БЕРМУД ҮШТАҒАНЫ: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

92

Адамзат баласы ғарышқа көз сүзіп, көк жүзіндегі құпия­ларды ашуға тырысқанмен, Жер-Ананың әлі де шешілмеген жұмбақ­тарына жауап таба алмай әлек. Ғылым дамып, тіршілікті түтікше ішінде өсіргенімен, табиғаттың сырына әлі де қанық емес. Сырын қойнына бүккен тылсым жерлердің бірі – Бермуд үштағаны. Бүгінде бұл аймақты адамзат баласы «Ібілістің мекені» атап кеткен.­ Өйткені, Бермуд үштағанында бірнеше жүздеген теңіз, әуе техникалары мен адамдар із-түзсіз жоғалған және әлі де табылмай­ жатыр. Құпиясын бойына бүккен жұмбақ аймақтағы жоғалулар жайында нақты деректер жоқ. Бірақ болжамдар жетеді. Дегенмен­, болжамдардың да шындыққа айналатын кездері болады. Тылсым­ Бермудтың құпиясына үңіліп көрелік. 
Бермуд үштағанындағы жұмбақ жоғалулар жөнінде ақпараттар өткен ғасырдың 30 және 40-жылдары жарық көре бастады. Ғалымдардың бұл аймаққа қызығушылық таныта­ бастауы да осы шақ. Жұмбақ үшбұрыштың аранында мыңдаған теңіз, әуе техникалары мен адамдар кеткен көрінеді. Олардың қатарында Америка құр­лығынан қазына тасыған испандық мың кеме бар. Зерттеушілерді де қызықтырған осы жағдай. Ажалдың ошағына айналған аймақты ХХ ғасырдың 50-жылдары «Ажал теңі­зі» дейтін, 1964 жылдан бері «Бермуд үштағаны» деп аталады. Бұл жұмбақ аймақтың (Бермуд аралы, Флорида және Пуэрто-Рико жерлері) аумағы – 925 шаршы шақырым. 
«Ажал теңізінде» тек техникалар емес, уақыттар да жоғала­тыны анықталған. Бермуд үштағаны үс­тімен ұшып өтетін «Боинг-727» ұшағында осындай жағдай орын алған. Әуе кемесі қауіпті аймаққа жақындағанда құрлықтағы бақылау орталығының радарынан бақандай он минут жоғалып кеткен. Ауа райының қолайлы кезін­де орын алған бұл жағдайды орталы­қтағылар апатқа санаған. Алайда, он минут өткеннен кейін алып ұшақ радар­ экранын­да қайта пайда болады. Тек әуежайға қонған ұшақпен жеткен жолаушы­лардың қол сағаттарындағы уақыт он минутқа қалық екені анық­талған. 
Жалпы, Бермуд үштағанында өзге де адам айтса нан­ғысыз жағдайлар орын алып келді. Алып кемелер осы аймақта теңізшілерінен айрылып, теңіз бетінде иесіз қалып қоя береді екен. Ал, «Адамдары­ қайда кетті?» деген сауалға әлі күнге жауап жоқ. Кей деректерде­ кемелер мен ұшақтар экипаж­дары бір цилиндр тәріздес мөл­дір дененің адам бағындырмаған жылдамдықпен ұшып жүргенін байланыс құралы арқылы жет­кізіп отырған. Осындай хабар­ламалардан кейін із-түзсіз ғайып болған. Сондай жағдайлардан соң жедел іздестіру тобы не техника қалдықтарын, не адам мүрделерін таппаған көрінеді. Жұмбақты зерттеуші американдық Арт Форд 1945 жылы апатқа ұшыраған «Эвенджер» ұшқыш­тарының радио байланыс құралы арқылы айтқан соңғы сөзі­не аса мән берген екен. Ұшқыштар командасының басшысы Ч.Тейлор былай депті: «Біздің соңымыздан ермеңдер! Олар аспандағы тіршілік иеле­рі». Расында жат­әлемдіктер ұшқыштар мен теңізші­лерді ұрлап жүр ме? Ал ғалымдар мұны әр­түрлі жағ­дайлармен байла­ныс­тырып әлек. Бірақ нақты дәлел жоқтың қасы. Ғалымдардың болжам­дарына тоқталып өтсек. 
Алғашқысы – теңізден метанның көп мөлшерде бөлінуі деген болжам. Бермуд үштағанында метан газы көп бөлінетінін баст­ы назарда ұстаған ғалымдар метанның ауадан да, судан да жеңіл болуын апаттың көзіне теңеп отыр. Олардың тұжырымдарына сенсек, терең судан бөлінген метан­ ауа мен судың тығыздығын жояды. Сол арқылы ұшақтар әуеден құлайды, ал кемелер теңіз түбіне еріксіз батып кетеді-мiс. Қираған техникалардағы қалқыма заттар ағыстармен алысқа «сапар­» шегетін көрінеді. Алып цилиндр тәрізді денені ұшқыштар метан газының ауадағы «мөл­дір» бейнесімен шатастырса керек.­ Метанның бір тамшысы ауаға көте­рілгенде 10-15 метр көлемінде мөлдір «ай­мақ» қалыптасты­ратын көріне­ді. Бірақ «ажал айма­ғында» теңізші­лерінен айрыл­ған кемелердің қалай дін-аман қалғаны­н естен шығарып алған сыңайлы. 
Онан кейінгі болжамның бірі – инфрадыбыстар. Кейде теңіз астындағы гейзерлер мен жанартау атқыламалары адамның «зәресін» алардай ысқыр­ған қатты дыбыстар шығарады екен. Ғалымдардың болжамдарына сүйенсек, бойын үрей билеген теңізшілер кемені лажсыз тастап кетуі де ықтимал. Бірақ бұл болжамның шындыққа айналуы екі­талай. Себебі, ғалымдар тобы ұшақтардың жоғалуын ескер­меген сыңайлы. Сондай-ақ, адам мүрделері мен ұшақ қалдықтарының жайрап жатқанын ұмытып кеткендей. 
«Ажал теңізінің» құпиясын параллель әлеммен байланыс­тыратындар да баршылық. Магниттік өзгеріс салдарынан уақыттың кейін шегінгенін айтқанбыз. Үштағанның магниттік өрісі де тым қуатты екендігі бел­гілі. Эйнштейн кезінде магнит­тік өрістер тым қуатты болса, денен­і екінші бір аймаққа жөнелтуге мүмкіндік барын дәлелдеді. Тәжірибе де жүргізді. Американдық әскери кеменің матростарымен қоса бір жерден екінші жерге жеткізілгенін де білеміз. Есесіне матростар ақыл-есінен адасып, психологиялық ауруға ұшырағаны тәжірибені жалғастыруға кедергі болды. Және де басқа әлемге сапар жасайт­ын порталды қақпа (Врата)­ осы аймақта орналас­қан деген де пікірлер бар. Жоғалғ­ан адамдар құпия қақпа арқылы өзге әлемге еніп кеткен шығар. Бірақ бұл да болжам ғана. 
Келесісі ғалымдар «бір жұм­бақтың ізімен екінші жұмбақты» шешкісі келеді дегенге саяды. Атақты ғалым Рэй Браун Бермуд үштағанының құпиясын адам баласы таппай келе жатқан жұмбақ қала – Атлантидамен байланыстырады. Оның бұл ойын көріпкелділігімен әлемді тамсандырған Э.Кейси құп­тайды. Алдымен Платонның Атлантида жайлы еңбектеріне көз жүгіртелік. Оның айтуынша, Атлантида – алыптар мен ғұламалар мекендеген аралда орналасқан қала мемлекет. Жерден қуат алатын кристалмен қор­ғанатын Атлантида жанына­ жақын­даған денені жойып жіберед­і-міс. Э.Кейси өзінің кезекті транс-түсінде Бермуд­те орналасқан Хеопс пирамидасынан үш есе үлкен пира­миданың жанындағы Посейдон ғибадатханасындағы алып кристалдың көрін­генін кел­тіреді. Сол кристалл мен Атлан­тида жайында Рим императоры Гай Юлий Цезардың «Галл соғысы жайында» деген еңбе­гінде айтылған. Бірде қолбасшы бір көріпкел-друидпен сөйлесу барысында, галдардың арғы тегі «Хрустальді баған аралынан» екенін, бүгінде ол арал теңіз түбіне шөккенін айтып­ты-мыс. Друид­ айтқандай, су астындағы қалаға жақындаған кемелер кристалдың күшімен суға батады. Алып пирамиданы 1991 жылы американдық зерттеуші-сүңгуір қайық байқаған. Онан қатты шу мен діріл шығып тұрыпты. Тіпті, магнитті компастар мен сағаттар теріс айна­лып, жұмысын тоқтатқан. Бұл шамалы шындыққа жанасатындай. Мүмкін, атланти­далықтар әлі күнге тірі болып, су астында тіршілік етіп жатса­, бір керемет болар еді. Бірақ неліктен олар адамдарды ұрлайды? Ғалымдар осы сауал­ға жауап таба алмай келеді. 
Бермуд үштағаны хақында болжамдар жетерлік. Мыңдаған адамдар­ мен кемелердің, ұшақтардың жоғалуын ғалымдар өздерінше топшылауда. Біздің түсінігімізше жұмбақ жоғалуларға себепкер бізден әлдеқайда саналы да білімді түр (расса) болуы ықтимал. 

Дастанбек САДЫҚ