БАУЫРЛАСТАР ЖОЛЫ: КІМГЕ ПАЙДА, КІМГЕ ЗИЯН?

13

«Қазақ-қырғыз бір туған» дейміз. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақ қырғыз ағайынмен алыс-беріс, барыс-келіс, шүкір, жаман емес. Осыған сәйкес, Алматы мен Ыстықкөл (Қырғызстан) бағытындағы жолды салу 2019-2020 жылдары қолға алынатын көрінеді. Болжамдық есеп бойынша, жоба құны 40-50 миллиард теңгені құрайды.

Осыдан 10 жыл бұрын Алматы-Ыстықкөл арасын жалғау үшін салынатын жолдың бағытын анықтау бойынша жұмыс басталған болатын. Оның үш түрлі нұсқасы да ұсынылған еді.

ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің сарапшысы Ерлан Жұмағұловтың мәлімдеуінше, сараптама жүргізіле келе, Ұзынағаш-Қастек-Михайловка-Қарасай батыр (Қырғызстан шекарасындағы ауыл) арқылы Бішкек тас жолына шығып, Шолпан-Атаға (Қырғызстан) дейінгі бағыт мақұлданған.

Алматыдан Ұзынағашқа дейінгі жол бар. Қастекке дейінгі жол да бар болғанымен, ол төртінші категорияға қарайды. Оны жаңалау керек. Михайловка елді мекеніне дейін жол жоқ. Жаңа жол салу керек. Оның жалпы ұзындығы 48 километр. Жолдың жалпы ұзындығы 280 км.

Қазіргі уақытта автожолдар ұлттық операторы «Қазавтожол» ЖШС жаңа трассаның жобасымен жұмыс жасауда. Ол жобаны биылғы жылы аяқтау керек.

Егер трассадан күніне 7000-ға жуық көлік өтетін болса, трасса екінші категорияны иеленеді. Бірақ, сараптай келе жол үшінші дәрежеге ие болуы мүмкін деп болжануда. Әрине, ол құрылысы және қызмет көрсетуі жағынан арзанға түспек.

ЖОЛ ҚАЙ ЕЛДІҢ ЕСЕБІНЕН ТӨСЕЛЕДІ?

Ең үлкен сұрақтың бірі – осы. Расында да, жобаға қаржы қайдан құйылады? Бұл түсініксіз. Бішкек мұндай үлкен жобаға қаржы сала алмайды. Қазіргі кезде Ыстықкөл жолының жаңалану жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстың жалпы құны мемлекет бюджетінен алынатын 100 миллион доллар. Биылғы жылы солтүстік жағалау жағының жол жөндеу жұмыстарының тек бірінші сатысы аяқталмақ. Басқа жобаларға мемлекеттің қаржысы жоқ. Демек, аталған жобаға қаржының Қазақстан бюджетінен бөлінуі ықтимал. Бірақ, біздің өзіміздің де шешілмеген мәселелеріміз жеткілікті.

– Бізге бірінші кезекте «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бастау алып отырған жобаларды аяқтау керек. Сондықтан, жол салу мен жөндеуге бөлінген қаржының негізгі бөлігін комитет өзіміздің масштабты жұмыстарға жұмсайды. Бұлар Орталық-Шығыс, Орталық-Оңтүстік, Алматы-Талдықорған, Ақтау-Бейнеу, Орал-Каменка, Ақтөбе-Атырау. Жалпы бұл мақсаттарға 300 миллиард теңге шамасында қаржы қарастырылған. Ұзынағаш-Михайловка жолын салуға кететін 50 миллиард теңге комитеттің жылдық бюджетінің алтыншы бөлігін құрайды, – деп түсіндірді Автомобиль жолдары комитетінің сарапшысы Ерлан Жұмағұлов.

Комитет сарапшысының сөзіне сенсек, жоғарыдағы өзіміздің ұлттық жобалар аяқталғаннан кейін ғана комитет Алматы мен Ыстықкөл бағытындағы жолды салу бойынша жұмыс жасайды. Әзірге ҚР Инвестиция және даму министрлігі негізгі нұсқа ретінде мемлекеттік-жеке серіктестік механизімін қарастырады. Сонда жаңа жол әу бастан-ақ ақылы болуы мүмкін. 2015 жылы Қытай жеңілдетілген пайызбен несие беруге дайын екендерін жеткізген екен. Бірақ, бұл тек ұсыныс күйінде қалып қойса керек.

