БАҒЛАН БАЙМАҒАМБЕТОВ: «ЖӨНІ ДЕ, ЖОЛЫ ДА БӨЛЕК БАҒДАРЛАМА»

16

Елбасы  2015  жылдың басында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдар-ламасын ұсынғаны мәлім. Содан бері  екі жылдан асып барады. Тұсауын Мемлекет басшысының өзі кескен «Нұрлы жолдың» бірінші кезекте ел өңірлеріне тигізген тиімділігіне ешқандай баға жетпейді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Б. Баймағамбетовпен біздің әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

– Көлік және жол саласының тәжірибелі ұйымдастырушыларының бірі ретінде «Нұрлы жол» бағдарламасының ерекшелігі мен артықшылығы жөнінде не айтар едіңіз?

– Әрине, елімізде Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламалардың қай-қайсысы да ел-жұрттың игілігіне қызмет жасайды. Өсіп-өркендеу мен дамудың жаңа сатысына өтуге септігін тигізеді. Дегенмен, солардың арасында «Нұрлы жол» бағдарламасының жөні де, жолы да бөлек деп білемін. Оның өзге мемлекеттік бағдарламалармен салыстыра қарағандағы басты өзгешелігі – аса ауқымдылығында. Ел экономикасы дегеніміз – өте кең ұғым. Осы тұрғыда бұл бағдарлама тек бір саланың аясында шектеліп қалмай, экономиканың барлық буындарын қамтуы басты артықшылығын көрсетеді.

Бір сөзбен айтқанда, «Нұрлы жол» – Елбасымыздың тұтастай экономикалық саясатын белгілей алатын баламасы жоқ бағдарлама. Мемлекет басшысының өзі атап көрсеткендей, осы арқылы еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашуға жан-жақты мүмкіндіктер туып отыр. Әрі осы бағытта көршілес елдермен үйлесімді іс-қимыл орныға бастағаны да елдің бас экономикалық бағдарламасының тигізген шапағаты деп түсінуіміз керек. Республиканың солтүстігі мен оңтүстігінде, батысы мен шығысында және орталығында көлік дәліздерінің құрылу ісін де осы бағдарламамен байланыстыра аламыз. Сондай-ақ бұған дейінгі дәліздерді жаңғырту ісіне де осындай көзқарас тұрғысынан келгеніміз жөн.

– Көлік дәліздерін құру деген кезде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін аттап өтпеу еш мүмкін емес. Тұтастай еліміздің аумағындағы осынау алып та ауқымды құрылыс ең алғаш Ақтөбе аймағында басталып, осы өңірде аяқталды. Мұны ел-жұрттың бәрі біледі. Оның өңірдің инфрақұрылымдық жүйелері дамуындағы орны қандай деп білесіз?

– Сөзіңіздің жаны бар. Аталған дәліздің біздің облыс аумағындағы ұзындығы 628 шақырымды құрайды. Бұл – республика аймақтарындағы жолдың ең ұзын бөлігі. Аталған аралық пен  кеңістік Ақтөбе, Қарабұтақ, Ырғыз ауданы арқылы Қызылорда облысының шекарасына дейін созылады. Бұл жөнінде кезінде біраз айтылды да, жазылды да. Енді оны тағы да қайталап айтудың қажеті бола қоймас. Қысқасы 2003 жылы басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін қайта жаңғырту жұмыстары 2013 жылы толықтай аяқталды. Бұған дейін Қарабұтақ пен Ырғыздың арасындағы автожолдар ел-жұрт арасында «өлім жолы» деп аталып кеткенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Адам жақсыға тез дағдыланып, тез бой үйретеді.

Бұл аралықпен бүгінгі күні тәулігіне шамамен 2 000-2 500 үлкен фургон жүк автомобильдері жүріп өтсе, 2020 жылға қарай көлік тасқыны мен жүктердің еркін транзиті мұнда 4-5 есе өседі деп күтілуде. Енді сауалыңызға қатысты аймақ инфрақұрылымының дамуына «Батыс Еуропа – Батыс Қытайдың» тигізген септігі деген мәселеге келсек, бұл ұзақ әңгіме. Егер оның етек-жеңін қайырып айтар болсам, осы 628 шақырымдық бөлік бойында 124 әртүрлі сервистік қызмет көрсету орны бой көтерді. Мұның  өзі шек емес. Мұндағы меншік иелері жоғарыда аталған ауданның тұрғындары. Жергілікті кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері. Бұл нысандардың арасында өзімізді өзгелерге кеңірек әрі тереңірек таныстыру мақсатын көздеген туризм саласы мен өлкені таныту ісінің жанашырлары да жеткілікті.

– Бүгінгі күні өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін түйіндесеңіз?

– Егер жоғарыда айтылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы халықаралық деңгейдегі транзит дәлізі болса, қазіргі кезде «Нұрлы жолға» кіретін орындар тізбесін негізінен республикалық маңызы бар автожолдар құрылыстары құрайды. Бүгінгі күні Ақтөбе – Атырау бағытында 456 шақырым автомобиль жолын қайта құру жұмыстары басталды. Оның 319 километрі Ақтөбе облысы аумағында. Бұл жобаның ерекшелігі – Атырау облысын қамтып қана қоймай, Ресей шекарасына дейін жететінінде. Бұл – Астрахань губерниясының аумағы деген сөз. Оның жобалау-сметалық құжаттары толықтай әзір. Алты бөлікке бөлінген құрылысты 2020 жылы аяқтау белгіленген. Аталған автожол Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандары арқылы өтеді. Аталған құрылыс орындары Ислам және Азия «Даму» банкілері арқылы қаржыландырылған. Қазір мұнда тиісті сараптамалар мен тендерлік үдерістер жүргізілуде. Осы шеңберде Ақтөбе – Мақат аралық бөлігі бар. Жобаның Байғанин ауданынан басталатын 17,4 шақырымдық тұсында жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарын биылғы жылы аяқтау ұйғарылған. Осы арада біз іске белгіленген кесте мен уақыттан бұрынырақ кірісіп кеткенімізді айта кеткім келеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде қолға алынған ауқымды іс-шаралардың бірі – «Орталық – Батыс» жобасы. Бұл магистраль Астана – Ақтау бағытын жалғастырады. 2 511 шақырымды құрайтын ұзын дәліздің аралығында Арқалық қаласы мен көптеген аудан орталықтары бар. Ақтөбе облысы аумағында бұл дәліздің ұзындығы 518 шақырым. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес, оның техникалық-экономикалық негіздемесін «Юпитер» ЖШС ғылыми-зерттеу институты жасады. Биылғы жылдың 18 мамыр күні ел ордасы Астанада «Орталық – Батыс» жобасына кіретін 11 учаскені қайта жаңғыртуға қатысты конкурстың нәтижелері жарияланды. Соған сәйкес өңір аймағында жобаға қатысатын жобалаушы ұйымдар анықталды.

«Орталық – Батыс» – «Нұрлы жол» бағдарламасының басты жобаларының бірі. Оның негізгі ерекшелігі мен артықшылығы еліміздің барлық өңірлеріндегі автомобиль дәліздерін бір-бірімен түйістіруді мақсат етуінде. Оның атқаратын міндеті тек мұнымен шектелмейді. Сонымен бірге осы жоба аяқталған кезде Ресейдің Орал, Челябинск аймағына, Татарстанға және Ақтау қаласы арқылы Түрікменстан мен Иранға жол ашылмақ. Бұл жобаның біздің облысқа тигізетін тағы бір пайдасы Ақтөбе қаласынан Қостанай облысының шекарасы арқылы тура жол тартылмақ. Осы ретпен екі арадағы қазіргі қашықтық пен аралықты 2 000 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік туады.

Түйіп айтқанда, «Нұрлы жол» барша қазақстандықтарға үлкен серпіліс пен сілкініс әкелді. Әлемдік өлшемдер мен стандарттар бойынша өмір сүре білудің формуласын ұсынды. Қазақстандықтардың жаңаша экономикалық ойлау жүйесін қалыптастыруына негіз қалады. Бұл бағдарлама сонысымен құнды әрі сонысымен бағалы дегім келеді.

– Сұхбатыңызға алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Темір ҚҰСАЙЫН, Ақтөбе қаласы