БОРЫШКЕР БОЛАШАҚТЫҚТАР

89

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ қазақ жастары «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Жалпы, 1994 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Болашақ» шәкіртақысы 12 мыңнан астам түлекке тағайындалыпты. Алайда, сол жастардың 85% пайызы Отанға оралған соң шарт талаптарына сәйкес міндетті түрде 5 жыл жұмыс істеу үшін Астана мен Алматы қалаларын таңдаса, тек қалған 15%-ы ғана аймақтарға (облыс орталықтарына) аттанады. Соған сәйкес, Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» түлектерін ынталандыру үшін аймақтарда жұмыс істеу мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Соңғы уақытта «Болашақ» бағдарламасының төңірегінде біраз дау шыға бастады. Өйткені, елдің қыруар ақшасына шетелде білім алған түлектер Отанға қайтып оралмаған.

Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Жанболат Мелдешов «Болашақ» бағдарламасымен оқуға кетіп, елге оралмаған түлектердің мемлекетке 2 млрд теңгеге жуық қарызы бар екенін айтып отыр. 2005 жылдан бастап бүгінге дейін қарызды қайтаруға асықпайтын болашақтықтардың саны 155 адамға жеткен. Ал, мемлекетке борышкер болып отырған болашақтықтардың бұл жағдайға қатысты айтар өз уәждері бар.

Мақсат ҚАЛҚАБАЙ «Болашақ» бағдарламасы бойынша Малайзияда білім алу бақыты бұйырған жастардың бірі болатын. 2006 жылы оның өтініші Білім министрлігімен мақұлданып, білім қуып шет елге аттанған еді. 2010 жылы дипломын қолына алған Мақсат білім алуы үшін мемлекеттен бөлінген қаржыны өтеу мақсатында елге оралады. «Salam Study» компаниясына 50 мың теңге айлыққа сандық технологиялар менеджері болып жұмысқа орналасады. «Болашақ» бағдарламасының бұл түлегі күні-түні еңбек етіп, лауазымы біраз уақыттан кейін жоғарылаған көрінеді. Egov.kz порталының мәліметіне сәйкес, аталмыш компания Мақсаттың басшылығымен жұмыс жасай бастайды.

Уақыт өте Халықаралық бағдарламалар орталығына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінен Мақсат мырзаның шет елге көп шығатыны туралы мәлімет түседі. Осыдан бастап, Халықаралық бағдарламалар орталығында М.Қалқабайдың «Қағаз жүзінде жоғарыда аталған компанияның жұмыскері болғанымен, іс жүзінде шет елде тұрып жатыр ма?» деген күдік туындайды. Нәтижесінде, дипломмен Отанға оралған болашақтық компанияға менеджер болып орналаса салысымен, шет елге аттанып кеткен болып шықты. Осы себептен де Мақсат Қалқабай стипендиядан айырылып, білім алуы үшін жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтаруға міндеттеледі.

Мен Қазақстанға оралған соң, жеке меншік фирмаға жұмысқа орналасқан болатынмын. Ал қандай айлық алып отырғаным, ол фирманың өз ішкі шаруасы. Менің жұмысым шынында да шет елге көп шығып тұруымды талап етеді. Оның үстіне келісімшартта да шет елге шығуға тыйым салынатыны туралы сөз қозғалмаған. Жарайды, егер келісімшартқа қарамақайшы келетін әрекет жасап жатқан болсам, жазбаша немесе ауызша ескерту жасаса да болар еді ғой. Мен стипендиядан айырылдым да, соттың көмегіне жүгіндім. Тіптен ол жақтағы заң қызметкерлері де мені қолдады. Егер келісімшартта бұл туралы көрсетілмесе, мені себепсіз стипендиядан айыруға ешқандай құқықтары жоқ деп ойлаймын. Тіптен шет елде магистратураны бітіріп, докторантураны оқып жатқандар да бар ғой. Ал келісім-шарт бәрімізде бірдей, яғни, дипломды ала сала, елге оралуға міндеттіміз. Не себептен «Болашақ» бағдарламасы оларға сол жақта қалып, тағы бірнеше жыл білім алуға рұқсат етеді? Әділеттілік қайда? Білесіз бе, тіпті сотқа өткен қағаздардың өзінде қателіктер кеткен. Мен Малайзияда білім алғаныма қарамастан, АҚШ-та оқыды деп көрсеткен. Түсінгенім, оларға сен қай елде оқыдың, қайда жұмысқа орналастың – бәрібір, тек сенен ақша өндіріп алса болғаны, – деп қынжылады «Болашақтың» түлегі.

