БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН: «ДЕПУТАТ БОЛУ – ЕЛ ЖҮГІН АРҚАЛАУ»

33

12 ақпан күні Алматыдағы Республика сарайында (оның алдында, атап айтқанда, 19 қаңтар күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, жыршы Бекболат Тілеуханның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Елім менің» атты шығармашылық кеші өткен еді. Кезінде Нұрғиса Тілендиев: «Құдайдың қазаққа берген сыйы», – деп дәл танып айтқан өнер иесінің бұл кешіне «QAZAQ» газетінің атынан біз де барып, қанымызды қыздырып, рухымызды көтеріп, қазақ ән-жырының құдыретін тағы бір рет түйсініп, керемет күш-қуат алып қайттық. «Концерттің «Елім менің» деген атауына «у» әрпін қосып жіберсең, «Елуім менің» боп шығады екен», – деп, кеш иесінің өзі қалжыңдағанындай, кеш Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен қатар оның жарты ғасырлық ғұмырындағы есеп беру межесімен де дөп келгенін аңғару қиын емес. Сөз арасында өзінің өмір жолында үнемі жақсы адамдарға жолыққанын, Нұрғиса Тілендиев, Әбіш Кекілбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрменов және тағы басқа марғасқалардың қамқорлығын ешқашан ұмытпайтынын айтты.

«ӘР САЛАДА ӘР АДАМҒА ЕЛІКТЕП ӨСТІМ»

– Бекболат Қанайұлы, 2014 жылдан бері жеке концерт бермеген екенсіз. Осы олқылықтың орнын таяуда толтырдыңыз. Алдымен Астанада, кейін Алматыда «Елім менің» атты шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Әңгімемізді осы кештен бастасақ орынды болар…

– Астана мен Алматыда өткен «Елім менің» атты шығармашылық кешім төрт бөлімнен тұрды. Әсіресе, жыршы жыраулардың мұрасына көп көңіл бөлдім. Бұл жерде ән ғана емес, жыраулар мұрасын елге жеткiзуді жөн санадым. Жыраулар тек өнер адамы ғана емес, сол кездегi сахараның ықпалды тұлғалары болған. Олардың аузымен өрiлген сөз арқылы сол замандағы тектiлiк, ел басқару iсiндегi шаруалар көрінеді. Бұл – бір. Екiншiден, хорға көбiнесе созылыңқы әндердi қосамыз ғой, осы жолы күйдi жырға түсiріп, айтып шықтық. Осыдан бес жыл бұрын операны жазып тастадық. Бiрақ елдiң құлағына әлi жеткен жоқ. Сол опера үзiктерiн бердік. Опера арқылы Желтоқсанның 30 жылдығын ескеріп өттік. Оғыздан түрiкмендердi, Алтайдан қырғыздарды, өзiмiздiң қыпшақ тобынан ноғайды шақырдық.

–  Сөзіңіз аузыңызда, концерттің елге ұнағаны соншалық үш сағаттан астам уақытқа созылса да көрерменнің кеткісі келмей, қол шапалақтап ұзақ тұрғанына куә болдық. Енді осы жерде оқырман арасында интрига тудыру үшін әңгімемізді әдейі бұра тартсақ қайтеді?

– Қарсы емеспін! Оқырмандар бұл концерттің қалай өткенін таяуда телеарналардан көретін болады.

– Бекболат Қанайұлы, қандай тұлғаға қарап өстіңіз, кімнен үлгі алдыңыз?

– Жәнібек Кәрменовтің шешендігіне, Ақселеу Сейдімбековтің сөйлегеніне, Қайрат Байбосыновтың әншілігіне еліктедім. Жәнібек Кәрменовтің «с»-ны «ш» қылып айтатынына дейін көшірдім. Жаздың ортасында шашын тақырлап алдырып тастап, топы киіп жүретін. Білесіз бе, оның ар жағында Кеңестік режимге деген қарсылық жататын. Қарсылығын үйінде шапан киіп отыруымен, етті өз қолымен турауымен білдіретін. Бір қызығы студент кезімде өзімнен он жас үлкен адамдармен жүрдім. Енді елудегі кезімде жастармен доспын. Нақты идеал адам болу мүмкін емес. Әр салада әр адамға еліктеп өстім.

«ҚҰРТҚЫҢ КЕЛСЕ – МАҚТАЙ БЕР»

– Бүгінде кез-келген адамды тұлға деп танимыз. Ал бұл дұрыс па?

– Үлгі тұтатын адамдар болады. Мәселен, саясатта – Жұмабек Тәшенов. Тәшеновты Хрущев өсірген. Мақсат – Тың өлкесін Ресей Федерациясы ретінде жариялауды Тәшенов арқылы жүзеге асыру. «Қазақ жерінің біразын «Целиноград» деп тың игеруге бер» дейді Хрущев. Ол «жоқ» демейді. «Көреміз» деп қоя тұрады, бірақ жасырын жұмыс істейді. Адамдарды дайындап, ақырында қол қойдырмай қарсы шығады. Егер осылай алдамаған жағдайда, басқа май шелпектер отырған жағдайда қазақтың жерін алып қояр ма еді? Кім білсін! Өзінің мансабын қазақ ұлтының болашағы үшін құрбан еткен тұлға деуге болады. Сол сияқты Ахмет Байтұрсыновты айтсақ  орынды. Бірақ қазіргілердің бәріне «тұлға» деген атты жабыстыра беру орынсыз. Тұлға бұл атқа лайық болу керек. Қазір танымал болған адамның бәрін тұлғаға теңейміз. Адамның өзі нанып, мастанып қалады. Баяғыда Бақира дейтін апай мені мақтап отырғанда Нұрғиса Тілендиев ұрысқан. Сонда мен таң қалдым. Сөйтсем бұл маған жаны ашығаны екен ғой. Құртқың келсе – мақтай бер. «Мақтағанның бетіне топырақ шаш» деп бекер айтпаған. Шамадан тыс мақтау да жаман іс.

Танымал дейтін адам бар, тұлға дейтін адам бар. Сондықтан екеуі екі бөлек дүние. Тұлға – елге, жерге жаны ашыған, жан-жағына нұрын шашқан, ұлтқа пайдасы тиген адам.

– Бекболат Қанайұлы, Парламентте ұлттың сөзін сөйлемейтін әріптестеріңіз жоқ емес. Көбіне Сіздер қабылдаған Заңдар олқы болып, халықтың тартысына, сынына түсіп жатады. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмейтін министр, әкімдер көп. Осыдан кейін мемлекетте ұлтжанды азаматтардың көп екенін айту қаншалықты орынды?

– Күрделі сұрақ! Қиын сұрақ! Бір анығы – қоғамдық талап болмаса, тіл мәселесі шешілмейді. Қазақ тілін білмейтін әкім, министрлер азаймайды. Сонда мемлекеттік тілді қалай дамытамыз? Бір қаулымен оны дамыту мүмкін емес. Митингке шыққанмен ешкім тіл үйренбейді. Тағы біреуді ұрғанмен қазақша сөйлеп кетпейді.

Осы арада қарапайым бір мысал келтірейін: бір жанармай бекетінен бензин құямын. Келгенде «Ирина» деген жазуы бар орыс қарындасым шығады. Иринаға: «Айналайын, қалың жақсы ма? Мына менің көлігіме ауыз-мұрнына толтырып АИ-92 бензинін құйып берші» деймін қазақша. Ирина менің бетіме бажырайып қарайды. Ұрысып тастайын десе, ұрысатындай адам емеспін. Мінген көлігім де арзан емес. Сонда «Берик, Берик переведи пожалуйста» дейді күзетші жігітке. Берік аударып береді. «А» деп құяды. Сосын кетем. Келесі жолы менің төбем тағы көрінеді. Сол кезде Ирина «Берик, Берик ты где?» дейді. Босағада овчарка сияқты охранада отырған Беріктің табан асты беделі көтеріледі. Берік керек болып қалды Иринаға. Ирина Берікке мұқтаж. Мұқтаждықты тудырған менің талабым. Түсіндіңіз бе?!

Енді қараңыз, Сізге Даша кездессе, Маша  кездессе орысша сөйлейсіз бе? Қазақша ма? Өзіңізге жауап беріңізші. Бір адам, екі адам, он адам, жүз адам, мың адам. Осылай талап етсе қазақ тілі дамиды. Ол талапты жасайтын өзіміз – қазақтар.

Жезөкшеліктің де дамып жатқанына біз кінәліміз. Өйткені, біз қыздарымыздан талап етпейміз. Жек көретінімізді көрсетпейміз. Қыз шылым тартып тұрса «Ей, қаншық аузыңдағыны алып таста» деп баяғыда Шона Смаханұлы ұрысатын. Осылай қатты ұрысатын, бетке тура айтатын бір адам жоқ қазір. Елдің бәрі популист. Елдің бәрі жаққысы келеді. Елдің бәрі мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Осындай жерде сұмырай болу керек. Жауапкершілікті мойнына алу керек. Бірақ мәдениетті түрде, сауатты түрде, заңның шеңберінде. Бұған дейін де бірнеше жыл Парламентте отырдым. Айғайладым-айғайладым. Түк бітірген жоқпын. Ал мәселенің бәрін шешетін осы талап ету. Және бұған өркениетті жағдаймен келу.

«ШӘУІЛДЕГЕН ӘР КӘНДЕНГЕ ТАЯҚ АЛЫП ЖҮГІРГЕН ЖОЛЫНАН ҚАЛАДЫ»

– Бекболат Қанайұлы, осы Сіз не істесеңіз де сынаушы табылып тұрады. Айталық, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті болдыңыз. Сын айтылды. «Бекболат уахаббист» дейтін де ауыр мін тағылды. «Жер кодексіне» қатысты дау болғанда, Сіздің адресіңізге қарай: «Халықтың сөзін сөйлей алмаса, Парламентке қайта неге барды?» деген сыңайдағы пікірлер де айтылды. Әлгіндей сөздерге қарап, қазақ баласы «бірін бірі дос тұтпайтын» жағдайға жеткендей ойға қаласыз. Ал қазаққа бұл індет сонда қайдан жұқты?

– Үш ғасырға жуық отарлық кешкен халыққа не жұқпады дейсің. Басқыншы жұрттың девизін білесің: «Бөл де биле!». Бай мен кедей, тау мен ойпаң, сыр мен қуаң, күнгей мен теріскей деп бөліп, бір-біріне айдап салған отарлықтың қамытына жүздеген жылдар омалған елде отарлық сана дейтін құлдық психология қалыптасатыны түсінікті ғой. Жалпы, көптің назарына шыққан соң, көптің түртпегіне түсіністікпен қарауға тырысу – қажеттілік екен. Өнерпаздықтан сіңген бе, әлде атақ-даңққа ертерек қол жеткізгеннен қалыптасқан еркелігімізден бе, еті қызған бәйгенің аты секілді тізгін бермей шауып ала жөнелістік, эмоция жетегінде кететін мінезден тапқан «пайдамыз» ғой бұл. Өзімсініп сөйлегенімді өктемсінгендей, батырып айтқанымызды басынан ұрғандай көретінін ескермеген жаңсақтығымыздың жазасы болар, бәлкім. Олардың да жақтастары, мұраттастары бар. Көпке жақпақ жоқ. Жалпыға жақпақтықты мұрат тұту – жалпақтатып, жалтақ қылып тынады. Мақсат – айқын, арқа сүйер Алашың аман болса, «ұрыста тұрыс жоқ». Шәуілдеген әр кәнденге таяқ алып жүгірген жан жолынан қалады. Бұл – анық!

Кезінде маған «Сақал қойып, шолақ шалбар киіп, уахаб ағымында жүр» дейтін ауыр айып тағылды. Мұның барлығы өтірік, жалған! Қазақты қазаққа жау етіп көрсетудің өзі барып тұрған ессіздік. Сақалыма келсек, бұл – Қазыбек, Әйтеке, Төле билерден, Абайдан, Ыбырайдан, Ахмет Байтұрсыновтан қалған сақал. Марченкода да (бұрынғы Ұлттық банк төрағасы, – ред.) сақал бар. Неге Марченкоға ештеңе айтпай, менің сақалыма жоқ жерден жармасатынына таңмын осы.

Былай қарап тұрсаң, өзге ағым деген ең ауыр жала ғой. Қайсымызды оңдырыпты бұл қоғам дейсіз, Ахмет Байтұрсыновты – «англиский шпион» деген, Сәкен Сейфуллинді – «японский шпион» деген. Бейімбет Майлинге – осындайсың десе, Мағжанға тағы бір күйе жағылған. Ұлттың қамына жұмыс істегендерге осындай ауыр жалалар жабылып келеді. Мен қазір ештеңеге таң қалмайтын болдым.

Енді «Жер кодексіне» қатысты ойымды айтып өтсем, кейбір интернет-басылымдар менің атыма қарата бірнеше рет үндеу жолдаған екен. Менің бұл мәселені талқылауға асықпағанымның себебін білесіз бе? Айтайын, мен тек шығармашылықтың ғана адамы емеспін, сонымен бірге мемлекеттің өкілі және «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Мұның бәрі маған белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Себебі, мен не айтсам да, тек өз атымнан айтпаймын. Сондықтан, мұндай салмақты сауалға жауап бермес бұрын алдымен мамандармен – заңгерлермен, шенеуніктермен ақылдасуым керек болды.

Кейбіреулер менің жер мәселесіне қатысты өткір сын айтып, тіпті саяси мәлімдеме жасайтынымды күтсе керек. Неге? Әрбірден соң, бұл шешімді Бекболат Тілеухан қабылдаған жоқ, аталған заң бізге дейін күшіне енген. Заңда «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Әрине, аталған мәселеге қатысты көзқарасымды білдірерде мен отандық және әлемдік экономикадағы жағдайды, еліміздегі әлеуметтік-саяси ахуалды назарға алдым.

Сонымен қатар, менің көзқарасым бойынша кез-келген ой-пікір қоғамды қақ жармауы керек, мұның арты ашық қақтығыстарға, тұрақсыздыққа апаратын ахуалға жетпеуі тиіс.  Мәселенің осындай қырлары өте көп. Сондықтан Бекболат Тілеухан арзан популизммен айналысады деп күтпеңіздер. Менен мұндайды күткен адамның көңілін қалдыруға мәжбүрмін.

Тағы да қайталап айтамын: депутат болу – ел жүгін арқалау. Үлкен аманатты алып жүру. Ал мен бұл аманатыма адал болуға тырысып жүрмін.

«ҚАЗАҚ ЕШҚАШАН ӘЙЕЛІ МЕН БАЛАСЫНЫҢ САНЫН АЙТПАҒАН…»

– Сіздің отбасыңызға да байланысты ел арасында түрлі қауесет бар…

– Сұрағыңызды түсіндім. Рас, «Отан – отбасынан басталады» дейді. Сондықтан, отбасыңда бала-шағаңа дұрыс тәрбие беріп, олардың алдында парызыңды өтеуің маңызды. Мен ешқашан отбасылық парызымды ұмытқан емеспін. Ал қазақ халқы ешқашан әйелі мен баласының санын айтпаған. Сондықтан бұл құпия болып қала берсін!..

– Жыл басында «Қазақ елі» жобасының алғашқы фильмі – «Алмас қылыш» кинопрокатқа шыққан еді. Фильмде Қазтуған жыраудың рөлін сомдаған актер ретінде бұл туынды туралы пікіріңізді білсек…

– Бұл – мемлекеттік тапсырыспен түсірілген кино екенін білесіздер. Шығарма көздеген мақсатына жетті деп ойлаймын. «Өнердің ішінде ең маңыздысы – кино» демекші, ақпарат ағыны көп бүгінгі таңда адам көп нәрсені кітаптан емес — экраннан қабылдайды. Осы тұрғыдан ұрпаққа тарихи сананы сіңірудің бір жолы – осындай кинолар. Тарихқа  жетік болмай мемлекеттік сана қалыптаспайды. Өздеріңіз көргендей, көрерменнің ықыласы ерекше болды. Қаныңды тасытып, рухыңды оятатын эпизодтар жұртты бір серпілтіп тастады. Залдан көзіне жас алып шығып бара жатқан кісілерді көріп, көңіл толқыды. Мұнда режиссердің шеберлігін айта кету керек. Өткен тарихымызды көз алдыға әкелді. Осы арқылы жастар қазақ тұлғаларының есімдерімен қанықты.

«ҚАЗАҚ ЕҢ АЛДЫМЕН ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАУЫ ҚАЖЕТ»

– Бекболат Қанайұлы, көгілдір экран демекші, қазір телеарналарда не көп – шоу-бағдарламалар көп. Кезінде Мәдениет және ақпарат министрлігінде комитет басшысы, вице-министр болдыңыз. Геббельстің «Маған бұқаралық ақпарат құралын беріңдер – кез-келген халықты шошқа жасаймын» деген сөзі, әлбетте, есіңізде болар. Айтыңызшы, біздің министрлік халықты «құр айғай бақырғанға» елітіп жүре беретін тобыр жасағысы келе ме, қалай өзі?

– Бұл әлемдік үрдіс. Біз әлемдік қауымдастықтың бір пұшпағы ғанамыз. «Еркін бол! Еркін бол!» деп сабап жатқан зекігіш супер державалардың зілді талаптарының бірі – осы. Эфирлердегі елді өсірмес даулар, негізсіз «шадымандар», шалықтаған шаттық, Мұқағалиға ұнамайтын «бос күлкілер», Абай ұнатпаған «күлкішіл кердеңдер», салиқалы ойға тосқауыл, саналы жанға ұнамсыз сайтан-сапалақтың бәрі – ұлттың сапасын түсіретін жайттар. Бұл «жынды жаңбырдың» қою бұлтын Батыстан соққан жел айдап әкелген. Сол «жынды жаңбырдың» суын ішпеген жанды «түзу сөзбен қастасқандар» (Абай) қалың тобырға есалаң көрсетуі – оп-оңай.

– Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін не қажет?

– Ең алдымен, тәуелсіздік тұтастығын сақтауы қажет. Бұл үшін ынтымақ-бірлік бірінші рөлде тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын әзіл-сықақ театрлары болса керек, намысқа тиетін көріністер қойған кезде пікір білдірем деп қатты кеткен едім. Ол не деп отырсаңыз, айтайын ол көпшілікті күлдіремін деп ұлттың намысына тиетін дүниелер орын алды. «Ойын білмеген бала, бір нәрсені шұқып ойнайды» деген сияқты, Шымкентке байланысты жаман ойлар, бей пікірлер айтылды ғой. «Шымкенттіктер анандай, мынандай» деген сөздер көбейіп кетті. Соның түбіне үңілсек, Кеңес заманында арнайы институттар жұмыс істеген, ұлттың мәйегін сақтаған жерді отарлап, бір-бірін жақсы көргізбеу керек. Яғни, бір-біріне айдап салады. Мұндағы айтпағым не?! Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін еш жерде рухани әлсіздік танытпай, бірлігі бекем, бір сөзді болуы керек. Жат елдер алдында өз болмысымызбен, табиғатымызбен танылып қана мойындата аламыз.

– Бекболат Қанайұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Дайындаған: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