ақпанда Жамбыл облысының Байзақ ауданында дүниеге келген. Футболмен он жасынан бері айналысады.

«Тараз» сапындағы алғашқы маусымында 27 ойын өткізіп, 2 гол соқты. Қазақстан жастар құрамасының қатарында «ТМД Достастық кубогының үздік ойыншысы» атанды.

Иә, футболсүйер қауым арасында Батори есімімен танылған Бауыржан Исламхан кәсіпқой мансабын «Таразда» бастап, жастығына қарамастан, капитандық міндетті атқарды.

2013 жылы Бауыржан ресейлік Премьер-лига клубы «Кубань» сапына ауысты. Краснодарлықтардың жастар құрамасында бірнеше ойын өткізіп, сол маусымда-ақ «Астанаға» ауысты.

Келесі жылы сол кездегі Қазақстан жастар құрамасының капитаны Исламхан алматылық «Қайратпен» үш жылдық келісім-шартқа қол қойды.

Маусым барысында Қазақстанның болашағынан үміт күттіретін футболшысы негізгі құрамға тез еніп, жыл қорытындысы бойынша еліміздің үздік ойыншысы болып танылды.

Айта кетейік, таяуда «Қайрат» футбол клубының капитаны Бауыржан Исламхан ел біріншілігінде қазақстандық футболшылар арасындағы ең нәтижелі ойыншы атанды. Жартылай қорғаушының еншісінде 27 ойыннан кейін 11 гол (5 пенальти) бар.

Қазақ футболының үш биік бәйтерегі бар. Олар – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов. Өкініштісі, қаншама жыл өтсе де, самайларын ақ шалған осы ағаларымыздың орындарын басар қазақ баласы көзге түсер емес. Қазақ футболының көнекөз жанкүйерлерін осы толғантады. Бұл туралы Бауыржан Исламхан:  «Қазіргі буын осы ардақты ағаларымыздың жолдарын қуып, үміттерін ақтаймыз деп армандайды. Бәрі де тырысып, аянбай тер төгіп жүр. Қазір көптеген футбол үйірмелері, спорт мектептері, заман талабына сай базалар ашылып, жұмыс жасап жатыр. Тәжірибе толықтырып, шеберлік шыңдаудың басқа да жолдары көбейіп келеді. Яғни, алдағы уақытта халық сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақ футболының көсегесін көгертер таланттар бой көрсетеді деген сенімім мол», – депті бір сұхбатында.

Рас, қазір жасыл алаңда тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүрген Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаев сынды жас футболшылар бар. Соларға қарап болашақ футболшылар бой түзеуі керек.

«Маған негізі «Барселонаның» ойын мәнері, нақты айтқанда, Андрес Иньестаның ойын мәнері қатты ұнайды. Алаңда мен сол ойыншы секілі қимылдағым келеді. Ол дер кезінде пасты да береді, қақпаға соққы да жасай алады. Сонымен қатар, алаңды тамаша көре алады», – деген Бауыржан Исламханның «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енгені қуантады.