БЕС ТҮРЛІ БАҒЫТ: ОЛ ҚАНДАЙ БАҒЫТТАР?

Ұзынағаш-Қастек-Михайловка жобасы Алматы-Ыстықкөл жолының бесінші нұсқасы. Бірінші және екінші нұсқа Алматыдан Шолпан атаға дейінгі жолды төтесінен салуды қарастырған еді. Олар тіпті қарастыруға да жетпей қайтарылды. Жолдағы биіктіктің құлдырап-көтеріліп отыруы 3,5 мың метрге дейін жетеді. Трасса өте қауіпті. Үнемі тастың астында қалу мен қар көшкіні қауіпі бар. Сонымен қатар, жол Іле-Алатау табиғи паркін басып өтер еді. Ал, бұл аса жоғары қорғалатын аймақ.

Бішкек те бұл жобаны бірден кейін қайтарды. Олар үшін бұл бағыт үлкен шығын еді. Тауда жол салу бай емес мемлекет үшін тақырға отыру деген сөз.

Үшінші жоба 2006 жылы ортаға салынған еді. Ол ұзындығы 88 километрге жететін Алматы-Ұзынағаш-Быстровка-Балықшы-Шолпан Ата бағыты. Жоба бойынша бір километр жолдың құны 3,5 миллион доллар. Бұл ұсынысты Еуропа реконструкция және даму банкі қолдап, тіпті грант бөлуге де дайын болды. Серіктестік меморандумға қол қойылғанымен, жоба тағы да тоқтап қалды.

Қазіргі Ұзынағаштан қырғыз қаласы Кеминге (Бішкек-Шолпан Атаны басып өтетін) дейінгі жобаны төртінші деуге болады. Ол кезде жол 117 километрге созылады деп болжанған-ды. Бұл бағыт та күрделі.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

Бұл келісім жобасының көрсетуінше бұл жол Қазақстанға экономикалық табыс әкелмейді. Одан зоры ол Алматы облысының экономикасына кері әсерін тигізеді. Неге? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Әрине, бұл жобадан басты табыс көретін тарап – Қырғызстан. Ыстықкөлге жылына баратын 4-5 миллион туристердің 60 пайызы Қазақстан азаматтары. Жолды жеңілдету туристер легінің ағылуына септігін тигізеді. Бұл дегеніңіз Алматы төңірегіндегі демалыс аймақтарында туристердің кемуіне әкеліп соғады. Шет елдік туристерге арналған қызмет көрсету саласы дамымай қалады.

Қырғызстан билігінің жобасы бойынша, 100 мың турист бір күндік демалысында Ыстықкөлде 20 миллион доллар қалдырады екен. Барлығы үш ай жаз Ыстықкөл облысының аймақтық азық-түлігінің жартысын шығарады. Трассаның ашылуы Ыстықкөлдегі демалысты жыл он екі айға жеткізуі мүмкін. Сонымен қатар, жаңа жолды Бішкек су тегін алмақшы. Себебі, Қарасай батыр-Кемин тас жолы аралығындағы 3 километр жол төселініп қойылған.

Қырғызстан үшін басқа да пайда бар. Ыстықкөл облысы – ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіретін аймақ. Жеткізу қымбаттығынан бұл өнімдер Бішкектің өзіне де қымбатқа түседі. Жолдың жеңілдеуі Қырғызстан экономикасының екінші тынысын ашады. Алматының базарларында көрші елдің барлық өнімдері қаптайды. Бұл Алматы облысының дамуын тежейді.

Бір жағынан Бішкек өзінің экономикалық қызығушылықтарын мықтап алдыңғы орынға шығара алатындарын көрсетті. 2014 жылы өзбектердің 4 демалыс орнын өздеріне қаратты. Қазақстан компанияларына тиесілі 4 санаторийді мойындату үшін біраз тер төгілді.

Осылайша, миллиардтаған қаржыны Қазақстан өзіне емес, көршілердің мүддесі үшін жұмсамақ. Сонымен қатар, экономикалық саясаттарын біздің нарықты пайдалана отырып құрғандарынан бөлек бізден жүйелі түрде қаржылай көмек алып тұрады. Ал, ел экономикасы үшін мұндай тиімсіз жобаны Қазақстанның қаржыландыруы қаншалықты орынды? Міне, ойласатын шаруа осы!

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті