Бибігүл НҮСІПЖАНОВА: КИНО – БАРЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ТӨРЕСІ

45

Қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қақпасында тұрмын. Ұлылардың табанының табы қалған киелі ордаға кіруге жүрексінгенім. Не дегенмен, талай талантты, өнер көгінің қырандарын қанаттандырған қастерлі жердің киесі де болады ғой. Алайда, аты аңызға айналған академия еш жатсынған жоқ. Кірген бетте маған таңсық, жұмбаққа толы әлем менмұндалап тұрды. Бағытын дәл тапқан кемедей қиял теңізінде жүзіп келемін. Оқырмандарымызды Өнер ордасындағы жаңалықтармен қуантқым келеді. Таланттардың мекеніне айналған ғимаратта жақында ғана академия мұражайының ашылу салтанаты өтіпті. Осылайша, өнер академиясының төлқұжаты тәрізді мұражаймен, ондағы құнды тарихи мәліметтермен танысудың сәті түсті. Мұражай Темірбек Қараұлының өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған стендтен басталып, өнер академиясында оқытылып жатқан барлық мамандықтарына арналған мәліметтерге негізделген. Яғни, өнердің әр саласына, сурет өнеріне, музыкаға, сахна сырларына қатысты құнды деректермен қатар А.Тоқпанов, С.Нарымбетов, А.Әшімов сынды кемеңгерлердің құнды заттарымен айшықталған. Тіпті, академия факультеттерінің тарихы, ғимараттың тарихы да назардан тыс қалмапты. Қазіргі таңда академия студенттері  мен профессор-оқытушы құрамының шығармашылық жұмыстары мен академия жайлы қосымша ақпараттарды көрсетіп отыратын экран қойылған. Осы жасалған мұражай арқылы Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы қазақ өнері мен мәдениетін қалыптастыру мен дамытуда өзіндік орын алатының байқауға болады. Ерекше мұражаймен танысқан соң, қарашаңырақтың ректоры Бибігүл Нұрғалиқызымен өнер төңірегінде сырласудың сәті түсті. Ұлт үшін барын аямайтын басшы ерекше ықыласпен қарсы алып, жаңалықтарымен бөлісті. 

– Бибігүл ханым, елімізде киноға қатысты заң күшіне енбекші екен. Заң жасауда ақылдастар құрамында Сіз де барсыз. Осы жайында тарқатып айтып берсеңіз?
− Өткен жылдың соңына қарай Парламент Мәжілісінде «Кинематография туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларының тұсаукесері өтіп, киноға қатысты заң талқыланды. Негізінен Қазақстанда қабылданған мәдениет туралы заңда киноға қатысты бар болғаны алты-ақ бап бар. Кино әлемінің ауқымы кең екенін ескерсек, бұл, әрине, өте аз. Заман талабына сай ғаламның дамыған, озық елдері кино саласына көп көңіл бөледі. Себебі, кино – идеологиялық тәрбиелеудің бір құралы болып табылады. ТМД елдерінің ішінде бізде және бауырлас ел Қырғызстанда ғана киноға қатысты нақты заңдар қабылданбаған екен. Сондықтан біз өзгелерге өзіміздің өнімімізді еркін көрсету мақсатында, кино атты тылсымның бізде де қарыштап дамып жатқанын өзгелерге сеніммен айту мақсатында осы заңнаманы қолға алдық.
– Кино өнерін идеология деуге бола ма?
− Кино дегеніміз – барлық өнердің төресі. Өйткені, онда шынайылық пен шеберлік басым. Сіз экраннан жүздеген адамды көрмеуіңіз мүмкін. Алайда, бір киноның артында жүздеген адамның еңбегі мен ізденісі тұр. Кино – кез-келген жас ұрпақ өкілдерінің санасын тәрбиелейтін идеология құралы! Экономикалық тұрғыдан да кино мемлекет қазынасына өз үлесін қоса алады. Мысалы, Болгарияда жыл сайын мемлекетке түсетін қаражаттың 27%-ы кинодан түседі екен. Бұл дегеніңіз қазының төрттен бірін кино құрайды деген сөз. Осыдан-ақ киноның идеологиялық, экономикалық рөлін байқауға болады. Мысалы, бүгінде Тимур Бекмамбетовтың жобалары Чехия мен Жаңа Зеландияда жасалынып, сол елдердің қолдауына ие болып отыр.
– «Кинематография туралы» заң қандай мүмкіндіктерге жол ашады?
−Жақында іссапармен Америкаға барған Арыстанбек Мұхамедиұлынан сол жақтың киногерлері: «Қазақстанда киноға қатысты арнайы заң бар ма?» деп сұраған екен. Заң – қорғаныс құралы. Кез келген дүние арнайы заңмен қорғалса, ештеңеге тәуелді болмай, алға ұмтылуға болады. Әрі бұл жұмыстың табыс әкелуіне септігін тигізетіні анық.
– Демек, осы заңның арқасында дамыған елдермен тереземіз тең болады ғой?
– Әрине. Қазақстан – Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесінде, халыққа деген адалдығы мен сүйіспеншілігінің жемісі ретінде көгеріп, көктеп келе жатқан егемен ел. Біз барлық жағынан бәсекеге қабілеттіміз. Енді кино саласымен де өзімізді дәлелдеуге мүмкіндік туып отыр. Еліміз Азиядағы экономикалық жағынан да, ғылым-білім, тұрақтылық жағынан да озық екенін білетіндер кинодан да алдымызға жан салмайтынымызды ескеруі тиіс. Қазақстан өзге елдермен киноаралық қатынас жасауы үшін арнайы заң болуы керек. Заң қабылданбағандықтан қиындықтар туындады, мәселе пайда болды. Елбасының «Әрбір сала экономикаға пайдасы болуы тиіс», − дегені бекер емес. Әзірге біз киноға салым салып жатырмыз, айналым жоқ, пайда аз. Ал өзге елдер өз қаражатымен бізге келейін десе арнайы заң жоқ, ешқандай заңмен бекітілмеген. Яғни, олардың мүддесі заңды түрде қорғалмағандықтан өзге елдер бізге инвестиция сала алмайды.
– Кино туралы заң жекелеген кинотеатрларды қамти ма?
− Әрине. Еліміздегі жекелеген кинотеатрларды айналымға шығарып отырған кино прокатшылар заңды жасауда ақылдастар алқасының құрамында болды. «Арман» кинотеатрының басшысы Б.Шүкенов сол құрамда бар. Киноға қатысты арнайы заң болғандықтан өз ісінің майталмандары бұл заңды жүзеге асыруға білек сыбана кірісті. Кино тек қана оператор мен режиссердің бірлескен еңбегі емес. Актер, режиссер, дубляж, оператор, суретші, гримм, сценарист, бұдан өзге көптеген мамандар киноны құраушылар. Осындай мамандық иелері біздің өнер академиясынан түлеп ұшады. Біз өзіміздің түлектеріміздің болашағына алаңдаймыз. Олардың өмір мен өнер жолында қиындықтар туындамай, талантының арқасында нәтижеге қол жеткізгендерін қалаймыз. Сондықтан заңда осылардың бәрі басшылыққа алынды.
– Бұл заң бірден нәтиже беруі мүмкін бе?
– Кез келген дүние алдымен қолданысқа енеді, содан кейін ғана сұранысқа ие болып, қажеттілікке айналады. Меніңше, уақыт өте келе заң күшіне еніп, саннан сапаға өтеміз. Яғни, осы заң «саны бар, сапасы жоқ» дүниелер азайып, көрерменге тек сапалы өнім ұсынуға да жол ашатынына сенімдімін.
– Заңды жасау барысында өзге елдердің іс тәжірибесін басшылыққа алған боларсыздар…
– Әрине, кино саласы бойынша бізден әлдеқайда алға озған АҚШ, Францияның және Ресей заңдарын салыстырып, нәтижелілігін ой елегінен өткіздік. Жалпы кез келген заңнама салыстырмалы түрде жасалады. Біз бір жыл көлемінде осы заңды талқылап, жан жақты зерттеп, сүзгіден өткізіп жатырмыз.
– Жекелеген киностудиялар осы заңның аясында бәсекеге түсе ала ма? Немесе мемлекет қолдауына ие болуы мүмкін бе?
– Сұрағыныңыз өте орынды. Заңның аясында мемлекет «Кино қорын» ашады. Яғни, бұл қорда көркемдік кеңес құрылып, соның нәтижесінде жекелеген киностудиялардың талапқа сай келетінін таңдап алады. Қордағы қаражаттар сапалы өнімге жұмсалады. Бұл киноға қызығушылық танытатын мамандар өз атын бәйгеге қоса алады деген сөз.
– Заңда «Қазақфильм» ерекше назарға алынды ма?
– Қалай болғанда да, «Қазақфильм» іргесін Шәкен Айманов қалаған қазақ киносының қарашаңырағы. Білімі мен шеберлігі мықты мамандардың жұмысына куә болып жүрміз. Сондықтан «Қазақфильмнің» орны ерекше.
– Қазақстан әлемдік кино төрінен орын алуға ұмтылып келеді. Өзге елдер біздің актер, режиссерлеріміздің өнімінен хабардар ма?
– Өткен жылдың қараша айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Лос-Анджелесте қазақ киносы мен мәдениетінің күндері өтті. Үлкен делегацияны қазақ киносының аты аңызға айналған өкілдері Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков және Меруерт Өтекешовалар бастап барды. Бұл сапарда қазақ делегациясы америкалық көрерменге киносын көрсетіп, өз мәдениетін таныстырды. Бір топ кино жұлдыздарын бастап барған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздің кино саласын дамыту мақсатында бірнеше ресми келісім-шарттарға қол қойып, байланыс орнатып қайтты. Кино – әрбір елдің имиджі. Мысалы, Францияны ойға алған кезде бірден актерлерін танимыз, киносын білеміз. Сол секілді Қазақстан да алдағы уақытта кинода өз қолтаңбасын қалдыруы тиіс. Мұхиттың ар жағындағы алпауыт мемлекет АҚШ-та алғаш рет «Қыз Жібек» көркем фильмі көрсетілді. «Қыз Жібек» фильмін тамашалған көрермендер қазақтың бай салт-дәстүріне, мәдениеті мен өнеріне ерекше тәнті болды. Осы сапарда америка киногерлері біздің ғажайып режиссура, көркем кино өнерімізге үлкен құрметпен қарағаны мен үшін үлкен мақтаныш болды.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:
Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті