БАҚЫТЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАНДАР

8

«Еңбек ер атандырады». Елімізге аты мәлім драматург Ақылбек Шаяхметтің кезекті туындысы осылай деп аталады. Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының сахнасында қойылған спектакль атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваға және қазіргі заманның ерлеріне, нақты айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайран Бұқанов, Борис Князев, Алмат Тұрсыновқа арналған.
Сегіз көріністен тұратын пьеса басты кейіпкерлері арқылы адамды еңбексүйгіштікке тәрбиелейді. Бұрынғы заманның халыққа кереғар саясаты мен ащы шындығы да көрінеді. Театр актерлері режиссер Арқат Уәлиевтің жетекшілігімен шығармадағы кейіпкерлердің рөлін шебер алып шықты. Оны жиналған қауымның білдірген жылы лебіздерінен айқын аңғаруға болады. Көрермендердің қатарында Кәмшат апамыздың қыздары да болып, көздеріне жас алып отырды.
Аталған сахналық туындыда өткен дәуір мен қазіргі кезеңнің ұқсастығы мен айырмашылығы да, рухани жаңғырудың осы заманға сай келбеті де айқын көрініс тапқан. Сондықтан да екі күн қатарынан болған спектакльдің премьерасы көрермендер көңілінен шықты.

Жамал ШӘУКЕН,
Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенті, 

Қостанай қаласы