Мақсат Қалқабайдың басындағы бұл мәселе тағы бір болашақтық Саида ЛИТОШты да айналып өтпеген екен. Саида 2009 жылы аталмыш бағдарламаның стипендиаты атанған болатын. Елге келген соң әлемдік «Thomson Reuters» компаниясына жұмысқа орналасып та үлгерген еді. Саиданың айтуынша, Қазақстанның Бұқаралық ақпарат құралдарында алтынның бағасына болжам жасап жүріпті. Бұл қызмет те шет елге көп шығуды талап ететін көрінеді. Қазақстанда жұмыс істеуге міндеттелген бес жылының 27 айын шет елде өткізуге тура келсе керек. Нәтижесінде, Саида Литош та мемлекетке қарыз болашақтықтардың қатарына қосылды.

Пенде болған соң, денсаулығыңның сыр бермей тұрмайтыны анық. Оның үстіне шет елдің климатына бейімделуге де уақыт керек шығар. АҚШ-қа білім алуға кеткен Қымбат АЙЖАРҚЫНның да денсаулығы сыр беріп, сабақ үлгерімі нашарлап кетсе керек. Ал бұл келісім-шартқа сай емес деседі. Туған елінен алыста жүрген Қымбат науқастанып, қажетті баллын жинай алмай қалады. Шет елде жүріп ауыр науқасқа ұшыраған бұл студенттің жағдайы Халықаралық бағдарламалар орталығын мазалай қоймайды. Оның себебі, «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқуға қажетті құжаттардың арасында денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ екендігі туралы анықтама міндетті түрде болуы керек екен. Ал науқастана қалған жағдайда, орталыққа тағы да біраз анықтама қағаздары жеткізілуі тиіс, бұл талапты орындай алмаған Қ.Айжарқын мемлекетке 33 миллион теңге қарыз болып шыға келді. Біз бұл мәселе туралы Қымбаттан сұрағанымызда, ол өз пікірін білдіруден бас тартты. Бұл болашақтықтың айтуы бойынша, денсаулығы сыр берген жалғыз студент емес екен. Тағы бір студент науқастанып, дәрігерлер оған «Шизоаффективті психоздың депрессиялық түрі» деген диагноз береді. Бұл науқасы туралы анықтаманы Халықаралық бағдарламалар орталығына дер кезінде жеткізсе де, оны төрт миллион теңге көлеміндегі қарыздан арашалай алмайды.

Болашақтықтардың арасында мемлекетті алдап соққысы келетіндер де жоқ емес. Бірнеше жыл шет елде білім алып, елге оралғысы келмей, онысымен қоймай, мемлекетке қарызын төлеуден бас тартып, оның жұмысы осылай шет елде тұруға мәжбүрлейтінін тілге тиек ететіндері де бар екен. Ол аз десеңіз, емтихандардан аз балл алған студенттер арнайы медициналық анықтамаларды сатып алып та жататын көрінеді. Сол үшін барлығына бірдей сене бермеген де дұрыс шығар.

Тағы бір көңіл аударатын жайт, Халықаралық бағдарламалар орталығына қарсы шығып, сотқа бергендердің барлығы да жеңіліс табады. Осы орайда атақты заңгер Сергей Федосеевтің қызы Елена ФЕДОСЕЕВАның жағдайына үңіліп көргенді жөн көрдік. Елена да «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып, соңында мемлекетке борышкер атанғандардың бірі.

– Елена Франциядағы оқуын тәмәмдап, елге оралып, өзінің туристерге қызмет көрсететін фирмасын ашқан болатын. Шынымен де Еленаға қызметіне байланысты шет елге шығуға тура келетін. Себебі, туристерге өз фирмасын жарнамалап, елге шақыру оның міндеті емес пе? Ол келісім-шартқа қарсы келетін ешқандай әрекет жасамаса да, оны стипендиядан айырды. Мен бұл іс-әрекеттің заңсыз екендігін айтқым келеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 2 бабының 22 тармағына сәйкес менің қызымның шет елге шығуға толық құқығы бар. Соттың көмегіне жүгінген уақытта олар біздің сөзімізге құлақ аспады да. Мен шенеуніктерге: «Мысалы білім министрі іс-сапармен шет елге барса, ол енді министр қатарынан сызыла ма?» деген сауал тастадым. Қазақстанда еңбек етіп жүрген кез-келген адам шет елге шыққанында тұрған не бар? Ол өз елінің қамы үшін еңбек етіп жатқанын ескермей кетіп жатқан сияқтымыз. Нәтижесінде біз жеңіліс таптық. Кейін білгенім, ешқандай студент сотта жеңіске жетіп, өзінікі дұрыс екенін дәлелдей алмаған екен. Ал Елена міндетті бес жылын Қазақстанда өткізді де Швейцарияға көшіп кетті. Қазір отбасылы. Біз бұл жағдайды «Әр жамандықтың артында бір жақсылық бар» дедік те жылы жауып қойдық, – деп өз пікірін білдірді С.Федосеев.

Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметі бойынша, Отанына оралудан бас тартып шет елде қалып қойып жатқан, ол жақта не істеп, не қойғаны белгісіз «Болашақ» бағдарламасымен оқитын бір стипендиаттың өзіне ғана жылына он мың доллардан асатын қаражат жұмсалады екен.

Ұлт мүддесінің не екендігін, өзінің кім екендігін білмейтін, өз үйінде жат тілде сөйлесіп, төл мәдениетінің, ұлт руханиятының «уызына жарымай» өскен жастардың «Болашақпен» Батысқа оқу іздеп барып, Нәзір Төреқұлұлы айтқандай: «Батыс империализмінің табанын жалайтын қарғылы тазы, байлаулы бұзауы болып, ықыласты қызметкеріне айналып» сол жақта қалып жатыр. Өйткені, олардың көбінде ұлт болашағын, жұрт жұмысын ойлайтын, шетелде алған білімін ел игілігіне жарататын патриоттық ниет жоқ. Әйтпесе, алысқа бармай-ақ, кешегі Алаш арыстарын мысалға алайықшы. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан сынды қазақтың тұтқасын ұстаған ұлдары да шет елде білім алып, қайтып елге оралып қызмет еткен жоқ па?! Әйтпесе, екеуі де қазақтың бай қуатты отбасынан шыққан жігіттері емес пе еді?! Ресейдің кез-келген қаласында кәсіп етсе ешкімнің де оларға тағатын айыбы болмас еді ғой. Бірақ, Әлекең бір жолы оқудан елге оралғанда өзімен бірге еріп келген орыс баласының аяқ киімін қазақтың жігіті сүртіп жатқанын көргенде жүрегі қан жыламап па еді? «Менің бұлай ақ жағалы киім киіп, елімнің жігіттері қараңғылықтан өлместің күнін кешіп жүргені елін сүйген азамат үшін жарамас» деп, елге қызмет ету жолында аянбай малымен де, жанымен де күрескен жоқ па?! Міне, ұлтжандылықтың ерен үлгісі осы!..

 

Атақты болашақтықтар

Қуандық Бишімбаев – ҚР Ұлттық экономика экс-министрі, Джордж Вашингтон (АҚШ) атындағы университеттің түлегі.

Бауыржан Байбек – Алматы қаласының әкімі, Любек (Германия) қаласындағы Жоғарғы мектептің түлегі.

Ғабидолла Әбдірахымов – Шымкент қаласының әкімі, Фрайбург (Германия) университетінің түлегі.

Мағжан Әуезов – «Forte bank» АҚ Басқармасының төрағасы, Джорджтаун (АҚШ) университетінің түлегі.

Серік Сәпиев – бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы, Брунель (Ұлыбритания) университетінің түлегі. Қазіргі таңда Мәжіліс депутаты.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті