БАҚЫТТЫЛАРДЫҢ БАСҚОСУЫ

21

19 мамыр күні Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітап-ханада жас ақын Әлия Іңкәрбектің «20+1. Бақыттылардың басқосуы» атты креативті жыр кеші өтті.
Заманауи формада жасалған ерекше кешті қазақ әдебиетінің қазіргі буынындағы жастардың ішінде алғаш болып қолға алған Әлия мамырдың жарқын күнінде еркін отырып, кофемен жыр оқып, ән тыңдап, сыр шерткенді қалаған екен. Жырсүйер қауым да бұл бастаманы жақсы қабылдады.
Басқосуда ақынның «Тәңіртау», «Тасқын» атты жыр жинақтары оқырманға ұсынылып, оқырмандарының барлығы дерлік өлең оқыды. Ерекше кешке Бейсен Құранбек, Шынар Жанысбекова, Бақыт Беделхан, Әлия Құдайбергенова сынды өнердің әр саласының саңлақтары қатысып, ақ тілектерін арнады.
«Аялады мені адамдар, түсінді,
Тәкаппарлар өлеңіме кішірді.
Биік таулар көлеңкесін түсірді,
Адамдарға деген алғыс толып тұр,
Менің жарып көрер болсаң ішімді…» – деп ерекше кешке келгендерге алғыс білдірді ақын қыз.